• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2011

Уақытпен үндес университет

312 рет
көрсетілді

Еркіндігімізді алып, еңсемізді тіктегелі де жиырма жылға таяп қалды. Бұл уақыттағы ара­лық­ты Қазақ елінің үш ғасырдан кейінгі өрлеу мен гүлденуі деуге болады. Өйткені, өзгеге жалтақтамай, өз сөзімізді тура ай­татын кезге жетіп, береке-бірлікке ұйып, ынтымақты тірлікке ұйытқы болған шаттыққа толы күнге қарай өттік. Енді бір-екі айдан кейін, міне, осы еш нәрсеге тең келмейтін, басқаға тең­гер­мей­тін елдігіміздің 20 жылдық мерейтойын бү­кіл жұрт болып жұмылып, атап өткелі отырмыз. Сол айтулы күн, алқалы сәтке арнап, басылым сурет пен сөзді ұш­тас­тырып, айқара бет шығару жөніндегі жо­баны қолға алды. Соның алғашқы жария­ланымы Мемлекет басшысының бастама­сымен өмірге келіп, әлемдегі таңдаулы университеттердің қатарына қосылуды мақсат еткен, өздерін ұлттық брендке ай­нал­дыруға бел шеше кіріскен Назарбаев Университетіне арналып отыр. Бүгінде «Назарбаев Университеті» арқауында нарық сұранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптасты­рылу­да. Ол барлық жоо-лар үшін үлгі болуы керек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына 2011 жылғы Жолдауынан ЕЛБАСЫ Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жыл­ғы Қазақстан халқына Жол­дауын­да: «Білім беру саласында Астана қала­сында құрылып жатқан бірегей оқу орындары – «Жаңа халықаралық Университет», «Арнаулы Қор» және қазірдің өзінде табысты жұмыс істеп жатқан «Интеллектуалдық мектептер» секілді жобалар ерекше басымдыққа ие болмақ. Мен олардың менің есімімді алуына келісім бердім. Олардың отандық білім беру жүйесінің флагманы болып, осы заманғы оқу бағдар­ламаларын кейіннен оларды бүкіл республика бойынша енгізетіндей етіп әзірлеу мен байқап көру жөніндегі басты алаңға айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау қажет», деген еді. Сол іргелі оқу орны қазір жұмыс істеп жатыр. НАЗАРБАЕВ Университеті инно­ва­ция­лық зерттеу қызметін жүргізуге бағыт­талған қазіргі заманға сай күшті ғылыми инфрақұрылымы бар университет болуды мақсат етіп отыр. Жаңа заманғы бұл жоғары оқу орнына ең үздік ұлттық және халық­аралық зерттеушілер шақырылды. Оларға шығар­ма­шылық қызметті жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Оқу орнында 2010-2012 жылдарға арналған университетті дамыту стратегиясы бекітілген. Білім орда­сының академиялық және ғылыми саяси уни­верситеттің құрамына кіретін мектептердің (инс­титуттардың) әрқайсысы әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының саны­нан шетелдік академиялық серіктес­тің жә­не күшті  ғылыми, клиникалық, өндірістік базаның болуы жос­пар­ланған. Бұл елдің индус­трия­лық-иннова­ция­лық даму мақсаттарын шешу үшін білім, ғылым және өндірістің арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. УНИВЕРСИТЕТТІҢ инфрақұрылымына келетін болсақ, ол елордамыздың сол жағалауындағы қаланың экологиялық таза бөлігіне орналасқан. Оқу орнының сәулеті қазіргі заманға және үздік батыс стандартына сай. Барлық оқу ғимараттары бір-бірімен ортақ атриум және ішкі өту дәліздері арқылы байланыстырылған. Мұндай құрылым кешеннің бүкіл тұтастығын және сәулетінің ерекшелігін көрсетеді. Зертханаларға, сол секілді басқа да ғимарат­тарға қызмет көрсету бас ғимараттың сыртындағы айналма жол арқылы жүзеге асырылған. Құры­лыстың жалпы көлемі 122 мың шаршы метрді құрайды. Университеттің стратегиялық мақсат­тары туралы айтқанда, біріншіден – ғылым мен технологияда тың тенденцияларды құруға және дамытуға қабілетті кәсіби мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру; екіншіден – білімге