Өткен жылға өкпе жоқ
Бұдан әрі елдің экономикалық ахуалы жайында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов есеп берді. Министрдің мәліметінше, өткен жылы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер сыртқы жағымсыз факторлардың ықпалына қарамастан, жақсы деңгейде сақталды.
Өткен жылдың басында тауарлық нарықтарда әлемдік бағалар біршама төмендеді. Соған қарамастан, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының, салалық бағдарламалардың, Үкімет пен Ұлттық банктің Дағдарысқа қарсы жоспарының аясында қабылданған шаралар еліміздегі экономикалық өсім мен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Өткен жылы экономиканың өсіміне ауыл шаруашылығы көлік, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс тәрізді салалар оң ықпалын тигізді. Сонымен қатар, 2016 жылдың қорытындылары бойынша негізгі капиталға инвестициялар көлемі 5,1 пайызға, яғни 7,7 трлн теңгеге дейін артты. Инвестициялардың айтарлықтай өсімі ауыл шаруашылығында, тау-кен өнеркәсібінде, саудада, жылжымайтын мүлікпен операцияларда байқалды.
Министр биылғы жылы ведомствоның Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының аясында берілген тапсырмаларды, басымдық берілетін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға басты назар аударатынын, сонымен қатар, бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту жұмыстарын әрі қарай жалғастыратынын баяндады. «Біздің болжамдарымызға сәйкес, ағымдағы жылдың қорытындылары бойынша экономиканың 2%-дан кем емес өсіміне үміт артып отырмыз. Салалар бойынша машина жасау, тау-кен өнеркәсібі, азық-түлік өнімдерін өндіру едәуір өсім береді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында, құрылыс секторында, көлік пен логистикада одан әрі өсім болады деп болжап отырмыз», деді Т.Сүлейменов.
Игеретіндерге ғана ақша беру керек
Ал өткен жылдың бюджетінің орындалуы туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады. Былтырғымен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірістері 1,3 трлн теңгеге немесе 25 пайызға өскен. Бұл Ұлттық қордан ақша алуды 370 млрд теңге сомасына азайтуға мүмкіндік берді. Шығыстар 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артық жүргізілген. Жыл қорытындысы бойынша, республикалық бюджеттегі үнем 110 млрд теңгені құрады.
2016 жылы республикалық бюджеттің де, жергілікті бюджеттердің де барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. Сонымен қатар, өткен жылы 472 млрд теңге бөлінген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жылдық бөлігі толық жүзеге асырылды. «Заңдастыру науқаны аяқталды. 5,7 трлн теңге заңдастырылды, бұл бастапқы болжамдардан біршама артық. Өткен жылы жалпы сомасы 31 млрд теңгеге 147 нысан жекешелендірілді», деді Б.Сұлтанов. Әрине, министрдің баяндамасына сүйеніп, жұмысында мін жоқ дей алмаймыз. Мәселен, өткен жылы бюджеттегі 36 млрд теңге игерілмеген. Осы ретте Мемлекет басшысы бұл қаржыны әйтеуір игеру керек екен деп, «қалай болса, солай» жұмсауға болмайтынын қатаң ескертті.
«Игеру деген термин бар. Жыл бойы ақша алынбайды. Сосын жыл соңында әйтеуір игеру керек деп ол ақшаны оңды-солды шаша бастайды. Бюджетті қорғау кезінде министрліктер ақша сұрайды. Соңында ақшаны игере алмайды. Яғни, олардың сұрауы негізсіз болған. Ендеше, ол ақшаны игеріп жатқандарға беру керек. Бәрі тек ақша алуды ойлайды. Ал сен бәріне таратасың. Саған мемлекеттің қазынасы тапсырылған. Сен мемлекет ақшасын қорғап, үнемдеуің керек», деді Н.Назарбаев. Сондай-ақ, Елбасы Б.Сұлтановқа мемлекет қаржысын тиімді пайдалану жолын іздеу қажеттігін бұған дейін де бір мәрте айтқанын еске салды. «Енді, міне, екінші ескертіп отырмын. Байқа, үшіншісі жаман болады», деді Елбасы министрге.
«Біздің барлығымыз мемлекеттік қызметшіміз. Мемлекетке, халыққа қызмет етуіміз қажет. Ендеше, қызмет етейік. Мемлекеттің әрбір тиынын үнемдеу керек. Ысырап болмауы тиіс. Сіздерге бюджет берілді. Сіздер қалай үнемдеу керектігін ойлауға тиістісіздер. Егер үнемдейтін болса, онда оларға бөлу қажет», деді Мемлекет басшысы.
