• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2017

Апатты мектептер алаңдатады

344 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда апатты мек­тептердің жайы баршаны алаңдататыны белгілі. Еліміз жаңартылған білім беру маз­мұнына көшіп отырған кезеңде білім беру жүйесіндегі түйткілді мәселелердің түйінін тарқату маңызды іс. Баланы болашағым деп ұққан әрбір ата-ана оның заман талабына сай білім алғанын әрі білім ошағының қауіпсіз болғанын қалайды. Елімізде апатты мектептерді жою және апатты мектептердің салдарынан туындайтын мәселелерді болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстардың жүргізіліп жат­қаны белгілі. Ал Жамбыл өңірін­дегі апатты білім ошақ­тарының ахуалы бүгінде қандай деңгейде? Құрылысы қайта жүріп жатқан мектептер саны қанша? Ағымдағы жылдың алғашқы мәжілісінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев «2017 жылы апатты деген сөзден арылуымыз керек», деген болатын. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде апатты жағдайда 9 мектеп бар. Басқарма басшысы Сұлушаш Құрманбекова ондай мектептерді жою жөнінде тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айтады. Өткен жы­лы еліміздің Ұлттық қоры есе­бінен Тараз қаласындағы «Сал­танат» шағын ауданындағы 1000 орындық орта мектептің, жергілікті бюджет есебінен Сарысу ауданы Досбол ауы­лын­дағы 50 орындық орта мектеп пен Талас ауданы Қараой ауылындағы 50 орындық орта мектеп құрылысы басталды. Бұл нысандар биыл аяқталады деп күтілуде. Жергілікті бюджет есебінен 2017 жылға 4 мектептің құры­лысына 802,429 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде Меркі ауданы Арал-Қыстақ ауылындағы 50 орындық бастауыш мектеп, Қордай ауданы Соғанды мен Көктөбе ауылдарындағы әрқайсысы 50 орындық негізгі мектептер және Талас ауданы Қасқабұлақ ауылындағы 120 орындық орта мектеп бар. Қалған 2 мектептің мәселесі 2018-2019 жылдары кезең-кезе­ңімен шешіледі деп жоспарлануда. Ал бүгінде облыста үш ауысымда 5 мектеп жұмыс істейді. Сондай-ақ, өткен жылы Ұлттық қор есебінен басталған Меркі ауданы Сарымолдаев ауы­лындағы 600 орындық орта мек­тептің құрылысы биыл аяқ­талады. Ал Тараз қаласындағы №24 орта мектептің 300 орындық қосымша ғимаратының, Шөл­дала массивіндегі 900 орындық орта мектептің және Байзақ ауданы Байзақ ауылындағы 300 орындық орта мектептің құрылысына Ұлттық қор есе­бінен биыл 1 миллиард 887 мил­лион 308 мың теңге бөлінді. Қалған 1 мектептің мәселесі 2018 жылы жергілікті бюджет есе­бі­нен шешіледі деп жоспарлануда. Мектеп – білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Сондықтан білім ошағының талапқа сай болуы талантты шәкірттерді көптеп тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Жамбыл облысы да апатты жағдайдағы мектептерге ерекше көңіл бөліп отыр. Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» ТАРАЗ