• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2011

Шеше

568 рет
көрсетілді

Маған сырттай Қуаныш Сұл­та­нов жастайынан жолы болып қыз­мет сатысымен өрлей берген шыт­тай таза шенеунік секілді кө­рінетін. Жақында «Заман және замандастар» атты жаңа кітабы қо­лыма түсті. Оқу барысында көзім жеткені, жоқ, олай емес екен. Илантқан тартымды сырдың тә­лім­ді баяны. Тіпті ақ­жа­рыла әңгі­мелеуінің баурап алғаны сондай, оқу үстінде мен өзім бір­түр­лі жан­күйер боп отырдым. Өйткені, оның өмір кешуі сондай қарапай­ым бола тұра сондай ситуациялы, сезімге толы серіппелі, өткелі мен өкпегі де жетерлік өмір жолы екен. «Бала күнімнен жауапкершілікті сезініп өстім» деп аталатын сұх­бат­тың бір деммен оқылуының сыры да осынысында болса керек. Әп дегеннен әкеден ерте айы­рылған Қуа­ныштың шыдамды­лы­ғы, шымыр­лы­ғы баураса, ал анасы үшін жанымен шырылдап өмір кешкені толқытпай қоймайды. Жас өндірдің әр сөзінен анасына деген аңсары көрінеді. Боз­торғай күн­де­рі, бозала таңдары елес­тейді. Бір тұс­та ол: «Мен негізі шешеме тарт­қанмын. Шешем нәз­ік­­теу еді. Бірақ нәзік болғанымен, өте қайратты адам болатын». «... Содан әкемізді жерлеп: жетісін беріп келгеннен кейін, бұрынғыдай көшеге шығып қаңғыруды, қыл­тың-сылтың жүріс пен ойын-сауықты бірден тоқ­таттым ғой, – қатты ойланып, қал­ған өмірімде тек осы оймен өмір сүрдім», – дейді. Шын мәнінде де барлық өмір жолында Қуаныштың анасына деген жан шуағы бір әсте әлсі­ре­мейді, қай­та анасымен қайратта­нып, ана­сы­мен қанаттанып өске­нін көз ал­ды­мызға жайып салады. «...Шешем қатты жы­­лап отыр. Қар түсіп, аяз басталған тұс, қараша айының соңы болса керек. Таң­ертең тұрдым да, мектепке барып, сабағымды оқып болдым да кешкі сағат алтыда шешеммен бірге педучилищеге кеттім. Мен бірге бар­мақ болғанда шешем: «Қой, неменеге барасың? Сабағыңа дайын­дал, ер­тең сабаққа барасың. Мына бала­лар­ға қара!» деді. «Жоқ, менде бірге ба­ра­мын сенімен», деп соңынан ілестім». Шіркін, әр бала шешесіне осы­лай жаны ашыса ғой деп қоясың оқып отырғанда... «Еденді жумас бұрын бүкіл пеш­тің күлін шығару керек, көмір әкеліп салу керек. Барлығын дай­ын­дап, содан кейін барып еден жуады екен. Алдымен сыпырып, еден жу­ып болғаннан кейін әбден түнгі сағат бірге тақаған уақытта барлық пештерді тұтандырып от жағасың. Он жеті пеш бар болатын. Отыз екі кабинет. Соның бәрін тазалап, от жағып шықтық. Сөйтіп, үйге түннің бір уағында, сағат екілерге таяу бар­дық... Содан шешемнің көңіл-күйі көте­ріліп үйге келдік. Күнде сол әдет қайталанатын болды», дейді. Бұл автор аузынан шыққан ақи­қат сыр, көңілді дір еткізер қоңыр мұң. Бір жағы сыпайылық, бір жағы шынайылық. «Иә, шешем өзі намысқой адам болатын... «Шешем өткір адам еді, тілі де өткір еді. Шешем­нің сол бір кезі есімнен кетпейді. «...Шешем бір күні жылап келді үйге. Не болғанын сұрасам, жы­лап отырып: «Завуч ма­ған: «Ба­лаң­ның біреуін не детдомға, не интернатқа тапсыр!» деп айтты. Мен одан нан сұрағандай, неменеге бұлай дейді? Ешқандай балам­ды ешқайда да жібермеймін. Кө­зім тірі тұрғанда мен бір баламды да жат қолға бермеймін!» – дейді шешем». Осындай қайсарлықты көріп өскен баланың перзенттік парызға деген адалдығында шек болуы мүмкін бе? Әрине жоқ! Ана деген қа­шанда көре­ген. Ой­­лайтыны да, қол­дайтыны да пер­зенті. «Енді сен ел ал­дын­да жүр­ген азамат бол­дың. Бірақ, еш­қа­шан бі­реулер мақ­та­ған­да мен сондай екенмін деп оларға сенбе. Сондай екенмін деп ойлама, мақ­тай берсін, бірақ өзіңді-өзің ба­қы­лаудан шы­ға­­­рып алма. Өзіңнен өткен сот жоқ. Егер сен бәрін мен дұрыс істеп жа­тыр екен­мін десең, онда түбі сен бір­­де­ңе­ге ұры­насың. Жұрт­тың мақ­та­ған­да­ры­на сеніп қал­ма», депті ана. Бы­­­­­лай қа­расаң, жай қам­қор сөз, ал ой­лап қарасаң, қа­таң сабақ, тәу­бе­лі тәлім. «Қызмет – қолдың кірі» дейміз. Біреуге түсінікті, біреуге жай сөз сияқты көрінеді. Бірақ, өмір сүрген соң қызмет ету керектігін бәрі біледі. Ең бастысы, қызмет оны шың­дай­ды. Мұндай мектептен Қуаныш Сұл­танов та өткен. Автордың анасы қызметтің де қауіп кірінен сақтан­ды­рады. «Ше­шем­нің тағы бір оқи­ғасын айтып берейін. 