– Пародия жасауға адамдарды қалай таңдайсың? Жалпы үйде, оңашада қайта-қайта пысықтап, алдын ала дайындаласың ба?
– Міндетті түрде дайындаламын. Пародия – ол тек дауысты салу емес, жүрген жүрісін, қимылын, қалыбын, түгел келтіру қажет қой. Шамамен ол не айтады, нені айтуы мүмкін, ойы, мінезі, болмысы, мамандығы, қызметіне байланысты ұтымды сөздерді тап басып табу керек. Қысқасын айтқанда, сол адамға айналу қажет. Бір кездері «Сенің сөзің де, жүрісің де Иманғалиға қатты ұқсап кетті» деп айтушы еді достарым. Шынында, образға қатты кіріп кеткен кезде содан шыға алмай қалатын сәттер де болады. – Қазір елімізде әзіл-сықақ театрлары көбейіп кетті. Солардан «Бірге жұмыс істейік, бізге кел» деген ұсыныстар түсті ме? - Еңбек жолымды «Терісқақпай», «Базар жоқ» театрларынан бастап, көпшілікке танылдым ғой. Қазір жеке жұмыс істеймін. Тұрсынбек Қабатов «Сен енді Астанаға көшіп келдің ғой. Бізге жұмысқа келмейсің бе?» деп айтқан. Бірақ басқа жұмыста жүргендіктен гастрольге шыға беруге мүмкіндік жоқ. «Тамашаға» да шақырған. Бірде марқұм Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз газетке сұхбат беріп, «Қазіргі жастардың ішінде кімдердің өнерін дұрыс бағалайсыз?» деген сұраққа менің аты-жөнімді атапты. Ол кісімен кездескен емес едім. Қатты таң қалдым. Кейінірек Өнер академиясында кездесіп қалғанымда ол кісімен амандасып, рахметімді айттым. Сонда ағамыздың «Айналайын, мен сені сыртыңнан білемін. Пародия деген өте қиын жанр. Актерлік өнердің ең биік шыңы» деп айтқаны әлі құлағымда. Сол айтпақшы, бұл өнерге асқан жауапкершілікпен қараймын. – Белгілі тұлғалардың даусын айнытпай салатын өнерің арқылы достарыңды қызыққа батыратын жайттар жиі болатын шығар, сірә? – Иә, ондай қызық жайттар боп тұрады. Әсіресе, 1 сәуір – Күлкі күні кезінде... Бірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы әкімінің аппарат жетекшісіне Жүрсін Ерман ағамыз боп телефон шалдым. «Жүрсін Ерман деген қазақпын ғой» десем, «Ойбай, аға, ассалаумағалейкүм, даусыңызды танып тұрмын... Сіздің даусыңызды Түлкібас жерінде естіп тұрғаныма қуанып тұрмын» деп жік-жікпар боп жатыр. «Мен де сенімен сөйлескеніме қатты қуанып тұрмын. Айналайын, негізгі шаруамды бірден айтайын... «Түлкібасым – құтты мекенім» деген айтыс өткізсем бе деп едім. Оған қандай көмек бересіңдер?» «Аға, не істеу керек?» «Шығынын көтеру керек. Әрбір қатысқан ақынға 5 мың доллардан, маған 20 мың доллар берсеңдер жетеді. Бас-аяғы 20 ақын ғой. Он-ақ жұп... 120 мың доллар кетеді. Ол не тұрады сендерге?..» деп қойдым нығыздап. Аппарат жетекшісінің есі шығып, тұтығып, сөйлей алмай қалды. Араға біраз уақыт салып бір досым Түлкібас ауданының әкіміне телефон шалса, аудан басшысы «Мен жоқта орынбасарларым Жүрсін ағамызға «айтыс өткіземіз» деп уәде беріп қойыпты. Енді не істерімізді білмей отырмыз?» деп жынданып отыр екен... Жүрсін Ерман боп белгілі әнші Еркін Нұржановты да қатырдым. «Әй, Еркін, үйдегі жеңгең қоймайды: «Сол бала сенің «Жалғыз ұлым» деген әніңді әдемі айтып жүр. Иттің итақайына көмектесесің. Сол балаға бір көмектеспедің» деп... Сен маған түс қайта келші, бір клипіңді түсіріп берейін» дедім. «Ойбай, рахмет, аға» деп Еркін досым да елп ете қалды. «Мен қазір радиодан кетіп қалғам. Телеарнадамын. Шатастырып, баяғы жұмысыма барып жүрме...» «Жо-жоқ, аға, оны естігем ғой. Өзім де қызметіңізбен құттықтап шығайын деп жүргем... Болды, түс қайта барамын» деп, орталық дүкенге жүгіріп барып, 200 долларға сыйлық алыпты. Біраздан кейін қайтадан телефон шалдым: «Әй, Еркін бала, сен маған келейін деп жатсың ба?» «Иә, аға». «Мына телеарна дегеннің жиналысы көп екен, сен маған ертең сағат тоғызда келші». Осылайша кездесуді үш күнге созып, үшінші күні Еркін шыдамай, ағамыздың жұмыс орнына өзі барған ғой. Сол жерде мұның әзіл екенін біліп, «қап» деп, санын бір-ақ соғады. – Облыс-аймақтарға шыққанда, көпшілік ортада жұрт өзіңді танып жатады... Жалпы, танымал болудың қандай пайдасы бар деп ойлайсың? – Әрине, танымалдылықтың пайдасы да, кері әсері де бар. Кейде салық органдарына, халыққа қызмет көрсету, МАИ мекемелеріне бара қалсаң, «Не жұмыспен жүрсіз?» деп өздері сұрап, тез шешіп беріп жатады. Бір жағы көпшілік ортаға, әсіресе, базарға бару қиындау. Ел одырайып қарайды. Кейде сатушылар заттың бағасын көтеріп жіберетін кездері де болады. «Сендерде ақша көп қой» деп қояды. Саудаласып тұру ұят. – Әзіл-қалжыңға жақын жүретін жанның жеке өмірі де қызыққа толы шығар... – Солай сияқты... Әйтеуір, өнерімде ғана емес, өмірімде де қызықты жайттар жиі болады. Осыдан бір-екі апта бұрын Торғайдағы айтыскер ақын Айбек Қалиев соғымға ет салып жіберген. Әрең дегенде көлікке артып, он екінші қабаттағы пәтерімізге шығарып, етті сол күйі бұзбастан жатып қалғанбыз. Таң азанымен Айбек телефон шалды. Тұтқаны көтере салып, алғысымды жаудырып жатсам: «Ойбай, Олжас, рахметті қоя тұр, сенің соғымың ауысып кетіпті. Тайдың етін алып кетіпсің...» дейді. Сөйтіп басқасын салып жіберетін болды. Жігіттерге «Олжас деген пародист жігіт қой, ұят болды, үйіне апарып бере салыңдаршы», деп өтініш айтқан ғой. Ол тағы бір жігіттерге тапсырған. Сөйтсе соңғы жігіт «пародист» дегенді «паралич» деп естіпті. «Олжас деген паралич жігіт екен... Алла разылығы үшін үйіне дейін апарып бере салыңдаршы» деп, қасындағыларға өтініш айтқан ғой. Он екінші қабатқа етті үш жігіт әрең көтеріп шығып: «Олжас деген жігіттің үйі осы ма?» деп сұрағанда «Иә, Олжас деген мен» деп, алдарынан жүгіріп шықсам, бас-аяғыма таңырқап қарап, «Басқа үйге кіріп кеттік пе?» дегендей бір-бірін түртеді. Кейіннен болған жайтты айтып беріп, әбден күлдім. – Әсерлі әңгімеңе көп рахмет. Өмірің күлкіге, сәттілікке толы болсын. Әңгімелескен Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»
•
07 Ақпан, 2017
«Паралич емес, пародист...»
500 рет
көрсетілді