• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Театр 18 Шілде, 2017

Қазақ драматургінің фестивалі

416 рет
көрсетілді

Бұған дейін өз туған жерінде екі рет халықаралық, Оңтүстік Қазақстан об­лы­сында республикалық театр фес­ти­ва­лі өткен белгілі жазушы-драматург, Қаз­ақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, Шың­ғыс Айтматов атындағы халықаралық сый­лы­қ­тың лауреаты Рахымжан Отарбаевтың ха­лықаралық театр фестивалі төртінші мәр­те ұйымдастырылып, ол қырғыз же­рін­де дүбірлеп өтті.

Алатаудың жазиралы бөктерін «түске дейін менікі, түстен кей­ін сенікі» деп бірге жайлаған, бір-біріне ті­рек болып келген қазақ пен қырғыздың ру­хани жа­қын­дығын Т.Абдумомунов атын­дағы Қыр­ғыз академиялық драма те­атрының төрінде бес күн бойы өткен фес­тиваль тіпті шегелей түсті. Жеке дра­ма­тургтің атындағы фестиваль қырғыз елін­де осымен екінші рет өткізіліп отыр. Бірінші мәрте қырғыз ұлтының ғана емес, тұтас дәуір дауысы атанған төл перзенті – Шыңғыс Айтматовтың шығармалары бойынша ұйымдастырылса, екінші рет қазақ жазушысы – Рахымжан Отарбаевтың драматургиясы негізінде өткізіліп, еншісі бө­лінбеген екі елдің бауырластығы қа­на­тын жаз­бай бірге самғаған күйі қарашаңырақ те­атрының төрін де бірге бөлісті. Бір нәрсе анық, қазақ драматургінің фес­ти­­валі қырғыз елінде даңқ-дақпырт үшін ұйымдастырылып отыр­ған жоқ. Тай­ғанақтамай, тура сөйлей­тін, шы­ғар­­машылығы құрыштан құйғандай шы­­мыр Р.Отарбаевтың қырғыз елімен та­мыр­ластығы тәуелсіздікпен тұспа-тұс бас­талды. Шын мәнінде, драматург ретінде Отарбаевтың тұсауын алғаш қырғыз театры кескен. Сондықтан халықаралық дәрежедегі фестиваль өткізуіне оның тол­ық хақысы бар. Алдымен «Әбутәліп әпендісін», ізінше «Абай соты» пьесасын қырғыздың ғажайып режиссері Ескендір Рыскулов сахналап, қазақ қаламгерінің қарымын қырғыз жұртына танытқан еді. Драматургтің айтуынша, алып тұлға Абайдың рөлін қырғыздың үлкен актері Советбек Жумадилов орындаған екен. Өз фестивалінің шымылдығын жиырма жылдан артық уақыт жүрегі барды тегіс жылатып, сахнадан түспеген атақты «Жәмиласымен» емес, Рахымжан бау­ы­ры­­ның «Абай-сотымен» ашқызған адамзат ақыл-ойының көшбасшысы Шың­ғыс Төреқұлұлының өзі келіп та­ма­ша­ла­ған екен сонда. Қырықтың қыр­қа­сына ен­ді шыққан қазақтың жас жазушы­сына қолдауын білдірген қырғыздың сон­дағы Мәдениет министрі, КСРО ха­лық әртісі, атақты биші Чолпонбек Базар­баевтың өзі алдыңғы қатарға келіп жай­ғасып, ұлы Абайдың қырғыз сахнасын­да тірілгенін көріп, қанаттанғаннан ар­қа­сы­нан қаққан алақанының табы алпыстан ас­қан автордың жауырынын әлі күнге жы­лытып келеді. Содан бері арада 22 жыл уа­қыт өтіпті. 22 жылдан бері бір жағы Ош, бір жағы Талас, арадағы Бішкек, Нарын, Көл театрлары Р.Отарбаевтың 11 пьесасын сахнаға шығарды. Ұлтқа, әдебиетке, қа­лам­герге көрсетілер құрметтің үлкені осын­дай-ақ болар.

