• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2011

Жасампаздық

666 рет
көрсетілді

Ата Заңымыз біздің мемлекетіміздің бас­ты төлқұжа­ты болып саналады. Конституция – арайлы азаттығымыздың айғағы, жар­қын болашағымыздың бұл­­жымас бағ­дары. Ол елдігіміздің алтын арқауы, толағай табыста­ры­мыздың бастау қайнары. Н.Ә. НАЗАРБАЕВ. _____________ Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылды­ғын­да саясатшылардың, ғалымдардың, сарап­шы­лардың назарын елімізде ғана емес, сон­дай-ақ шетелдерде де еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму­ын­дағы жарқын жетістіктері ғана емес, біздің мемлекетіміздің конституциялық құ­ры­лымы да қатты аударып отыр. Соның бір бірегей көрінісі Астана қаласында өтіп жат­қан, Конституция күніне арналған «Мемлекет және жеке тұлға: Қазақстанның 20 жыл­дағы даму қарқыны» атты халықаралық ғы­лы­ми-іскерлік конференция. Оның жұмы­сы­на көптеген елдер мен халықаралық ұйым­дардың өкілдері қатысуда. «Мемлекет және тұлға: Қазақстанның өр­­кен­деу жолы мен дамуының 20 жыл­ды­ғы» атты халықаралық форумның тақы­ры­бы Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығы мен еліміз Конституциясының күніне арналған жаңа егемен мемлекет құрудың нақты мы­сал­­да­рын алға тарта отырып, тұлға, Ұлт көш­бас­шы­сының тарихи рөлі жайлы кеңі­нен ой тарқатуға қолайлы мүмкіндік береді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, оны «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі ту­ралы» Конституциялық заңмен бекітті. Соның алдында 1 желтоқсанда қазақ­стан­дық­тар алғашқы жалпыхалықтық еркін сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевты өздерінің Тұң­ғыш Президенті етіп сайлаған болатын. Халқымыздың дәл осы бірауыздан жаса­ған дана таңдауы Қазақстанның келер 20 жыл ішінде мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының тағдырын толық шешті. О. Бисмарк: «Тарихты жазу емес, жасау ма­ңызды», – деген екен. Бірақ бұл – адам­зат­тың мыңжылдық тәжірибесі көрсетіп отыр­ғандай, әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Шын мәнінде ұлы тарихты ұлы адамдар жасайды. Мұндай тұлғалар ерекше қасиеттерге ие: пәрменді және оның тиімді даму жолдарын әріден көру, өміршең парасат және сирек кездесетін есте сақтау қабілеті, жұмыс іс­теу­дің қуатты жігері, өз шешімдерінің дұрыс­ты­ғына мүлтіксіз сену, қайтпас қайсарлық, ал­дына қойған мақсаттарға жете алатын ерек­ше сирек қасиет. Оларға қосымша ой­ла­ған ісін жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін орындау шеберлігі тән. Осы және басқа да қасиеттердің бәрі Алла берген көшбасшылық қабілеті бар Н.Ә.На­зарбаевтың бойында бар. Дәл оған ғасырлар тоғысында, жаһандық өзгерістер дәуірінде өз халқы үшін тарихи жауапкершілікті мойнына алып қана қоймай, әлемдік үдерістерге елеулі ықпал ету маңдайына жазылған. Тәуелсіздікке қол жеткізер алдында Қа­зақ­станның егемен мемлекет ретінде даму мүмкіндігі күмән келтіретіндей болжам­дар­ға негіз болғаны белгілі. Ел экономикасы Орталықтың шикізат көзі болып, басқа бір бөлігі КСРО-ның әске­ри-өндірістік кешеніне жұмыс істеді. Республика экономикасының 93 пайызы Одаққа бағынып, тек 7 пайызы ғана өз қажет­ті­лік­терін қамтамасыз етті. Қолдан жасалған экологиялық апат ай­мақ­тары – Арал теңізі мен Семей ядролық по­лигонының зардаптары қоғамға аса ауыр тиді. Сонымен қатар, сол кезеңде бірқатар бұрынғы кеңестік республикаларда көптеген ұлтаралық қақтығыстар салдарынан халық­тың қаны төгіліп жатты. Осы орайда көп­ұлт­ты және көп дінді Қазақстан шынында да, болуы мүмкін қауіп-қатердің алдында тұр еді. «NPQ» журналына 1993 жылы берген сұхбатындағы әйгілі Збигнев Бжезинскийдің Қазақстанда мұсылман және христиан