Елбасы білім тереңдеткен, өңір өндірісінің мыңдаған мамандарын қанаттандырған, халқымыздың аяулы тұлғасы Әлімхан Ермеков сабақ берген, жоғары оқу жүйесінің ірі ұйымдастырушысы академик Әбілқас Сағынов ұзақ жыл басшылық еткен, кезінде кеңестік кеңістікте танымал болған Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті еліміздегі белді де беделді озық білім ұясы ретінде алысқа аян. Мұнда бүгінде 5 мыңнан астам жігіт пен қыз оқиды. Дамудың жаңа кезеңіндегі істерді қолға алатын олардың білікті инженерлер болып шығуына барынша жағдай жасалған. Бұл жөнінде университет ректоры, ҰҒА академигі, химия ғылымдарының докторы Арыстан ҒАЗАЛИЕВТІҢ әңгімелеп беруін өтінген едік.
– Арыстан Мәуленұлы, алдымен сізді оқырмандарға кеңірек таныстырып өтуді жөн көріп отырмыз. Оны өз аузыңыздан естісек дейміз.
– Мектеп қабырғасындағы оқушы кезімде-ақ химия пәніне ықыласым айрықша болатын. Ақыры ғылымның осы аса бір қызғылықты саласы құпия-сырын тереңдеп білуге деген аңсарым соған алып келді. Бүткіл еңбек, соның ішінде ғалымдық жолым жүрек қалауыма түпкілікті беріккен сүйікті ісіммен тығыз байланысып келеді. Бұдан біраз жылдар бұрын докторлық диссертация қорғалған соң ғылыми ізденіс тереңдетіле түсті. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Қарағандыдағы Органикалық синтез және көмір-химия институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болу кезде зерттемелік іс жан-жақты жүргізілді. Атап айтқанда, жіңішке органикалық синтез қосылысындағы биологиялық белсенді заттардың синтезі, алкалоидтар химиясының, фармакология және кванттық химия салалары бойынша жаңа ғылыми бағытты дәйектегенім үшін білім беру, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атануым тыңғылықты ізденістің жемісі деп білемін. Қазір ректорлық қызмет көп уақыт алатын болғанымен ғылыми белсенділікті босаңсытып жүргенім жоқ.
– Соған тоқталып өтсеңіз.
– Талапты шәкірттерімнің бірі, химия ғылымдарының докторы Дмитрий Хрусталевпен бірлесіп микротолқынды сәулелендіру жағдайларындағы органикалық қосылыстар синтезімен байланысты бағыттағы зерттеме жетілдіріліп, тереңдетілу үстінде. Оның нәтижесі халықаралық әйгілі «Lambert Academic Publishing» атты ғылыми әдебиет басылымда монография түрінде жарияланды. Таяу арада ағылшын және неміс тілдерінде жарыққа шығады. Шетелдік мамандар тарапынан да назар аударылуы зерттеуіміздің іргелі екенін танытарлық. Жалпы алғанда, біраз жылдар бойындағы шығармашылық жолда 690-нан астам ғылыми мақала жазылды. Бәрі жинақталып, кітапқа енгізілді. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында оқулық ретінде пайдаланады. Ұстаздық міндетімді ұмыт қалдырмай бір жағынан дәріс оқып, сабақ беруді жалғастырып келемін.
– Сіздің мұның алдында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болғаныңызды білеміз. Оны аз уақыт ғана басқаруыңыздың өзінде елдегі білім ошақтары арасында рейтингісі 17 орыннан 4 орынға көтерілген екен. Ал Қарағандыда еңбегіңіз жануы қалай?
– Бұл өзіндік даңқты дәстүрі бар озық оқу орны болып табылатындығын мақтанышпен айта аламыз. Сондайлық мәртебесін одан сайын биіктету мерейлі мақсат. Жоо-лар арасында материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогикалық шеберлікті күшейту, инновациялар арқылы оқыту бойынша ғылыммен байланыстарын жандандыру, ақпараттық білім беру сапасын жақсарту жағынан алдыңғылардың қатарындамыз. Бізде Қазақстанда тұңғыш рет орталық және солтүстік аймақтағы 52-ге тарта жүйе құраушы кәсіпорындарды біріктірген 6 корпоротивті университет құрылып, жұмыс істейді. Сонымен бірге 7 ғылыми-зерттеу институты, 35 зертхана, 3 ғылыми және ең үздік инженерлік бейіндегі 10 орталық, 4 инновациялық әрекеттегі ғылыми-техникалық кешен оқытушылар мен шәкірттер игілігінде. Аумағы 4 мың шаршы метрді қамтыған «НІ Тесһ» жоғары технологиялар аймағы құрылды. «Политех» техносаябағы есігі зерттеушілерге әрдайым ашық. Кәсіпорындар тапсырысы орындалады, шаруашылық шарттар жасалады. Соңғы үш жыл ішінде аталған кейінгі шара көлемі 9,5 есеге ұлғайып, былтыр 701 миллион теңгені құрады. Ғылыми жобаларды коммерциялизациялау жылдан-жылға ұлғаюда.
Осы соңғы екі жылда қазіргі заманғы компьютерлермен жабдықталған электронды оқу залы, мұражай, Ш.Құдайбергенов, академик Сағынов атындағы «Тілдердің үш тұғырлығы» орталығы, «Білім беру мен ғылымдағы инновациялар» көрмесі сияқты жаңа құрылымдық бөлімшелер ашылды. Жүйелі кәсіптік бағдарлау шарасы тәртіпке келтірілді. Университет өз қабырғасында мамандық меңгеруге құштар шәкірттер бойынша өте тартымды оқу орны саналады. Олардың пән мен оқытушыны еркін түрде таңдау құқын кеңейту, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ету үшін Болон процесіне қатысушы университеттердің Ұлы Хартиясына, әлемнің жетекші оқу орындарымен ынтымақтастық жөнінде 100-ге жуық меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ халықаралық TEMPUS, Erasmus, Mundus Синергия, білім беру жобаларына қатысады. Соңғы үлгідегі ақпараттық қондырғылар мен құрал-жабдықтар жетіп артылады десек, асыра айтқандық емес. Студенттердің білімін таразылауда технологиялық жетістіктер қолданылады. Бәрі электронды құралдарға бағындырылған. Бұл пара ұсыну, біреулердің делдалдығына сүйену тәрізді теріс қылықтардан арылтып отыр.
– Біз білетіндей оқыту ғана емес, облыстың өндірісін өркендетуге, ондағы өзекті мәселелерді шешуге қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарының құлашы кең. Солардың бірімен таныстырсаңыз.
– Иә, бәрін тізбелеп жатудың қажеттігі бола қоймас. Мәселен, шахталардағы метан газын кәдеге жарату жайы бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келді. Көмір өндіру кезінде оның үлкен қаупі бар. Абайсыздағы от ұшқыны өртке, ол өршісе жарылысқа апарып соқтыруы мүмкін. Оны пайдаға асыру осындай қатердің алдын алуға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мұны бір десеңіз, екіншіден, арзан энергиялық ресурсты құруға мүмкіндік береді. Яғни метанды «көгілдір отын» орнына қолдануға болады. Көмір өндірісінің майталманы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Николай Дриждің бастамашылығымен сол бағыттағы зерттеу жұмыстары аяқталып қалды. Университет облыстық әкімдіктің қолдауы арқылы австралиялық «Dart energy» компаниямен бірлесіп «Метан» жобасын іске асыруды қолға алды. Немесе өнеркәсіп қалдықтарынан беріктігі мықты әрі қолдану мерзімі ұзақ бетон жасау да игерілгелі тұр. Ал «Гидродинамикалық жылытқыштар» инновациялық жобасы Астанада сынақтан жақсы өтті. Орталық жылу жүйесінен аулақтау нысандар үшін автономды жылу қуаты көзі болып табылатын мұндай құрылғылар былтыр «Алтын сапа» сыйлығымен аталып өтіп, Үкімет үйін жылытуға қойылды. Өндіріс пен ғылым байланысын тығыз сабақтастырған, бір-біріне ықпалы зор мұндай ізденістер оқу орнымыздың маңызды бір бағыты.
Университет әлемнің танымал білім ордалары қатарында. Биылғы ғаламдық испан вебметрикалық рейтингінің мәліметтері бойынша басқалардан оқ бойы озық көрінсе, ал Top 12000 world Ranking рейтингісінде 4098 орынды иеленді. Бұл қазақстандық жоо-лар арасында үздік көрсеткіш. Рейтинг демекші, оқытушылардың білім беру сапасы сол арқылы бағаланады, соған сәйкес еңбекақысына 20-дан 70 пайызға дейін үстеме төлем тағайындалады. Елдегі инновациялық бағытталған оқу орындарының алғашқы ондығына кірді. Білім беру сапасын өскелең өмір талабына сай жоғары деңгейге көтере түсуде алда ауқымды міндеттер бар. Экономиканың қарышты қарқынмен дамуы, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі, жаңаруға ұмтылыс болашақ инженерлер кадрының білікті болуын қалайды. Сондықтан ертең іс тетігін ұстайтын азаматтардың мамандықтары қыр-сырларына жетік даярлануы жолындағы жаңашыл істерді ширата бермекпіз.
Әңгімелескен Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.