Жетімдіктен жетілген
Өзбекәлі Жәнібек «әкем бар» деп ашып айтпаған да, жантартып жазбаған да кісі. Өзінің «Тағдыр тағылымы» атты мемуарында әңгімеленгендей, әмеңгерлікке мәжбүрленген аяулы анадан туған, жесір әйелдің баласы. Оны ашық құлақ саналы азамат етіп өсірген, бәлкім, анасының тағдыр ауыртпашылығын мұңды әуенге айналдырып шерлене салатын әні болған шығар. Әкесін қайдан атасын, жатаған жаппада туып, күркеде өскен баланың буыны бекімей жатып ағайыннан көргені көзтүрткі, кешкені бейнет болса, қозы қайырған, қой баққан баланың бары-жоғында әкесі аталатын адамның ісі болмаса, оны Өзекең қайдан әке деп атасын. Оның бар махаббатпен жырлап өткен адамы – аяулы анасы! Қызылшырайлы сұңғақ ән-кеуде кісі қиналғанда түсіне кіріп, түсінен кейін ісі оңғарылып жүре береді екен Өзекеңнің. Аяулы анасы жайында айтқанда үні үзіліп, дауысы құмығып, қамығып шығар еді, жарықтықтың. «Жасым келген сайын табиғи келбетін көзіме елестете алмайтын болып барамын» – дейтін сосын біртүрлі анасына опасыздық жасаған баладай. Кісі есігінде жүріп, кісі баласынан қалған киімді киіп, кісіден қалған ас-ауқатты ішіп күн кешкен ол мектепте ән салып, би билепті. Отырар төбеден тарихи ескерткіштер тауып, мектепте музей мүйісін ұйымдастырыпты, сыныпта баяндама жасапты... Алайда, бір жайға кісі қайран қалады. Қабырғасы қатпаған қаршадай баланы тағдыр қаншама иледі келіп, иледі келіп. Ал, ол болса жүнжіп кету орнына өршелене өсті десеңізші. Жетім өскен тас жүректі осылай жанамын деген жас жүрек өрге сүйреді. Ол Алматыға аттанды. Сөйтіп, кешегі ҚазПИ, бүгінгі Абай атындағы педагогикалық университетті бітірді. Осылай жетімдіктен кетіле-кетіле жүріп жетілген.Жастарға көсем болған
Өзбекәлі Жәнібектің еңбек жолы бұрын болған, бүгінде жоқ, Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданынан басталған. Пионер жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі, сынып жетекшісі, мектептің бастауыш жастар ұйымының жетекшісі, аудандық жастар ұйымының хатшысы, екінші, бірінші хатшысы... Балаларға жақын болыпты, күй талғамапты, уақытын аямай, бала бақытын аялауға барын салған, сабақтан тыс уақытта тал тіктірген, мектеп айналасы, ауыл-аймақты жасыл желекке көмкерген. (Ол ағаштар күні бүгін «Жәнібеков теректері» деп аталады). Соғыстан кейінгі жылдардың аудан ағалары Ә.Жылқышиев, К.Ысқақов қинап көндіріп, оны аудан жастарына жетекші етіпті. Аудан аты облысқа жетті. Жастар жетекшісі облыстық жастар ұйымына хатшылыққа шақырылды. Облыстық комсомол комитетін басқаратын, жетім балалар үйінде тәрбиеленген хатшы Владимир Байжанов Өзбекәлі бойынан жалындаған жалын көреді. Жантартып жақсы көреді, білгенін айтып тәрбиелейді. Партия жұмысына ауысқанда орнына Өзбекәліні ұсынады. Аты бар да, заты болымсыз жастар ұйымы Өзбекәлідей жалын жүрек жетекші арқасында облыста жетелі күшке айналады. Жалындап шығып КИМ жетекшілігіне дейін жеткен Ғаниға облыста ескерткіш қойғысы келеді. Облыс басшысы қарсы. Қазақ жастарын мал бағуға шақырады партия. Жастар жетекшісі «Бабасының сорына біткен қой бағу – қазақтың баласының маңдайына жазылып па? Жақсы болса орыс нәсілді жастар неге қой бағуға бармайды? Қазақ жастарын оқу-білімге бағыттауымыз керек. Ең болмаса өндіріске жіберу шарт. Көзі ашылады. Өмір көрсін. Қалалық мәдениетті үйренсін!» деп қарсыласып бағады. Облыстың партия комитетінің бірінші хатшысы Макаров (М.