Р.Отарбаев драматургиясына арналған фес­тивальге қырғыз елінің тоғыз театры қа­тысып, аптаға жуық уақыт бүгінгі қырғыз сах­на өнерінің қарымын, бағыт-бағдарын тан­ытып, нағыз өнер жәрмеңкесін жасады. Қырғыз театрларының қазіргі кәсіби дең­гейі қай шамада, режиссер таланты, ак­тер ше­­берлігі, сценография жаңалығы, осы са­лаға келген жас буынның аяқ алысы – бә­рі-бәрі сынға түсті.

Сонау Шекспир дәуірінен бергі дра­ма­ту­ргтердің іздеуден шаршамай келе жат­қан бір ғана сұрағы күні бүгінге дейін ма­ңызын жоғалтпай келеді: адамның ішін­дегі ізгілік із-түзсіз жоғалып кетпей ме? Адам қайтсе адам болып қалады? Қо­лы­на қал­ам ұстаған адамды драматургиямен ай­на­лысуға мәжбүр ететін де, мәңгілік жауабы табылмайтын да сұрақ осы болса керек.

«Нашақор туралы новелла» – Р.Отарбаев шы­ғармашылығының шыңы емес шы­ғар, бі­рақ оның драматургиясындағы режиссерлер назарын аударып, ең көп қойылған тап осы шығармасы. Әлеуметтік тақырыптағы бұл пьесаны қырғыздың екі театры – Т.Абдумомунов атындағы академиялық дра­ма театры «Тағдыр» деген атаумен сах­наласа, Ыссық-Көл облыстық театры «Жа­рық қайда?» деп қойды. Қырғыздар на­шаны «бәңгі» дейді. Бір-біріне ғашық екі жас қол ұстасып бақытты өмірге енді қадам басқалы тұрғанда тағдырын осы бәңгі келіп талқандайды. Ұйыққа түскеннен кейінгі өмірдің соңы белгілі. Бас кейіпкер Жалқытай сотталып, жазасын өтеп, үйіне оралғанда, не әке-шешесі жоқ, не сүйген қызы, не достары жоқ, жапанда жалғыз өзі қалады. Бір досы Отарбаевтан: «сен осы наркотик дегенді көзіңмен көрдің бе?» деп сұрапты. «Көрмеппін. Болса, тауып берші, көрейін» деген екен. Азаматтық көзқарас пен шығармашылық қиял туғызған драматургтің ойын режиссер Егемберді Бекболиев тереңдеткен спектакльдің қарашаңырақ театрдың сахнасынан түспей келе жатқанына, міне, биыл он екі жыл болыпты. Осы уақыт аралығында актерлердің екі-үш құрамы ауысып үлгерген. Кешегі фестивальде 530-ші рет қойылды. 500-ші қойылымын драматургтің туған жері Атырау қаласында тамашалаған едік. «Бұл әлемдік қасіреттен жастарды сақтандырсам, санасына иненің жасуындай болса да, сәуле түсірсем, жамандықтан жиіркендірсем, бұл – менің бағым. Бұл менің азаматтық міндетім, қаламгерлік парызым еді. Осы парызымды өтей алсам болғаны», дейді автор. Ал Қасымалы Жантөшев атындағы Ыссық-Көл облыстық театрының «Жарық қайда?» қойылымының ойын өрнегі «Тағдырдан» бөлек, мүлде бөлек режиссерлік шешім қабылдауымен есте қалды.