Кедергі келтіргендер жазаланады
Еліміздің қаржы секторындағы жағдайды Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Бас банкирдің мәлімдеуінше, Қазақстанның қаржылық ахуалына алаңдаушылық жоқ. Жұмыс жүйелі жүріп жатыр. Мысалы, еркін айырбас бағамы режіміне көшіп, экономика субъектілері жаңа жағдайға бейімделгеннен кейін теңгенің айырбас бағамы тұрақтанған. Ол объективті факторларға сәйкес келеді және өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. «Мұның барлығы да Ұлттық банктің валюта нарығына араласуынсыз жүріп жатыр. Біз 2016 жылдың қыркүйегінен интервенция жүргізбейміз. Бұл саясат алтын-валюта қорын сақтауға жағдай туғызады. Осы жылдың қаңтар айының соңында елдің Ұлттық қорының валюталық активтерін қоса алғандағы алтын-валюта резерві 92 млрд долларға жетіп қалды. Бұл – 2015 жылдың соңындағы деңгейден жоғары. Ол кезде 91,3 млрд доллар болған еді. Іс жүзінде бұл өзіміздің алтын-валюта қорымызды сақтауға мүмкіндік береді», деді Д.Ақышев.
Елбасы Ұлттық банктің жұмысына жалпы көңілі толатынын білдірді. «Өткен жыл өте ауыр болғанына қарамастан, Ұлттық банк жақсы жұмыс істеді. Енді банктің мүмкіндіктерін заң арқылы күшейтуді тапсырып отырмын. Осындай құқық беру керек. Ұлттық банктің жұмысына килігуді елдің қаржы саласына килігу деп санап, жазалау керек. Көріп отырмын, Ұлттық банк тәртіпке келтірілген сайын Ұлттық банктің төрағасына шабуыл күшейіп жатыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы банк жұмысын ретке келтіруге кедергі жасаушыларға шара қолданылатынын айтты.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, елдегі екінші деңгейлі банктердің біріктірілуі туралы да пікірімен бөлісті. «Банктер әлсіз. Солай емес пе? Әлемде дағдарыс болған кезде «Exxon» және «Mobil» сияқтылар бірігіп кетті. «Shell» мен «British gas» бірікті. Біріктірілсін. Акционерлер өздерінің банктерін сақтағысы келсе, қаржыларын салады. Банктерді құтқарудың басқа жолы жоқ. Олар өмір сүре алмаса, экономикаға керек емес», деген Президент Ұлттық банк төрағасын батыл әрекет етуге шақырды.
Ауылдың даму болашағы – кооперативтер
Өткен жыл еліміздің аграрлық секторы үшін табысты болды. Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің айтуынша, биылғы және алдағы жылдарда да біраз биіктерді бағындыруға мүмкіндік бар. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз Жолдауда алға қойған тапсырмаларды орындау үшін тиісті шаралар атқарылды. Бірінші тапсырма – субсидиялау принциптерін қайта қарау. Осыған орай, 11 тиімсіз субсидиялау түрі алынып тасталып, 35 субсидиялау түріне нормативтік өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларының қамтитын ауқымы 7,5 есеге ұлғайды. Әсіресе, ұсақ шаруашылықтар мен кооперативтер көбірек қамтылды. Басты назар соңғы нәтижеге, яғни өнімділікке және өңдеу қуаттарына аударылды», деді А.Мырзахметов. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында қосалқы және шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру, тиісті инфрақұрылымы бар өнімдерді қайта өңдеуді арттыру жұмыстары да жолға қойылыпты. Соның арқасында 15 мың қосалқы шаруашылықты қамтитын 157 кооператив құрылған. Олардың базасында жүзден астам сүт қабылдау пункті мен жеті мың бордақылау алаңы ашылған. Асқар Мырзахметовтің айтуынша, кооперативтердің қатары екі есеге дейін ұлғаймақ. Жалпы, ауылдың болашағын кооперативтермен байланыстырсақ артық емес. Асқар Мырзахметов Елбасы жүктеген еңбек өнімділігін арттыру мен өндіріс шығындарын азайту, жерді тиімді