діндері өкілдерінің арасындағы қақтығыс (кү­рес) югославиялық сценарийдің қайта­ла­нуы­на әкеліп соғуы мүмкін екендігі туралы пікірі де кездейсоқтық емес. Америкалық саясаткер Қазақстанның өз алдына дербес мемлекет ретінде дамуына пессимистік болжам жасаған жалғыз адам емес болатын. Осындай күрделі жағдайда Президенттің қандай да бір қате жіберуге мүмкіндігі жоқ еді. Ең алдымен, Нұрсұлтан Назарбаев көп­ұлт­ты шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етіп, бұл жетістікті 20 жыл ішінде көзінің қарашығындай сақтап келеді. Президенттің бастамасымен көпұлтты мемлекетте бейбітшілік пен келісімді қам­тамасыз етудің бірегей институты болып та­бы­латын Қазақстан халқы Ассамблеясы құ­рылып, жұмыс істеп келеді. Осылайша, Н.На­зарбаев тәуелсіз Қазақстанның тұрақ­ты­лығы мен дамуының берік негізін қалады. Осыған орай Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер өз сөзін­де: «Тәуелсіздікке қол жеткізгелі Сіздің үл­гі­лі саясатыңыз халқыңызды бостандыққа же­теледі. Пессимистер этникалық және рухани әркелкілік еліңіздің азаматтарын жа­қын­дастыра алмайды, бұл Қазақстанның әлсіреуіне әкеледі деп өз тұжырымдарынан шикі қорытынды жасауы мүмкін. Алайда Қа­зақстан өз ұлттарының мәдени алуан тү­р­лілігінің арқасында жылдан-жылға гүл­де­ніп келеді. Ал этностардың сан түрлі дәс­түр­лері мен әртүрлі дінге сенуі мемлекет қуа­тын оң энергетикамен толықтыруда. Сіз еліктеуге лайық тұлғаға айналдыңыз», – деп әділ атап өткен еді. Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, халықтың жоғары сеніміне сүйене отырып, Елбасының батыл, жедел экономикалық ре­формаларға саналы түрде бел буғаны Қа­зақстанның жоспарлы басқарудан нарықтық экономикаға көшудің күрделі өтпелі саты­сынан көршілерінен әлдеқайда ерте және табысты өтуіне мүмкіндік берді. Президент осы жылдар ішінде тәуелсіз Қазақстанның сатылы дамуының «Жол картасы» болып табылатын нақты және тиімді «Қазақстан – 2030» стратегиясын ұсынды. Бұл конференцияда 1995 жылғы тамызда Қазақстан Республикасының Конститу­ция­сын дайындау мен қабылдаудағы Ұлты­мыз­дың көшбасшысының үлесі туралы көптеген сөздер айтылатын болар. Мен, сол кезеңнің куәсі ретінде Н.Назарбаевтың Ата Заң жо­басы бойынша жұмысы жөнінде өз әсерімді ортаға салғым келеді. 1995 жылдың шілдесі болатын. Президент қысқа мерзімді демалысқа Анталияға келді. Осы аз ғана 10 күн ішінде ол заң жо­басы бойынша қауырт жұмыс істеді. Оның ұшан-теңіз, әртүрлі заңнама әдебиеттерді зерт­теп, өз ескертпелері мен сілтемелерін жасау қарымы таң қалдырды. Бұған Президенттің табанды каллиграфиялық жазуымен толты­рыл­ған блокноттардың үлкен бумасы қо­сылды. Кейде жобаны дайындаушы жұмыс то­бының кейбір мүшелерімен жедел байла­ныстыру туралы тапсырма беретін. Және конституцияның әр бабын өзі мұқият оқып, тиісті түзетулерін жасап, тіпті кейде тұтас тараулар да қосатын. Бұл әдет және де күн сайын қайталанып жататын. Жаңа мәтінді дайындау барысында әлде­бір елдің конституциясын көшіруді емес, Қазақстанның орны мен жағдайын ескере отырып, басқа мемлекеттер тәжірибесінің негізінде біздің қоғамдық-саяси құндылық­тарға, рухани-адамгершілік, жалпыұлттық құндылықтарымызға сай болатын Ата Заңның жобасын әзірлеуді мақсат етті. Нұрсұлтан Назарбаевтың басты ұсыныс­тарының бірі Конституцияның алғашқы ба­бында мемлекет қызметінің негізін қалаушы ұстанымдарды бекіту болды. Бұл – қоғамды келісім мен саяси тұрақтылық, халық игілігіне бағытталған экономикалық даму, қазақ­стандық патриотизм. Өркениетті мемлекет, ашық азаматтық қоғамға тән қасиеттердің болуы баста назарда болды. «Біз билік құрудың жаңа ұстанымдарын бекіткен және азаматтардың негізгі құқық­тарын қорғайтын өз Конституциямызды қабылдадық. Және біз басты жетістіктерімізге 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямыздың арқасында жетіп отырмыз», дейді Президент өз сөзінде әділ мақтанышты сезіммен. 