• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

Мейірімділіктің «тізбекті реакциясы»

387 рет
көрсетілді

«Өзгенің иығына жапқан шапан өзіңді де жылытады» деген қанатты сөз бар. Шынында да, жақсылық жасау, жылағанды жұбату, мұқтажға көмек беру – адамның адамгершілігін көрсететін ең басты қасиеті. Осындай елгезектік жастардың бойынан табылып жатса, тіпті керемет қой.

Бәрі осылай басталған

– Былтыр ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында айтулы мерекенің маңыздылығын аша түсетін түрлі іс-шара өткізіле бастады. Сол кезде Батыс Қазақстан облыстық жас­тармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Кенесары Бекболатұлы осы идеяны ұсынды. Президент ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының атымен үндестіріп және оның 84-қадамында айтылған тапсырманы орындау мақсатында біз өз жобамызды «100 нақты көмек» деп атадық, – дейді осы жобаның жетекшісі Динара Жароева.

Сонда, жобаның көздегені не? Динараның айтуынша, жобаға қатысушы жастар әртүрлі көмекке шынайы мұқтаж жанды іздеп тауып, мәселені шешуге барынша көмектеседі. Көмектескенде қалтасынан алып, ақша таратады екен деп қалмаңыз. Ондай қаржы жастардың қалтасында қайдан болсын?! Ресурстық орталықтың қайырымдылықпен айналысатын арнайы есепшоты да жоқ қой. Бірақ ниет болса, бәрі де үйлесіп кете береді екен.

– Әуелгі уақытта мүмкіндігі шектеулі жастардың тізімін алып, әрқайсысына хабарласып, қандай көмекке зәру екендігін зерттедік. Осылайша, Өмірболат Сейітқалиев есімді жас жігіттің жеке кәсіп ашуға талпынып жүргенін білдік. Сөйтіп, Өмірболат біздің орталық мамандарының кеңесімен кәсібін ашып, демеушілердің қолдауымен кеңсе жиһазына ие болды, – дейді Динара.

Өмірболат та азамат екен. Кейін кәсібі жүріп, табысы артқанда өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жасқа мүгедек арбасын сыйлап, жобаның жалғасуына атсалысыпты. Осылайша, адамгершіліктің, мейірімділіктің «тізбекті реакциясы» басталды...

Жанға жылу сыйлаған жақсы істер

Біз сөз етіп отырған ресурстық орталықта өңкей өрімдей жастар жұмыс істейді. Жастың аты – жас. Жастыққа әдетте әдемі өмір, мереке тән. Алайда, осы «100 нақты көмек» жобасын қолға алғалы Динара Жароева ақ пен қара алмасқан өмірдің көлеңке тұстарына көбірек назар аудара бастаған. Әр адамның жүзінен сыр аулап, сөзге тартып, тіпті автобус аялдамаларынан жобаның кезекті «клиентін» тауып алған кездері бар.

«Өзгені қуанту – өзіңді қуанту екен ғой» дейді бүгінге осы жобаның айналасында жүрген жастар бірауыздан.

Санай берсе, біткен іс көп. Сырым ауданында жеке кәсібін ашуға ниетті болған мүмкіндігі шектеулі жас осы орталықтың ықпалымен компьютерлік қызметтер көрсететін орталық ашып, демеушілердің қолдауымен қажетті техникалық құрал-жабдыққа қол жеткізді.

Осы кезге дейін «100 нақты көмек» жобасы аясында арнайы арбаға, ортопедиялық құралдарға зәру, аса қажет дәріге мұқтаж болған 11 жас іздегенін тапты.

Бүгінде бұл жоба Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында қолға алынған. Дегенмен, қазыналы Қарашығанағы бар Ақсай қаласында ерекше белсенділік байқалады. Қараңыз, Ақсай қаласында орталық мамандарының күшімен екі маңызды нысан ашылған: Оның бірі – демеуші­лер­дің үздіксіз қолдауымен үзіліссіз жұ­мыс істеп тұрған «Аяла» қайы­рымдылық дүкені. Екіншісі – грепп­линг және джиу-джитсу спорт түрлері бойынша ашылған жаттығу залы.

«Аяла» дүкенінде демеушілер жеткізген тамақ, киім, балалар ойыншығы, тағы басқа қажетті заттар арнайы құрылған тізім бойынша отбасыларға тегін беріледі. Ал жаттығу залына аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар, жетім және қиын жас­тар тегін қатыса алады. Қазір мұндай әлеуметтік дүкен Ақжайық ауданында ашылды, таяу болашақта Зеленов пен Жаңақала аудандарында ашылмақ.

Жүзеге асып жатқан жұмыстың бірі – тегін ағылшын тілі курстары. Мұндай курстар қазір Ақсай және Орал қаласында жұмыс істеп тұр. «Біз әуелі ағылшын тілі мұғалімдерін тегін сабақ өткізуге келістіреміз және мақсатты топтағы оқушыларды іздеп табамыз. Елбасымыздың үш тұғырлы тіл саясатын қолдау «100 нақты көмек» жобасының мақсатынан тыс қалған жоқ», дейді Динара.

 

Сондай-ақ, биыл өңір басшысы Алтай Көлгіновтің бекітуімен жүзеге асқан «Мейірімді көктем» акциясы аясында 3 оқушы ментальды арифметиканың бір жылдық курсына тегін жазылған. Көмекке зәру көп балалы және жалғызбасты аналар азық-түлікке ие болған. Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясына жастар ресурстық орталығы да белсене қатысады. Мысалы, өткен оқу жылы қарсаңында Орал қалалық кешкі ауысымды мектебінің оқушылары мен аз қамтылған отбасылардан шыққан 30 балаға 300 мың теңгенің оқу-құралы тегін берілген.

Дәнекер

Біздің арамызда көмекке мұқтаж, қолдауға зәру жандар аз еместігі қандай өкінішті! Бірақ, біздің арамызда жылағанды жұбатуға, сүрінгенді тұрғызуға, сұрағанға беруге әзір тұратын жылы жүрек жандардың көптігі қандай қуанышты!

Ал «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, соның ішінде «100 нақты көмек» жобасының ұжымы осы екі полюстің арасындағы дәнекер ғана. Жастар өз бастамаларын жүзеге асыруға жәрдемдескен жылы жүрек демеушілері туралы сағаттап әңгімелеуге бар.

– Былтыр алғаш көмек алушылардың бірі болған 14 жастағы Тұраргүл Қанатқызы туғалы бері ДЦП дертіне шалдыққан. Жасөспірім бойжеткен диагнозына сай мүгедектік арбаға 6 жыл бойы қолы жетпей жүріпті. Біз Тұраргүлмен танысып, хал-жайын білгеннен соң-ақ оған көмектескіміз келді. Осы кезде жергілікті меценат, үнемі қайырымдылық жасап жүретін ел ағасы Есенжан Тұрымтайұлы қол ұшын созды. Тұраргүлге 59 мың теңгеге арнайы арба сатып алып берді. Тұраргүл мен анасының сол сәттегі қуанышын көрсеңіз ғой! Оның осы кезге дейін отырып келген арбасының түрін көріп, жаңа, ыңғайлы арбаға отырғандағы көңіл-күйіне куә болып бәріміз толқыдық. Өміріміздегі осындай сәттер – ең бақытты мезеттер! – дейді Динара Сұлтаниярқызы.

Оралдағы «Ғибадат» ЖШС директоры, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақов та «100 нақты көмек» акциясының белсенді қатысушысы. Қос аяғынан айрылған, арбаға таңылған Біржанды «мүмкіндігі шектеулі жан» деуге ауыз бармайды. Үлкен кәсіпорынды меңгеріп, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкер қайырымдылықпен үнемі айналысады, әсіресе сал ауруына шалдыққан балаларға вертикализатор аппараттарын таратып, қаншама жанның сауабын алып жүр.

– Жағдайымызды айтып, мәселені түсіндіріп алдына барғанымызда кәсіпкер аға-апаларымыздың көбі меселімізді қайтарып, тауымызды шаққан емес. Оларға мың да бір рахмет, – дейді жоба мүшелері.

Бір тойым бар...

Жайық жастарының «100 нақты көмек» акциясы аясында атқарылған шаралардың ішінде мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағынан аз қорғалған жастардың үйлену тойын өткізу жобасын ерекше айтуға болады.

– Бұл идея аяқ астынан туды. Бір күні біздің ресурстық орталық басшысы Кенесары Бекболатұлы «Қазір қалада мейрамхана, тойханадан көп нәрсе жоқ. Кейбірінің қожайынын танимын. Сөйлесіп көрсек қайтеді? Олар тойханасын әлеуметтік той өткізу үшін тегін берсе, басқа да шығындарын жабуды біз ұйымдастырсақ. Қазір үйлену, той өткізу оңай емес қой. Шын мұқтаж жандарға естен кетпейтін мереке болмай ма?!» деген ұсынысын айтты. Әрине, бірден қолдадық! – деп еске алады Динара.

Бұл бастамаға Оралдағы «Алтын сақа» тойханасының қожайыны Қанат Талғатов үн қосқан. Кезінде «Ақжайық» КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған Қанат қой. Неге тартынсын?! Осылайша, əлеуметтік желілер арқылы «Той – сізден, шығын – бізден» деген ұранмен афишалар тарап кетті.

Алғаш болып «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлованың ұсынысымен екеуі бірдей мүмкіндігі шектеулі жұп – Айнұр Жақсылықова мен Айбек Еслямғалиевтің тойы дүркіреп өтті. Тойдың асаба, фото/бейне түсірілім қызметтерінің барлығы тегін болып, демеушілердің қолдауымен өткізілген.

«Теңін тапса, тегін бер» деген қазақ әуелден-ақ жағдайы төмен жастардың отау құруына қоғам болып көмектессе керек. Бастамаға қолдау білдірген кәсіпкерлер мен демеушілердің арқасында 2016 жылы облыстың Сырым, Жаңақала, Қазталов аудандарында және Орал қаласында осындай үйлену тойы алты мәрте өткізіліпті!

Үлгілі үрдіс биыл да жалғасқан. Жақында Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің екі тұрғыны – Анастасия мен Төлеген Нұрмұхановтардың тойы да көптің көмегімен өтті. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйі 18-23 жастағы балалар үйлерінің түлектеріне арналған мекеме ғой.

– Төлеген – біздің бастамамызбен өткізілетін шараларға үнемі белсене қатысады. Жалпы, «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ отбасылық жағдайларға байланысты оқу үлгерімі төмен болып, қалалық кешкі ауысымды мектепте білім алып жүрген жастар біздің жобаның мақсатты тобына кіреді. Бұл санаттағы жастар үшін жоба ұйымдастырушылары тегін шаштараз қызметін ұсынады, тұрақты жұмысқа орналастыруға ықпал етеді, киім-кешекпен көмектеседі, – дейді Динара Сұлтаниярқызы.

– Төлеген 24-те, 8 жылдан «Шаңырақта» тұрады. Ал Настяның бізге келгеніне 6-7 ай болды. Жастар осы жерде танысып, жарасты ғой. Тойымыз «Алтын сақада» өтті, асаба, музыка, фото-бейне түсірілімдерін облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұйымдастырды. Сол кездегі қала әкімі Нариман Төреғалиев жас жұбайларға күні бойы қыдыратын жақсы автокөлік тауып берді. Қаламыздағы Салтанат сарайы жастардың неке қию рәсімін бір тиын ақша алмай өткізді. Айтпақшы, той арақ-шарапсыз, тек қымыз-шұбатпен өтті. Дастархан мәзіріне депутат Ләззат Рысбекова, басқа да кәсіпкерлер көмектесті. Нағыз халықтың тойы болды, дейді «Шаңырақ» жасөпірімдер үйінің директоры Өмірбай Рысбайұлы.

Міне, Ақ Жайықтың бойында, жастардың өз қолымен, жастарға бағытталып жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы осындай. Өңірде мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру, мұқтаж жандарға тек қаржылай көмектесіп қана қоймай, нақты іс істеп, жүрек жылуын көрсету, еріктілермен бірге тіке жәрдем жасау және бұл іске барынша көпшілікті тарту бастамасы қоғамнан қолдау тапқан. Мейірімділіктің «тізбекті реакциясын» бастап берген өрімдей жас Кенесары Нұршинов бастаған облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұжымына, «100 нақты көмек» жобасына сәттілік тілейміз. Өзгелерді қуантып, сол қуаныштың жылуына өздеріңіз де жылынып жүре беріңіздер!

Суреттер ресурстық орталықтың архивінен алынды

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»