пайдалану және суармалы жерлерді кеңейту, аграрлық ғылым саласына салынатын инвестицияны ұлғайту, азық-түлік өнімдерінің экспортын ұлғайту жөніндегі жұмыс та нәтижелі жүргізіліп жатқанын хабарлады. Министр жайылымдарды суландыру үшін 700 құдық қазу жоспарланып отырғанын, алдағы уақытта бас-аяғы 3500 құдық салынып, 18 млн гектар жайылымдық жер суландырылатыны туралы айтқан болатын. Осы тұста Мемлекет басшысының өзі сөзге араласып: «Қазір елде 150 млн гектар жайылымдық жер бар. Әкімдермен әрбір құдықты қадағалап, соның төңірегінде бірнеше отар қой ұстасаңдар, еліміз үшін үлкен табыс болады», деді Ауыл шаруашылығы министріне қаратып.Инвесторларды иліктіру керек
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен жылы өңдеу өнеркәсібіндегі өнім 0,7%-ға артқанын жеткізді. Оған түсті металлургия, қара металлургия, фармацевтика және электртехникадағы өсімнің арқасында қол жеткізілген. Машина жасау саласында төмендеу байқалады. Себебі, біріншіден, тұтынушылардың сұранысы азайған. Екіншіден, өңдеуші компаниялардың жөндеу жұмыстарына сұранысы төмендеген. Өткен жылы Индустрияландыру картасының аясында жалпы құны 878 млрд теңге болатын 13 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылған болатын. Карта аясындағы жобалардан бір жылда 2,2 трлн теңгенің өнімі өндіріліпті. «Биыл жалпы сомасы 700 млрд теңге болатын жүзден астам жоба жүзеге асырылады, оның 25-і алғашқы жартыжылдықта іске қосылмақ. Соның арқасында тағы 10 мың жұмыс орны ашылуға тиіс. Жалпы, өнеркәсіп жаңа ахуалдарға, теңгенің жаңа бағамына бейімделді. Жыл қорытындысы бойынша, өңдеу секторының өсімін 2%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», деді министр. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қазақстанда шетелдік инвесторларға барлық жағдай жасалғанын, оларға түсіндіретін адам жоқтығын Жеңіс Қасымбектің есіне салды. «Менің былтыр берген тапсырмам бар. Экспортқа, инвестицияға кім жауап береді дегенде, сен басқаратын министрлік деп айттық. Өзің де барлық елдердің «бизнес капитандарымен» кездесулерге қатыстың. Таяуда ғана Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде болдық, осы елдердің ірі бизнесмендерімен кездестік. Оның алдында Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Америкада болдық. Олар әрқашан Қазақстанға қызығушылық танытады, бірақ осында келгенде олармен кездесетін ешкім жоқ, ешкім мәселелерін шешпейді. Не істеуіміз керек?», – деп сұрады Мемлекет басшысы.Жеңіс Қасымбек министрлікте Инвестиция комитеті бар екенін тілге тиек еткен. «Қазір біз инвестицияны дамыту стратегиясын әзірлеп жатырмыз. «Бір терезе» принципін айқындап, Үкіметтен әрбір инвестормен келіссөз жүргізушіні белгіледік, ол – «Қазақинвест» ұлттық компаниясы», деді министр. «...Маған керегі – инвесторлардың «Қазақстан өзгерді, барамыз» деуі. Бұл – бірінші. Екінші – экспортпен кім шұғылданады?» деп сауал қойды Елбасы. Бұл сауалға Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жауап берді. «Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз айтып өткендей, Жарлығыңызға сәйкес өкілеттіктің барлығы осы министрлікке (Инвестициялар және даму министрлігі) берілді. Соған байланысты министрлікте құрылымдық өзгерістер болып жатыр», деп түсіндірді Премьер-Министр. Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан көлік кешенін дамыту арқылы логистиканың тиімділік көрсеткіші бойынша халықаралық рейтингте 88-орыннан 77-орынға көтеріліпті. Биыл өндіріс пен экспорттың арту қарқыны басталуға тиіс.
