• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Шілде, 2017

Экономиканы нығайту кілті

355 рет
көрсетілді

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауы негізінен бизнестің өрісін өсіруге бағытталған. Кәсіпкерліктің көкжиегін көтеру ісі де осы қатарда тұр. Биылғы Жолдаудың басты өзгешелігі – бұл мәселелердің әлемдік ауқымдағы бүгінгі заманғы үрдістермен тығыз ұштастырылуында. Бүгінгі күні жаһандық нарықтың коньюнктурасы секірмелі сипат алуда. Әлемдік деңгейдегі экономиканың құрылымдары терең өзгерістерге тап болуда. Оның басты себептерін мүлдем тың, тосын, жаңа технологиялардың енгізілуінен іздеуге болатын секілді. Ақтөбе облысы кәсіпкерлері палатасының директоры Нұрлыбек МҰҚАНОВПЕН тілшіміздің әңгімесі осындай бағытта өрістеді.

– Нұрлыбек Бекболатұлы, бүгінде әлемдік бизнес алақұйын жағдайды бастан кешуде. Осындай жоғары-төмен балды өзгерістердің легі отандық бизнесті де шарпып отырғаны анық. Ендеше біз де мұндай өршілдік пен жаңашылдықтан тыс қала алмайтын шығармыз. Бұған не дейсіз?

– Кең әрі терең түрде ойлай білгеннен еш уақытта кем болмаймыз. Отандық бизнес өзімен-өзі томаға-тұйық жатқан арал емес. Сондықтан да Президент ел бизнесіне қатысты мәселелерге баса назар аударып отыр.  Егер өткен ғасырда әлемдік ауқымдағы ең ірі әрі ең бай компаниялар өндірістік салада болған болса, қазіргі кезде бұл бағыттың буыны былқылдап, негізгі басымдық ІТ, яғни ақпараттық технология саласында жұмыс істейтін компанияларға қарай ауыса бастады.  Бүгінгі күні ІТ технология жеті мильдік аршынды адыммен төске өрлеп келеді. Оны қолдану аясы да күннен күнге өсе түсуде. Президент өз Жолдауында әлемдегі енгізілген барлық жаңа технологиялар нақ осы ІТ-технологиямен байланыс­ты екенін отандастарымызға қарапайым тілмен ұғындыра білген. Осының арқасында елімізде еңбек өнімділігі артып келе жатқанына ешкім күмән келтіре алмайды. Мұндай жағдайда адам факторына орын қалмайды. Қараңыз, бүгінгі күннің өзінде жүргізушісі жоқ автомобильді өндіріске енгізу қадамдары жасалып жатыр емес пе? Солай екен деп жолаушылардың қауіпсіздігіне алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Таптырмас технологияның мұндай түрлері тек өнеркәсіптік жүйеде ғана емес, сонымен бірге қызмет көрсету саласына да енгізіле бастады. 

Жолдауда бірінші басымдық экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына берілуінде осындай терең мән бар. Бұл жағдайда аталған салада бизнесті өркендетуге тың серпін берудің мүмкіндігі мол. Әрі осы арқылы тұтастай ел мен өңірлер экономикасын бәсекеге барынша қабілетті етіп, қайта құруға болады. Жалпы, әлемдік талаптар мен стандарттарға жауап бере білу деген мәселе де дәл осы арадан туындайды. Қазірдің өзінде республикада оның оң мысалдары бар. Астанадағы халықаралық технопаркті ІТ-технологиясы бойынша құру жобасы осы жаңа істің бастамасы болып табылады. Елбасы атап көрсеткендей, бұл технопарк әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болмақ. 

– Біз Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінгі заманғы, қашанда достыққа арқа сүйейтін, кім-кімге де ашық түрдегі Қазақстанды құру қамындамыз. Жолдау жолдарынан осы шындыққа көз жеткізе алдыңыз ба?

– Өте орынды сұрақ қойып отырсыз. Сіздің айтып отырғаныңыз мәселенің тек бергі жағы десек, көңіліңізге ала қоймассыз. Бүгінгі күні әлемдік қоғамдастық бізді дамушы әрі болашағы зор ел ретінде тани бастады. Егер ойымды әңгімеміздің басты тақырыбы бизнеске қарай бұрсам, бүгінгі күні «Маde in Kazakhstan» деген тауарлық белгі соғылған азық-түлік өнімдері барша әлем жұртшылығына ұсыныла бастады десем, шындықтан алшақ кете қоймаспын. Мұны біріншіден, Мемлекет басшысының отандық өнімді қолдай білуінің нәтижесі әрі оған деген шын жанашырлығының көрінісі деп ұғынуымыз керек. Сөз жоқ, мұндай қолдау агроөнеркәсіп кешенін қоса алғандағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға үлкен септігін тигізе алады. 

– Жолдауда көрсетілген екінші басымдық бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту екені белгілі. Сонымен бірге Президент елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде елу пайызға жеткізу міндетін қойды. Осы өте өршіл мақсатқа байланысты не айтар едіңіз?

– Менің ойымша дәл осы басымдықта отандық бизнесті дамытудың барлық жинақтаушы факторлары түгелге дерлік қамтылған. Кәсіпкерлер палатасында қызмет жасай жүріп мен іс жүзінде қаржылық қолжетімділік мәселелерімен күн сайын бетпе-бет келіп жүрмін. Бизнес ортаның өкілдеріне әртүрлі негізсіз талап қойғысы келетін тексеруші органдар да кездесіп тұрады. Тіпті екі арада қосымша жүктеме арқалайтын сәттеріміз де жеткілікті. Сондай-ақ, әртүрлі тексеруші органдардың тым біржақты шешім қабылдайтын кездері де жоқ емес. Мұндай жағдайда кәсіпорынның келешектегі тағдыры күмәнді болып қала бермек. Айтайын дегенім, бизнес өкілдеріне алаңсыз өнім өндіруге жағдай туғызылса, Елбасы айтқандай, көрсетілген міндетке қол жеткізуге әбден болады. 

Біздің палата 2013 жылдың қазан айында құрылған еді. Содан бері сот сатылары арқылы 6,5 миллиард теңгенің мүліктік құқы қорғалыпты. Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдау керектігі жөнінде тапсырма бергені үлкен сенім туғызады. Мұндай жағдайда ел экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін Президент көрсеткен межеге жеткізу мүмкіндігі де біршама жақындай түседі.

Біз палатаның өңірлік құрылымы ретінде бұл бағыттағы іс-шараларымызды жергілікті бизнес қауымдастығымен бірлесіп жүргізуге тас-түйін әзірміз. Өйткені біз бизнесті дамыту арқылы тұтастай ел экономикасын дамыта аламыз деп есептейміз. Ал өз кезегінде жалпы экономикамыздың дамуы ортақ Отанымыз – Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне негіз қалайды деген ойдамыз. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН,  «Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы