• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 19 Шілде, 2017

Алыстағы Азғырдың экологиялық мәртебесі қашан анықталады?

478 рет
көрсетілді

Полигон периметрі

Атырауда Азғыр деген ауылдық округ бар. Ресеймен шекаралас сол Азғырға өткен ғасырдың орта тұсында «Оңтүстік сейсмикалық экспедициясы» атом сынақтарының техникалық базасы орналасты. Сөйтіп, қаннен қаперсіз төрт түлігін өсіріп, үрім-бұтағын өрбітіп отырған ауылда 17 жерасты атом сынағы жасалды. Жарылыс әсерінен көлемі 1,2 млн текше метрге жететін қауіпті тоғыз жерас­ты шұңқыры пайда болды. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана полигон жабылды. Ал жергілікті жұрт сол кеселдің зардабын әлі де аз тартып отырған жоқ. 

2012-2014 жылдары аймақтың экологиялық мәрте­бесін анықтау мақсатында полигон маңын­дағы елді мекендерге кешенді бақылау жүргізген Энер­гетика министрлігі «Азғырдағы жерасты суы таза, тұрғындардың денсаулығы жақсы» деген қо­рытынды беріпті. Құжатқа қатталған ол дерек­терге бір күн ауру, бір күн сау ауыл халқы сен­бейді. Жарылыстан көз ашпаған даланы мекен­деген ел геоэкологиялық жағдайдың әлдеқай­да күр­делі екенін жақсы біледі. Мұны сол кезде Азғыр ғылыми-өндірістік радиологиялық экспедиция­сының мәліметі де анық көрсеткен. Ел ішіп отырған суда стронций, барий, марганец, темірдің шекті мөлшерден әлдеқайда көп екені анықталып еді. Ядролық жарылыс болған 11 алаңның қоршаулары құлап, малға қауіп төндіріп тұрғаны бөлек әңгіме...

Тапсырма  неге орындалмады?

Одан бері он жылға жуық уақыт өтті. 2008 жылдың қыркүйегінде Елбасының Батыс Қазақстан облысына сапары кезінде «Азғыр» және «Капустин Яр» полигондарының зардаптары туралы мәселе қаралды. Арнайы жоспар да жасалып еді. Жоспардың 7-тармағында «Азғыр» мен «Капустин Яр» полигондарының әсерінен зардап шеккен халықты сауықтыру және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі республикалық салааралық бағдарлама дайындау тапсырылған. Сол кездегі Үкімет басшысы 2009 жылдың 5 ақпанында аталған сынақ полигондарының әсерінен зардап шеккен халыққа көмек көрсету үшін бағдарлама дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қояды. Қоршаған ортаны қорғау министрі бастаған құрамында 18 адам бар жұмыс тобы құрылды. Оларға бағдарлама дайындау бойынша ұсыныстарды бір ай мерзімде әзірлеп, Үкіметке енгізу тапсырылған. «Өкінішке қарай, Үкімет басшысының өкімі сол күйі орындалмай қалды», дейді Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов. Қызметіне кіріскенінен бастап сенатор Үкімет басшысының орынбасарына, Үкімет Кеңсесіне хат жолдап, ақпарат сұраған. 2009 жылдың 23 шілдесінде Үкімет Кеңсесінің сол кездегі басшысы Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен осы мәселе қаралды. Хаттамалық шешімге сәйкес «2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан экологиясы» мемлекеттік бағдарламасына енгізу қажеттілігі жазылғанымен, бұл шешімнен де ештеңе шықпады.  2010 жылы сенатордың араласуымен ғана Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бұйрығымен жұмыс тобы құрылды. «Жасыл даму» салалық бағдарламасы бекітілді. Бағдарламада 2011 жылдың 11 ақпанында «Капустин Яр» және «Азғыр» полигондарының аумақтарын төтенше экологиялық жағдай немесе экологиялық апат аймағы етіп айқындау туралы іс-шаралар өткізу бойынша Үкіметке ұсыныс енгізу жоспарланған. 2011 жылғы 15 шілдеде полигон әсерінен зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру және әлеуметтік көмек көрсету бойынша Үкіметке ұсыныс дайындау тапсырылған болатын. Сол жылы бір топ министрлік өкілдері сенатормен бірге Азғыр өңіріне келіп, халықтың жағдайымен танысты. Сол жұмыстардың нәтижесінде 2013 жылдан бас­тап Азғыр өңіріндегі бірінші топ мүгедектеріне 2 АЕК, екінші топ мүгедектеріне 1,5 АЕК, үшінші топ мүгедектеріне 1 АЕК, 18 жасқа дейінгі мүге­дектерге 2 АЕК мөлшерінде ай сайын әлеуметтік көмек тағайындалды. Алыстағы ауыл үшін ол да бол­са біраз қолдау болып, ел-жұрт бір қуанып қал­ған. Биылғы алғашқы жартыжылдықта Азғыр өңірін­дегі 244 мүгедекке 4 млн 478 100 теңге көлемінде әлеу­мет­тік көмек төленді. 

Шалғайда орналасқан өңірдің мұң-мұқтажына құлақ түрер адам болса, мәселе көп. 2013 жылы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев «Президент Н.Ә.Назарбаевтың Батыс Қазақстан облысына 2008 жылғы 22-23 қыркүйектегі сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 7-тармағын орындау бойынша жол картасын» бекітті. Ол құжатта полигон аймағына кешенді зерттеу жүргізу, мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізу сынды 25 маңызды іс-шара қарастырылған. Орындалу мерзімі 2017 жылдың 15 қаңтары деп көрсетіліпті. Ол күн де өтті. Не өзгерді? Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Азғыр өңіріне сапары барысында осы мәселеге айрықша назар аударды. Өзімен бірге аталған «Жол картасына» жауапты жеті министрліктің төртеуінің өкілін және облыс әкімінің орынбасары мен Құрманғазы ауданының әкімін Азғырға бірге апарды. Орталық мемлекеттік құзырлы органдардың өкілдерімен кездескен ауыл халқы бірқатар проблемаларды ортаға салды. Енді соған тоқталайық. 

Шекарадан өту мұң

Талай мінберде айтылып, талай мәжілісте талқыланған бір мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Ол Балқұдық-Қарабайлы шекара бекетіне байланысты. Облыс орталығынан – 600, аудан орталығынан 300 км алыстағы Балқұдықтың халқына керек-жарағын алыстан арбаламай-ақ, 60 шақырымда ғана тұрған Ресейдің Қарабайлы ауданынан алған тиімді. Алайда, көз ұшында тұрған шекарадан өту оңай болмай отыр. Азғырлықтар Қарабайлыға бару үшін алдымен аудан орталығына, одан әрі Котяевка шекара бекеті арқылы Астраханға асуға мәжбүр. Қазіргі ереже бойынша Балқұдық-Қарабайлы өткізу бөлімшесінен өткісі келген адам аталған ауылдың ғана тұрғыны болуы керек және Қарабайлыдан әрі қарай Ресейдің басқа қалаларына шыға алмайды. Үш күннен артық көршінің жерінде болса, заң бұзды деп жауапқа тартылатыны тағы бар. Тамағы мен киімін Қарабайлыдан таситын халықты шекарадан 35 келіден артық жүк алып жүруге болмайтыны тағы қинайды. Сондықтан да Азғыр өңірінің тұрғындары шекараны кесіп өту орнының мәртебесі өзгеруін күтіп отыр. Осы бағытта сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің біраз жұмыс атқарғанын айта кету қажет. Өткен жылы Мәскеуде болған екі ел арасындағы үкіметаралық комиссия отырысында көлік саласындағы ынтымақтастық жайы қаралды. Оның ішінде Балқұдық-Қарабайлы бағытында екі жақты автокөлік бөлімшесін ашу мәселесі де бар. «Биылғы мәжілісте де сөз болғанымен, комиссияның шешімі біздің қолайымызға келмей отыр, – дейді ҰҚК Шекара қызметi шекаралық бақылау өңiрлiк басқармасының бастығы Данияр Мальчубаев. – Ресейдің Көлік министрлігі бұл ұсынысқа қолдау көрсетті, бірақ Федералдық қауіпсіздік қызметі қарсылық танытты. Шекарадан өтушілер саны аз, сол себепті оның мәртебесін өзгертудің қажеттілігі жоқ, деп отыр көршілеріміз». Жақында Атырауда Парламент Сенаты мен РФ Федерация Кеңесінің ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының отырысында да осы мәселе қаралды. Енді алда Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Ресей Үкіметі төрағасының бірінші орынбасары қатысатын үкіметаралық комиссия отырысы бар. Екі елдің Президенттерінің қатысуымен өтетін шекаралық аймақтардың ынтымақтастығы жөніндегі кездесуден де азғырлықтар үлкен үміт күтіп отыр. Азғырдағы жиынға қатысқан Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Ғилымов та бұл ұсыныс жүзеге асса, халықтың игілігіне қызмет етер еді деген ойда. 

«Неге біздер у ішеміз суаттан?»

Азғырлықтар Қоянды топтық су құбыры арқылы берілетін жер асты суын тұтынады. Бұған қол жеткізу де ұзақ хикая болды. 2012 жылдың сәуірінде Азғырда болып, мәселенің шынымен қиын екеніне көз жеткізген Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев сенатордың ұсынымен бұл жолы тағы да ауылға келді. «Қоянды топтық су құбырының құрылысы біраз ізге түскенімен, күрмеулі тұстар әлі де бар», – дейді Ислам Әбішев. – Мысалы, бір шақырымның үстіндегі электр бағаналары Ресей жерінде қалып қойған. Ол жерлердегі электр желісінде ақау болған кезде қиындықтар туындайды. Суға қатысты проблемалар жыл соңына дейін шешімін табады. Құрманғазы бөлімшесіне біраз техникалар қажет екен. Үштаған мен Асан ауылдарына су тартуға аудан әкімдігі қажетті құжаттар дайындаса, республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға жұмыстанамыз».  Ауыл халқы соңғы кездері судың дәмі мен түсінің бұзылып кеткеніне алаңдайтындарын айтады. Балқұдық ауылында тұратын Сағынғали Сақибиденов Азғырдың геоэкологиялық жағдайына кешенді зерттеу жүргізілсе, су мен топырақ, ауаның тазалығына көңіл бөлінсе дейді. Қанша дегенмен, бұл аймақта 17 жерасты жарылысы болғанын ұмытпауымыз керек... Бір жақсы жаңалық – жыл соңына дейін Азғыр өңіріне табиғи газ беріледі. Сөйтіп, қыста қи жағып, тезекпен үй жылытатын ауыл бір азаптан құтылады.  Азғырдағы жиынға Энергетика министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфықар Жолдасов, Ұлттық экономика вице-министрінің кеңесшісі Тілеуғазы Беспалиновтар да қатысты. 

Түйін

Қазақ жерінің бір бұрышындағы Азғыр өңірінде 7 мыңға жуық халық тұрады. «Бүгінге дейін 73 отбасы көшіп кетті. Жылына кем дегенде 10-15 үй қаңырап бос қалады, – дейді аудандық мәслихат депутаты Мансур Қуаншалиев. – Жол шалғай, жағдай қиын болса да, атакүлдігінен алыстағысы келмейтін ағайынның мұң-мұқтажына көңіл бөлінсе дейміз».  Иә, көрші елмен барыс-келіс жолға қойылып, әлеуметтік мәселелері шешім тапса, азғырлықтардың ел ауа көшуге құлықтары да жоқ. Олар үшін ата-бабаларының қаны тамған жер қасиетті. XXI ғасырда, өркениеттен алыстау қоныста отырған елдің ерлігіне біз де лайықты жауап беруге тиіс шығармыз. Ауылды тоздырып, шекараны жалаңаш тастау жақсылық емес...

Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Суретті түсірген Еркін БОЗЖІГІТОВ