Әуезовтің «Өскен өркен» романындағы Карповтың түп тұлғасы), кейіннен Ливенцов жастар жетекшісіне үрке қарайды. Жолына кедергі бола бастайды. Сонда да ол алған бетінен қайтпайды. Алматыға шақырылды. Алдымен Жастар ұйымының қатардағы хатшысы, сосын бірінші хатшы. Тағы да сол ұстаным. Қайтсек қазақ жастары рухын оятамыз? Олар неге қой бағуға тиісті? Олардың сыбағасына өнер-білімнің бұйырмағаны ма? Ең болмаса дүниеге көзін ашар, өзге ұлт жастарымен араластырар, шыңдар өндіріске жіберсек ше? Жастарды отансүйгіштік сезіміне қалай баулимыз? Білімсіз жастың отансүйгіштік сезімі орнықты бола ала ма? Қазақ жастарының есесі неге кете береді? Одаққа кең танылған Ғанидайын тұлғасы бар республика Жастар ұйымы жетекшісі неге Орталықта бюро мүшесі емес? Неге Мәскеуде Ғаниға ескерткіш жоқ? Ғанидың қайда жерленгенін білетін кісі бар ма, сірә? Ол дереу комсомолдың «Ардагерлер кеңесін» құрды. Оны Шәріп Өтеповке басқартты. Мәскеуге – Мильчаковқа хат жазды. «Сіз Ғанидың шәкіртісіз. Қалай ойлайсыз, КИМ жетекшісі болған Ғани Мұратбаев бүкілодақ деңгейінде неге аталмайды? Неге насихатталмайды? Ғанидың бүкілодақ деңгейінде насихатталмауы, оның тарихи еңбегі айтылмауы – КИМ (Коммунистік Жастар интернационалы) тарихына нұқсан емес пе? Республика Жастар ұйымының жаңа жетекшісінің бүкілодақтық комсомол ардагерлеріне қояр сауалы осылай-осылай шықты. «Ардагерлер кеңесі» арқылы Ғани шәкірті, профессор Бейсембай Кенжебаевтың архивінде сақталған екі суретті қолқалап сұрап алды. Бірінде КИМ жетекшісі Ғани Мұратбаевты ақырғы сапарға шығарып салу қаралы рәсімі. Қаралы жиынды қазақтан шыққан марқасқа, көп тіл білген білімпаз Нәзір Төреқұлов басқарып тұр. Ғанимен қоштасуға келген москвалықтар қалың нөпір. Екінші суретте Ғанидың топырағы кеппеген зираты. Көздеріне жас алып Жүсіпбек Арыстанов, Бейсембай Кенжебаев, Бақытжан Мұратбаева тұр. Бәрі де өрімдей жастар. Қос суретті қолына алған ол бүкілодақтық лениншіл жастар ұйымының жетекшісі Е.Тяжельниковқа телефон соқты. Мәскеуге келгенде кіріп шықты. Көлденең тартары бір сұрақ: «Кезінде КИМ жетекшісі болған қазақ Ғани Мұратбаев неге одақтық деңгейде айтылмайды? Қайда жерленгенін, зиратын неге білмейміз? Комсомол архивінен Ғани зиратын табуға көмектесіңіз!» Бұл жолда сарсыла ізденді. Ғани өмірінен мақалалар жазып жүрген журналист Сейілхан Асқаровты Мәскеуге аттандырды. Ұзақ жылдық саяси қуғын-сүргіннен жаны тоналып, сүдіні сүйретіліп жеткен Жүсіпбек Арыстановты, Шәріп Өтеповты, Бақытжан Мұратбаеваны ертіп, олармен өзі де бірге ұшты Мәскеуге. Ақыры Ғанидайын бозымның зиратын тапты. Вучетичке мүсінін құйғызды. Е.