Кеше «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институты және БҰҰ ДБ қолдауымен «Мемлекеттің оралмандарға қызмет түрлеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету саласындағы әлеуметтік саясаты» деген тақырыпта «Нұр Отан» ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысы өтті. Басқосуды Әлеуметтік кеңес төрайымы Айткүл Самақова жүргізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Онда БҰҰ ДБ Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Екатерина Паниклова құттықтап, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Серік Ахметов пен Ішкі істер министрлігінің Миграция полициясы комитетінің төрағасы Патрис Нокин баяндама жасады. Алқалы жиында қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаудың нақты жолдары туралы пікірлер ортаға салынды. Депутаттар У.Қалижанов, Б.Тілеухан, Г.Сейітмағанбетова, С.Оспанов, А.Смайыл, Н.Өнербай баяндамашыларға жарыса сұрақ берді.
Тәуелсіз мемлекет құрып, жаңа өмірге бет бұрғандағы «Нұрлы көштің» жөні бөлек. Бұрын кеткен ағайынды қайта табыстырған көш болып отыр. Тәуелсіздікпен бірге атажұртқа бастаған көшке де биыл 20 жыл толды. Атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам адаммен толықты. Әлемде өз қандастарын еліне шақырып, қыруар қаражат бөлген үш-ақ мемлекеттің біреуіміз. Олар – Қазақстан, Германия және Израиль.
Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғалы бері этностық қазақтарды тарихи отанына қайтару саясатын жүргізіп келеді. Көші-қон үдерістерін реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы, ағымдағы жылы «Халықтың көші-қоны туралы» жаңа заң қабылданды. Еңбекке қабілетті оралмандар Қазақстан экономикасына өз үлестерін қосуда. Олардың үштен екісі өндірістің әр түрлі салаларында жұмыс жасаса, әрбір төртіншісі ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.
Әлеуметтік кеңестің отырысына қатысушылар Еңбек және әлеуметтік қорғау, Экономикалық даму және сауда, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Байланыс және ақпарат, Әділет және Сыртқы істер министрліктеріне талқылау қорытындылары бойынша тиісті ұсынымдар жасады.