Облыс әкімдерінің есебі тыңдалды
Кеңейтілген отырыста бірқатар облыстың әкімдері сөйлеп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер мен қабылданған бағдарламалардың қалай атқарылып жатқаны туралы хабарлады. Мәселен, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың айтуынша, облыстың атқарушы органдары Елбасының жуырда жариялаған Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға кірісіп кеткен. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өнеркәсіп өндірістеріне озық технологияларды енгізуге көңіл бөлініп жатқаны туралы айтты. Шығыс Қазақстан облыстық университетімен бірлесіп, 8 млрд теңгенің тәжірибелік-конструкторлық жобалары өндіріске енгізілген. Соның арқасында өнім түрлері көбейіп, мұнай-газ, фармацевтика салаларына қажетті жаңа құрылғылар шығарыла бастапты. «Шығыс Қазақстанның экономикалық өсімін қамтамасыз ететін салалардың бірі – аграрлық сектор. Ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен қатар, қосалқы шаруашылықтарды дамытуға да басымдық беріледі. Біздің басты міндетіміз – өзін өзі жұмыспен қамтуды заңды түрде табысты бизнеске айналдыру, ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру», деді Даниал Ахметов.Өсімге мүмкіндік бар
Баяндамалар тыңдалып, талқыланған соң, Мемлекет басшысы отырысты қорытындылап, сөз сөйледі. Жиында қаралған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, Үкімет мүшелеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Өзінің биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларды да тағы бір таразылап, 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын әзірлеу кезінде «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсатты индикаторларын назарға алуды тапсырды. Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасын одан әрі дамыту үшін қажетті әлеует бар екенін айтып, ішкі жалпы өнімнің тұрақты өсімін 5 пайыз деңгейінде сақтау қажеттігіне тоқталды. «Таяу жылдары импорт алмастыру ішкі жалпы өнімнің 5 пайызға дейінгі өсімін бере алады. Экспортқа белсенді түрде мемлекеттік қолдау көрсету жағдайында өнеркәсіптің басымдығы бар секторларындағы өсімнің өзі ғана 6 млрд доллар болады. Бұл экспорттың көлемін 20%-ға дейін, ішкі жалпы өнімнің көлемін 5%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Орта мерзімді перспективада тек Қашағанның үлесі ішкі жалпы өнімнің 2-2,5% деңгейінде болады деп жобаланып отыр», деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өңірлерде дамудың индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында қолға алынып, тұралап қалған жобаларға назар аударды. Елбасы әкімдерге даму институттарымен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалыптасқан жағдайды түзеуді тапсырды.Ревизия жүргіземіз
Мемлекет басшысы қатысушылар назарын шағын және орта кәсіпкерліктің тауар шығару мен қызметтер көрсету деңгейінің төмендеуі, оның субъектілері мен онда жұмыс істейтін адамдар санының қысқаруы үрдістеріне аударды. Қазақстан Президенті бизнесті реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің көп екенін ескертіп, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғауға қатысы жоқ басы артық кедергілерді азайтуды тапсырды. «Үкімет жоспарлы тексерістердің тоқтатылғаны, қатерлерді басқарудың жаңа жүйесінің енгізілгені, мемлекеттік қызметтер көрсетудің электрондық нысанға көшкені жөнінде баяндайды. Алайда, тексеруші органдар қызметкерлерінің саны іс жүзінде қысқарған жоқ. Үкіметке Бас прокуратурамен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бақылау-қадағалау функцияларына ауқымды ревизия жүргізуді тапсырамын. Мерзімі – тоқсанның соңына дейін», деді Елбасы. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев бизнес саласындағы қазіргі заңнаманы ізгілендіру, сондай-ақ жаңа Кеден кодексін әзірлеу барысында әкімшілендіру рәсімін жеңілдету жөнінде жұмыс жүргізуді тапсырды. «Ревизия жүргізіп, барлық тиімсіз салық жеңілдіктерін және артықшылықтарды алып тастау қажет. Салық заңнамасы іскерлік белсенділікті, инвестиция тартуды ынталандырып, көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.Кәсіпкерлік кеңейді
Қазақстан Президенті мемлекеттік кәсіпорындар үлесін азайту қажеттігін, жекешелендірудің қорытындысы бойынша мемлекеттік меншікте қалдырылуы негізді деп танылған ұйымдардың нақты тізімін жасаудың маңыздылығын атап өтті. «Үкіметке «Yellow Pages» қағидатына сәйкес мемлекет иелігінде қалуға тиіс мекемелер мен кәсіпорындардың түпкілікті тізбесін әзірлеуді тапсырамын. Бұл тізбеге енбеген кәсіпорындар 2020 жылға дейін жекешелендірілуге немесе жабылуға тиіс. Бұған дейін бекітілген Жекешелендірудің кешенді жоспарының тізбесіне қатысты жұмысты 2020 жылға дейін емес, 2018 жылдың соңына дейін іске асыру қажет», – деді Елбасы. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың жеткіліксіздігін айтып, бұл жұмысқа тікелей әкімдер жауапты екенін атап көрсетті. «Мемлекет-жекеменшік әріптестігін, әсіресе, коммуналдық және әлеуметтік салаларда дамыту қажет. Үкімет рәсімдерді жеңілдету, үйлестіру тұрғысынан және әдістемелік, инфрақұрылымдық тұрғыдан барлық қажетті қолдауды көрсетуге тиіс. Бизнеске нақты шарттар ұсынып, мемлекеттік тапсырыстың ұзақ мерзімге негізделген кепілдігін қамтамасыз ету қажет», деді Мемлекет басшысы.Мемлекеттік сатып алу инновацияланады