Тяжельников бастаған одақтас республика жастар ұйымының басшыларын қатыстырып, қаралы рәсімді өткізді. Оларды сөйлетті. Одақтық баспасөз шулап жазып жатты. Шумиловичқа құйғызған Ғани мүсінін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысымен қидаласып жүріп ақыры Шымкентке – Пионерлер сарайының алдына қойдырды. Кіндік қаны тамған Қазалыда, қызмет еткен Ташкентте Ғани Мұратбаев музейін жасатты. Ғани арқылы – қазақ жастарының өшкен рухын қайта оятты. Республика Жастар ұйымына арнайы ғимарат салдырған, жастарды Ғани рухымен оятқан, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын белгілеген (оның тұңғыш иегері – мәңгі жастық жыршысы – Саттар Ерубаев), «Сазген», «Шертер», «Адырна» ансамбльдерін ұйымдастырған, кексе ақын-жазушыларды (С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев) шақырып, талантты жастардың (Т.Молдағалиев, О.Сүлейменов, Қ.Мырзалиев, С.Жүнісов, С.Мұратбеков) шығармаларын талдатып жолын ашқан, Композиторлар одағына мүшелікке қабылдамаған Шәмші Қалдаяқовқа Жұбан ағасын (Молдағалиев) алға салып сөйлетіп, Жастар ұйымының сыйлығын алып берген, жастардың екпінді құрылысын ашқан, Көктөбеде ашық аспан астындағы музей бағдарлаған, сөйтіп жастарды рухани түлеткен Өзбекәлі Жәнібек! Жастар газеті – «Лениншіл жастың» сол жылдардағы тігіндісін парақтасаңыз, республика Жастар ұйымының жетекшісі Өзбекәлі Жәнібек бастап атқарған өскелең істердің күн санап атқарылып отырғанына куә боласыз, қайран қаласыз. Сондай материалды қайта оқыған жастар газетінің сол жылдардағы бас редакторы Шерхан Мұртаза: «...Кәдімгідей жаным жадырап, сағынып қалған ұстазымды қайта көргендей, әлгі бетті қайта-қайта оқыдым. Ол бізден сонда бір-ақ жас үлкен екен ғой» ( «Егемен Қазақстан» 21.ХІІ. 2006) деп ұстаз тұта, таңырқай сағына жазды Өзекең туралы. «Өзекеңнің шәкіртіміз» деген сөзді бір ғана жас кіші қайраткер Қаратай Тұрысов та қайталай-қайталай айтумен өтті. Өзбекәлі республика жастарын бастап шетелге шығарда «Халық әнін тыңдамайды. Домбыраны алмаңдар. Эстрадалық ән жетеді» депті Орталықтағы комитет хатшысы. Домбыра Москва түгілі Қазақстанда да қадірі қашып, «халық жауына» айналып тұрған бұл бір күйсіз кезең еді. «Егер біздің қазақ жастары шетелге домбыраны алып шығып, халық әнін айтпас болса, мен баспасөз конференциясын беремін де, лениндік ұлт саясатының бұрмаланғанын айтамын, сөйтемін де жастарымды алып қайтамын, өздерің барыңдар шет елге!» – дейді Өзекең тікіленіп. Амалсыз көнеді шарасыз Мәскеу... Дүниежүзі студент жастары фестиваліне қазақстандық делегацияны бастап барған Өзбекәлі Жәнібек: «Әрбір ел, әрбір республика жастары сол республика ұлттық дәстүр ерекшелігінде тәрбиеленсе, жан байлығы мол, жан-жақты дамыған кемел патриот болып өседі» деп биік мінберден Софияда ұлттық рухта сөз сөйлепті.Торғайды түлету – Алаш рухымен табысу
