• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2011

Парламентаризм парасаты

357 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің Австрия Республикасына сапары басталды Тәуелсіздіктің жиырма жы­лын­да тындырылған шаруа­лар­ды ой елегінен өткізе келгенде, солардың бәрінде Парламенттің өзіндік орны болғанын айқын ұғынамыз. Әсіресе, 1995 жылғы Конституция қабылданғаннан кей­інгі кезеңде билік тармақ­та­ры­ның ара-қатынасы жаңаша, сындарлы сипатқа ие болып, қос палаталы жүйенің айқын ар­тықшылықтары көрінді. Қазіргі таңда Парламенттің осы құры­лы­мы жалпыелдік және өңірлік мүдделерді жарасымды біріктіруге мүмкіндік беріп, кең ауқым­ды парламенттік үнқатысуды жолға қоюға, заңнамаларды жетілдіруге жақсы жағдай жасап отыр. Бұл орайда Мәжілістен кейінгі әрі салмақты сүзгі, әрі соңғы сарапшы міндетін атқа­ра­тын Сенатқа артылар салмақ та айрықша. Сенат басшылығына жүктелер жауапкершіліктің бө­лек­ше болатыны да содан. Сенат басшылығына келген аза­мат­қа артылар аманаттың ай­рық­ша болатыны да содан. Бү­гінде бұл абыройлы міндет Қайрат Мәмиге жүктеліп отыр. Енді, міне, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Сенаты­ның Төр­ағасы Қайрат Мәми осы жаңа, аса жауапты қызметінде алғашқы шет ел сапарына шы­ғып отыр. Австрияға. Зама­нын­да жар­ты Еуропаны жайлап жат­қан Австрия-Венгрия им­пе­рия­сының ас­қақ астанасына, қа­зір де Еуро­па­дағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымының штаб-пәтері орналасқан қалаға, яғни кәрі құрлықтың шартты түр­дегі саяси астанасына. Жаһан жанары тігілген бұл шаһарда көп мәселе шешіліп, талай түйін тар­қатылып жатады. Вена көпжақты дип­ло­ма­тияның маңызы жөнінен екінші халықаралық орталығы бо­лып саналады. Бірінші орталық БҰҰ штаб-пәтері орналасқан Нью-Йорк екенін өзіңіз біліп отырсыз. Венадағы МАГАТЭ, УНП ООН, ОДВЗЯИ, ОПЕК деген сияқты сан алуан ұйымдар­дың бірінің атом энергиясын бей­біт мақсатқа пайдалануда, бі­рінің есірткімен, қыл­мыс­пен күресте, бірінің ядро­лық сынақ­тар­ға тыйым салу жө­нін­дегі шарт­тың орындалуын қа­да­ға­лау­да, бірінің бүкіл әлемдегі мұнай экспортын үйлестіруде ерекше орны бар. Осы ұйым­дар­дың (біз атап жатпағандары да баршылық) бір қалаға шо­ғыр­лан­ғаны Авс­трия­ның ха­лық­ара­лық саясаттың сипатын а­йқын­дай­тын мем­ле­кет­тер­дің алғы шебінен табыларын танытады. Жалпы, қазір кәрі құрлық дағдарысты бастан кешуде демегенмен, қиналыс үстінде деу­дің еш артықтығы жоқ. Дефолт­қа ұшырап, бүк түсіп жатқан Ир­ландия анау, тап сондай қа­тер төніп, бүкіл Еуропа жабы­лып жүріп құтқарып қалуға жан­таласып жатқан Грекия анау, күні соған жетеғабыл бо­лып кете ме деген қауіп туғы­зып отырған Италия анау. Еуро күйресе, Еуропа да күйрейді демей-ақ қояйықшы, дегенмен, бұл жақтағы жағдайдың күрде­лі­лігін көрмеу мүмкін емес. Осын­дай жағдайда да эконо­микасы мығым мемлекеттердің бірі болып отырғаны Авс­трия­ның әлеуетінің күштілігін анық аңғартады. Біз осында келген күннің кешінде әлемге әйгілі Вена опе­ра­сында болған едік. Сонда елшіміз Қайрат Әбдірахманов театр­дың жеті қабатты балкондарын көрсете отырып, атақты Вена ба­лы кезінде балкондағы әр бөл­мешіктің құны ...40 мың еуроға дейін жететінін айтты. Әр бөлмешікте сегіз орын бар ғой дегеннің өзінде әр орынның бағасы 5 мың еуро болғаны да аз ба? Аз емес қой. Оның үс­ті­не Вена балына