Үстіміздегі жылдың қараша айының басында қасиетті Мекке қаласында мұсылмандық күнтізбеге сәйкес Зуль-хиджа айының бірінші күні туралы жарияланатын болады. Осы айда қажылық өткізіледі, деп хабарлады Дін істері агенттігінің баспасөз қызметі.
Осыған орай, Астана қаласындағы Сауд Арабиясы Корольдігінің елшілігі Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігіне қажылық-миссияны жасауға ниеті бар қазақстандық қажыларға, сондай-ақ қажылардың келуін ұйымдастыратын туристік компанияларға төмендегі санитарлық-медициналық талаптар туралы хабарлауын өтінді.
Сауд Арабиясы Корольдігіне басқа елдерден келетін барлық қажылар эпидемиялық аурулардың халықаралық ережелеріне бағынуы тиіс. Қажылардың өз елдерінде эпидемиялық сипаттағы аурулар пайда болған жағдайда, Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе отырып, шұғыл шараларды қабылдап, қажыларға халықаралық нормаларға сәйкес медициналық талаптарды белгілеуге құқылы болады.
Әрбір қажының Сауд Арабиясына келгенге дейін 10 күннен аспайтын мерзімде, сондай-ақ 3 жылдан артық емес мезгілде жасалғанын растайтын эпидемиялық менингитке қарсы егу туралы анықтамасы болуы шарт. Қажылыққа баратын 15 жастан төменгі балалардың Сауд Арабиясына келгенге дейін 6 апта бұрын жасалғанын растайтын полиомиелитке қарсы егу туралы анықтамасы болуы талап етіледі. Одан басқа, Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігі қажылардан, әсіресе, жасы ұлғайған, созылмалы астма, қант диабеті, бүйрек, бауыр және жүрек ауруларына шалдыққан адамдардан қажылыққа келгенге дейін маусымды тұмауға қарсы егудің бар болуын талап етеді. Қажыларға тексерілуі оңай болатын консервіленген немесе арнайы оралған азық-түліктен басқа, азық-түлік өнімдерін әкелуге тыйым салынады.
Сондай-ақ, сәуір айында Жидда қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істер жөніндегі министрлігі арасында қол қойылған қажылықты ұйымдастыру мен оның тәртібі туралы хаттамасының негізінде Мекке және Медине қалаларына қажылыққа баратын қазақстандық мұсылмандардың саны 4 мың болуы қажет. Қажылық жасауға ниеті бар қазақстандық азаматтардың саны артқан жағдайда, қазақстандық тарап жыл сайын өз үлесін 10 мың адамға дейін көбейтуге құқылы. Бұл мүмкіндік туралы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің 1987 жылғы «Әрбір миллион тұрғыннан мың адам есебімен қажылардың санын шектеу туралы» шешімінде белгіленген. Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының деректері бойынша, Қазақстан Республикасының мұсылман саны 10 млн.-нан астам. Қажылық – исламның бесінші шарты болып табылады. Адамдардың көбісі қажылыққа өмірінде бір рет қана барады, сондықтан бұған алдын ала және мұқият дайындалу өте маңызды. Тек қана ақша жинап, уақыт пен күш жұмсау ғана емес, сонымен бірге, ең бастысы – рухани жетілу қажет.