1995 жылғы 30 тамызда Қазақстан демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде өз болашағын таң­дады. Бұдан былай 30 тамыз – Конституция күні жалпыұлттық мерекеге айналды. Осы жылдар ішінде Президент Конс­ти­ту­цияның ру­хы­на адал түрде, қазақ­стан­­дық­тар­дың басты құқығы – лай­ықты өмірге құ­қығын табандылық­пен қамтамасыз етіп келеді. Оның әлеу­меттік-эконо­мика­лық саясатын­ың тиімділігі, әсіресе, әлем­дік қаржы-эконо­ми­калық дағдарыстың салдарынан тіпті ең дамыған елдерде әлеуметтік шығыстар қысқарып, өнеркә­сіптер жабылып, жұмыссыздық өскен соңғы жылдарда айқын көрінді. Ал Қазақстанда, керісінше, жаңа жұмыс орындары ашылып, өнеркәсіптер өркендеп, тұрғын үйлер салы­нып, стипендия, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақылар өсу үстінде. Жастарға арнал­ған білім алу гранттарының саны артуда. Отандық білім алу және денсаулық сақтау салалары қарқынды дамып, олардың деңгейі мен сапасы өсіп келеді. Барлық осы әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді демократияның дамуы мен қоғамымыздың саяси либерализациялануы жан-жақты бекіте көрсетуде. Бүгінде Еуразияның жүрегінде Прези­дентіміздің түлегі – ару қала Астана бой көтеріп келеді. Жаңа елорда тәуелсіз Қазақ­стан мен оның Көшбасшысының зор қуаты­ның көрсеткішіне айналды. Астана жылдан жылға көркейіп, әлемге танылуда. Елбасымыздың өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан лай­ықты үлесі, белсенді сыртқы саясаты халық­аралық қауымдастықта құрмет пен қолдауға ие болып, мәртебесі өсіп келеді. Ол жаңа Қа­зақстанның сәулетшісі мен негізін қалау­шы, әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп атау­ға лайық. Солайша, Н.Назарбаевтың дана­лы­ғы мен ерлігінің арқасында еліміз әлем­дегі қуаты бойынша төртінші орындағы ядро­лық арсеналынан бас тартып, Семей яд­ролық сынақ аймағын жапты. Семей ядро­лық сынақ аймағының жабылу күні – 29 тамыз­ды Ядролық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысы Қазақ­стан мен оның Көшбасшысының ядролық қауіпті таратпау және азайтудың жаһандық үдерісіне қосқан үлесіне берілген жоғары баға болып табылатыны сөзсіз. Өткен жылы еліміз Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымына та­быс­­ты төрағалық етіп, он бір жылдық үзілістен соң Президент Н.Назарбаевтың бастамасы және басшылығымен Астанада осы халықаралық ең беделді ұйымның саммитін жемісті өткізді. Астана Деклара­ция­сы ендігі жерде Қазақстанның атын халықаралық қатынастар тарихына алтын әріппен жазды. Өткен сайлауда Елбасының үстем жеңісі Қазақстан халқының бүгіні мен ертеңін тәуелсіздік жылдарында өз елін бейбітшілік пен өркендеу жолымен тұрақты алып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыс­тыратынын айқын дәлелдеп берді. Конституцияға сәйкес Президент – халық бірлігі мен мемлекет билігінің, Конституция мызғымастының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының символы және кепілі. Расымен де, сыннан сүрінбей өтіп, халқы мойындаған Ұлт көшбасшысы жаңа тарих кезеңінде қазақстандық қоғамды біріктіруші фактор болып қала беруде. …Мемлекетті құру үдерісі ешқашан тоқтамақ емес. Қазіргі өмір бізден кейбір, соның ішінде конституциялық өзгерістерді талап етуі мүмкін. Бірақ бір нәрсе анық – қолданыстағы Қазақстан Республикасының Конституциясы халқымыздың игілігіне, тәуелсіз еліміздің бейбітшілік пен келісіміне, береке және өркендеу жолымен одан әрі дамуына қызмет ете береді. Қанат САУДАБАЕВ, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.