• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
15 Наурыз, 2017

Әңгімешілдік

511 рет
көрсетілді

Қазақ халқының рухын таныта­тын дәстүрлерінің ішіндегі әңгімешіл­дік өнерді айрықшалап айту лайық. Жақсылардың мәслихаты, мұрат­тастардың сұхбаты, даналардың дәрісі дегеніміздің өзі ел өнерпазы – әңгіме­шілердің дархан тұлғасынан жарқырап көрінеді. Бұл – бір тұтастай шығармашылық қызмет. Оның нешеме алуан қырлары бар. Атап айтқанда, әңгімеші әрбір кейіпкердің ішкі ой-сезім толқындарын, психологиялық өзгерістерін, сөз саптау ерекшелігін, дауыс мәнерін, бет-жүз, ым-ишарат­­тарын, қимыл-әрекеттерін қапысыз танытуы, тапқырлықпен сөйле­туі, сөйтіп, әңгімеқұмарларды әсерлен­діруі, көркемдік мазмұны мен мәнін әрі жетік, әрі жатық жеткізуі, тағы да өзгеше нәзік сырлары бар терең тамырлы күрделі құбылыс. Абайдың таланттарды әңгімешілдік, ертегішілік өнерге баулуы, ұстаздығы, сыншылдығы бір ғажайып байтақ әлем. Мәселен, әңгімеші-ертекші Байма­ғамбет Мырзаханұлы «Абай Шығыс пен Еуропа халықтарының әңгімелерін айтса, ол дереу үйреніп жатқа айтқан. Атап айтқанда, ертекші Баймағамбет Абайдың кемеңгерлік кеңестерімен «Мың бір түн», «Рүстем-Дастан» шығармаларын, Александр Дюманың «Үш мушкетер», «Король әйел Марго», «Он жылдан соң» және Лесаждың «Ақсақ жын» романдарын, Ұлы Петр турасындағы хикаяларды, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов туындыларын келісті түсіндірген. Ол бел­гілі бір шығарманың мазмұн-мәнін, күйлі, қуатты толқындарын, мақам-сарындарын толық дәрежеде меңгергенде ғана, Абай оны ел алдында айтуға рұқсат берген. Ертекші елді батырлық рухқа тәрбие­лейді, ертекшіні өнерге осылайша Абай баптайды. Өз ортасының әдеби-эстетикалық дүниетанымының, жаңаша, тамаша көзқарасының қалыптасуына Абайдың сіңірген еңбегі, тарихи қызметі осындай. Абайдың інісі Халиолла (1847-1870) Омбыдан оқуын аяқтап келген соң, «орысша оқуды, жазуды, сөйлеуді үйретіп, онымен бірге орыстың атақты жазушылары Тургенев, Лермонтов, Толстойдың повестерін, романдарын қазақ тілінде айтып беріп, әдебиет кешін өткізіп отыруды әдетке айналдырады», – дейді. Әңгімешілдіктің өзі танымдық-тағы­лымдық, мәдени-ағартушылық мәнімен, шеберлік, тапқырлық қырла­рымен өзгешеленеді, тыңдаушы­лардың зейініне де әсер етіп, қызығу­шылығын, жан құмарын туындатады. Әңгімешілдікте алуан-алуан сыр бар. Мәселен, ұлттың ұлы қамқоры, шамшырағы Ыбырай Алтынсариннің ізбасар шәкірті, әрі педагог, әрі жазушы, әрі аудармашы, әрі ел әдебиетінің білімпазы Спандияр Көбеев (1878-1956) Пушкин, Лермонтов, Крылов, Чехов шығармалары мен Гогольдің «Өлі жандарын» тамылжыта баяндаған. Өзі айтқандай, әрі оқытушы, әр мәдениет жаршысы, әрі әлеуметтік әділеттіліктің, адамшылық диханы бола білген дарабоз. Ол орыс тілі мен ана тілінің білгір, майталман жүйрігі болумен қатар, есеп, тарих, география, жаратылыстану, медицина, ауыл шаруашылығы ғылымдарынан «жетік білімі бар мәдениетті» тұлға еді. Спандияр Көбеев: «Сондықтан әрдайым қол бос уақыттарда ауыл адамдарын жинап алып, жаратылыс, география, тарих, тағы басқа ғылымдардан хабар беріп отыратын болдым. Солармен қатар, қазақтың ауыз әде­бие­­тінен мысалдар келтіріп, орыстың жазба әдебиетін өзімше айтып беріп отырдым. ...Бүгін мен оларға енді өлеңмен аударылған «Көлбақаны» оқып бердім. Бұл тыңдаушыларыма қатты ұнады. Тағы-тағы оқышы деп, екі-үш рет оқыт­ты» деп жазады. Задында, С.Көбеев тәржімалаған мысалдарын соншалықты барша көркемдік-нақысымен, терең мағынасымен, асыл сырларымен, өнегелік ғибра­тымен, мәтінге жан бітіріп мейір­леніп жеткізетіндіктен «бәрі дерлік ауыл арасындағы жиындарда, ойын-сауық кештерінде, той-топырларда айтылып», қауымның ақыл-ойын қайрап, көркемдікке көзқарасын, бір-бірлеріне деген құрметін, қарым-қатынасын қалыптастырған. Буынсыз тілің, Буулы сөзің, Әсерлі адам ұғлына деп Абай айт­қандай, ой мен сөз зергері әңгіме­шілердің өнері естігенін жан-тәнімен қабылдайтын ұққыш, әсершіл топқа арналады. Өз басым атақты Сәбит Мұқановтың 1967 жылдың қаңтарында Қазақ мемлекеттік университеті студенттері алдында есілтіп-көсілтіп, қызықтырып сөйлегенінің куәсі болдым. Кесек-кесек мәтіндерді жатқа заулатты. Кейбір эпос кейіпкерлерінің өзіндік болмысын қаз-қалпында елестетіп әңгімелейді. Сөйтсем, өзі он екі жасында он тоғыз батырлық жырды бүге-шүгесіне дейін жаттап айтқан екен. 2013 жылдың тамызында академик Сайын Балмұханов: «Жеткіншек шағымда Құдайберген Жұбановтың тамаша әңгімелерін әсерленіп тың­дағанмын. Ғұлама білімі мен тәжірибесін жасөспірімдердің қабылдау ерекшелігіне орай түсіндіруші еді. Сөйлеу мәнерінде айқындық, тазалық, мөлдірлік, ой жүйесінде тапқырлық, шеберлік, ақиқат шындық, парасат, ізгілік рух болатын», – деп сыр ашқан еді. Әңгімешілдік өнердің басты қасиет­тері – асыл сөз, асыл ой, асыл сезім, халықтық тәжірибе, рухани сұлулық! Бұл – адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Және де жаһандану заманында аудиторияда, экранда, эфирде әңгімешілдік өнердің тамырына қан жүгіртіп, туын асқақтатса, ұлттың ой-санасы, ар-намысы, жігер-рухы жаңаша серпінге ие болар еді. Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері