• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Шілде, 2017

Электр энергетикасы жүйесінің келешегі талқыланды

490 рет
көрсетілді

Астанада «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне және «KEGOC» АҚ компаниясының 20 жылдығына арналған «Электр энергетикасы жүйесінің дамуы: мәселелері мен келешегі» атты халықаралық конференция өтті. Оған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев, 26 мемлекеттен келген делегаттар қатысты. Олардың арасында TEPCO, NJK (Жапония), State Grid Corporation of China (ҚХР), Fingrid (Финляндия), TEIAS (Түркия), TERNA (Италия), 50Hertz (Германия), APS Energia (Польша) секілді ірі желілік компания өкілдері де бар.

Конференция барысында бірінші болып сөз алған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев компанияны 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, жиын тақырыбының ЭКСПО-2017 көрмесіне арқау болған болашақ энергиясы трендіне орайластырылғанын ерекше атап өтті. «Жаһандану дәуірінде электр энергетикасының біздің алдымызға қоятын міндеттері көп. Осы орайда, шетелдерден келген мамандардың бір алаңда тәжірибелерімен бөлісіп, пікір алмасуы өте маңызды», дей келе министр кеше ғана құрылған үрдістердің ертең қозғаушы күшке айналуы мүмкін екенін айтты. «Жаңа технологиялардың даму жылдамдығына көз ілестіру мүмкін болмай барады. Жақында Энергетика министрлігі 139 мемлекет бойынша 6 млн ақпараттық мәліметтерді ескере отырып, әлемдік және отандық сарапшылардың қатысуымен зерттеу жүргізді. Оның нәтижесіне сүйенетін болсақ, жақында энергия тиімділігінің, жаңартылатын энергия көздерінің мәні арта түспек. Мысалы, 2050 жылы әлем бойынша энергия тұтыну 2015 жылмен салыстырғанда 3 пайызға төмендейтінін айтуға болады», деді Қанат Бозымбаев. Оның айтуынша, 2050 жылға дейін газ бен мұнай көздерін тұтыну әлем бойынша ең жоғары көрсеткішке жетеді. Ал Қазақстанда 2050 жылы электр энергиясын қолдану биылғы жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп болмақ. Осы ретте министр Халықаралық инженерлік қауымдастықпен байланыс орната отырып энергетика технологиясын одан әрі дамытуды қолға алуға болатынын айтты. «Энергияның қауіпсіздігі, қолжетімділігі мен экологияға қауіп тигізбеуі басты назарда болуы керек. Сонымен қатар, интеллектуалды жүйеге, энергияны сақтау мен таратуға, әлеуметтік өмірді экологиялық қауіпсіз етуге қажетті технологиялар жасау үшін ғылыми зерттеулер жүргізуді қолға алған жөн», дей келе министр аталған жұмыстарды атқару барысында KEGOС компаниясының рөлі зор екенін ерекше атап өтті. «KEGOС тек желілік компания ғана емес, ол біздің желілік операторымыз», деді министр.

Одан кейін сөз алған «KEGOС» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев компанияның 20 жылда атқарған жұмыстары мен жеткен жетістіктеріне тоқталды. «Осы жылдар аралығында компания үлкен белестерден өтті. Ұлттық электр желілерін жаңарту үшін көп жұмыс атқарып, қуаты 500-220 кВ болатын 3 мың км-ден астам желі салды. Бүгінгі таңда компаниямыз жаңа технология­мен жабдықталған. Сонымен қатар, қызметкерлеріміздің басым көпшілігі Еуропа оқу орталықтарында білімін жетілдірген мамандар», дей келе Басқарма төрағасы техника, экономика, қоғамның дамуымен энергетика саласына талаптар көбейіп әрі күшейіп келе жатқанын айтты. Бақытжан Қажиевтің айтуынша, болашақта электр энергиясының дамуы үш бағытта өрбитін болады. Оның біріншісі – жаңғырмалы энергия көздері дамып, өндірістің энергиялық тиімділігі артады. «Қазір экология әлемнің басты назарында тұр. Энергияны тиімді пайдалану мәселесі де көпшілікті алаңдатады. Сондықтан, эко­логиялық қауіп электр энергия­сын дамыту үшін жаңа жолдарды табуға итермелейді», деген компания басшысы дамудың екінші бағытында электр энергиясының интеллектуалдылығына мән бе­ру керектігіне назар аударды. «Басқарудың жаңа IT-тех­но­­ло­­гияларына байланысты энергетикалық компаниялармен байланыс орнататын белсенді тұтынушылар артады. Яғни, электр энергиясы жүйесі күр­де­­лене түседі. Әлемдік электр энер­­гетикасын дамыту жолында осы мәселені шешу үшін ин­но­вациялық даму тұжырымдамасы жасалды. Ол «Smart Grid» деп ата­латын интеллектуалды электр жүйесі», дей келе Бақыт­жан Қажиев Қазақстанның отан­дық жүйесінде интеллектуалды сипаттағы электр жүйесі эле­менттері енгізілгенін атап өтті. Мы­салы, SCADA диспетчерлік бас­қару жүйесі, коммерциялық есеп жүйесі, басқарылатын тұйық­тағыш реаткорлар және т.б. Ал электр энергиясы дамуы­ның үшінші бағыты – электр энер­гиясы жүйелерінің халық­аралық интеграциясы. Оған мысал ретінде, АҚШ-тың жеке штат­тарының электр жүйелерін бірік­тіре отырып ортақ жүйе құр­ғанын, оның жалпы қуаты мыңдаған гигаваттан артқанын айта кетуге болады. «Бұл бағытта халықаралық энергетикалық бірлестіктер құруға болады. Бірақ сондай жобаларды жүзеге асыру үшін технологиялық міндеттер көп. Себебі, жүйелердің ауқымы артқан сайын оны басқару да қиындай береді», дейді Басқарма төрағасы.

Осыған ұқсас пікірді Фран­циядағы RTE компаниясының өкілі Паскаль Бертолини де айт­ты. Ол «Ирландия, Испа­ния, Португалия, Италия секіл­ді Еу­ропаның басқа да мемлекет­терімен байланысқан. Бұл мемле­кеттермен байланыс орната отырып, біз бүкіл Еуропа бойынша энергия алмаса аламыз», десе, Грузиядан келген С.Зумбуридзе өз елінің жазда электр энергиясын гидроресурстар арқасында экспортқа көптеп шығарса, қыста, керісінше, оның орнын толтыру үшін жылу электр стансаларына жүгінетінін айтты. Ал «Россети» АҚ бас директорының орынбасары Константин Петуховтың айтуынша, аталған компанияда 11 мемлекеттің электр жүйелерімен байланысатын 140 желі бар. «Мемлекеттердің аталған салада тығыз байланыс орнатуы электр энергиясының тепе-теңдігіне қол жеткізуге сеп бола алады. Себебі, алдағы 5-7 жылда әлем бойынша электр энергиясын тұтыну 5 пайызға артады деп болжануда», дейді Константин Петухов.

Конференция барысында басқа да сарапшылар баяндама жасап, «Электр энергетикасының дамуы мен басқарудағы үздік тәжірибелер» және «Жаңғырмалы энергия көздерін дамытудың ма­ңызды мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»