• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Тапсырмалар тиянақталды

105 рет
көрсетілді

Үкімет Елбасының сынынан қорытынды шығаруға кірісті Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен сенбіде Үкіметтің кезектен тыс отырысы өтті. Онда кеңейтілген отырыста берілген Президент тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды. Еске салсақ, жұма күні Елбасының қатысуымен кеңейтілген отырыс өтіп, онда Үкіметке бірқатар нақты мін­деттер қойылған болатын. Міне, сол тап­сырмаларға орай Үкімет тиісті шешім­дер қабылдап, тиімді шараларды қолға алуы тиіс. Сенбідегі шұғыл жиын­ның да сыры осында. Сонымен, Премьер-Министр еліміз­дегі бизнес-ахуалды жақсарту бойын­ша біраз жұмыс атқарылғанын, алайда бизнеске реттеу жүктемесі артуын жал­­ғастырғанын атап өтті. Бұл ретте Премьер-Министр Ұлттық экономика және Әділет министрліктеріне осы мәселені шешуді тапсырды. Бұдан өзге, Ұлттық экономика министрлігіне мүд­делі органдармен және «Атамекен» ҰКП-мен бірге бір айда барлық бақылау-қадағалау функцияларын ауқымды тексеруді аяқтау тапсырылды. «Бірінші кезекте бизнеске көтеріңкі талаптар мен әкімшілік кедергілерді қысқарту қажет. Заңнамалық актілерге барлық қажетті өзгерістерді ағымдағы жылы қабылдау керек», деді Б.Сағынтаев. Премьер-Министр Мемлекет бас­шы­­сы тарапынан салық органдарына көп сын айтылғанын еске салды. Осы­ған байланысты Б.Сағынтаев Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер коми­тетінің бизнесті тексеруді оңтайландыру тұрғысындағы жұмысын қайта құруды тапсырды. Бұдан бөлек, Премьер-Ми­нистр Бас прокуратурамен бірге негізсіз жүргізілген істерді бір ай ішінде реттеуді жүктеді. Сондай-ақ, Премьер-Ми­нистр Ұлт­тық экономика министр­лі­гі­­не мүд­делі органдармен бірге жаңа Са­лық кодексін әзірлеу кезінде әкім­шілен­діруді түбегейлі жеңілдетуді және оны барынша қарапайым етуді тапсырды. «Оның алдында біріктіріл­ген Салық және кедендік кодекс әзір­леу жоспарланған болатын. Алайда, Пре­зи­денттің тапсырмасына сәйкес Ұлт­тық экономика және қаржы ми­нистрліктеріне жеке салық және кеден­дік кодекстерді әзірлеу қажет», деді Б.Сағынтаев. Кеңейтілген отырыста айтылған 2018 жылдың соңына дейін кәсіпорын­дарды жекешелендіру жұмыстарын жеделдетіп, аяқтау туралы тапсырма да пысықталды. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі биыл өткізілуі тиіс. Қаржы министрлігі аталған жұмыстың ай сайынғы кестесін бақылауда ұстауы қажет. Бұдан өзге, Мемлекет басшысы мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік секторда қалатын нысандардың толық тізімін әзірлеуді тапсырды. Осы орайда, Б.Сағын­таев Ұлттық экономика министрі Т.Сүлей­меновке Yellow pages rules қағи­да­ларына сәйкес келмейтін, аталған тізім­д­ерге кірмейтін нысандарды жою­ды тапсырды. Бұл жұмыс 1 нау­рызға дейін аяқталуы тиіс. Үкімет басшысы, сондай-ақ, мем­ле­кеттік сатып алулар жанындағы отандық тауарлар үлесін арттыруды тапсырды. Премьер-Министр Б.Сағын­таев автокөліктер бойынша орта­лық­тан­дырылған мемлекеттік сатып алулар тетігін енгізу отандық өндірушілердің әлеуетін арттырып, олардың өндірісін жаңғыртуға мүмкіндік бергенін айтып өтті. «Біз биылғы жылы аталған жұмысты жиһаз бен жеңіл өнеркәсіпте жүргізу жөнінде келісіп қойдық. Осыған ұқсас тәсілді енгізетін салалардың тізімін ұлғайту керек», деді Б. Сағынтаев. Осы­ған орай, Инвестициялар және даму министрлігіне ҰКП-мен бірлесіп бір аптада аталған мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды. Бұдан өзге, Қаржы министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірле­сіп, барлық мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде отандық өнімді пай­далану тұрғысынан конкурстық құжат­таманы тиянақты түрде тексеру тапсы­рылды. Бұдан бөлек, Б.Сағынтаев квази­мемлекеттік сектордың сатып алу жұмысына тоқталды. Ол бұл мәселеде бірыңғай саясаттың жоқ екенін айтып, бір апталық мерзімде осы компанияларға арналған, айқындық пен қолжетімділік ескерілген, сатып алулардың бірыңғай ережелері бойынша ортақ тәсілдеме әзірлеуді жүктеді. Сонымен қатар, Премьер-Министр Инвестициялар және даму, Қаржы министрліктеріне ҰКП және ұлттық холдингтермен бірле­сіп, квазимемлекеттік сектор мен жер қой­науын пайдаланушыларды қосып, тиіс­ті деректер базасын біріктіре оты­рып, сатып алулар мен өндірушілер­дің бірың­ғай ІТ-платформасын құруды мін­­дет­теді. Сондай-ақ, Инвести­ция­лар және даму, Энергетика министр­лік­­теріне «Самұрық-Қазына» қоры және әкімдермен бірлесіп, әрбір ірі кәсіп­­орын­мен жұмыс жүргізіп, жергі­лікті қамту­ды ұлғайту бойынша мақсат­ты ин­дикаторды белгілеу тапсырылды. Жұмадағы кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы тарапынан мем­­лекеттік-жеке меншік әріптестігі тетік­терін қолданудың төмен қарқын­дарына, әсіресе, өңірлерге қатысты да сын айтылған болатын. Осыған бай­ланысты Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне бір айда процедураларды одан әрі жеңілдету бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Бірінші тоқсанның соңына дейін түрлі салалардағы типтік жобалар тізімін кеңейту және осы мәселе бойынша өңірлерге толық әдістемелік қолдау көрсету тапсырылды. Үкімет басшысы, сондай-ақ, экспорт және импорт жөніндегі ұлт­тық ком­паниялар құру мәселесін пысықтауды жүктеді. Б.Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне салалық ми­нистр­­­ліктермен және әкімдіктермен бірге Президент мысалға келтірген 72 нысанның әрқайсысы бойынша пысықтауды және сәйкес шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Сон­дай-ақ, аталған министрлікке мүд­делі мемлекеттік органдармен, әкімдіктер­мен және Ұлттық палатамен бірге жаңа жобаларды іріктеу бойынша тиімді тәсілдерді әзірлеу тапсырылды. Бұдан өзге, Премьер-Министр екі апта­лық мерзімде экспорт және импорт жөнін­дегі ұлттық компаниялар құру бойынша ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігімен бірге біздің өнімдердің экспортын шет ел на­рықтарында ілгерілету бойынша ор­тақ жоспарды әзірлеп, бекітуді тапсырды. Премьер-Министр денсаулық сақ­тау саласына қатысты да бірқатар мәсе­лелерді қозғап, министрлікке нақ­ты тапсырмалар жүктеді. Үкімет бас­шы­сының айтуынша, денсаулық сақ­тау саласында, бірінші кезекте, ұзақ мерзімдік негізде отандық өндірушіден дәрі-дәрмек пен медициналық мақсат­тағы бұйымдарды сатып алуды ұлғай­ту жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажет, сонымен қатар, оларды сатып алу про­цедураларының айқындығын қам­та­масыз ету керек. Сонымен қатар, дұрыс баға белгілеу үшін медициналық техниканың Бірыңғай номенклатурасын құру тапсырылды. Медициналық сақ­тан­дырудың міндетті жүйесін енгізуге баса назар аудару қажет. «Білім беру туралы айтар болсақ, жалпы, Президент аталған саладағы жаңа тәсілдерге қолдау білдірді», деді Үкімет басшысы. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке ха­лық арасында 12 жылдық білім беру жүйесіне ауысу, үштілділік және ҰБТ-ның жаңа жүйесі жөнінде сауатты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Бұл жұмысқа Ақпарат және коммуникациялар министрлігі де атсалысуы керектігін баса айтты. Кеңейтілген отырыста кеңінен қоз­ғал­ған мәселенің бірі мемлекеттік бюджетті игеру мәселесі болатын. Премьер-Министр бюджет қаражатын үнемді пайдалану мәселесінде шығын­дарды сапалы және бірқалыпты жоспар­лау қажет екенін атап өтті. Осыған бай­ланысты Қаржы министр­лігіне мем­лекеттік органдар мен әкімдіктердің жоспарларын бекіту кезінде қатаң позиция ұстану қажеттігін айтты. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»