• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Шілде, 2017

Қураған ағаштан қалай құтылуға болады?

1221 рет
көрсетілді

Журналист Болат Мәжиттің «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Қураған ағаш құлайды» (№39 (29020) 24.02.2017 ж.) атты мақаласы орман шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген маман әрі Алматы қаласының тұрғыны ретінде бізді де алаңдатпай қоймады.

Өз ойымызды әріден бастағанды жөн көрдік. Әсем қаланың көгал­дандыру тарихы 1868 жылдан бас­тау алғаны, яғни ең алғаш Курск об­лы­сынан қоныс аударғандар бақ шаруашылығымен айналыса бас­тағаны көпшілікке мәлім. Верный қаласы көгалдандыру жұмысының тез қарқынмен жүруіне генерал-губернатор Колпаковскийдің де еңбегі сіңді. Сол уақыттарда көше бойына арықтар қазылып, теректі тез өсетін ағаш ретінде таңдаған сияқты. 

Ал 1874 жылы Е. Редько деген қоныс аударушы шаруа адам Ресей­дің орталығынан алманың көшетін әкеліп, оны жергілікті жаба­йы алмамен будандастырады. Нәти­жесінде, аты әлемге әйгілі апорт пайда болып, қаланың аты Алма-Ата болып өзгертіледі. 20-шы жылдардың басында, яғни 1918-1919 жылдардағы қыста болған қатты суықтың әсерінен облыстағы бақ шаруашылығының жартысы үсіп кетеді. Сонымен қоса, асығыс қабылданған іс-шаралар да бой көрсетіп, отырғызылған тоғайлар, тұқым­бақтар, бақтар тәркіленіп, әлеу­меттік-экономикалық теңестіру ретін­де, қайта бөліп беріледі. Нәти­жесінде Алматы қаласы мен іргелес аудандардағы бақ шаруашылығын қайтадан қалпына келтіру жұмыс­тары пәрменді жүріп жатты. Қаланың бас сызбасын жасау барысындағы «Алматыбасжоспар» институтының мәліметтеріне сүйе­нер болсақ, 1980 жылдың соңында барлық санаттағы алқаағаштардың жалпы ауданы – 5704 га, яғни қаланың жалпы ауданының 30%-ын алып жатты. Жалпы пайдаланудағы алқаағаштар – 719 га немесе бір адамға шаққанда 50,4 м2 көгеріштен келген.

Көгалдандырудың бас жоспары­ның негізінде жасыл алқаағаштар дамуының негізгі концепциясы жасыл қордың экологиялық және рекреациялық функцияларына баса көңіл бөлу болып табылды. Осыған байланысты көгалдандырудың тор­ланған жүйесі ұсынылды. Ма­ман­дар көгалдандыру жүйесінің негізгі элементтері ретінде өзен­дерді саябақ, тынымбақтар мен бульварлардың ендес орналасуы­мен үйлестіре білді, ақырында тік­бұрышты орналасқан торлар – көгал­дандырылған көшелер пай­да болды. Негізгі магистраль бой­ларына жасыл желектері тығыз орналасқан, жапырағы мол, биік ағаштармен (емен, қарағаш түрлері, терек) қоса, үйеңкі, шаған және бұталы өсімдіктердің кейбір түр­лерін (жөке, ұшқат, қызыл бұта) 2-3 қатарлап отырғызылды. Бұл жүйе таңертеңгілік таудан соққан самал желдің көше бойымен кедергісіз өтуіне және кешке солтүстіктен, яғни Алматының төменгі жағынан кері қайтуына ықпал етіп, ауа айна­лымын жақсартуға әсерін тигізді. Ал осы үлкен көшелерді көл­­ден­еңінен қиып жатқан кішірек көше­лердің бойына желектері сел­дір орналас­қан қайың, қар­мала, қара­ған, т.б. ағаш-бұталы өсімдіктер егілді. Сөй­­тіп, оң­түстіктен солтүстікке б­ағыт­­талған желдің оңға-солға кедер­гісіз енуіне жағдай жасалды.  Бұрынғы Алматының ауасының таза болуы, біріншіден, биік үйлер құрылысының жүйеге сәйкес дұ­рыс жоспарлануынан, екіншіден, жасыл алқаағаштар ассортименті­нің дұрыс таңдалып, жүйелі түр­де отырғызылуынан, үшіншіден, көлік­тердің, жылу-энергетикалық кәсіпорындардың, т.б. көп бол­мағандығынан деп ойлаймыз. Ал қазіргі таңда ауаның ластануы бойынша қала алдыңғы қатарда тұр, әрине, бұл өкінішті. Басты себеп, бұрынғы тікбұрышты түзу магистральдардың орнын қисық көшелер мен даңғылдар басып, орналасуы бойынша нормаға сәйкес келмейтін, қалай болса солай бой көтерген биік үйлер ауа айналымын бұзуда. Сондықтан, қаланы қою қара түтін басты, оған күн санап өсіп жатқан автокөліктер санының артуы қосымша себеп болуда. Осындай проблемаларды шешу жолдарының бірі – қаладағы сая­бақтардың, тынымбақ, бульвар­лар­дың, тоғай­лардың санын көбейту. 

Жасыл желектер, оның ішінде ағаш-бұталы өсімдіктер, гүлдер, көгал-шөптер – барлығы ауадағы шаң-тозаң, көліктен шыққан улы газдарды бойына сіңіріп, қоршаған ортаны тазартып тұратыны бар­ша­мызға мәлім. Әйткенмен, алқа­ағаштарымыздың қазіргі жайы сын көтермейтін жағдайда тұр. XX ғасырда отырғызылған жапырақты ағаштар, әсіресе, қарағаш, терек­тер қартайғандықтан, сәл жел болса құлап, адамдарға қауіп төндіріп жатқаны рас. Аталған ағаш түрлерінің орташа тіршілік ұзақтығы, Алматы жағдайында, 60-80 жыл деп есептеуге болады, ал бұлар­дың дәл қазіргі кездегі жасы бір ғасырға таяп қалды. Ағаштардың тез қурауына дер кезінде күтім бол­мауы да әсерін тигізбей қойған жоқ.  Біздің ойымызша, қаланың көше­лері мен даңғылдарында немесе қала сыртындағы Алматы – Қор­ғас, Алматы – Талғар күре жол­­дарының жиегінде өсіп тұр­ған ағаштар болсын, олардың қар­­тай­­ғандарын, көшеге қарай қи­са­йып өсіп, көлікке немесе жаяу жүргіншілерге, сол маң­дағы орналасқан үйлерге, бағдар­шам­дарға қауіп төндіріп тұр­ған, дің­дері ауруға ұшыраған ағаш­тар­ды бірінші кезекте түбімен кесіп тастау қажет. Бұларды стан­дартқа сай келетін, биіктігі 3 метр­ден кем емес, жапырақты ағаш­тар­дың ірі көшеттерімен алмастыру керек.  Үлкен ағаштарды алып тастап, орнына сол мезетте ірі көшет отырғызса, күнделікті көз үйрен­ген қала тұрғындарына да аса бай­қалмайды, олар да дұрыс қабыл­дайтын болады. Әйтпесе, ағаштарды қырқып, отап жатыр деген сияқты түсінбеушіліктен туындайтын қате ойлар қалыптасуы мүмкін. Тағы бір айта кететін жайт, қырқуды жақсы көтеретін ағаш түрлерінің (қарағаштың барлық түрі) жасыл желегін түзулеп неше түрлі пішінде қиюластыруға да болады. 

Көшет түрлерін таңдауда қате­­­лік жіберіп жататын тұстар кез­­­­деседі. Оған мысал, орталық көше саналатын Фурманов көше­сі бойы­на (Сәтбаевтан Абай даңғы­лы­на дейін) кәдімгі қарағайды отыр­ғызған. Бұл ағашты, негізінен сая­бақ­тарда топтастырып немесе шипа­жай­лардың, ауруханалар­дың аума­ғы­на қатарлап отырғызған жөн. Себебі, оның қылқандары­нан бө­лінетін ұшқыш зат (фитонцид) қы­ды­рыстап, демалып жүрген адам­дар­дың өкпесіне пайдасын тигі­зеді, микробтарды жояды. Ал көше бойындағы қарағайлар көлік­тен шыққан газдармен тұн­шығып, өз функциясын атқара алмай, діңдері жалаңаш, сидиып, көріксіз болып тұр. Оның орнына, жапырақ­­тары шаңды жақсы ұстайтын, газға төзім­ді, жасыл желегі шуды баса­тын, жаяу жүргіншілерге жазда көлеңке болатын ағаштар (қармала, атбасталшын, шынар түстi үйең­кi, т.б.), сондай-ақ, кейбір қыл­қан­ды ағаш түрлерін (кәдімгі шыр­ша, тіке­нек­ті шырша, сібірлік бал­қара­ғай, дәрі­арша, күнбатыс туя, т.б.) және бір­қатар бұталарды (ұш­қат, жұпар­гүл, итмұрын, шәң­кiш, скум­пия, фор­зи­ция, ырғай, т.б.) отырғызу қажет.  Жалпы, қала жағдайындағы жасыл алқаағаштарды қалпына кел­тіру үшін күтім жасау мақ­сатында жүргізілетін қырқу, кесу жұмыстарын бірнеше тәсілдер­мен атқаруға болады. Бірақ, бұл іріктей әдісімен, біртіндеп, кезекпен, яғни қартайған, қураған, т.с.с. ағаштардың орнын неғұр­лым бағалы және көрікті ағаш түр­лері­мен алмастыру арқылы жүзеге асырылуы қажет.

Болат МҰҚАНОВ,  «Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы, профессор, Бағила МАЙСУПОВА,  жетекші ғылыми қызметкер, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының кандидаты