Журналист те, ғалым да, депутат та драматург болып жатқан заманда, нағыз драматургті аңсайтын театр сахнасы адам­­ға байланысты туындайтын, адам ту­ын­дататын, жалпы адам жанын айнадай етіп көрсететін тұшымды пьесаға қа­шан да сусап отырады. «Актриса» атты әң­гіменің негізінде жазылып қағазға түскен комедияны тамашалай отырып, заманауи спектакльдің «нақ осы жердегі», «тап осы қазіргі» мәселені көтеруі міндетті емес, оқиғаның өтетін мезгілі мен уа­қыт­тың бар болғаны шарттылық болып есеп­те­летінін, ең бастысы, заманауи тіл мен ойды берудің тәсілін таба білуде екенін түсіндік. Шекспир айтқан «Өмір – театр, ал адамдардың әртіс» екенін, бір ғана театр ішіндегі тіршілік арқылы жалпы өмірдегі әділетсіздікті көрсете отырып, атақ-даңқ, байлық-беделге жету жолында адамдардың бәрін де шімірікпей таптап өте шығатынын режиссер Еркін Егембердиев жалаңаштап, жайратып көрсетті де салды. Гогольдің «Үйленуін» оқиға желісі етіп алып, адам характерін Шекспирше шегендеген қырғыз актерлерінің әрқайсының ойынындағы ойлылық, еркіндік, өз мақ­с­атын дұрыс түсіну спектакль тар­тым­дылығын арттыра түсті. Актерлер пье­саның мелодрамалық интонациясын ше­бер меңгерген. Режиссердің түпкі ойын то­лықтай іске асырған. «Актрисаны» ал­ғаш белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай оқып, «Рахымжан, сенің мынау ко­медияңды қонақүйде жатып оқып едім, түске дейін күліп жүрдім. Бірақ сен мұны неге жаздың? Қазақтар қоя алмайды ғой», де­ген екен. «Аға, қоймай-ақ қойсын. Өзім жаз­дым» деген екен. Бәлкім, осындай түрлі се­бептің әсері болар, «Моно Лизаның», «Қошалақтағы оқиғаның», «Актрисаның» тұ­сауын қырғыз театры кесті. Отарбаев фес­тивалінің басты қойылымы да осы «Ак­триса» болды. Академтеатрдың жа­нын­­­дағы оқу жайы жастарының күшімен дай­ындалған «Актриса» бас жүлдеге лай­ықты деп табылып, туындысын абыроймен алып шыққанына көңілі тасыған автор жаңашыл, талантты жастарды туған то­пы­рағындағы театрда өнер көрсетуге ша­­қырды.

Қазылар алқасының төрағасы, бел­гі­лі өнер зерттеушісі, Ғ.Мүсірепов атын­да­ғы ба­лалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік же­текшісі Еркін Жуасбек фестиваль жұ­мысын жан-жақ­ты саралап, ойын түйін­дей келе, ре­жи­с­­сураға, актерлік ойын­ға, жалпы қырғыз те­атрларының бү­гінгі да­муына баға берді. «Ең бастысы, түрлі театрлардың, актерлердің театр сала­сын­дағы мамандардың бас қосып, бір-бірінің ше­берліктерін байқау, пікір, тәжірибе алма­су үлкен олжа болды. Әрине, табысты спектакль болды, кейде кілтін, шешімін таппай жатқан, оң жамбасына келмеген спектакльдер де болды. Бұл фестивальде бір спектакльді әр театр әртүрлі қойып жатты. Мұның да өз қызықтары бар. Бір кей­іпкерді әр актер өзінше жасайды. Кейіп­кер жасау үшін актердің қиялы көп әсер етеді ғой. Драматургтің жазғаны сол ар­қылы түрленеді. Р.Отарбаевтың өткір тілін, ұшқыр қиялын, астарлап жеткізетін ше­берлігін тауып, оны сахналық үлгіде әдемі дүние жасаған Т.Абдумомунов атын­дағы академиялық театрдың жаны­нан құрылған студияның «Актриса» спек­таклі болды. Жастар осы спектаклі ар­қылы тек театрдың ішіндегі мәселені емес, жалпы адамдық мәселені көтерді», деп қорытындылады.

