«Бұйырған кетпейді...» – 9-шы алтынды бәрібір алдық!
Уысымызда тұрған 9-шы алтын медальдан қалай айырылып қалғанымыз туралы өткен нөмірлерден хабардар оқырманға айтарымыз, бұйырған кетпейді екен. Шаңғышылар бұл жолы аралас командалық спринтерлік жарыста нағыз шеберлік танытты! Жарыс жолына Анна Шевченко мен Олжас Климин шыққанда-ақ үміттің жетегіндегі жанкүйердің ой құшағында қалғаны тектен тек емес. Өйткені, бұл Анна мен Олжасқа берілген ең бір тамаша мүмкіндік болатын. Анна Шевченко – Алматы Универсиадасында Қазақстанға ең алғашқы медальды сыйлаған спортшы. Класссикалық стильде 5 шақырымдық қашықтыққа жүгірген Анна екі мәрте де қола медальға қол жеткізген. Ресейдің шаңғышылары Анна Нечаевская мен Лилия Васильева сол жолда Аннамыздың алдын кезек-кезек кес-кестеп, алтынды да, күмісті де қолдан бермеді. Ерлер арасындағы классикалық спринтерлік шаңғымен жүгіруде Олжас Климинге санаулы сантиметрлер жетпей қалып, төртінші орынмен жарысты тәмамдаған. Міне, сондықтан да бүгінгі аралас командалық спринтерлік жарыста бар мүмкіндікті қолдан келгенше пайдаланып қалудың оңтайы келіп тұрды. Жұптық жарыс барша қазақстандық жанкүйердің үмітін ақтап шықты. Ұзын сөздің қысқасы, сол бәскеде ерекше өнер көрсеткен Анна Шевченко мен Олжас Климин ұжымы еліміздің қоржынына 9-шы алтынды салды. Анна мен Олжастың жарыс қорытындысындағы көрсеткіші (18:23,48) ең үздік деп саналды. Француздар екінші (18:26,67) орынды иеленсе, бұл жолы ресейлік шаңғышы жұп үшінші орында (18:29,50) қалып, қола медальды қанағат тұтты. Өкінішке қарай, қазақстандық тағы бір жұп – Ольга Мандрика мен Сергей Малышев жұбы алтыншы орында (19:11,72) қалып қойды.Денис Тен Қазақстанға 10-шы алтын медаль сыйлады
Ішіне артық-кемсіз 12 мың көрермен сыятын «Алматы Арена» мұз айдынды спорт сарайы халыққа лық толды. Жарыс төрт жарым сағатқа созылды. Халықтың сүйіктісі әрі үміті – мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен кезегі бойынша айдынға ең соңынан, 24-ші болып шықты. Әлемнің әр бұрышынан келген конькимен мәнерлеп сырғанаушылар бірінен соң бірі айдынға шығып, өнерін ортаға салды. Нағыз маман, яки спорттың бұл түрінен хабары бар адам болмаса, көпшілік көрермен шыр айналып секіріп, ақ айдында жұлдызша аққан спортшылардың біліктілігін саралап біле алмайтын еді. Бір рет құламаса да, төменнен, бірнеше рет сүрінсе де биіктен орын алған спортшылардың шынайы өнерін түсіну де қиынның қиыны болатын. Бұлайша өз ойымызды ортаға салуымызға Қазақстан намысын жыртушы Абзал Рахымғалиевтің айдынға алғашқы топпен шыққан сәті себепші болды. Қазақ спортшының аты аталған сәтте «Алматы Арена» жанкүйердің қиқуынан жарылып кете жаздады... Шыныдай жылтыраған ақ айдынның үстінде жұлдыздай ағып мәнердің он сан түрін көрсеткен Абзалға деген жерлестерінің сондағы қошеметін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Абзал қауырсындай жеңіл көтеріліп, сан рет шыркөбелек айналып, айдынның бетіне өте жеңіл қонақтап жатты. Мін көрмегендейміз! Алайда, мәнерлеп сырғанаудың ақырғы қорытындысында төрешілер біздің Абзалға 7-ші орын лайық деп тапты. Екі жарыстың қорытындысы бойынша ол 12-орынға табан тіреді. Мұз сарайындағы аргентиналық, кореялық, италиялық мәнерлеп сырғанаушылардан соң айдынға шыққан швед Александр Майоров пен жапон Кейдзи Танаканың өнерін сүйсіне тамашалап, жақсы ұпай бөліскендеріне куә болған көрерменнің Денис Тен айдынға шыққанда жарыла дауыстап, қызына қолдау көрсетуінің сыры бар. Соңғы екі спортшының өте жоғары алған бағаларына қарап, көрермен Джакома Пуччинидің мұңлы сазды музыкасына құлақ түріп тына қалды. Іштей Денистің қателеспеуін тілеп, мазасыз күй кешті. Денис Теннің құлашын жазып келіп көкке көтерілген сәтінде ышқына айқайға басады да, айдынға топ еткенде қайтадан тына қалады. Осылайша арада төрт жарым минуттың қалай өткені де білінбеді... Мамандардың сараптамасына сенеміз. Залдағы шу дамылдаған сәтте төрешілер еркін бағдарламада Денис Тен 172,06 балл жинады деген ұйғарым жасады. Алдағы қысқа бағдарламамен екеуін қосқанда қазақ спортшысы 266,97 балл жинап, алтын медаль алды. Қазақстан құрмасының 10-шы алтын медалы! Кейдзи күміспен күптелсе, Александр қоламен үшінші орынға табан тіреді. Журналистерге дереу арада берген сұхбатында Денис туған қаласы «Алматыдағы бұл алтынды жарыс 2018 жылғы Кореяда өтетін қысқы Олимпиада алдындағы ең ауыр жаттығудай болды», деп ағынан жарылды. Барша қауым «Ниетіңе жет, бауырым!», деген тілек айтты чемпионға. * * * Жексенбідегі басты жарыс биатлоншылар арасындағы аралас эстафетадан басталған. Жүлдегер Галина Вишневская нысана көздеуден үш рет қателескенімен, әріптестерінен 30 секунд алда кетіп қалған. Дарья Усанова да 20 секунд алда еді... Үшінші қашықтықта Василий Подкорытов 4 рет қателесіп, ресейлік спортшы екі арадағы уақыт көрсеткішін 15 секундқа дейін қысқартты. Ақтық қашықтықта Антон Пантов ойлағандай шеберлік көрсете алмай, ақыр соңында Қазақстан биатлоншылары алтынды Ресей командасына қолдан беріп қойып, күміс медальды қанағат тұтты. Украина үшінші орында қалды. * * * Шорт-трек Қазақстан жанкүйерлерінің асыға күткен спорт ойындарының бірегейі. Жұлдыздай аққан жігіттеріміз осында. Қыздарымыз да көштен қалып жатқан жоқ. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен бірінші күнгі 1500 метрлік бәсекеде шорт-трекші алматылық Нұрберген Жұмағазиев қола жүлдені иеленді. – Алда екі күн бар, біздің жігіттер алтын аламыз деген үмітте, – деді Жұмағазиев. – 1500 метрлік қашықтықта кореялық спортшылар бірінші орынды ешкімге берген емес. Есесіне 1000 метрлік, 500 метрлік қашықтықта біздің жұлдызымыз жануы әбден мүмкін... Батыл айтылған сөз. Демек, алтын – алдымызда. Бүгінге дейін командалық тізімде барлығы 23 медальмен (оның 10-ы алтын) ресейліктерден соң екінші орында келеміз. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