атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды көздейді
Ядролық қоғам Қазақстан тәуелсіздігін енді ғана жариялаған тұста пайда болды. Қауымдастық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті нығайту бойынша бастамасын алға бастыруды өз алдына басты мақсат етіп ұстанды. Қазақстанның ядролық қоғамы ширек ғасырға жуық жұмысында тек елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен танылды. Бүгінде ҚЯҚ атом саласын дамытып отырған әлемнің жетекші елдеріндегі ядролық қоғамдастықтармен өзара серіктестік байланыстар орнатқан. 2004 жылдан бері Қазақстанның ядролық қоғамы Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA), 2006 жылдан бастап WIN (Women in Nuclear) қауымдастығының мүшесі.
– «Қазатомөнеркәсіп» АҚ пен Қазақстанның ядролық қоғамы кәсіпорындарының бірлескен жұмыстары да айрықша назар аударуға тұрарлық, – дейді «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Жданова. – Жақында біздің ұйымдастыруымызбен Астанада «Қуат, су және химия» деп аталатын инновациялық мектепте V халықаралық конференция өтті. Шараға қазақстандық және шетелдік сарапшылар, ғалымдар, студент жастар қатысты. Инновациялық мектеп, аты айтып тұрғандай, атом энергетикасы саласы бойынша көптеген ғылыми, жаңашыл, игі істердің басын қайыруда. Конференцияның жұмысында Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық жобаларды дамыту департаментінің директоры Батыржан Қаракөзов, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев, Франциядан НИР АРЕВА МИН мекемесі бастығының орынбасары Эрве Тубо және тағы басқалар сөз алып, елімізде және бүкіл әлемде атом энергетикасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Индустриялық және инжиниринг компаниялардың мамандары, Қазақстан, Ресей, Бельгия, Украина елдерінің ғалымдары кіші және ірі бағыттағы энергетика, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тың өндірістік дамуы сияқты мәселелерді кеңінен талқыға салды. 2009 жылы Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде жетекші орынға шыққан. Содан бері қарай осы көшбасшылықты жалғап келеді. Экономикалық жағынан тиімді әрі экологиялық жағынан да маңыздылығы жоғары бұл саланы дамыту бүгінгі күннің басты мәселесі.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ пен «Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығы бірлесіп ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қолға алған екен. Уран кеніштеріне жақын маңдағы ауылдарға барып дәрістер оқылады. Өңір тұрғындарымен кездесулер, мектептер мен арнаулы оқу орындарында интерактивті сабақтар өткізу тұрақты жүргізіледі. Уран өндірілетін аймақтарда тәуелсіз экологиялық сараптамалар жүргізу де қолға алынған. Ауыл тұрғындары көрсеткен жерлердегі судан, топырақтан және ауадан сынама алынып, соңынан зерттеу нәтижелері халыққа жеткізіледі. Және экологиялық ұйымдардың өкілдері үшін арнайы экологиялық турлар ұйымдастырылады. Оларға қатысушылар кеніште жұмыс істейтін мамандарға сұрақтар қоюмен бірге уран өндірілетін өндірістік полигонда болып, барлық қажетті нормалар және ережелерге сай уран өндіріліп жатқанын көзбен көруге де мүмкіндік алады.
Энергетика министрлігінің Атом жобаларын дамыту департаментінің директоры Батыржан Қаракөзов бұл тұрғыда былай деді:
– Қазақстанның атом өнеркәсібі саласының әлемдік маңызы бар. Мұнда жоғары технологиялы құрылымдар іске қосылады. Елбасымыздың атом қаруынан бас тартуға орай айтатын пікір-ұсыныстары мен баяндамаларында да осы мәселе тереңінен қозғалады. Соңғы 20 жылда МАГАТЭ-мен әріптестік байланыс орнату атом энергиясын біздің елімізде бейбіт мақсатқа жүйелі пайдалануға жол ашты. Ресейлік әріптестермен бірге бастаған Токамак жобасы да ауыз толтырып айтарлықтай дүние. Конференция барысында «Атом энергиясы – радиофобияға қарсы инновация» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
– Біз жақында Шымкентте «Қазақстан ядролық қоғамы» қауымдастығы мен атом ғылымы энергетика өндірісінің І съезіне қатысып қайттық, – дейді аталмыш қауымдастықтың атқарушы директоры Наталья Жданова. – Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 30 елінің қатарына ену үшін, атом энергетикасын дамыту қажеттігін терең талқыладық. Ядролық энергетика дегеніміз күннен қуат алатын жасыл технология сияқты өте мықты қуат көзі екенін ескеруіміз қажет.
Айта кету керек, еліміздегі тұңғыш атом электр стансасы аса қауіпсіз, ең соңғы технологиялар бойынша салынуы тиіс. Бұл туралы Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталықтың директоры Эрлан Батырбековтің жетекшілігімен өткен «Ядролық және радиациялық физика» атты халықаралық конференцияда кеңінен талқыланып, озық ойлар, жобалар ұсынылды. Атом электр стансасын салуда мол тәжірибесі бар Франция, Жапония, Қытай, Ресей сияқты мемлекеттердің өкілдері өз жобалары туралы айтып, елімізге өздерінің тың дүниелерін ұсынуда. Бірақ, әзірше Қазақстан қуаты мен құрылымы жағынан қандай станса салу жөнінде нақты шешім қабылдаған жоқ. Келер жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне атомшылар болашақтың қуат көзі қандай болады деген мәселені іс-тәжірибе жүзінде көрсетіп, көрме барысында халық назарына ұсынуды жоспарлап отыр.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Курчатов қаласы