Құрманғазы Сағырбайұлы Бөкей ордасы, Бекетай құмының Жиделі деген жерінде дүниеге келген. Ол мекен қазір Атырау облысы, Құрманғазы ауданы аталады. Ұлы күйші бұл күндері Ресейдегі Астрахан облысының Володар ауданындағы «Алтынжар» деген жерде мәңгілік ұйқыда жатыр. Бірақ қай жерде де күй атасына деген құрметте шек жоқ. Күй атасының бейнесін маңғыстаулық ақиық ақын, жүйрік жырау Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығында әсем Ақтаудағы орталық алаңға қатарластыра орналастырудың да мәні бар. Құрманғазы Орданың түрмесінен қашып шығып Жайықты жағалап, Жем, Сағыз өзендерінен өтіп, Маңғыстау мен Үстіртті бес жылдай аралайды. Ақын Қашағанмен кездеседі. Екі алып қатар жүріп, ауыл-елді аралап, халыққа рухани қуат береді. Маңғыстау сапарында Құрманғазының әйгілі «Төремұрат», «Ақсақ киік», «Балқаймақ», «Адай» күйлері өмірге келеді. Екі алыптың өршіл өнері мен достығын халқымыздың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров:
Атырау – алыс бізге жердің түбі,
Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі,
Шашқанда күйден көбік Құрманғазы
Қашаған жырдан төккен маржан дүрді, – деп жырға қосқан емес пе?!
Міне, енді Ақтауда облыс, қала басшыларының бастауымен, аймақ азаматтарының қостауымен күй атасының еңселі ескерткіші бой көтерді. Биіктігі бес метр болатын мәрмәр тастың үстіндегі Құрманғазының бейнесін сомдаған маңғыстаулық талантты мүсінші Көшер Байғазыұлы. Салтанатты сәтте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы әлемдік музыка мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы бабамыз туралы тереңнен толғай әсерлі әңгімеледі.
Айтыстың ақтаңгері Мэлс Қосымбаев жырдан шашу шашып, облыстың әр аймағынан келген өнерлі жастар мерекелік концерт көрсетті.
Жоламан БОШАЛАҚ.