1986 жылы мені шайтан түртті-ау деймін, қазан айында ма, тілімнен бәле таптым. Шешем күнде таңертең мен үйден шығып бара жатқан кезде есіктің тура түбіне барып, орындығы бар өзі­нің, соған отырып: «Жорытқанда жо­лың болсын! Алла тағала бәле-жа­ла­дан сақтасын!» дейтін. Ол есіктің ішінде қалады, мен сыртқа шығып кетемін. Сөйтіп, ақ тілекпен шыға­рып салады мені. Бір күні мен: «Ой, тәте, ылғи да осы «бәле-жаладан сақтасын» деп ай­тасың. Не қылған бәле-жала ол?! Мен біреудің бірдеңесін алмасам, біреуге қиянат жасамасам, ештеңе ұрламасам, бәле-жа­ла маған өзі­нен-өзі жолай ма?» – десем. Ол: «Әй, сандалма!» деді. «Жа­рай­­­ды», дедім де кетіп қалдым. Содан ол күні емес, басқа күні: «Олай сөй­ле­ме, бәле-жала деген аяқ асты­нан жа­бысады. Анау отыз жетінші жылы не болды, білесің бе?» деді. Содан арада сол әңгіме бітті. Арада бір ай өтті. Он алтыншы жел­тоқсан күні Қонаев кетті, ал он жетісі күні көтеріліс бол­ды. Со­сын Колбиннің бәле-жаласы маған жабысты», дейді автор. Ана құдіретіне осы жерде қалай бас имейсің. Намыс демекші, автордың на­мыс турасындағы пайымы мен түй­­сігі де анасының тілімен сө­й­лейді, анасы­ның пайымымен ай­ты­­лады. «Ата-бабамыз бұдан қи­ын заманда да аштан өліп, көштен қалмаған, кейін жігіт болғанда қай­да жүрсең де на­мысыңды сақ­та дейтін. 9-сы­ныпта оқып жүрге­німде, мектеп бас­шы­лы­ғы көп ба­ла­лы жалғыз­бас­ты ананың отбасы деп маған көмек ретінде аяқ киім – бәтіңке беретін бол­ды. Шешеме айтып барғаным мұң екен, дереу мек­тепке келіп, класс жетекшім мен оқу ісінің мең­герушісіне: «Мен сендерден көмек сұрадым ба? Бес ба­ласын асырай алмай жүр дедің­дер ме? Беріңдер, анау шешесі жоқ шын жетімдерге», деп өткір-өткір сөз айт­ты. Менің ұс­таз­дарым осы мы­салды өмір бойы айтып, Анам­ды сыйлап өтті», дейді қанша қи­нал­са да тәу­бесінен жаңылмаған ше­шесі туралы Қуа­ныш замандасымыз. Осылай әңгіме-сұхбаттың өн бой­ында өмірінің өзегі – Ана мен бала боп алдымыздан шыға бе­руінің өзі қайран қалдырады. «Содан, 1991 жылы, шешем қай­­тыс болғаннан кейін бір жұма­дан соң Америкаға ұшатын бол­дым. Сон­да үйден шығып кетіп бара жатқанда бір түрлі рухани құ­лазуға ұшы­ра­дым. Үйден шы­ғып бара жатқан кезімде, отбасым – әйелім, бәрі шы­ға­рып салып жатыр ғой. Бірақ біреуі көзіме кө­рінбейді. Шешем жоқ, ше­шемнің айтатын сөзі жоқ, анамның орны қатты білінді. Әуежайға жеткенге шейін машинаның артқы жа­ғында отырып жылап барыппын. Рухани жалғыздық деген сол екен. Ол кезде мен қырық алты жастамын. Сон­да мен күн көре алмаймын деп жылап отырған жоқпын. Ше­шем­нің рухани серіктігі мен бір ауыз сөзін аңсадым», дейді. Ана­ның қадірі туралы бұдан артық қандай сөз керек! Қандай сыр керек! Ақ адал перзентінің құдай ау­зы­на салған сөзі осындай-ақ болар. Қуаныш Сұлтановтың бар арқа сүйері де, қуатты тірегі де ана­сы­ның ақ тілегі екен! Енді ойлан да, көз алдыңа елестете бер. Көз алды­мыз­да қиындықтан алып шық­қан Ана тұр, қиындықпен бірге шыққан бала тұр! Одан әрі 17 пеш, 32 кабинет, қиын­шылықтың қара күрең күндері елестейді, бозала таңдары бұлдырайды... Сол бұлдырай түскен күндер­дің сыры ойды да, бойды да шым еткізеді. Әрине, жайдан-жай емес. Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ, қаламгер-журналист.