Кеше Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайтенің қатысуымен екі ел кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті. Сонымен қатар, оған «Атамекен» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов пен Литва Өндірісшілер конфедерациясының президенті Бронислав Лобис қатысты. Аталмыш шара Литва Республикасының Президенті Д.Грибаускайтенің елімізге ресми сапары аясында өткізілді.
Бизнес-форумда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов экономикалық тұрғыдан алып қарағанда Қазақстанда және Литвада өзара қолдау көрсету, сонымен бірге қос елдің бизнестері арасында екеуара толықтырып отыру үшін мүмкіндіктер молынан екенін жеткізді. «Литва Еуропалық Одақ мүшесі болып табылады. Еліміз үшін аталған одақпен тығыз қарым-қатынас орнату маңызды. Литва тарапынан Қазақстанмен ынтымақтастыққа барынша қолдау көрсетілетініне үмітіміз мол. Оның ішінде жақын арада Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуге Еуропалық Одақ жағынан қолдау боларына да үміттіміз», – деді ол. Сондай-ақ Премьер-Министр еліміз тарапы да тиісті қолдау шараларын атқаруға дайын екенін айта келе, екі мемлекеттің көлік әлеуетін пайдалану шеңберінде Литваға Қазақстан жағы Кеден одағы бойынша қолдау көрсете алатынын тілге тиек етті.
Премьер-Министр форумда сонымен қатар бюрократиялық кедергілерді азайтуда литвалық компанияларға көмек көрсетудеміз және көрсете береміз, бұл шаралар литвалық компанияның қызметі мен инвестициялары елімізде қомақты болуы үшін атқарылуда дегенді де назардан тыс қалдырмады. Бұл ретте Литва аумағында да Қазақстан инвестициясына осы тақылеттес қарым-қатынас болатынына үмітті екенін жеткізді.
Форум сан тақырыптағы бірнеше саланы қамтыды. «Атамекен» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы мен Литваның Өндірісшілер конфедерациясы Қазақстан-Литва іскерлік кеңесін құру туралы келісімді бекітсе, еліміздің Көлік және коммуникация министрлігі мен Литваның Көлік министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстан мен Литва арасындағы сауда-экономикалық байланыстар нығайып келеді. Статистикалық мәліметтер екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 176,5 млн. АҚШ долларына жеткендігін көрсетуде. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында ғана бұл көрсеткіш 165,3 млн. долларға жеткен. Оның 106,6 млн.-ы экспорт болса, 58,7 млн.-ы импорт болып отыр. Сөйтіп өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тауар айналымы екі есеге жақын ( 89,0 млн. доллар) артқан. 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін республикамызда литвалық капиталдың қатысуымен 160 бірлескен кәсіпорын тіркелсе, оның 91-і бүгінгі таңда жұмыс істеуде екен. Олар негізінен көтерме және бөлшек сауда, өңдеуші өнеркәсіп, байланыс және ақпарат, көлік және логистика салаларында қызметтер атқарады. Көлік транзиті ынтымақтастығы қос елдің өзара іс-қимылындағы маңызды бағыт болып табылады. Литва тарапы Қазақстанның көлік саласына инвестиция құюға, Клайпеда портына Қазақстан бизнесінің қайта оралуына және екі елдің темір жол құрылымдарының ынтымақтаса түсуіне мүдделілік танытуда. Бизнес-форумдағы негізгі әңгіме де осы байланыстарды әрі қарай дамыту бағытында өрбіді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.