– біліктілікті арттыру жүйесінің өзекті мәселесі
Жаңартылған орта білім беру мазмұнын сапалы және тиімді түрде жүзеге асыру мұғалімнің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Осы орайда ұстаздың өз пәнін жетік білуі оқушылардың бойында командада жұмыс істей білу, технологияларды қолдану, басқа адамдардың пікірімен санаса отырып, ынтымақтастық құру сияқты болашақ маман болуға қажетті дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін педагогикалық қабілетімен нығая түседі. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі оқушының мектепте ғана емес, өмірде де табысты болуына ықпал етеді.
Білім беру саясаты саласында халықаралық жетекші мамандардың бірі болып табылатын Майкл Барбер өзінің бір баяндамасында былай деп атап көрсеткен еді: «Ең бастысы – мұғалім, қандай мұғалімге кездесетіні тұрғысынан баланың жолы болуы керек, әйтпесе бала әлеуетінің босқа кеткені». Әлемдегі озық мектептердің білім беру жүйелерін талдай келе, ол тіпті білім беру жүйесі жақсы болса да, оқудың алғашқы жылдары біліктілігі сәйкес келмейтін мұғалімдерге тап болған оқушылар жетістікке қол жеткізе алмаған, содан кейінгі жылдары да олардың сол олқылықты жоюға мүмкіндігі жетпей жататынын атап керсеткен.
Сондықтан мектеп мұғалімінің оқыту сапасын арттыруды басты орынға қоюы өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру екі аспектіге шоғырланған: оқыту әдістемесі мен технологиялары, пәннің мазмұны мен бағалау жүйесі.
Бұл ретте кәсіби даму формалды біліктілікті арттыру аясынан (бес жылда бір рет) шығып, үздіксіз оқуды көздейтін, тәжірибемен және тәлімгерлікпен бірге жүретін әлдеқайда кең және икемді болғаны абзал.
Жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдерімен жұмыс 2012 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында (бұдан әрі – «НЗМ» ДББҰ ПШО) алғашқы педагогтер деңгейлі бағдарлама бойынша оқудан өткенде басталды. Бағдарлама мазмұны метапәндік сипатта және де пән мазмұны мен оны оқытуды ұйымдастырудың әдіснамалық және тұжырымдамалық тәсілдерін ескере отырып құрылған. Бұл тәсілдер орта білім берудің жаңа стандарттарына және пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламаларына негіз болған.
Сол кезден бастап курс барысында мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі кілті болып табылатын оқу мен оқыту үдерісін ұйымдастырудағы құндылықтарға бағдарланған, іс-әрекеттік, жеке тұлғаға бағдарланған, сараланған оқыту әдістерімен таныса бастады.
ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстан Республикасы ұлттық білім беру саясатына жасаған бір шолуында педагогикалық тәжірибеге енгізілген өзгерістер көзге көріне бастауы үшін алдымен жүйенің барлық деңгейінде және барлық мектептерде осы өзгерістерді насихаттайтын мұғалімдер тобы құрылу қажеттігін атап көрсеткен.
Міне, осы деңгейлі бағдарлама бойынша курстан өткен қазақстандық мектептің 59 мың педагогі – өзгеріс енгізуге және жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу үдерісіне дайын мұғалімдер тобы.
Алайда өзгерістерді басқару жүйесі тұрғысынан алғанда, еліміздің жеті мың мектебіндегі жүздеген мың мұғалімдердің тәжірибесін жетілдіру үшін оларға қажетті білім мен дағдыны қалай меңгертуге болады? – деген сұрақ маңызды болып табылады. Осы мақсатта 2016 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы педагогтердің кәсіби біліктілігін арттырудың жаңа түрін құрып, мектептерге енгізе бастады. Ол үздіксіз үдеріс сипатында жүріп, төмендегі мәселелерді қамтыды:
1) Мектептен тыс оқу (пән мазмұны және бағалау жүйесі бойынша). Бұл оқу жаңартылған білім беру мазмұны бойынша жұмыс істеу үшін мұғалімдерге қажетті кәсіби дағды мен құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған. Біліктілікті арттыру бағдарламасының мазмұны тыңдаушылардың жаңартылған оқу бағдарламасымен және жоспарлармен, бағалау критерийлерімен және әдістерімен, оқыту мен оқудағы жаңа әдістермен танысуын қамтиды. 2016 жылы бұл бағдарлама бойынша 72 мың педагог курстан өтті. Тыңдаушылар қатарында пән мұғалімдері, мектеп басшылары және олардың орынбасарлары, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің мамандары мен әдіскерлері болды. Бұл курстарды «НЗМ» ДББҰ ПШО және «Өрлеу» БАҰО тренерлері облыс және аудан орталықтарында каникул кездері өткізді.
