Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда бүгінгі күндері елімізде айтарлықтай шаруалар атқарылып жатқаны белгілі. Рыноктағы жиі айтылатын сөздің бірі саналатын бұл саланы дамыта беруден ел экономикасы ұтпаса, ұтылмайтыны да дау тудырмаса керек. Басқасын былай қойғанда, жұмыс көлеміне қарай қарапайым халықты еңбекпен қамтудағы тигізер пайдасының өзі неге тұрады. Аймақтардағы елдің әл-ауқатын жақсартуда жасалып жатқан жобалардың қатарында бүгінде Арқалықта қанатын кеңге жайған құс фабрикасы – «Агроинтерптица» ЖШС мен осындағы жасанды суларды балықтандыруға арналған бірегей жобаны қосуға болады. Әрине, аталған жобалардың құлашын кеңге сермеуіне алғашқы кезекте Үкімет пен жергілікті биліктің ықпалы мол болғанын айтқан абзал.
Әуелі құс фабрикасына келейік. Өткенге сәл шегініс жасасақ, сонау сексенінші жылдары Арқалық облыс орталығы болған кезеңде жап-жақсы жұмыс істеген бұл фабрика нарықтық қарым-қатынастар орнап, еліміздің экономикасы жаңа жүйеге ауысқан тұста өтпелі кезең сынына шыдамай өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Содан бері қаншама уақыт ешкімнің керегіне жарамай бос тұрып, кейін мүлде назардан тыс қала берген. Осы қалпында 2000 жылдың басында кәсіпорынның бұрынғы цехтары мен құс ұстайтын базаларының құр қаңқасы қалғаны да жергілікті жұртшылықтың есінен кете қойған жоқ.
Құс фабрикасын қайта жандандыруға облыс басшылығы тікелей бастамашы болыпты. Облыс әкімі қызметіне келген сәтте қазіргі әкім С.Кулагин Арқалыққа алғаш сапарында құс фабрикасының қолға алынатынын айтады. Алайда бұл күрмеуі көп мәселе екені көпшілікке мәлім-тін. Сондықтан да болар әкім жобаның орындалуын өзі қадағалайды. Көп ұзамай инвестор да табылады.
2009 жылдан бастап «Агроинтерптица» ЖШС ауқымды жобаның іске асуына арқау болса, қуатты өндірістік нысанның басталу сәті қала әкімі Теміржан Төлеубаевтың келуімен байланысты.
Күрделі жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңінде инвестор қомақты қаржы жұмсаған. Іске жарамсыз нысандарды тазарту, қайта жөндеу, сондай-ақ қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде «Агроинтерптица» ЖШС табандылық танытып, көп өтпей-ақ ілгері жылжиды. Алғашында жүзге жуық адам жұмыс істесе, жұмыс қарқынының үдей түсуіне сәйкес олардың саны да артқан. 2009 жылдың күзінде аталмыш фабрикада 200-ге жуық адам еңбек еткен. Инвестордың қаржысы ортайған тұста «Жол картасы» бағдарламасы жүздеген жұмысшының жалақысын төлеуде едәуір көмегін тигізеді.
Былтырғы жылдың қазан айында фабрикаға тауық балапандарының алғашқы легі әкелініп, отыз мыңға жуық құс жөндеуден өткізілген жаңа цехтарға орналастырылады. Қазіргі таңда құс фабрикасында тәулігіне 220 мың дана жұмыртқа шығарылады. Фабриканың құрылған күнінен бері 60 миллион жұмыртқа алыныпты. Бүгіндері бұл кәсіпорын 350 адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабриканың ендігі мақсаты – бұйыртса, күніне миллион дана жұмыртқа шығару. Бұл ретте Арқалық құс фабрикасы аймақтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруда ғана емес, жалпы еліміз бойынша құс шаруашылығының дамуына өз үлесін қосып отырғанын да айтқан ләзім.
Арқалықта жасанды суларды балықтандыруға арналған ауқымды жобаның басталғанына да үш жылдың жүзі болыпты. Жалпы, қала маңында боксит өндірудің нәтижесінде пайда болған қар суы толған карьерлер көп болса, мұндай жасанды сулардың тереңдігі 60 метрге дейін барады екен. Ал судың көлемі балық өсіруге еркін жетеді.
Жобаға бөлінген бірінші инвестицияның көлемі он миллион теңгені құраса, оны іске асыру «Арқалық азық-түлік компаниясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына міндеттелген. Осыдан екі жыл бұрын балықтандыру жобасы аясында Арқалықтың жасанды суларына карп майшабақтарының алғашқы тобы жіберілсе, олардың саны 300 мыңнан асады. Өткен жылғы жазда жүргізілген бақылау нәтижесінде 10-15 сантиметр шабақтар жаңа ортаға аз уақытта бейімделіп, бір жылда салмағы бір килоға жуықтапты. Бұл бағыттағы жұмыстар тек балықты суға жіберумен ғана шектелмейтіні белгілі. Жасанды суды жаңа мекендеген балықтарды асырап, сақтауда қоректену базасын қалыптастыру да басты жұмыстарға жатады. Осы мақсатта мамандар қажетті арнайы өсімдік түрлерін тастап, олардың өсулерін назарда ұстапты.
Жақында бұл суларға сиг балығының тұқымы жіберілсе, мамандар пікірінше, балықтың бұл түріне қаланың жасанды сулары өте қолайлы көрінеді. Бұл мақсатқа қосымша 5 миллион теңге қаржы бөлінген.
Бұл майшабақтарды аулауға үш жылдан кейін ғана рұқсат беріледі. Осы уақыт ішінде олар ұрықтанып үлгереді дегенді алға тартады мамандар. Өңір басшысы Арқалыққа кезекті іссапарында балық етін өңдейтін өндірістік базаның құрылуын жергілікті билік өкілдеріне нақтылай тапсырыпты. Игі бастама жүзеге асса, шаһарда балық зауытының пайда болары кәдік дейді мұндағылар.
Иә, қазірдің өзінде қаншама адамды жұмыспен қамтыған жобаларға тағы бірі қосылса, жергілікті жұртты тағы да жарылқап тастары анық. Сірә, «Жақсы басталған іс – жартылай біткен іс» деген осындайда айтылса керек.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Арқалық.