ЕурАзЭҚ білім министрлері жасаған түйін осындай болды
Еуразия экономикалық қауымдастығының Интеграциялық комитеті жанындағы Білім жөніндегі кеңесінің 20-шы отырысы және академиялық ұтқырлық проблемалар бойынша халықаралық семинар Қазақ елінің елордасында өтті. Бұл жиынға ЕурАзЭҚ білім министрлері: Қазақстан Республикасынан – Б.Жұмағұлов, Ресей Федерациясынан – А.Фурсенко, Беларусь Республикасынан – С.Маскевич, Қырғыз Республикасынан – Қ.Садықов, Тәжікстан Республикасынан – А.Рахмонов қатысты.
Алғашқы сөзді Бақытжан Жұмағұлов алып, 1994 жылы Мәскеу университетінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразиялық одақ» тұжырымдамасын жария еткенін, алғашқы кезде бұл идеяның байыбына бармағандардың болғанын, оның бір себебі, сол тұста экономикалық реформалардың әрқилылығы бел алып тұрғанын, тіпті бұл бастамаға сенімсіздік танытқандардың төбе көрсеткендерін айта келіп, кейін қолдаушылардың көбейгенін алға тартты.
Шынында, бұл идеяның негізі өткен ғасырдың 20 жылдарда қаланғаны мәлім. Оның арқауын салғандар Г.Вернадский мен Л.Гумилев болғаны белгілі. Содан бері 100 жылға таяу уақыт өткен еді.
Бүгінде еуразиялық интеграция туралы сөзден іске көштік. Қазіргі уақытта мемлекетаралық механизмдер жұмыс істеп жатыр. Нақтылай түссек, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Кеден одағы. Енді бірыңғай экономикалық кеңес өмірге келетін болады. Осылардың бәрі халықтардың, оның ішінде Ресей, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері басшыларының жігерлі еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл озық идеяның көшбасында тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі және көтерген бастамаларының мүлтіксіз іске асуы оның пассионарлы тұлға екенін сөзсіз дәлелдейді, деді Б.Жұмағұлов.
Ол бұдан кейін еліміздегі білім беру ісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен әріптестерін хабардар етті. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы ауыр кезеңде жүздеген балабақшалардың жабылып қалғанын, қазір соның орнын толтыру үшін заманға сай балабақшалардың көптеп салынып жатқанын, Елбасы тапсырмасына орай «Балапан» бағдарламасының жұмыс істеп жатқаны туралы нақты дәйектер келтірді. Соның бірі ретінде мектепке дейінгі ұйымдардың саны 41 пайызға өскенін, мектепке дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 55 пайызға, аймақтарда бұл 90 пайызға жеткенін тілге тиек етті. 2020 жылы республика бойынша бұл жұмыс 100 пайыз орындалатынын да меңзеді. Сол секілді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі де іске қосылып жатқанын, орта білім беру жүйесінде 12 жылдыққа көшуге байланысты біраз жұмыстардың атқарылғанын айта келіп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің желісі әлемдік үрдіске сай білім берудің жаңа тетіктерін әзірлеп, іске асыруда. Биылдан бастап білім сапасына мемлекеттік бақылау вертикалі енгізілді. Орта және кәсіптік-техникалық білім беру қызметі жергілікті органдардың құзыретінде қалды. Педагог мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлудеміз. Жалақының өсуімен қатар, мұғалімдерді қайта даярлау мен біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі жасалуда. Жоғары оқу орындарында болашақ педагогтарды даярлауға талаптар күшейді. Бұл ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін арттыруға негіз болады, деген министр 9 мемлекеттің өкілдері қатысқан халықаралық семинарда жаһандану заманындағы адами капитал ерекше маңызға ие екенін жеткізді. Адами капитал – инновациялық экономика мен білімді дамытуды айқындайтын факторға айналып отыр. Ендеше, адами капиталдың негізгі факторы білімде жатыр. Соңғы жылдары әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жоғары білімде жетекші бағыттардың бірі – академиялық ұтқырлықты дамыту, деген Б.Жұмағұлов, ТМД елдерінің арасында Қазақстан бірінші болып мамандарды бакалавр-магистр-доктор PhD жүйесі бойынша үш деңгейлі дайындауға көшкеніне, «Болашақ» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өткен жылдан бері әлемдік үрдісте білім бере бастаған Назарбаев университетінің жетістіктерімен таныстырды. Бұл білім ордасындағы оң қадамдар бірте-бірте отандық өзге де жоғары оқу орындарында жүзеге асатынын, студенттердің ішкі және халықаралық академиялық ұтқырлығын мемлекеттік қолдау тетігі енгізілгенін алға тартты. Біздің Болон процесіне енуіміз, соған сай тиісті заңнама қабылдауымыз, ЕурАзЭҚ шеңберінде байланыс орнатуымыз академиялық ұтқырлықты дамытуға жол ашты, деді Бақытжан Тұрсынұлы.
