Жарма ауданында орналасқан Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур ұйымдастырып, әлеуметтік және өндірістік нысандарын аралатып, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Қазіргі уақытта мұнда құрылыс жұмыстары қарқын алып, әртүрлі қуаттылықтағы, жоғары вольтті желілерден бастап өндірістік ғимараттарға дейін, ұзын саны елуден астам нысандар салынып жатыр. Карьерде кен өндіру шаралары биылғы жылдың екінші жарты жылдығында, ал жақын жылдары іске қосылатын тау-кен байыту кешенінде алғашқы концентратты өндіру 2018 жылдың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Фабрика толық қуатында жұмыс істеуге 2019 жылы көшеді.
Алтын өндіруші «Полиметалл» компаниясы 2014 жылы Жарма ауданы аумағындағы Бақыршық кен орнын сатып алғандығын жариялаған-ды. Сол уақыттан бері кәсіпорын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде аудан тұрғындарына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. 2014-2016 жылдар аралығында кен орны облыс және Жарма ауданы әкімдіктермен жасалған меморандумдар аясында әлеуметтік салаға 1 млрд 74 миллион теңгеден астам инвестиция салыпты. Осы уақытқа дейін облыс, республика бюджетіне және бюджеттік емес қорларға 1,2 млрд теңге көлемінде салық төлепті.
Кәсіпорынның қолға алған ең ауқымды әлеуметтік жобаларының бірі – Әуезов кентіндегі 20 жылға жуық қаңырап бос тұрған 180 орынға арналған балабақша ғимаратын қайта қалпына келтіруі. Компания бұл мақсатқа 240 миллион теңге қаржы жұмсап, 2016 жылдың аяғында толықтай жөндеуден өткізілген, заман талабына сай жабдықталған «Аққу» балабақшасын мемлекет қарамағына берген-ді. Журналистерге тәрбие ошағын аралатып көрсеткен балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Назкен Бектұрғанова 1999 жылы осы нысан жабылып қалған кезде бірнеше әріптестерімен бірге өзінің де жұмыссыз қалғанын айтады. «Құдайға шүкір, 20 жылдан кейін бұрынғы әріптестеріміз осы балабақшада қайтадан бас қосып, еңбек етіп жатқан жайымыз бар. Мұнда балғындар үшін де, тәрбиешілер үшін де барлық жағдай жасалған. Ұжымымызда еңбек ететін жас мамандардың қатары да аз емес. Балабақшаның жұмыс істей бастағанына бар болғаны 4 ай болса да, үлкен қалаларда өтетін әртүрлі семинарларға қатысып, біліктілігімізді шыңдап жатырмыз», дейді ол. Кен орны Әуезов кентіндегі емхана, мектеп пен еркін күреске арналған спорт залын күрделі жөндеуден өткізуге де жәрдемдесіпті. Кәсіпорын жыл сайын Әуезов кенті мен Шалабай ауылындағы мектептерді бітірген түлектерге 4 грант бөліп отырады екен. Қазіргі уақытта еліміздің университеттерінде 23 студент білім алып жатқан көрінеді.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше тоқталған еді. Біз бұл жауапкершілікті толық сезінеміз. Соңғы үш жылда Жарма ауданының Әуезов, Шалабай ауылдарының дамуына 1 млрд 74 млн теңге қаржы инвестицияланды. Біздің кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да қолдау көрсете бермек. Себебі, бұл ауылдың ғана емес, келер ұрпақтың өсіп-өркендеуіне тартылған инвестиция деп түсінеміз», дейді «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры Юрий Овчинников.
Биылғы ақпан айында кәсіпорын басшылығы Жарма ауданының әкімдігімен меморандумға қол қойып, ауданның дамуына 30 млн теңге, облыс әкімдігімен жасалған келісімшарт аясында аймақтың инфрақұрылымына 750 млн теңге қаржы бөліпті. Кен орны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында биыл аудан орталығына айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың ескерткішін орнатып, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға қаржылай қолдау көрсетіп, Әуезов кентіндегі амбулаторияның екінші қабатын, әкімдіктің акты залын және «Арман» клубын жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы