• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
24 Қараша, 2016

Академия журналы Scopus базасына енді

307 рет
көрсетілді

Алматыдағы Ғылым ордасында «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы хабарлары. Геология және техникалық ғылымдар сериясы» журналының редакциялық алқа мүшелеріне Scopus халықаралық мәліметтер базасында Индекстеу жөніндегі куәлік салтанатты түрде табыс етілді. Ұлттық ғылым академиясының 1946 жылдан бастап шығып тұратын 8 ғылыми журналы («ҰҒА Баян­дамалары», «ҰҒА Хабаршысы», «ҰҒА Хабарлары. Биологиялық және медициналық сериясы», «ҰҒА Хабар­лары. Физика-математикалық сериясы», «ҰҒА Хабарлары. Геоло­гия және техникалық ғылымдар сериясы», «ҰҒА Хабарлары. Химия және технология сериясы», «ҰҒА Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар сериясы», «ҰҒА Хабарлары. Аграрлық ғылымдар сериясы») 1960-70-жылдары-ақ рейтингтері жоғары халықаралық ғылыми журналдардың тізіміне қосылған болатын. Академияның аталмыш ғы­лы­ми журналдары 1960 жылдан бастап АҚШ, Ұлыбритания, Гер­мания, Франция, Жапония сияқты 73 мемлекеттің ірі ұлттық кітапханаларына жіберіліп тұрады. Осы журналдарды түгелдей халықаралық рейтинг беру және әйгілі Elsevier компаниясының Scopus мәліметтер базасына қосу жөнін­дегі іс-шаралар толық жүзеге асар болса, қазақстандық ғалымдар, оқыту­шылар мен студенттер көп­теген материалдарға, аймақтық зерттеу ақпараттары мен пайдалы сілтемелерге, әлемдік зерттеулер саласындағы қазіргі үрдістердің толық нұсқасына қол жеткізе алмақ. Әлемдік реферативтік базасында 21000-нан астам ғылыми-техникалық және медициналық, 5000-ға жуық халықаралық басылым индекстелетін Scopus мәлі­меттер базасына еніп отырған «ҰҒА Хабарлары. Геология және техникалық ғылымдар сериясы» журналының редакциялық алқа мүшелерінің мұндай үлкен жетістікке жетуіне журнал автор­лары­­ның да жоғары сапалы ғылыми мақа­лаларының жарияланып отыр­уы себепші болса керек. Енді Ака­демияның қалған төрт журналын да осы халықаралық базаға кіргізу мүмкіндігі қарастырылуда. Нидерландтың Амстердам қала­сынан осы салтанатты жиынға арнайы келіп, Ұлттық ғылым академиясының президенті, профессор Мұрат Жұры­новқа өз қолы­мен Куәлік табыс еткен Elsevier халықаралық компаниясының атқарушы вице-президенті Джино Усси өз баяндамасында: «Әлем бо­йынша 130-ға жуық мемлекет ғалым­дары Scopus мәліметтер база­сында мақалалар жариялап отырады, солардың ішінде Қазақ­стан ғалымдары да бар. Алайда қазақстандық ғалымдар еңбегінің сапасы әлі де болса ізденуді қажет етеді. Меніңше, сіздер дамыған елдер үлгісі бойынша дамытуды аса қажет деп санайтын салаларды ғана таңдап алып, сол бағыттағы ғылыми ізденістерді тереңдеткендеріңіз жөн»,  деген кеңесін айтты. Еліміздің әлемдік кеңістікке еге­менді мемлекет ретінде кіруі қазақ­стандық ғылымның да бірыңғай халықаралық ғылыми кеңістік интег­рациясына әкелуде. Қазақстанның алдыңғы қатарлы ғалымдары, яғни Академияның толық мүшелері (академиктер) мен корреспондент-мүшелері, шетелдің құрметті мүшелері кіретін Ұлттық ғылым академиясы JAP (Халықаралық ғылыми мәселелер бойынша академияаралық Кеңесі), ХҒАҚ (Халықаралық ғылым акаде­мияларының қауымдастығы), TWAS (Үшінші әлем елдерінің ғылым академиялары), AASSA (Азия елдерінің ғылым академиялары қауым­дасты­ғы), ИЫҰ ҒАҚ сияқты бірқатар халық­аралық ғылы­ми ұйымдардың мойын­далған мүшесі болып саналады. Салтанатты жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Білім және ғылым министр-лігі Ғылым комитеті төрағасының орын­ба­сары Асқар Жәркенов, отандық ғы­лым саласының майталмандары мен ғы­лыми журналдардың басшылары қатысып, сөз сөйледі. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