• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Ақпан, 2017

Жемқорлықпен күрес желі арқылы жеңілдемек

115 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауында жемқорлыққа қарсы күресу ісін заман ағымына сай жетілдіру қажеттігі нақты баяндалған. Сондай мақсатпен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда азаматтық қоғамның рөлін арттыру мәселелері бойынша талқылау өтті. Шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Ж.Дүйсебаев пен А.Соловьева, Ғ.Байтұқ, Р.Сәрсенбаева сынды қоғам қайраткерлері және түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. «Қауіпсіздік және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының негіз­гі басымдықтары» тақырыбымен өткен жиынға агенттік төрағасының орын­басары А. Шпекбаев жетекшілік етіп, сөз алғандар сыбайлас жемқорлық көрініс­терін тудыратын себептерді айтып, оның салдарымен күресудің әдіс-тәсілдерін қызу талқылады. Сондай-ақ, жиын барысында бұл күнде ел арасында «Пара берме және алма!» деген атаумен қоғамдық шаралар жүргізіліп жатқандығы айтылды. Ал қоғам белсенділерінің түсіндіруінше, бұл жобаға түрлі үкіметтік емес ұйымдар көптеп тартылып, ол туралы БАҚ-тар мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихатталуы қажет көрінеді. Себебі, қай қоғам болса да ең алдымен тұрмыстық жемқорлықты түбегейлі жеңбей және оны түп-тамырымен жоймай мемлекеттік деңгейде ілгерілеушілік болмайтыны белгілі. Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ф.Жақыпова осы тақылеттес ойларын өз сөзімен сабақтай келе, қо­ғам арасында сыбайлас жемқорлықты жою­мен қатар, этикалық құндылықтарды нығайтуға бағытталған «Адалдық жолы» жобасының тұсауын кесті. «Қалың бұқараны аталған жобаға кеңінен қатысуын қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы акциялар өткізу, сыбайлас жемқорлық нәтижелерін жүйелі түрде жариялау, БАҚ арқылы адал әрі әділ мемлекеттік қызметшілер туралы шынайы оқиғаларды көрсету арқылы «ақпараттық танымның» маңыздылығын арттыруымыз қажет. Сонымен қатар, жоба аясындағы қызметті әлеуметтік желі­лер арқылы да белсенді жүргізу керек­тігін қаперге алғанымыз абзал. Нәти­жесінде, жемқорлықпен күрестегі жұмы­сы­мызды желі арқылы жеңілдете түсетін боламыз», – деді Ф.Жақыпова. Отырыс аясында қатысушылар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың түрлі тиімді үлгілері мен тәсілдері ұсынылды. Олардың қатарында мәдениет пен ақпарат, әдебиет пен азаматтық қоғам салаларындағы ауқымды мәселелерді талқылауды қарастыратын әлеуметтік жобалар көпшілік тарапынан қызу қолдауға ие болды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»