«Самұрық-Қазына» мен отандық кәсіпорындар 5 миллиард теңгенің келісіміне қол қойды
Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында «Мемтапсырыс-2017» форумы аясында кеңес өтті. Осынау жиынға қатысуға отандық тауарлар шығаратын компаниялардың баршасы дерлік мүдделі болатын.
Алдымен мына бір маңызды мәселеден аттап өтуге болмайды. Бұл акцияның Елбасының идеясымен, елдің орасан қаражатына салынған «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында өткізудің де өзіндік мәні бар. Қазақстандық «силикон жазығына» жан бітіру үшін, ұлттық компанияларды мұнда тартудың орны айрықша.
Акция барысында өз кәсіпорындарымыздың келешегіне жол ашатын аса маңызды келісімшарттар жасалып қоймай, келелі мәселелер ортаға салынды. Отандық компаниялардың жетекшілері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке мемлекеттік тапсырыс алудың түйткілді мәселелері жайлы тікелей сауал тастап, талап-өтініштерін білдірді. Акцияда импорт алмастыруда атқарылып жатқан нақты шаралар легі көрінді.
Сондай-ақ, жергілікті компанияларды қолдауға тікелей бағытталған жиынға еліміздің ірі 12 ұлттық компаниясы мен «Air Astana», «ҚазМұнайГаз» басшылары мен мегаполис нарығында қарқынды жұмыс істейтін 44 IT-компаниялардың өкілдері қатысты.
Алматы қаласының әкімі «Мемтапсырыс» акциясы биыл оныншы рет өтіп отырғанын атай келе:
– Отандық IT-компанияларға қолдау көрсету мақсатында жұмыстар жүруде. Сондықтан, бұл жиын «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында өтуде. Паркте 145 компания жұмыс істейді, олар 95 млрд теңгенің өнімдерін өндірді. Акция алматылық кәсіпорындарға келер жылға тапсырыс алуға толық мүмкіндік береді, – деді.
Ел экономикасының басты доноры болып саналатын Алматыда кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде аз жұмыс жасалынып жатқан жоқ. Әрі бұл қала әкімдігінің басты міндеттерінің бірі болғандықтан, оны жүзеге асыруда қаржылық және қаржылық емес тетіктерін ұтымды пайдалануда ұмтылыстар жоғары. Мысалы, қала әкімінің мәлімдеуінше, биылдың өзінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 276 жобаға 70 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, «Даму» қорымен бірге биыл екінші жыл «Жібек жолы» бағдарламасы жүзеге асуда. Нәтижесінде 100-ге жуық жоба қолдау тауып, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Туризм, инновация және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа бағдарламалар өмірге келді.
«Алматы «Ақылды қала» тұжырымдамасына қарай бағыт алуда және ол үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. Қалада 38 ЖОО шоғырланған, бұлардың базасында 10 ғылыми-зерттеу зертхана, 8 даму институты, 10 ғылыми орталық пен 3 технопарк құрылған. Тұжырымдама халықаралық IDC компаниясы мен ҚБТУ арқылы жасалуда. Мұнан кейін транспорт, ТКШ, қауіпсіздік және басқалары бойынша жобаларды жүзеге асыратындар іске кіріседі. Бұдан өзге, өндіріс саласында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қазақстандық үлесті қамтамасыз ететін Кешенді жоспар да қолға алынған. Нәтижесінде 2016 жылы Алматыда қазақстандық үлес 2,3 есе артып, 64%-ды құрады. Қор мен қала кәсіпорындары арасында 631 млрд теңгенің келісімі жасалды», – деді Бауыржан Байбек.
Сонымен, акция барысында алдымен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Алматының еліміздің экономикалық стратегиясында мәні бар қала екенін атап өтіп әрі қор тапсырыстарын жергілікті кәсіпорындарды қолдау арқылы жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді.
«Жалпы, биылғы жылдың 11 айының ішінде қордың сатып алу көлемі 3,8 трлн теңгеге жетті, оның 73 пайызы – отандық үлес болды. Қазір қорда жаңа технологиялар мен инновацияны қажет ететін өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан, арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтін компанияларға ерекше назар аударылуда. Мысалы, бизнес-үдерістерін өзгерту арқылы жер үсті инфрақұрылымдарын оңтайландырып, мұнай өндіруді 30 пайызға арттыруға болады», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Акция барысында бізді қуантқаны – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында қазақстандық 22 компанияның жүзеге асырған нақты жобаларына қатысты көрме ұйымдастырылды. Импорттық тауарлардан сапасы бір мысқал да кем емес технологиялар өзгелердің өнімдерін ығыстыруға әлеуеті жетіп тұр. Тек бәсекеге төтеп беруі үшін жергілікті билік пен «Самұрық-Қазына» сияқты қорлардың демеуі аса қажет екендігі айтпаса да түсінікті.
Мәселен, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Мұхит Мағажанов бүгінгі компания мемлекеттік сатып алу жұмыстарында ашықтық деңгейін арттыруға күш жұмсап жатқанын атады.
– Біз кәсіпкерлер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға тырысудамыз. Менің ойымша тек әділ бәсекелестік болған кезде ғана сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жоғары сапалы болуына қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда біліктілік алдындағы іріктеу механизмін, сатып алуды санаттау жүйесін енгізіп жатырмыз, ұзақ мерзімді келісімшарттау институтын жүргізудеміз. Қордың Директорлар кеңесі бекітетін сатып алу қағидаларына барлық өзгерістерді кәсіпкерлермен талқылағаннан кейін енгіземіз. Біз үшін бизнестің пікірі маңызды, – дейді Мұхит Мағажанов.
Ал енді «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының екінші кезеңінде жаңа нысандар бой көтерген. Бұлар – «KBTU Drilling Centre» мен «Қазақ теңіз академиясы» сынды оқу орындарының оқу-жаттығу және заманауи орталықтары. Бұлардың барлығы жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған. Мұндай қондырғылар бұрын АҚШ, Италия, Норвегияда қолданылып келген.
«Қазақ теңіз академиясы» орталығының ТМД елдерінде баламасы мүлде жоқ. Бұрын Қазақ теңіз академиясының кадеттері тәжірибелік машық жинау үшін Роттердам қаласына баруға мәжбүр болған. Олар енді Алматының өзінде шеберліктерін шыңдауда. Осылайша Теңіз академиясының аясын кеңейту мамандар қатарын 2 есе ұлғайтады. Ал 2025 жылы кемелер қазақстандық кадрлармен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Сол сияқты мембраналы технологияларға бейімделген «IFTC» ЖШС-нің инновациялық технологиялары аса көкейкесті. Азаматтық және әскери әуе күштері кадрларын дайындауда бұл компанияның ақтарды басқарудың виртуалды оқу әдістемелері замана үдерістеріне толық сәйкес келеді.
Қорыта айтқанда, акция барысында «Самұрық-Қазына» АҚ еншілес компаниялары мен алматылық кәсіпорындар арасында бірігіп жұмыс істеуге қатысты келісімдерге қол қойылды. Бұл маңызды құжаттар құны 5 млрд теңгені құрайды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»