келгендер сол сегіз орынға ығы-жығы оты­ра­тын­дар емес қой, бір бөлмеде екі адам ғана отыруы да мүм­кін. Бұған сол балкон билет­те­рінің бірер ай бұрын сатылып кететінін қосып айтсақ, кешегі империя астанасының сән-салтанатын, яғни халықтың әл-ауқатын сезіне аламыз. Ал бұған осындай елдің өзінде кейінгі кезде әлеуметтік шығын­дар­ды қысқарту, салықты кө­бейту саясаты жүргізіліп жат­қа­нын қосып айтсақ, оған сегіз миллионнан сәл ғана астам ха­лықтың жарты миллионын қа­зір­дің өзінде мұсылмандар құ­рағанына байланысты соңғы жылдарда дінаралық ахуалдың ушығып кеткенін, бүгінде авс­триялықтардың 60 пайызы елде мешіттер, мұнаралар тұрғызуға қарсы екенін, 54 пайызы мемлекетке басты қатер исламнан төнгелі тұр деп санайтынын қо­сып айтсақ, Қазақстанда әлем­дік қаржы дағдарысы тұсында да әуелде уәде етілген жақ­сы­лықтардың – жалақы өсірудің, зейнетақы көбейтудің, шәкірт­ақы арттырудың жасалғанының қадір-қасиеті, біздегі тыныш ахуалдың, ұлтаралық, дінара­лық, тіларалық келісімнің баға­сы айшықты ашыла түседі. Тек солардың бәрі бірінен кейін бірі өзінен өзі келіп жатқандай, елдегі ахуал осылай болуға тиісті болғандықтан, осылай болып тұрғандай көрудің керегі жоқ. Айтқандай, мұсылмандар демекші, мұндағы мұсылмандар­дың 90 пайызы түріктер. Ал тү­ріктердің тарихта Венаны талай рет тітіреткені белгілі. Мұн­да­ғылар «Түріктер Венаға бай кезінде де келген, кедей кезінде де келді» деп әзілдейді екен. Жарты миллионға жуық түрік­тен осындағы парламентке жал­ғыз депутат қана сайлан­ға­ны да ойға қалдырмай қоймай­ды. Венада болашақта Әлемдік діндер мен өркениеттер үнқа­ты­суының орталығы ашылғалы жатқаны тіптен де тегін емес. Бұл да осы қаланың әлемдік сая­саттағы орнын арттыра тү­се­тін факторлардың біріне айналатын болса керек. Кеше таңертең салтанатты Хо­фсбург сарайында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми осы елдің Фе­де­ралды президенті Хайнц Фишермен кездесті. Төраға өз сөзін мем­лекет басшысының туған күніне орай Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тық­тауын жеткізуден бастады. Онда Қазақстан-Австрия қарым-қатынастарының жоғары дең­гей­ге жетуіне көңіл толушылық білдіріліп, осы істе Федералды президент атқарып келе жатқан ірі шаруаларға разылық сөздері, игі тілектер айтылған. Федералды пре­зидент Хайнц Фишер Елба­сы­мыздың құттықтауына алғысын айта келіп, «Мен өзімнің Қазақ­станға өткен жылдын желтоқсан айында жасаған сапарымды ай­рық­ша жылы сезіммен еске аламын. Сол жолы мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты көр­некті мемлекет қайраткері ретінде де, кең жүректі адам ретінде де жақынырақ тани түстім. Жа­қында Біріккен Ұлттар Ұйы­мы Бас Ассамблеясының сессия­сында Президент Назарбаевпен қайта кездескеніме қатты қуанып қалдым», деді. Хайнц Фишер – әлемдік саясаттағы танымал тұлғалардың бірі. Социал-демократтардың отыз жыл бойы қолы жетпей келе жат­қан Федералды президент қыз­ме­тіне осы кандидатураны қолдау арқылы 2004 жылы қолы жеткенін, ал 2010 жылы өткен сайлауда Хайнц Фишердің бұл қызметке сайлаушылардың 80 пайыздық дауысын алғанын айтсақ, көп жай аңғарылады. Х.Фишер ой­шыл жазушы ретінде де белгілі. Оның дипломатиялық дарыны 1990-2002 жылдар ішінде Ұлт­тық кеңестің төрағалығы қызме­ті­не қайта-қайта сайланған тұ­сын­да айрықша танылыпты, сол кезде Парламенттің фракциялары арасындағы дау-жанжалдарды жай­ғастырудағы шеберлігі, мәмі­ле­герлік мәдениеті үшін «Соломон» деген атқа ие болған екен. Қандай шиеленген түйінді де тарқатпай тынбайтын Сүлеймен патшаның даналығы белгілі ғой. Қайрат Мәми Қазақстан-Авс­трия қарым-қатынастарының сын­дарды үнқатысу, өзара сенім тұрғысында дамып келе жат­қа­нын атап айтып, тараптар көп­те­ген халықаралық мәселелер бой­ын­ша ұқсас көзқарастар ұстана­ты­нына разылығын білдірді. Екі ел саяси байланыстар жөнінен көп ілгерілеуге қол жеткізді. Сау­да-экономикалық ынтымақ­тас­тық қарқынды дамып келеді. Қазақстан Австрияның ТМД елдері арасындағы сауда айналымы жөнінен үшінші орын алатын әріптесі болып табылады. Ал біздің Еуропамен сауда-саттық жасауымызда Австрия алдына төрт елді – Италияны, Фран­ция­ны, Германия мен Нидерландыны ғана түсіреді екен. Австрияның жері де шағын, елі де аз мемлекет екенін ескерсеңіз, бұл – үлкен көрсеткіш. Тараптар екі елдің жан-жақты қарым-қатынастары алдағы кезде де жемісті жалғаса беретініне сенім білдірді, оларды дамыта түсудің жолдары жөнінде пікір алмасты. Сондай қадам­дар­дың нақты біреуі ретінде 2010 жылы Алматыда Австрияның эко­номикалық өкілдігі ашылғаны разылықпен аталды. Хайнц Фи­шердің Қазақстанға 2010 жылғы алғашқы ресми сапарын жоғары бағалай келіп, Қайрат Мәми біз­дің еліміздің басшылығы екі мем­лекет арасындағы саяси және экономикалық ықпалдастықты одан әрі тереңдете түсуді жақтай­ты­нын атап көрсетті. Және Фе­дералды президентке Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың сыртқы саяси баста­ма­ла­рын дәйім қолдап келе жат­қан­дығы үшін алғыс айтты, келесі жылдың мамыр айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті IV съезі ашылатынынан хабардар етті. Қазақстанның да, Австрия­ның да парламентаралық байла­ныс­ты беркіте түсуге бейімдігі Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің кеше түс әлетінде Австрия Феде­ралды жиналысы Ұлттық кеңе­сі­нің төрбасы Барбара Праммер ха­ныммен кездесуінде де қуат­тал­ды. Тараптар парламентаралық үнқатысуға қазірдің өзінде жақсы негіз қаланғанын атап өтті. Австрия Парламентінде Орталық Азия елдеріндегі әріптестермен ынтымақтастықтың бастамашыл тобы бар екен. Еліміздің осы өңірдегі өсе түскен орнына орай енді Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық жөнінде жеке топ құру туралы әңгіме көтеріліп жүр. Біздегі ондай топқа Сенаттан – 7, Мәжілістен 17 депутат кіреді. Қайрат Мәми өз әріптесін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына дайындық бары­сы­нан хабардар етті, Сенаттың заң шығарушылық міндеті туралы қысқаша әңгімелеп берді. Кездесу кезінде парламентаралық бай­ла­ныстар мемлекетаралық байла­ныс­тардың маңызды құрамдас бө­лігі екені тағы да қуатталды. Сенат спикері Барбара Праммер ханымды өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Праммер ханымның кездесуден жақсы әсер алғаны сөзінен де, жүзінен де көрініп тұрды. Кездесудің ресми бөлігі аяқ­тал­ғаннан кейін ол Қайрат Мәми­ді Австрия Парламентінің мәжі­ліс залын көрсетуге арнайы алып барды. Демократия отаны сана­ла­тын Грекия архитектурасы мәне­рі­мен салынған бұл зал өте сирек жағдайларда ғана ашылады екен. «Ғимарат қай кезде тұрғызыл­ған?» деп сұрады Сенат Төраға­сы. «Бертінде, 135 жыл бұрын», деді Праммер ханым». «135 жыл да аз тарих емес», деді Қайрат Әб­діразақұлы. Рас. Қос пала­та­лы, кәсіби парламентімізге он бес жылдан жаңа асып жатқан біздей ел үшін Батыс демократиясының алатын тұстарынан ала білудің маңызы зор болмақ. Кеше түстен кейін тағы бір маңызды іс-шара өтті. Австрия Парламентінің бір топ депутаты қатысқан дөңгелек үстел басын­дағы әңгіме «Қазақстандағы саяси даму және парламентаризм» деген тақырыпқа арналды. Сенат Төрағасы Қайрат Мәми қысқа да нұсқа сөз сөйледі. Австриялық әріптестерге делегация құрамын­дағы сенаторларды – Халық­ара­лық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Қуа­ныш Сұлтановты, Әділ Ахметовті, Рашит Ахметовті, Анатолий Башмаковты таныстырып өткен Төраға өз сөзінде парламентаризм Қазақстан Республикасын­да­ғы бүгінгі саяси үдерістің ең басты белгілерінің бірі болып отырғанын нақты мысал­дар­мен айтып шықты. Жоғары заң шығарушы орган аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге белсене атсалысуда, ре­фор­маларға құқықтық қол­дау­ды жедел қамтамасыз етіп келеді. Тәуелсіздіктің таңсәрі ша­ғының өзінде бізде тиісті заңнамалық арқау жасалды, қо­ғам өмірінің ең басты сала­ла­рын реттейтін заңдар қабыл­дан­ды. Ел парламентаризмінің тынысын ашқан негізгі жай, әрине, 1995 жылы қабыл­дан­ған Конституция. Содан бергі кезеңде Мәжіліс пен Сенат қол­даса отырып, 1900-ден астам заң жобаларын талқыдан өткізіп шыққаны қандай қы­руар шаруа атқарылғанының айғағы. Заң шығарушылық қыз­меттің дәйім шетелдік әріп­тес­термен байланыста, халық­ара­лық құқыққа қиғаш келмеуі ой­лас­тырылып жүргізілгені белгілі. «Ел тәуелсіздігін орнық­ты­ру жолында талай күрделі мә­селелерді еңсеруге тура келді. Бастапқы белесте өтпелі ке­зең­нің сұранысына сай келетін тиімді басқару көлбеуін ор­нық­тыру керек болды. Эконо­ми­када түбегейлі рефор­ма­лар­ды жүзеге асыру, инфляцияны ауыз­дықтау, әлеуметтік жағ­дай­ды қалыпқа түсіру, егемен мемлекеттің тиісті инсти­тут­тық және құқықтық айшық­та­рын – басқару аппаратын, мемлекеттік органдарды құру қа­жет етілді. Өзіміздің қаржы­лық және салық жүйемізді, ұлт­тық заңнамамызды қалып­тас­тырдық», деді Қайрат Әбді­разақұлы. Біздің жас мемлекет ретінде жиырма жылдың ішінде Батыстың кем қойғанда екі ғасырдағы жолын жүріп өт­ке­німізді аңғарта алған Қ.Мәми осы істің бел ортасында Қа­зақ­стан Парламенті тұрғанын нақ­ты мысалдармен әңгімелеп берді. 2007 жылы Консти­ту­ция­ға енгізілген өзгерістердің арқасында Парламент Үкімет жұмысына ықпал етудің жаңа, қосымша тетіктеріне ие болып отыр. Парламенттің рөлі оның республикалық бюджетті қа­рау, бекіту және оның орын­да­луын бақылау жөніндегі құқы­ның кеңеюіне байланысты да арта түсіп отыр. Сонымен бірге, Қайрат Әбдіразақұлы Қа­зақ­стан парламентаризмі даму үстінде, инновацияларға ашық күйде екенін айтып, алдағы кезде мемлекет дамуының бас­ты арналарын айқындауда пар­ламентаризмнің рөлі қазіргі­ден де арта түсуі мүмкін деген ойын да ортаға салды. Дөңгелек үстел басында жал­пы парламентаризм төңі­ре­гінде қызғылықты пікірталас өрбіді. Австрия Парламентінде өткен ол кездесу жай­ын­да газеттің ертеңгі нөмірінде сәл толығырақ жазатын бо­лар­мыз. Ал қазірше бүгін Астанада өтетін Қазақстан–Австрия матчында отандаста­ры­мыз­ға алыстан тілеуші бола тұрайық. Сенат Төрағасы Қайрат Мә­мидің Австрия Респуб­ли­ка­сы­на сапары бүгін жалғасады. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.