Ақиқат салыстырғанда анықталады. Мұндай фестивальдің ең ұтымды жағы, бір спектакльді әр театр өзінше сахналағанда, салыстыра отырып көрудің мүмкіндігіне ие болған көрермен ең жақсысын өзі танып алады. Бір ғана «Моно Лизаны» Қыр­ғыз Ұлттық академиялық драма теат­ры­, Қошқар музыкалық драма театр­ы және Б.Қыдыкеева атындағы Жас көрер­мен­дер театрының ұжымы үш түрлі етіп көрсету арқылы сахна­ның сан түрлі бояу­ының сиқырын ашты. Дра­матургтің де, режиссердің де мақсатын сах­наға актер арқалап шыққан соң, кейде бар кем­шіліктің бәрі тек актерге тиесілі сияқты көрінетіні бар. Жоқ, олай емес. Режиссер о бастан мақсатты дұрыс белгілемесе, драматургтің айтқысы келген ойын түсінбесе, актерді кінәлаудың қажеті жоқ. Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының режиссері экспериментті ұнататын жаңашыл көз­қа­растағы шығармашылық адамы болса ке­рек, артық істің тыртығы көрініп, ерсі штрих­тармен бүкіл сахна эстетикасын бұзғаны қынжылтты. Өнер мерекесіне ең әдемі «Моно Лизаны» сонау бір түкпірден келген қошқарлықтардың сыйлағанын көпшілік күтпеді, «айылдан» келсе де, актерлер сахна ахуалын жақсы сезінеді, ли­ри­калық сезім мен романтиканың кін­дігін кес­кен Италияның кішкентай көшірмесін сахнада кескіндей алғаны үшін көптің ризашылығына бөленді.

Фестивальге қатысқан театрлардың бірде-бірі жүлдесіз, марапатсыз қалған жоқ. «Ең мықты дебют» «Моно Лиза» спектаклінде Барыстың рөлін сомдаған Қанболат Атақанұлы, «Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі» үшін Элиза Тансыкова (Қошқар музыкалық драма театры, «Моно Лиза – Мончок» спектаклі), «Екінші пландағы ер адамның рөлі» үшін Шәршен Дүйшөнкулов (Қасымалы Жантөшов атындағы Ыссық-Көл облыстық театрының «Жарық кайда?» қойылымында көрші шалдың бейнесі), «Бірінші пландағы ер адамның рөлін үздік орындағаны» үшін Махмуд Рахматов (Бабыр атындағы Ош мемлекеттік академиялық өзбек театры, «Күзгүнүн сыры» қойылымындағы атаның рөлі үшін), «Әйел затының рөлін үздік сомдағаны» үшін Айсалқын Оспанова (Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ака­де­миялық драма театры, «Тағдыр» дра­масы), «Тақырыпты кәсіби деңгейде ашып бергені үшін» Ш.Термечиков атын­­дағы Шу облыстық театрының шы­ғармашылық тобы («Қошалақтағы оқи­ға») жә­не Б.Кыдыкеева атындағы Жас кө­рер­мен­дер театрының шығармашылық тобы («Моно Лиза») марапатталды.

Егер жеке автордың атындағы фес­ти­валь өткізгілері келсе, қырғызда да кере­мет драматургтер жетіп артылады. Ке­зін­де күллі Кеңес Одағына аты мәш­һүр бол­ған Мар Байджиев, Бексұлтан Жа­­киев, Мырза Қапаров, Сұлтан Раев се­кілді драматургияның қия-қатпарын жақ­сы меңгерген қаламгерлері бар. Бұл др­а­матургтердің де шығармалары қазақ сахна­сына жат емес, режиссерлердің қуана, құл­шы­на қолға алатын авторларына айналып, теа­тр репертуарларынан елеулі орын алып ке­леді. Соған қарамастан, қазақ әдебиетіне, осы арқылы қазақ ұлтына зор ықылас-құр­метін көрсеткені үшін Рахымжан Отарбаев Мәдениет және ақпарат, туризм ми­нистрі Түгелбай Қазақов мырзаға, Театр і­смерлері Союзының президенті Жаныш Құлманбетовке, Қыр­ғыз Республикасының еңбек сіңірген әр­ті­сі Пұсырман Одуракаевқа және тоғыз те­атр­дың басшыларына алғысын білдірді.

Бір ұлттың драматургиясын екінші ұлт­қа таныстыруда мұндай фестивальдің ма­ңы­зы өте зор. Театрлар біріншіден, өз ре­пе­р­туарын байытады, екіншіден, көрші ел дра­матургінің шығармаларымен танысады. Бұл тұрғыдан алғанда, драматургияда дара қол­таңбасын қалыптастырып, оқырманы мен көрерменін бірдей сәулелі ойға жетелеп жүрген Отарбаев фестивалі өз міндетін орын­дады.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ – БІШКЕК – АЛМАТЫ