1970 жылы ол жаңа құрылған Торғай облысы партия комитетінің үшінші хатшысы қызметіне жіберілді. Бұрын болған, бүгінде жоқ облыстың кезінде ту көтерушілері санатында С.Құсайынов, Қ.Тұрысов, М.Сағадиев, Е.Башмаков, Ө.Жәнібек есімі аталады. Олар «Торғайдың ырысы, бағы болған азаматтар» саналады. Әсіресе, Өзбекәлі Жәнібекті торғайлықтар елден ерек сүйіпті. Тіпті облыстың бірінші басшысы С.Құсайыновтың өзі: «Мен Өзбекқалидай сауатты емеспін, жұмысшымын. Барлық саяси, мәдени мәселелерді Өзбекқалимен шешіңдер» (С.Шүкіров) деп отырады екен. Партиягерлер мінезінде өте сирек кездесер кісілік кеңдік. Әдетте партия басшылығы еріксіз құрметтеліп, орынтағынан кеткен соң жұртшылық «алды-артыңа бір уыс топырақ...» деп бетін теріс бұрып отыратын еді. Ал облыстың бірінші хатшысы да емес, қатардағы хатшысы Өзбекәлі Жәнібекке дегенде торғайлықтардың махаббаты әлі күнге күйіп тұр. Күні кеше Торғай облысының кезіндегі облатком төрағасы, аяулы ардагер М.Сағдиевке телефон шалып хабарласып едім: «Е, Өзекең елден ерек, жөні бөлек, ел ерекше сүйген ерен қайраткер еді ғой», деді. Тәуелсіздікке дейін белшеден кешкен бейнетпен құрылып, кейіннен құрдымға кеткен облыстың кешегі-бүгінгі көзкөргендерінің ықыласы неге осы бір азаматқа ерекше? Ол неліктен? Ол – Өзбекәлі Жәнібектің өзге басшылар секілді жоғарыдан басқару үшін емес, жергілікті жұртшылық кеудесіне перзент болып кіре білгенінен. Ел тарихын, Жер тарихын жақсы білгенінен. Тарихи білім-білікті талапқа ұласқанда ұлтым деп ұмтыла соққан жүрек не жасатпайды, құдай-ау?! Төбет алдында итаяқ боп жатқан астаудан бастап, болашақ музейге экспонат жинады. Жамбасынан сыз өтіп жерде жатар (бүкір содан болады екен) адамдарын сыпа-кереуетке көтерді. Зәуіде көзі түскен кебеже-кепшік, ағаш төсек бастатқан бұйымдарын қолқалап музейге алдырып, орнына заманауи жиһаз сатып әперді (Қ.Тұрысов). Экспонатты тірнектеп жинап (жинатып) облыстық өлкетану музейін жасақтады. Оның еденін былғауышпен өзі сырлапты (Е.Әуелбеков). Театрсыз қандай облыс? Театрға ғимарат керек, кадр керек. Қамбаны қайта жөндетіп, бойын тіктеді. Ғимарат театр болып бой түзеді. Мәскеудің Щепкин атындағы театр және көркемсурет училищесінің Талдықорған облысына бөлінген бір жылғы түлектерін Торғайға алуға алдын ала арнайы барып келісіп қайтты. Борандатып Мәскеуден жеткен өнерпаз өрімдерді тон, малақаймен ұшақ алаңына өзі шығып қарсы алды. Жастарға би үйретер биші тапты (Орал театрынан). Киім тігушіні және бір облыстан қолқалап шақырып алды. Күндіз репетициясына, спектакль қабылдауға қатысып, намаздыгерде театр өнері бақылаушысына айналды. Жоқ, театрдың кіндік әкесіне айналды. «Совхозға парторг болар кісі табылар. Сіз құдай берген ақындық талантыңызды қорламаңыз. Қолыңызға домбыра алыңыз. Айтысты тірілтейік» (Бектемісов) деп Арқалықта алғаш халық ақындары айтысын ұйымдастырыпты. Алматыдан Ғафу Қайырбековті шақырып, айтысқа төрағалық жасатыпты. Қазақстан Жазушылар одағының Торғай бөлімшесін аштырып, талапты жастарды сонда топтапты. Қазақ тіліндегі кітаптардың қоймаларда жатып қалғанын көріп, кітап тарату ісін жолға қойған. Радио желісін тартқызып, теледидар ұшқынын әкеліпті Сарыарқаның сары даласына. Жаңа облысты астана арқылы