• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Абайды ардақтай алдық па?

206 рет
көрсетілді

Немістер Гетесін, қытайлар Конфуцийін, испандар Сервантесін, орыстар Пушкинін, өзбектер Навоиын... жалпы жер бетіндегі қазақтан өзге халықтар ғұламаларын, ақындарын әлемдік деңгейде қалай насихаттайды, ә? Деректерге сүйенсек, Конфуций институты Қазақстанда 2009 жылдан бастап жұмыс істейді екен. Бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарында бұлардың саны – төртеу. Тарихы 65 жылдан асатын, 100-ге жуық елде тамырын терең жайған, осыған ұқсас тағы бір ұйым – Гете институтының да жылына сандаған өренді неміс мәдениетімен сусындатуы – қол жетпес үлкен еңбек. Қазақ Құраннан кейін қолына Абайды ұстайды. Соған қарамастан, ұлы ақын ұлағатын әлемдік деңгейде солардай құлаштап көсіліп, тұлғамызды кеңінен насихаттай алмай отыруымызға не себеп? Себебі, әуелі Абайтану институты әр қазақтың өзінің жүрек төрінен ашылуы керек-ақ. Ел жүрегі – Астана десек, сән-сәулеті күннен күнге асқақтаған ажарлы елордамыз Абай тағылымын таратушы институттың бой көтеруіне әбден лайықты сондай қасиетті мекен екені тағы даусыз. Қызық болғанда, Вьетнамда, Кореяда, Қытайда, Әзербайжанда Абай орталықтары, Түркияда Абай атындағы мектеп ашылса, Лондонда тұрған «Абай үйіне» ежелден еңселене марқаямыз. Ресейде, Германияда, Түр­кияда, Үндістанда ақын құрметіне көше аттары берілсе, Мысыр астанасындағы ең көрікті жерлердің бірі «Ер­кіндік және достық» саябағында ескерткіші бой көтеріпті. Бұларға тәубе дейсіз. Қазақтың кім екенін танытуға Абай рухы тоқтаусыз қызмет етіп жатқанына қуанасыз. Солай бола тұра: Елімізде, шетелдерде абайтану ілімімен айналысатын қанша ғалым бар? Республикамызда қанша мектепке, көшеге, елді мекенге Абай есімі берілді? Абайдың ескерткіші мен бюстерінің, орталықтардың саны мен сапасына мән беріп үлгердік пе? Әттең, мектепте абайтану пәні өтілмейді. Абайтану – адамтану, қазақтану ғой. Ал оның дариядай шалқар қазынасына сана-сандығымыз қазір аузы-мұрнынан шыға тыңқиып тұр дей алмайсыз. Сол үшін Абайдың бір өлеңін жатқа білмейтін қазақты қазақ деп есептемейтін, Абайды әлемдік деңгейде насихаттайтын биік өредегі рухқа көтерілуге асығу керек-ау. Осы орайдағы ойымызды түйіндеу үшін ақынның «Жетінші қара сөзіндегі»: «...Кө­кіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз», – деген сөзіне иек арттық... Көңіл күйінің құлақ бұрауымен үндескен бұл әңгімені сол білсек екен деген адамның баласы болғандықтан жазып отырмыз. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»