2) Мектепішілік оқу (оқыту әдістемесі мен технологиялары бойынша). Бұл мектептің барлық мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдірудің ең тиімді және қолжетімді әдісі болып табылады. Жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу кезеңінде кәсіби біліктілікті арттыру жүйесі мектепке мейлінше жақын болуы керек. Бұл педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта Педагогикалық шеберлік орталығы мектепішілік кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған 100 сағаттық «Тәжірибедегі рефлексия» атты курс әзірлеп, оны мектептерге табыстады. Сонымен қатар осы курсты жүргізу үшін 17,5 мың мектеп тренерін дайындады. Мектепішілік курс бағдарламасын меңгеру барысында мұғалімдер күнделікті сабақта оны сынай алады.
Мектеп тренерлерінен басқа, 2016 жылы Педагогикалық шеберлік орталығы критериалды бағалауды енгізу бойынша 7 мың өңірлік және мектепішілік үйлестірушілерді дайындады. Еліміздің әрбір ауданы мен қаласында Білім басқармасымен бірлесе отырып жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыруда қолдау көрсетуге арналған тірек алаңдары (жетекші мектептер) белгіленді. Осы мектептердің базасында мұғалімдер кеңес алып, оқу семинарлары мен шеберлік сабақтарына қатысады.
Мектепішілік оқудың тағы бір тиімді түрі – тәлімгерлік. Тәжірибелі ұстаздар әріптестеріне тірек бола алады: олар тәжірибесі аздау мұғалімдермен тәжірибе алмасады, сабақты бақылағаннан кейін өз ойларымен бөліседі, әріптестеріне өз тәжірибесін ұғынып, оны жақсартуға және жеке кәсіби даму бағытын құруға көмектеседі. Осы орайда айта кететін мәселе – тәлімгер әріптесінің жұмысын бағаламайды, оларға қолдау көрсетеді.
Әлемдегі ең үздік білім беру жүйелерінде әріптестеріне тәлімгерлік етуге көбірек уақыт бөлу үшін оқыту тәжірибесінде жақсы нәтижеге қол жеткізген мұғалімдердің оқу жүктемесі азайтылады (еңбекақысын азайтпастан). Белгілі бір уақыт өткен соң осы мұғалім-тәлімгерлерден мектеп басшысы таңдалады.
3) Онлайн оқу. Бұл өз бетінше білім алудың анағұрлым ыңғайлы түрі. Бұл – пән және бағалау жүйесі бойынша тегін вебинарлар мен онлайн-семинарлар (жаңартылған білім беру бағдарламаларын апробациялауға қатысқан Назарбаев Зияткерлік мектептері мен 30 қанатқақты мектептің үздік мұғалімдерінің жұмыс тәжірибесі), сол сияқты «НЗМ» ДББҰ-ның sk.nis.edu.kz тұғырнамасындағы жүйелік-әдістемелік кешеннің (ЖӘК) және ПШО-ның www.cpm.kz. әдістемелік кітапханасының тегін ресурстары.
ЖӘК «Сабақ жоспарлау» (әр сабақ бойынша қысқа мерзімді жоспар, таныстырылым, оқылатын тақырып бойынша дыбыстық және бейнежазбалар, оқушыларға арналған үлестірме материалдар, өзін-өзі бағалау және өзара бағалау парақтары ұсынылған), «Оқу-әдістемелік кешен» (оқулықтардың электронды нұсқалары, мұғалімге арналған нұсқаулық, оқушыларға арналған жұмыс дәптері енгізілген), «Пікірталас алаңы» (онлайн форум аясында тәжірибе алмасуға және идеяларды талқылауға мүмкіндік береді) және тағы сол сияқты бөлімдерден тұрады.
Осылайша, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жүйесі бір арнаға тоғысады – мұғалім жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыруға қажетті барлық біліммен және дағдылармен, түсінікті ресурстармен қамтамасыз етіліп, оған үнемі әдістемелік қолдау көрсетілуі қажет.
Жаңартылған білім мазмұнын енгізу үдерісінде табысқа жетудің жалғыз жолы – мұғалімдердің күнделікті жұмысын тұрақты түрде жақсартып отыруға қол жеткізу. Бұл үшін педагогтердің кәсіби дамуына уақыт арнап, күш-қуат, әдістемелік ресурс жұмсау қажеттігі түсінікті. Осы ретте сингапурлық реформаторлардың: «егер сіздерде өз ісін сүйетін, әрі жетілдіруге талпынатын мұғалім болмаса, білім алғысы келетін әрі дамуға талпынатын оқушы қайдан келсін?» деген сөздерін әрдайым есте ұстаған абзал демекпіз.
Жанбота КАБДЫКАРИМОВА,
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ
Педагогикалық шеберлік орталығы директорының орынбасары