Қазақстан Президенті мемлекеттік сатып алу саласында импортты алмастыруға және отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік туғызатын жағдай жасау қажеттігіне назар аударды. Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, ірі кәсіпорындарда жергілікті қамту үлесін арттыру жөнінде мақсатты түрдегі нақты индикаторлар белгілеуді тапсырды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. «Ұзақ мерзімге арналған, яғни «оффтэйк» келісімшарттарын жасауды қамтамасыз ету керек. Заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізу қажет. Бюджеттік нысандарға қатысты жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу кезінде ең алдымен отандық өнімді қамтыған жөн. Сатып алу рәсімдері мен өндірушілерге қатысты бірыңғай IT-платформа әзірлеу керек», деп тапсырды Қазақстан Президенті.Ауыл шаруашылығына басымдық беріледі
Қазақстан Президенті ел экономикасында аграрлық сектордың әлеуеті жеткілікті түрде пайдаланылмай отырғанына, былтыр өндіріс көлемі бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда елеусіз өсім көрсеткеніне тоқталып өтті. «Агрохолдингтердің қаржылық жағдайы қанағаттанарлықтай емес. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мен лизингке алуды субсидиялауға мол қаражат бөлінуде. Сонымен бірге, бұл жұмыс жеткілікті түрде бір жүйеге қойылып, ұйымдастырылмаған. Елімізде ауыл шаруашылығы техникасы түрлі өндірушілерден сатып алынады. Сол себептен қосалқы бөлшектер бірізділендірілмейді. Машина паркі ұтымды пайдаланылмайды. Бір өңірде комбайндар бос тұрса, басқаларында олар жетіспейді», деді Мемлекет басшысы. Осыған орай Бас прокуратураға Есеп комитетімен бірлесіп тиісті тексеріс жүргізу, ал Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министріне қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту тапсырылды. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев астықты үш өңірдің әкімдеріне биылғы жылдың 1 наурызына дейін проблемалы агрохолдингтерге қатысты келісілген шешім шығаруды тапсырды.Әлеуметтік салаларға тың серпін
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығына ерекше тоқталып, солардың нәтижелеріне сәйкес көрсетілетін қызметтер сапасының артуы көзделіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бұл саланы дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігі төмен екендігін айтты. «Түрлі елдерден сатып алынып жатқан құрал-жабдық бірқатар өңірде кәдеге аспай тұр. Тиісті біріздендіру болмаса, оларды қалай пайдаланамыз? Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты да түйткілдер бар. Мемлекет нормативті дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ететіндігін баса айтқым келеді. Бұл ретте жаңа фармацевтік өндірістер салуға да мүмкіндік бермейтіндер бәсекелестіктен қорқады», деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Денсаулық сақтау министріне барлық түйткілді мәселелер бойынша талдау жүргізіп, шешім қабылдауды, реформаларды сапалы іске асыруды, сондай-ақ «СК Фармация» кәсіпорнында кадрлық ревизия жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшудің, үш тілде білім берудің және ҰБТ-ның жаңа жүйесінің маңыздылығына тоқталып, осы орайда бұл реформалардың мазмұнына қатысты халықты хабардар ету онша тиімді іске асырылмай отырғанын атап өтті. Осыған байланысты жауапты мемлекеттік органдарға тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.«Бюджеттің берекесін қашырмаңдар!»
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде жүргізіліп жатқан барлық реформа қажетті қаржыландыру көзімен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұл орайда, Есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, былтыр 160 млрд теңгеден астам қаражат мөлшерінде қаржылық заң бұзу жайттары анықталған. «Әкімшілік жауапкершілікке – 47, тәртіптік жазаға 223 лауазымды тұлға тартылған. 2015 жылмен салыстырғанда, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың анықталған көлемі үш есе артып, 382 млрд теңгеге жеткен. Үкіметке мемлекет қаражатына қылмысқа барабар немқұрайлылық таныту фактілерін қарастыру үшін арнаулы комиссия құруды тапсырамын. Алдымен Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерін тексеру қажет», деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар басшыларына лауазымдарды оңтайландырып, содан үнемделген қаржыны басқа қызметкерлер арасында қайта бөлу құқығын беруді ұсынды. Соңында Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетіндігіне және кейін оның инфрақұрылымын ұтымды пайдалану қажеттігіне қатысушылар назарын аударды. Және де жүргізіліп жатқан реформалар мен белгіленген міндеттердің іске асырылуына әрбір басшы тікелей жауапты болатындығын ескертті. Арнұр АСҚАР, Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды