• RUB:
    5.03
  • USD:
    484.11
  • EUR:
    528.79
Басты сайтқа өту
22 Желтоқсан, 2016

Көпен Əмірбек. Мәртебе

1009 рет
көрсетілді

Бағзы замандағы бабаларымыз атамекен атауларына айрықша мән берген. Қандай ғажап! Табиғаттың тылсым сырын ашқандай жағрафиялық жағынан да бір-бірімен тұтасып, сабақтасып жатыр. Ара-жігін ажыратып, айыра алмайсың. Сұлулық символындай! Әр атаудың әрі бар, нәрі бар. Қаракөзден мөлтілдеп аққан ыстық жастай туған жерге деген сүйіспеншілік пен сағыныш табын аңғарасыз. Ой-қырымызды ойымыздан шығарып, ұмыттыру саясаты белең алған заманда қаншама жер-су аттары өзгертілсе де көк тіреген тауларымыздың тарихи атаулары қалпын бұзбай қалғанына қалайша таң қалмайсың? Алатау, Қаратау, Көкшетау, Қоңыртау, Ақтау, Ақшатау... Біз «Тау мен таудың басы бөлек болса да, етегі бір» деп елжіреген халықпыз. Астарында «Бірлік» деген сөз бұғып жатқан жоқ па? «Ығысыңдар ей, таулар, ығысыңдар, Орын алам ортаңнан, жұмысым бар. Ата болып не маған ұрысыңдар, Адам болып немесе ұғысыңдар!» деп жырлаған Мұқағали ұлтымыздың ұйысқанын, ұғысқанын меңзеген жоқ па? «Туған жердің тылсым сырын ұғып көр, Бұлтын оның бұлт демей бір түбіт дер. Қарап тұрып мына заңғар тауларға Қалай кіші боламыз ей, жігіттер?!» – деп шабыттанған Қадыр Мырза-Әлі де таудай мәртебеміздің аласармауына алаңдаған. Бабаларымыз да балаларға «Таудай бол!» деп бата қайырған. Тау – биіктік, тау – абырой, тау – мәртебе синонимі. Атамекен атауы ауыстырылып жатса да абыройдан айырылмауды ойлаған бабаларымыз қандай данышпан! Кешегі кеңес өкіметі орнаған тұста да елін сүйген ерлеріміз жаңадан құрылған республикамыздың шекарасын айғақтайтындай Оңтүстік Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Орталық Қазақстан облысы деп атады. Тайға таңба басқандай белгіледі. «Коммунизм орнатамыз» деп дүрліктірген дәуірде жымысқы саясат бұл атаулардың бірсыпырасын сыпырып, шегелеген шекарамызды алып тастағаны көзі қарақты көпшілікке мәлім. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанды өзгертіп Шымкент облысы деп шекарамызға шектеу қойды. Тәубә! Тәуелсіздік алдық. Жамау секілді жапсырып қойған жат жұрттық жадағай сөздерден арыла бастадық. Атамекеніміздің баяғы атаулары орнын тауып, орныға бастауы – тәуелсіздік белгісі. Егемен ел боп, етек-жеңімізді жия бастаған шақта дүниеге келген менің жеткіншек жерлестерімнен қазір «Қайда тудың?» деп сұраса, бәрі де «Оңтүстік Қазақстан облысында» деп ауыз толтырып айтады. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев менің өскен өлкем туралы ағынан жарыла айтқан сөзі ел есінде. «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстікқазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендіруімен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсуімен қатар өздерінің түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін». Елбасының берген ерекше бағасы бұл. Оның үдесінен шығу – елге сын. Оңтүстіктің де оңтүстігі бар. Ол – Мақтарал ауданы. Орталығы – Жетісай. Елбасы айтқандай, «ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекшеленетін» 350 мыңдай халық тұрады. Жетісайдың іргесінде Мырзакент деген ауыл бар, бұрын аудан орталығы болған. Сол елді-мекенді баяғы дағдымен «Славянка» деп атап қалатындар жоқ емес. Бұл 1864 жылы қоныс аударып келген қарашекпенділердің қойған атауы. Тәуелсіздік туы желбірегеннен кейін өзгерген ежелгі елді-мекеннің қазіргі аты – Мырзакент. Бүгінгі әңгімеміз де сол Мырзакенттегі азаматтар жайында. Елбасымыз бір сөзінде «Еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда» деді. Ол үшін не істеу керек? Ерінбей еңбек етіп, қамауда қалған қара теріңді шығар. Бітті! Сонда ғана тасың өрге домалайды. Ащы тердің тәтті дәмін татуға болатынын дәлелдеген мырзакенттік кәсіпкер Салдар Жамалов ағамыз. Ол – Елбасының құрдасы, ел-жұртының сырласы. Қайырымды қазақ. Мәртебесі биік қазыналы қария. Әулеттің асуына, дәулеттің тасуына жол көрсеткен жоталы кәсіп иесі. Салдар Жамалов 1978 жылдың ақпан айында «Славян» мақта тазалау зауытына директор боп келгенде орда бұзар 38 жастағы жігіт ағасы еді. Оның бұл орынға тағайындалуы да тарих. Облыс басшылары осы орынға ұсынғанын естіген құштарлығынан гөрі іштарлығы басым пенделер күні бұрын жоғары жаққа арыз-құрызды қардай боратады. Мұны сезген облыстық мақта тазалау тресінің басшылары: – Министр үстіңізден түскен шағымдармен танысқан сыңайлы. Өте ашулы. Сірә, сізді қабылдамайды-ау? Қабылдаса да өткізбейді. Келесі жолға қалсаңыз қайтеді? Бармай-ақ қойыңыз! – деп жанашырлық жасайды. Бірақ тура сөйлейтін туа бітті мінезімен: – Жоқ, қайтсем де барамын, министрге дәлелдеймін! – деп алған бетінен қайтпай Алматыға тартады. Жолы болады. Одаққа мәлім Жеңіл өнеркәсіп министрі Ибрагимов қабылдау кезінде: – Сіз, Жамалов жолдас, осыған дейін қай жерде қандай жұмыс атқардыңыз? – деп алғашқы сұрағын қояды. Өмірде көрген тәш-пүшін тәспідей тізіп жата ма, қысқа да нұсқа жауап қайырады. – Ташкент тоқыма институтының механика факультетін 1964 жылы бітірген соң арнайы жолдамамен Тәжікстандағы Ленинабад жібек комбинатында бес жылдай еңбек еттім. Одан кейін Өзбекстандағы Сырдария облысының құрылысы аяқталмаған Баяуыт зауытында директор болып, екі жыл ішінде іске қостым. Ілгеріледім. Облыстық мақта тазалау тресі бастығының орынбасары, «Пахтакор мақта зауытының бас инженері, «Ильич» мақта зауытының директоры болдым. Министр ризашылықпен: – Бәрін атқарыпсыз. Бұл салада араласпаған жұмысыңыз қалмапты ғой. Жақсы істі жалғастыра беріңіз! – деп бұйрыққа қол қойып, сәттілік тілейді. Міне, мәртебе! Бұл өңірде «Ильич», «Жетісай», «Қоңырат», «Киров», «Ленин» сияқты бес мақта тазалау зауытының шаруасы шалқып, күні-түні дүрілдеп тұрған-тын. Қазір осы кәсіпорындардың бірлі-жарымы ғана бар, қалғандарының аты ғана қалған. Қырық жылдан бері қажырлы еңбек, қайтпас мінездің арқасында абырой жинады. Кешегі кеңес кезіндегі «Славян» мақта тазалау зауыты дербес ел болғаннан кейін «Мырзакент» холдингі деген атауға ие болды. Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы көктемде Жамаловтың жаңадан ашқан «Орыс-қазақ Альянс» бірлескен кәсіпорнының ұжымымен танысты. Жұмысшылармен кездесті. Әңгімелесті. Бұл кәсіпорын Қазақстанда алғаш рет іске қосылған мақта-жіп иіру және тоқыма фабрикасы болатын. Елбасы сол жылы Пәкістанға барған сапарында көзбен көрген іс-тәжірибені баяндап, мақта кластерін ашу туралы тапсырма берді. Сөйтіп «Орыс-қазақ Альянс» фабрикасының лентасын қиып, іске қосып кетті. Содан бері бір күн тоқтаған емес, үш ауысымда тынымсыз жұмыс істеуде. Матаны өңдеп, бояп, дайын матаны тігетін қаншама цех ашылды. Биыл көктемде Елбасы осы кәсіпорынға тағы да арнайы ат басын бұрды. Мақта кластерінің толығымен іске қосылып, тапсырманың тап-тұйнақтай орындалғанын, фабриканың керегесі кеңейіп, іргелі өндіріс орнына айналғанын көрді. Қаншама жұмысшылармен толыққан. Аты да өзгерген. Баяғы «Орыс-қазақ Альянс» енді «AZALA Textile» серіктестік кәсіпорынға айналған. Сол сәтте Елбасы: – «АЗАЛА» деген не мағына береді? – деп сұраған. Осы кәсіпорынның бүгінгі күндегі атқарушы директоры Салдар ағаның ұлы Бауыржан Жамалов жауап қайырды: – Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің мәпелеп өсірген бес қызымның азан шақырып қойған аттары – Аружан, Зерде, Айша, Ләззат, Айсұлу. Тағы да Нұржігіт, Бекжігіт деген екі ұлым бар. Бес қызымның есімдерін белгілеп, алғашқы әріптерін алдым да кәсіпорынның атын «АЗАЛА» деп қойдым. Елбасы баяғы мақта кластерінің жүзеге асқанына ризашылық білдіріп, сөз соңында: – Егемен Қазақстан халқының санын көбейтуге зор үлес қосқан Бауыржандай оғландар көбейе берсін! – деп ақ тілегін білдірді. Көп ұзамай Бауыржанның шаңырағында тағы бір шаттық орнап, бесік тойын тойлады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында дүниеге келген үшінші ұлдың кіндігі кесілді. Қазақ ырымшыл халық қой, Салдар атасы мен Сәуле әжесі немересінің атын Елбасының есіміне ұйқастырып Ерсұлтан деп атады. Қазақ ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев «АЗАЛА»-ның іс-тәжірибесімен танысқанда маңызы бар мәселе көтерілген-тін. Тұралаған экономиканы қалай дамытамыз? Жоғары-төменді басшы мамандар қаржының көзін таппай қайырлап қалған жіп иіру фабрикасын шетелге беру керектігі жөнінде ұсыныс жасады. Шетелдіктер шекемізді қыздырып, аузымыздан ақ май ағызады дегендей сан-қилы болжамдардың да болғаны рас. Бұл әрекет экономикалық жағынан елімізге онша тиімді емес екенін Бауыржан Салдарұлы байыптады. – Тоқтап, тоқыраған бұл фабриканы жүргізу үшін бізде толық мүмкіндік бар! – деді сенімді түрде. – Мақтамыз маядай үйіліп тұр, жұмысшыларымыз да жеткілікті. Қаражат көзі де қарастырылған. Бұл фабриканы біз жүргізе аламыз! – деді сенімді сөйлеп. Министр бұл ұсынысты саралады. Сараптады. Қорытындысында: – Бұл жіп иіру фабрикасын қай шетелдіктерге берсек те, әрі қарай дөңгелетіп алып кетері сөзсіз. Бірақ өз өндірісімізді өзіміз игеруге мүмкіндігіміз болғаннан кейін «Мырзакент» холдингіне беруге шешім қабылдадық! – деді. Қазақстанның мақта кластеріне байланысты көтерген мәселесі де көп түйткілді шешкендей. – Жылына 8 мың тонна мақта талшығын өңдейтін облыстағы бірден-бір жалғыз біздің кәсіпорын. Жалпы Оңтүстік Қазақстан өңірінде кемі 100 мың тонна мақта талшығы шығады. Оны игеру үшін жеті-сегіз кәсіпорын ашу керек. Неге? Себебі өз өнімімізді өзіміз игерсек қаншама жұмыс орны ашылар еді. Бюджетіміздің де бүйірі шығып, оған түсетін салық көлемі де анағұрлым артар еді. Президенттің талабы солай. Төрт-бес жыл бұрын келген кезіндегі сөзі есімізде. «Кезінде дәл осы жерде алып зауыттар істеді. Шымкент – өндіріс орталығы дейтінбіз. Мыңдаған адамдарға жұмыс берді зауыт-фабрикалар. Енді солардың орнына сіздер сияқты шағын зауыттар мен цехтардың ашылуы – қазіргі талап. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы ғана біз экономикамызды ілгерілете аламыз. Өндірісті дамыту осыдан бастау алады. Жергілікті жердің қажеттілігіне жарайтын материалдарды шығарсақ, неміз бар көршілерден оны сатып алып? Қайта оларға сататын жағдай жасау керек!» деп кәсіпкерлерді ширата түскен жоқ па? Салдар атаның қарапайымдылығы мен қайырымдылығы ел аузында. Аңыз. Ел-жұртымен елжіреп амандасады. Мұңдасады. Сырласады. Мақтаралдықтар не дейді? Құлақ түрейікші. Еңбек ардагері Зұлпыхар Шәріпханұлы: – Сәкең ылғи да «Жерді алдама!» дейді. «Алдасаң жер сені алдайды?» дейді. Мысалы, жерге уақтылы қарамасаң, тыңайтқыштарды уақтылы бермесең, баптамасаң жер тозып кетеді Қарамасаң қара жер де саған қарамайды!» дейді. Мақтаның жаны – су. Тасқындатып суарсаң мақта әлсірейді, ал тамшылатып суарсаң мақтаның жаны кіреді. Тамшылатып суарудың технологиясын тиімді қолданудың арқасында Сәкең биыл әр гектардан 45 центнерден мақта алды. Бұл үлкен көрсеткіш. Ал енді кемтар, кедей, жарлы-жақыбайларға, сондай-ақ, соғыс ардагерлеріне қарасқан қаражатында есеп жоқ. Жантақсайдағы өзенге екі көпір салдырып беріп, қаншама жұрттың сауабын алды. Тәжік ұлтының өкілі Хаирақұл Дадаев: – Мақта егемін дейтін қолы қысқа адамдарға инвестиция береді. Олар жер жыртып, мақтасын өсіргесін өз өнімдерін «Мырзакент» мақта зауытына өткізеді. Міне, істің көзін табу деген осы! Кәріс ұлтының өкілі Анатолий Ли: – Салдар аға уәдесінде тұратын азамат басшы. Жаны таза, ісі де таза. Менің өткізген мақтамды керегінше сатып алады да, қалғанын тазалап өзіме қайтарады. Тазалап бергені үшін еңбекақысын ұстайды. Мұндай тәсіл зауытқа да пайда, маған да олжа. Өйткені, мен таза мақтаны Ресейге өткізіп тағы да табыс табам. Мырзакент қалашығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры Күмісай Сейдалиева: – Балаларға мереке кезінде сыйлық таратып, көңілдерін көтеріп кететін. Бір күні Салдар ағаның ұлы Бауыржан өзі келіп, жарымжан балаларымызды көргесін көзіне жас алып қалды. «Сіздерге менің тарапымнан тағы қандай көмек керек?» деді мұңайған қалпы. Жадау-жүдеу жағдайымызды айттық. Бар-жоғы төрт айдың ішінде мүмкіндігі шектеулі 110 бала мен соларды тәрбиелейтін 100 қызметкерге арнап көз жауын алатындай көркем ғимарат салып берді. Оңтүстіктегі шаруашылықтың бүге-шігесіне дейін араласып өскен Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевпен кездесіп, Салдар аға жөнінде сыр тарттым. – Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең ірі меценаттардың бірі. Ол кісі басқарған «Мырзакент» АҚ-ы Мақтарал өңіріндегі тұрмысы төмен отбасыларына, көп балалы аналарға жыл сайын көмектесіп, жастарына қолдау көрсетіп, оларға кәсіпорын тарапынан жылына 10-15 млн теңге қаржы тек әлеуметтік көмек ретінде бөлінеді. Бүгінгі таңда «Мырзакент» АҚ Мақтарал ауданының Мырзакент өңіріндегі тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған бірден-бір кәсіпорын. Мақта өңдеу зауытында мыңнан аса азамат жұмыс жасайды, сол өңірдің 1200-ден астам шаруа қожалықтары осы кәсіпорын арқылы қаржы алып, мақта шаруашылығымен айналысып, отбасыларын асырап отыр. Салдар Жамалов облыста алғаш рет мақта кластерін қалыптастырған кәсіпкер. Мақта дақылын егіп, өндіруден бастап, оны қайта өңдеу, соңынан жіп иіріп шығарумен бірге дайын мақта өнімін өндіретін «Альянс – Казахско-Руский текстиль» зауытын іске қосып, қосымша 500 адамды жұмыспен қамтыды. Ол кәсіпорын жылдан жылға дамып, өндірісі кеңейіп, экспорттық өнім шығаратын ірі кәсіпорынға айналды. Қазіргі таңда «Мырзакент» мақта тазалау зауытында 700 адам еңбек етеді. Мақтаарал ауданында 24 мақта қабылдау орны және Шардара ауданында 6 мақта қабылдау орны жұмыс істейді. Зауыт 2013 жылы америкалық жаңа құрал-жабдықтармен толық ауыстырылып, қазіргі заманға сай технологиямен жұмыс істеуде. Мақта тазалау зауыты мемлекетке салық төлеуден де ауданда ең жоғарғы салық төлейтін кәсіпорындар қатарына жатады. Мақта талшығының сапасын арттыру үшін Қытай Республикасынан жаңа сортты тұқымдық шиттер алынды. Бұл мақтаның талшығы 4 тип қатарына жатады, шығымдылығы да жоғары көрсеткіштерге ие. Ел солай дейді. Өзі ше? Тіршілігі туралы тіс жармайды. «Көп кісіге көлеңкем түсті» деп желпінбейді де. Үкілеп өсірген 24 немере, 5 шөберенің атасы Салдар Жамалов үшін – жасаған жақсылығыңды жар салып жаю – тесік қаппен сауап жинағандай. «Елімізде болып жатқан оң әлеуметтік-экономикалық және демократиялық қайта құруларды қолдауыңыз сондай-ақ, оған өзіңіздің тікелей атсалысуыңыз ретінде бағалаймын» деген Елбасының алғыс хаты мен басқа да марапаттарды айтпағанда Салдар ағаның ел үшін елжіреген жүрек тұсындағы «Отан» орденіне көзіңіз түсті ме? Оны да көпшілік алдында көрсетіп таға беруге қымсынатын сияқты. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» атты арнайы жиын өткізіп, өңірді өркендету, көркейту туралы мақтан тұтатын тұлғалармен ойласып, ақылдасқанда Салдар Жамалов, Серікжан Сейітжанов, Бахариддин Нұғманұлы, Дінмұхаммед Ыдырысов секілді ел мәртебесін ойлаған меценаттар үлгі болып тұрды. «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ». Бұл Елбасының әлемге әйгілі бағдарламасы. Айқын мақсаты. Теңіз тамшыдан жиналмай ма? Тамшылап аққан маңдай терін сыпырып, ел ырысын телегей теңізге айналдыруға үлес қосып жатса, бұдан асқан мәртебе бар ма?! Көпен ӘМІРБЕК, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері