Таяуда Шардара қаласының орталығындағы Н.Оңдасынов атындағы көшенiң бойына белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерiнiң ескерткiшi орнатылды. Қаланың көрiктi жерiнен бой көтерген еңселi ескерткiштiң ашылу салтанатына Астана мен Алматы, Шымкент қалаларынан және облысымыздың барлық аудандарынан өкілдер, ақын-жазушылар, ел ағалары, республикалық, облыстық БАҚ өкiлдерi қатысты.
Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасынов 1904 жылдың 26 қазанында Түркiстан ауданындағы “Үшқайық“ ауылында дүниеге келген. Ата-анадан ерте айырылған бала Нұртас екiншi анасы Дәрiгүлдiң қолында тәрбиеленедi. 1920 жылы Ташкенттегi жетiм балаларға арналған интернатта Ғани Мұратбаевтың қолында оқыды. Бiр жылдан кейiн комсомол қатарына өткен зерек жас 1926 жылы Коммунистiк партия қатарына өтедi. Техникум, институт тәмамдады. 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Кеңесі атқару комитетiн басқарады. Осы жылы Қазақстан КП облыстық комитетiнiң бюро мүшесi, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi депутаты, Қазақстан КП II съезiне делегат болып сайланды. Осы жылдың шiлде айында Қазақстан КП ОК Бюро мүшелiгiне өтiп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң бiрiншi сессиясында Қазақ КСР Үкiметiнiң төрағасы болып тағайындалды. Н.Оңдасынов бұл қызметтi 1951 жылға дейiн атқарды. 1951-1953 жылдары КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебiнде оқыды. 1954 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасы болып сайланды.
Н.Оңдасынов мұнан соң екi жыл Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитетiнiң төрағасы, 5 жыл Қазақстан КП Гурьев облыстық комитетiнiң бiрiншi хатшысы қызметтерiн атқарды.
Н.Оңдасынов зейнеткерлiкке шыққаннан соң өмiрiнiң соңына дейiн ғылыми жұмыстармен шұғылданды. Осы мезгiлдерде III томдық “Арабша-қазақша“, III томдық “Парсыша-қазақша“ түсiндiрме сөздiктерiн жазды. Ескерткіш орнатуға лайықты тұлға.
«Егемен-ақпарат».