ЕурАзЭҚ Бас хатшысының орынбасары Мұрат Мұсатаев бес мемлекеттің білім саласын басқарып отырған министрлердің бұл басқосуы дер кезінде болып жатқанын, білім мен ғылым саласында біліктілікпен жұмыс істеу қашанда өз жемісін беретінін атап өтті. Ал Кеңеске төрағалық еткен Ресейдің білім министрі Андрей Фурсенко оқу ісіндегі рейтинг туралы өз ойын ортаға салып, бұл студенттерге де, мұғалімдерге де, ата-анаға да қатысты екенін білдірді. Ол сонымен бірге білім стандарты туралы да ой қозғады. Беларусь Республикасының білім министрі Сергей Маскевич ұтқырлықты дамыту және қай уақытта да білім беру бірінші кезекте тұруы тиіс екенін, бәсекелестік экономикада ғана емес, білімде де болу қажеттігін атаса, Қырғызстанның білім министрі Қанат Садықов білім сапасындағы бірегейлік туралы өз байламын жұрт талқысына ұсынды.
Жиында білім бағдарламаларын өзара тану, білім туралы құжаттар, ЕурАзЭҚ-тегі ғылыми дәреже мен ғылыми атақ мәселелері, ғылыми кадрларды әзірлеу, кредиттік оқыту моделі, академиялық ұлттық мәселелер қозғалды. Мұнымен қатар министрлер бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда білім жүйесі интеграциясын әрі қарай жалғастыру, білім қызметін үйлестіру жөніндегі ұлттық заңнама негіздерін үндестіру, нормативтік-құқықтық актілермен алмасу жөнінде ортақ келісім айқындалған.
Халықаралық семинарда Еуразия кеңістігі елдерінің жоғары оқу орындарында білім алушылардың академиялық, ұтқырлық проблемалары жөнінде тәжірибе алмасып, аймақтық ынтымақтастық стратегиясы қарастырылды. Негізгі талқыланған мәселелер ECTS типі бойынша ұлттық кредиттер жүйесін енгізу, академиялық ұтқырлықты жүзеге асыру мәселелері болды. Семинар жоғары оқу орындары ректорларының Тараз декларациясына қол қою рәсімімен аяқталды.
Алқалы жиынның соңында бес мемлекеттің білім министрлері баспасөз мәслихатын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Онда көтерілген басты мәселе әлемдік білім кеңістігіне кіру барысына оқу жүйесіндегі түйткілдерді бірлесе отырып шешу жұмыстары алға тартылды. Әсіресе, өзге мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алған азаматтардың дипломын тану, студенттер мен оқытушылар алмасу, ғалымдардың әлемдік деңгейдегі еңбектерін білім үрдісіне бірлікте қолдану жайы сөз болды. Сондай-ақ, бұрын ортақ білім кеңістігінде болған елдердің арасындағы жақсы үрдістерді жалғастыру, өсіп-өркендеу биігін дәйектейтін ортақ рейтинг қалыптастыру жайын да тілге тиек ете келе адами капиталды қалыптастыратын басты фактор – білім деген байламдарын нық білдірді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.