• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Ақпан, 2017

Теріскейде оқып жүр талай қазақ баласы

230 рет
көрсетілді

М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан мемле­кет­тік университетінде білім алып жүрген қандас­тары­­мыздың бірі – Бағдар Асқар­бекқызы. Оның айтуынша, Қытай елінде екі миллионға жуық қазақ тұрады. Дәстүрге берік ағайындарымыз атажұрт десе өзектері үзіліп түсе жаздайтын көрінеді. Бойжеткен б­үгінде «Foundation» факуль­тетінің дайындық кур­сының тыңдаушысы. Өз­дігінен талаптанып, орыс тілін үйрену үйірмесіне де жазылған. Онда­ғы ойы – солтүстік өңір­лерде әлі де басым тұратын халық­тың тілін меңгеріп шығу. Қазақ­станда бұл тілге сұра­ныс әлі жоғары екен деген таңданысын жасырмайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды» арман еткен 30 бауырымыз былтыр климаты қатал, демографиялық құрылымы өзгеше өңірде білім алуды, орнығып, жұмыс істеуді алға мақсат етіп келген. Ендігі тағдырларын тек Қазақстанмен байланыстыруды құп көреді. Кіндік қандары өзге елде тамса да, жүректері қазағым, ұлтым деп соғатын жастар туралы факультет деканы Шалабай Қожаев үлкен ыждағатпен әңгімелейді. Еңселі білім ордасында бар­лығы 81 шетелдік қазақ баласы оқиды. Қай-қайсысына болсын білімге құштарлық, ізде­німпаздық, еңбекқорлық тән. Төте жазуға жүйрік олар үшін кирил­лицаны үйрену сон­ша­лық­­ты қиын емес. Қоғамдық жұ­мыстарға да белсене араласады. Моңғолиядан келген Жар­қанат Қинауқан білімнің тегін екенін, жайлы жатақханаға орналасқанын, барлық жағдай жасалғанын ризашылықпен айтады. Аяғынан тік тұрып алғаннан кейін атамекенде оқу­ды, тұруды армандайтын үш бауырын Байөлке жерінен кө­ші­ріп әкелмек ниетін айтады. Жас­тайынан өлең шығарып, Мағ­жан атасына ұқсағысы келеді. Қытайдан, Моңғолиядан, Ресейден оқып жатқандардың қатарын «Серпін-2050» бағдар­лама­сы аясында оңтүстік об­лыс­­­тардан келген бір мыңға жуық өрен­дер толықтырып отыр. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы