• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2017

Жақсылық жасауға себепкер бол

420 рет
көрсетілді

Тағдырдың жазуымен дерт тауқыметін бастан кешіп, аурумен арпалысып, қамкөңіл күйде өмір сүріп жатқан жандар аз емес. Олардың қатарында әсіресе, дүние есігін ашқалы өмір үшін күресіп келе жатқан, он екіде бір гүлі ашылмаған жеткіншектердің болғаны жүректі ауыртады-ақ. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап­ханасының қолдауымен Е.Тұрсынов киноклубында Алматы қаласының белсенді жастарының ұйымдастыруымен және қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Жақсылық жасап жарысайық» атты қай­ы­рым­дылық концерті өтті. Бұл қайырымдылық кешінің басты кейіпкері – 2003 жылдың 10 мамырында туған Сламбек Шәріп. Дүние есігін ашқанына үш ай толған шағында «Эмбрионалды рабдомиосаркома» деген диагноз қойылған Сламбектің ауыр дертпен әлі қанша жыл алысатынын оның ата-анасы да, ата-әжесі де, дәрігерлер де нақты білмеген еді... Небәрі 13 жасында 12 рет ота жасатқан баласының дертіне дауа іздеп шырылдаған ата-ананың ендігі бар арманы – Сламбекті Оңтүстік Корея еліне апарып, он үшінші отаны сәтті жасатып қайту екен... Жарық әлемнің шаттығы мол күндерінен үмітін еш үзбеген Сламбек Шәріптің шет ел асып, ем алып қайтуына барынша көмек қолын созғысы келген жандар көп жинал­ған дәстүрлі нақыштағы, қазақи үні бар қайырымдылық кешінде әнші, сазгер Байғали Есенәлиев: «Үлкен концерттерге шығып, ән сал­май кеткеніме көп болып еді, дегенмен, Сламбек баламыз сауығып кетсін деген ниет­пен осы қайырымдылық концертіне арнайы қатысып отырмын», – деп ағынан жарылды. Ал Жазушылар одағының мүшесі, Қ.Сәт­баев ғылыми-танымдық орталығының директоры Аспандияр Әденұлы: «Біз неге Батысқа, Корея еліне немесе Қытайға барып емделуіміз керек? Елімізде қаншама медициналық оқу орындары мен зерттеу институттары бар. Сол оқу орындарынан білім алған қаншама білімді жастарымыз бар. Бірақ олар алған білімін медицинасы дамыған шет елдерде жалғастырғысы келгенмен, қалтасындағы қаржысы жетпей, пұшайман күйде жүр. Егер ынта білдірген дәрігерлерге қолдау беріп, шет елде тәжірибеден өтіп келуіне жағдай жасасақ, Сламбек тәрізді дертіне шипа іздеген қаншама адам алысқа сапарлатпай-ақ, өз елінде-ақ қажетті емін алып, сауығып кетер ме еді деген ойға қалатынымыз рас», деген пікірін ортаға салып, үлкен мәселенің шетін көтерді. Марат Омаров, Байғали Есенәлиев, Гүлмира Ақүрпекова, Алтын Айниязова сынды бірқатар танымал әншілер үш дүркін әлем чемпионы, спортшы Ардақ Назаров, «Классик» көңілді тапқырлар клубы, кі­тап­хана қызметкерлері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысқан қайырымдылық кешінде сөз алған Сламбектің анасы Ләззат Темірбекқызы ұлы жайлы былай деді: «Мені баламның денсаулығы мен болашағы қатты алаңдатады. Ол туылғалы өзге балалармен асыр салып ойнамай, денсаулығына байланысты өз ортасынан шеттеп бара жатқаны жанымды жегідей жейді. Қазір өзі де есейіп қалды, денсаулығын ойлап қатты алаңдайды. Кейде ішкі күйінішін де білдіріп қояды. Ондайда жанымды қоярға жер таппай қаламын. Өмірге құштар баламның ауырып жылағанын көргенде еш шарам қалмайды... Ем жасаған дәрігерлердің әрқайсысына әрине, алғысым шексіз. Өз білімдері мен тәжірибелерін баламды емдеу жолында еш аяған жоқ. Әуелі Алла, содан соң дә­рі­герлердің арқасында балам алғашқы мү­ше­лі­не қадам басты. Ендігі үмітім – баламды сау­ығып кетуіне мүмкіндігі бар шет елде емдету болып тұр. Оңтүстік Кореяға барып ем алып қайтуымызға септігін тигізер жандар табылып жатса, алдын ала аналық алғысымды білдіремін. Аурумен арпалысқан балам жазылып кетсе, үмітімнің ақталғаны, мақсатымның орындалғаны болар еді». Өмір сүруге деген құштарлығымен қо­са, әншілік таланты да айрықша Сламбек Шәріптің бар арманы, әлбетте, дертінен айығып, құрдастарымен қатар шапқылап жүру. «Жақсылық жасай алмасаң, жақсылық жасауға себепкер бол» деген. Сламбектей жас өреннің арманының орындалуына себепкер болғысы келетін жандар көп болса екен дейсің. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