Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің қолдауымен және Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Полиэтносты қоғамдағы медиация: теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар-практикум болып өтті.
Оның жұмысына Болгария, Испания, Қазақстанның халықаралық сарапшы-медиаторлары, жетекші ғалымдары мен сарапшылары, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің, Журналист-сарапшылар клубының мүшелері, аймақтардың ғылыми-сарапшылық топтарының жетекшілері, этномәдени бірлестіктер басшылары, Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Астана қаласындағы басқа да оқу орындарының оқытушылары мен магистранттары қатысты.
Пленарлық отырыста сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары В.Вишниченко, Л.Хочиева, ҚХА Журналист-сарапшылар клубының төрағасы Ғ.Шалахметов еліміздегі медиация жайынан жан-жақты ақпарат берді.
Е.Тоғжанов сөзінде еліміз тарихындағы қоғамдық қарым-қатынастың өзі тұрақты мемлекеттің қалыптасуына және салты мен дәстүрі сақталуына үлкен ықпал еткендігін ерекше атады. Медиацияны екі арадағы қарым-қатынасты реттеу шарасы ретінде қарастыруды ұсынған ол оның қазақ даласында, еларалық, мемлекетаралық және руаралық қарым-қатынастарда үлкен рөл атқарғандығын тілге тиек етті. Полиэтностық мемлекеттегі Ассамблеяның нақты жұмыстары медиация деген терминге толығымен жауап береді. Мәселен, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері өңірлерге шығып, көптеген түйткілді мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қосып, медиатор болған кездері де аз емес. Қазақстан халқы Ассамблеясының тиімді жұмысы оған өкілеттік берілуінде, деді Е.Тоғжанов.
В.Вишниченко қазіргі таңда әр түрлі қауіптердің белең ала бастауынан көптеген елдердің этносаралық татулықтың маңызын түсіне бастағандығын алға тартты. Сондықтан медиация Қазақстан үшін ғана емес, әлем үшін де маңызды болып табылады. Осы ретте Қазақстан тарапынан «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың қаңтарында қабылданғанын айта кету керек. Этносаралық дауларды ешқашан саяси мәселеге айналдыруға болмайды. ҚХА бүгінгі таңда азаматтық қоғам мен билік арасын байланыстырушы медиаторға айналып отыр.
Әріптесінің сөзін толықтырған Л.Хочиева еліміз ядролық қарудан бас тартып, әлемдік қоғамдастық сеніміне ие болып, қазіргі таңда этносаралық қарым-қатынас саласында медиатор рөлін атқарып келе жатқандығын ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстан ИЫҰ басқару арқылы мұсылман әлемі мен еуропалық өркениет арасын жалғаған медиаторға айналып отырғанын атап көрсетті. Депутат осы орайда Қазақстан кез келген шиеленісті шешу алаңына айналып келе жатқандығын баса айтты. Сондықтан медиация институты барлық жерде қажеттілікке айналуда, деді ол.
ҚХА Журналист-сарапшылар клубының төрағасы Ғ.Шалахметов бұқаралық ақпарат құралдарының этносаралық жағдайға қалайша әсер ететініне мысал келтіре отырып, медиацияның дау-жанжалдарды өркениетті жолмен шешуге ықпал жасайтын біріктіруші факторына үңілді.
Бұдан кейін сөз алған отандық сарапшылар қоғамдық қатынастар саласында кәсіби медиаторларды дайындау уақыт талабына айналғандығымен бөлісті. Осы ретте қазақстандық сараптамалық-талдау орталықтары – Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының және ЦЕССИ-Қазақстан институтының негізінде Халықаралық медиация орталығы құрылғандығы белгілі болды.
Халықаралық сарапшылар және медиаторлар – К.Охридский атындағы София университеті саясаттану кафедрасының профессоры Татьяна Дронзина (Болгария) мен Гранада университетінің профессоры, медиация бағдарламасының жетекшісі Антонио Лозано (Испания) этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің демократия мен делдалдықтың тиімді құралы ретіндегі маңызына тоқталып өтті.
Осылайша халықаралық ғылыми семинар-практикумда медиацияны пайдаланудың техникалары мен тетіктері жан-жақты талқыланды. Бүгін осы мәселе бойынша тренинг өткізіледі деп күтілуде. Соңынан оған қатысушылар халықаралық үлгідегі сертификатқа ие болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.