Облыстық офтальмологиялық аурухананың бас дәрігері Дулат Үдербаев – ұзақ жыл бойы «адам жанының айнасы» аталатын қос жанардың қалыпты жұмыс істеп, қырағылығын сақтауға септігін тигізіп келе жатқан білікті маман. Мыңдаған науқастың алғысын алып, мінсіз еңбегі жоғары бағаланған дәрігер ең бастысы тиісті мерзімде тексеруден өтіп отыру қажет деп есептейді. Өз мамандығының майталманы бүгінгі өзекті мәселелерді қозғап, аурудың алдын алу, емдеуде медицинаның мүмкіндігі мол екенін айтады.
– Iргетасы сонау 1965 жылы қаланған облыстық офтальмологиялық ауруханаға жетпiсiншi жылдардың аяғында келдім. Сол кезде көзге микроскоппен операцияны жасау ендi қолға алынып жатқан еді. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпiсiншi жылдары жасанды көз линзасын салу алғаш Англияда, Мәскеуде, Жапонияда жүзеге асырыла бастады. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында бұл әдiс бiзге де келдi. Қазiр отаның 100 пайызы микроскоппен жасалады. Денсаулық сақтау саласына қамқорлықтың нәтижесінде көптеген операциялар жергілікті жерде жасалады, жасанды көз бұршағын салу бiздiң дәрiгерлер үшiн күнделiктi шаруаға айналды. Денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыс көп. «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» бағдарламалары аясында біздің аурухана көптеген заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Көзді жаңа тәсілмен емдеуді жолға қойдық. Мамандар жеткілікті. Талантты жастар өсіп келе жатыр. Дәрігерлеріміз елімізде, алыс-жақын шет елдерде білімін жетілдіруде, – дейді Дулат Өмірзақұлы.
Бұл, бәлкім, қуанта қоймайтын дерек болар. Мамандардың пікірінше, көз дәрігерлері ешуақытта жұмыссыз қалмайды. Әлемнің қай елінде болсын, офтольмолог дәрігерлердің үлесі көбейеді екен. Оған бірқатар себептер де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша жасы қырықтан асқан адамдардың 2 пайызы су қараңғы (глаукома) кеселімен ауырады. Ұйымның деректеріне сүйенетін болсақ, 7 миллионға жуық адам осы ауруға шалдыққан, сондай-ақ, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш, екі есе артады деген қауіп бар. Алдын ала қаралып, емделмеген жағдайда суқараңғылық кеселiне ұшыраған адамдар орта есеппен 4-6 жыл аралығында зағиптыққа душар болады. Үкiмет осы мәселенi қаперге ала отырып, әлеуметтiк маңызы бар аурулардың қатарында 2011 жылдан бастап глаукома кеселiн скринингтiк тәсiлмен анықтайтын аурулар тiзiмiне енгiзген. Бұл кеселдің тағы бір жаман жері көздің ішкі қысымы жоғары болған адам кей жағдайда көзінің ауырғанын білмейді. Бастапқы сатысы үн-түнсіз жүреді. Сондықтан мұны анықтау үшін міндетті түрде жасы қырықтан асқан адамдар 1 жылда бір рет міндетті түрде көз қысымын өлшетіп тұруы тиіс. Дулат Өмiрзақұлының айтуынша, қазіргі таңда су қараңғы ауруымен облыста 7916 науқас есепте тұр.
Көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катаракта) да белең алып келеді. «Біздің жас кезімізде, осыдан қырық жыл бұрын, бұл кесел көбінесе алпыстан асқан адамдарда кездесетін еді. Қазір 40-50-ден асқандарда кездесуде. Яғни, катаракта кеселі жасарып келеді. Не себепті? Біріншіден, қазір экология өзгерді. Тамаққа химиялық заттар қосылды. Сондықтан зат алмасу процесіне байланысты көз ерте қартаяды. Қартайған соң ағарады. Екіншіден, ауадағы озон қабаты бірте-бірте жұқаруда, кей жерлері тесіліп жатыр. Бұл ультракүлгін сәулелерінің түсуін көбейтеді. Офтальмология ғылымының тағы да бір өзекті мәселесі осы», – дейді бас дәрігер.
Өте өткір тұрған мәселелердің тағы бірі – балалар арасында, медицина тiлiмен айтқанда, миопия немесе жақыннан көргiштiк кеселiнің өсуi. Бұл ауру мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседi. Демек, бiлiм беру мекемесiне бiрiншi сыныпқа барған 100 баланың бесеуi көзiлдiрiк тағады. Ал, олар мектеп бiтiрген жылы бұл көрсеткiш 35 пайызға дейiн өседi. Бұл ғылыми-техникалық прогресс пен жаңалықтардың өтеуi iспеттi. Балалар бұрынғыдай асыр салып ойнамайды. Үш-төрт жасынан компьютерлiк ойындармен «сауатын» ашады. Күнi-түнi ұялы телефонды шұқылайды, теледидардың алдында отырады. Смартфонмен сағаттар бойы «сырласады». Осының салдарынан көз жақыннан көруге қалыптасады. Бұл – балалар офтальмологиясының басты проблемасы. Қазір, әсіресе, қаланың балалары алысқа, аспанға, тау ұшына қарай алмайды. Көз алдында кедергі тұр. Дәрігердің айтуынша, таудың ұшар басына немесе алысқа қараған кезде көздің барлық бұлшық еті босаңсып, қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді екен. Ал жақыннан қараған кезде, көздің бұлшық еттері тарылып, жақынға жұмыс істеуге бейімделеді.
– Сау көз қандай болуы керек? Вьетнам халқында «Денсаулық – адам мүшелерінің үнсіздігі» деген мақал бар. Басыңыз не жүрегіңіз ауырмаса, ол мүшелердің ауыртпалығын сезінбейсіз. Адамның сау мүшесі немесе ағзасы өз жұмысын «үнсіз» атқарады. Сол сияқты сау көз де ауырмайды. Егер көз немесе оның айналасы, қабақ үсті ауырса, бұл оның қабынуынан немесе көз қысымының артуынан хабар береді. Жалпы, ауырсыну сезімі – сол мүшедегі бір өзгерістің пайда болуы туралы алғашқы белгі. Елемей қоя салуға болмайды. Сау көз қышымайды, қызармайды, алыстан да, жақыннан да жақсы көреді. Сау көз іріңдемейді, жасаурамайды, тіке алысқа қараған кезде көру аумағы 180 градусты қамтуы тиіс, – дейді Дулат Өмірзақұлы. Бiлiктi басшы Дулат Үдербаев жетекшiлiк ететiн облыстық офтальмологиялық ауруханада бүгінде микрохирургиялық операцияның 27 түрі және лазерлік отаның 10 түрі жасалады.
Ғалымжан Елшібай, «Егемен Қазақстан»
Шымкент