негізделген ұлттық экономиканың тұрақ­ты және оның жан-жақты дамуына ықпал ететін білім, ғылым және өндіріс интегра­ция­сының моделін құру;  үшіншіден – оқу бағдар­ла­маларын интернацио­нал­дандыру және әлемдік жоғары оқу орындары­мен серіктестік қарым-қатынас арқылы әлемдік білім моделін қалып­тас­тыру; төртінші­ден – білім алу үшін жағ­дайларды қамтамасыз ететін қазіргі заманға сай техно­ло­гиялық инфрақұры­лы­мын құру; сондай-ақ, әлем­дік университеттермен және ғылыми орта­лық­тармен бірлескен ғылыми зерттеулерді өткізу; бесіншіден – әлеуметтік профессорлық-оқыту­шы­­лардың құра­мын құру және отандық оқы­тушы­лардың мүмкін­діктерін арттыру; ал­тын­шыдан – уни­вер­ситеттің ұлттық және халық­ара­лық беделін қалыптастыру. ЕЛБАСЫ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл университет келешекте еліміздің зияткерлік элитасын қалыптастыруды мақсат етіп отыр. Сөз етіп отырған жоғары оқу орны білім беру жүйесінің басымдық­тарымен әлем­дік үздік ғылыми білім практи­касын үйлесімді бай­ланыс­тыратын Қазақстан­ның ұлттық бренді болуға арналған. Оның икемді құрылымы білім, ғылым мен өндіріс ара­сындағы өзара байланыс­ты қам­тамасыз етуге, сондай-ақ тиімді академиялық ортаны құруға мүмкіндік береді. Қазір Назарбаев университеті әлемнің 30 үздік жоғары оқу орындары қатарына кіретін университеттермен ынтымақтастық туралы келісім-шарт­тар­ды бекіткен. Олардың ішінде: UCL (University College London), Duke University, iCarnegie, Uni­ver­sity of Wis­consin-Madison, UPenn  (University of Pennsylvania), LKY School of Public Policy (National  University of Singapore), т.б бар. Мемлекет басшысының шешімімен университет ашыл­ғаннан бергі екі жылдың әр­қайсысында 500 білім беру гранттары бөлініп, тек сол бойынша ғана жастар білім алып  жатыр. Ең бастысы, бұл оқу орнына нағыз жүзден жүйріктер ғана түсе алатынын айта кетуіміз керек. УНИВЕРСИТЕТТЕ 4 зерттеу орта­лы­ғы жұмыс істейді. Олар: Өмір ту­ралы ғылымдар, Балама энергетика және Халықаралық-пәнаралық, инструменталдық,  білім беру саясаты зерттеулер орталықтары. Бұл орталықтар озық ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін ең жаңа зертханалық құрал-жабдықтармен жарақ­тал­ған. Сондай-ақ, 6 мектеп (факультет) бакалавриат бойынша – инженерия, жараты­лыс­тану, гуманитарлық ғылым­дар мектебі, медицина мектебі, магистратура және PhD бағдарламасы бойынша 2012 жылдан бастап, мемлекеттік саясат және бизнес мектебі жұмыс істейтін болады. ӨТКЕН жылы ұлттық білім беру жү­йе­сінің барлық артықшылық­тары­мен үздік әлемдік ғылыми білім беру тәжірибесін қамтитын, болашақта Отаны­мыз­дың ұлттық брендіне айналатын ерекше үлгідегі халықара­лық жаңа университеттің ашылу рәсімінде Мемлекет басшы­сы Нұр­сұлтан Назарбаев: бүгін Аста­намызда дүние­жүзін­де теңдесі жоқ Қазақстандағы тұң­ғыш халық­аралық университет ашайық деп отыр­мыз. Қаламыздағы Еуразия ұлттық университеті еліміздегі ең бастауыш универси­тет­тердің бірі болып сана­лады. Бірақ бұл жаңа универ­ситеттің мағынасы мен жағ­дайы мүлде басқа. Университет биылдан бастап, өз жұмысын бастайтын болады. Мемлекет есебінен 500 оқу гранты бөлініп отыр. Еліміздің бола­шақ зияткерлік элитасын қалыптастыру мақ­сатында құрылған оқу орны білім беру жүйесінің басымдықтары мен үздік ғылыми білім прак­ти­касын үйлесімді байланыс­тыратын Қазақстан­ның ұлттық бренді болуға арналған. Бұл жас­тар­ға елдің болашағына арналған сыйлық, деген еді. Жоғарыдағы фотосуреттер Елбасы сөзінің дәлелі секілді. Университет студенттері қазір оқу, ал оқытушылары жұмыс үстінде. Дайындаған Сүлеймен МӘМЕТ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.