алты алашқа таныту үшін Алматыға келіп телехабар жасапты. «Торғайдан сөйлеп тұрмыз...» деп бастапты ол алғашқы эфирлік сөзін. Ауылдасы Шәмші мен Мұхтарды (Шаханов) шақырып, Торғай гимнін жаздырыпты. Сапардан оралған Шәкең жарықтық әріптесі Әсет Бейсеуовке «Торғайға барсаң, әніңді сайлап бар. Әйтпесе Жәнібеков бөлмеге қамап қойып, ән дайын болғанша сыртқа шығармайды» дейтін көрінеді... Филармония құрды. «Шертер» секілді ұлттық ән-би ансамбльдерін жасақтады. «Торғай әуендері» фестивалі шалқып жүре берді. Жаңа облыстың мәдени ошақтарын ол осылай ұлттық сипатта жасақтады. Ұлттық рухты оята қалыптады. Тарихты тірілте отырып, Торғайды түлетті. Оның Алаш рухымен тілдесе жүріп Торғайды түлетуі – Алашорда тіккен туды қайта тіктегендей болған екен-ау...Елдіктің ерен үлгісі
Өзбекәлі Жәнібек Орталық комитеттің Халықаралық байланыс бөлімінің меңгерушілігі қызметіне шақырылды. Қазақ ССР кезінде Орталық комитеттің «Халықаралық байланыс бөлімі», «Сыртқы істер министрі» деген қызметтердің аты дардай болғанымен, шын мәнінде шалажансар жұмыс істеп, шартты өмір сүретін сала болатын. Осындай жағдайда саланың жаңа басшысы Өзбекәлі Жәнібек қалай қимылдауы керек еді? Ол қалай қимылдады? Ө.Жәнібек – істің адамы. Өзі жастай тарихи сипатымен түсінген лениндік ұлт саясатын алдына ұстай отырып, он бес одақтас республиканың бірі – Қазақ ССР-інің сыртқы саясатын тиісті биігіне көтере жөнелді. Бәрі жиылып бір ғана «Достық қоғамы» аталатын құрылымды «Қазақстан – Үндістан» (төрағасы Ғ.Мүсірепов), «Қазақстан – Араб» (төрағасы М.Қаратаев), «Қазақстан – Вьетнам» (төрағасы Ә.Тәжібаев) етіп сала-сала етіп қайта құрыпты. Қазақтың айтулы әдебиет, ғылым, өнер тұлғаларын қоғамның төрағалары етіп сайлап, оларды сырт елдерге шығарыпты. «Қазақты жаһан жұрты білсін!» дейді екен Өзекең. Сөйтіп, шын мәнінде байланысты жаңартқан. Сырт елде шашылып жүрген қазақ диаспорасымен жұмыс істейтін «Отан» қоғамы арқылы қазақ балаларын оқуға тартыпты. Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің жұмысына жан бітіріпті. Министрліктің Мәскеуде дауысы шыға бастапты. Шетелмен байланыс бөлім басшысы Мәскеуге – сала басшысына жиі хат жазып, мәселе қоя бастапты. Шетелдерден келген қонақтарға көрсетейік» деп Қ.А.Ясауи және Айша бибі кесенесін жөндетуге құмбыл кіріседі. «ЮНЕСКО тізіміне енер санаулы да қалаулы тарихи ескерткіш қатарына қосамыз» дейді екен бөлім бастығы. Бұл екі ескерткіш те «ескілікке» баланып, әрі салса қоймаға, бері салса мал қораға айналған қасіретті кезең еді. Көктөбеге қазақтың киіз үйін көтеріп «Ауыл» ресторанын ашып, Алматының әсем орталығынан туристерге арнап «Отырар» қонақ үйін салдырыпты. Қырықтан енді асқан алымды-шалымды басшының, кең қарышты қайраткер болып қалыптасып келе жатқан азаматтың өзі бастамашы болып жүрген күллі істерінің ұлттық сипат алуы ұнамапты біреулерге...Ұлт мәдениетін жаңғыртушы
Қазақ мәдениетін қазақ басқармауға айналған кезең. Халық санағы кезінде басқа нәсілден әйел алған министрдің «Мені қазақ деп көрсетіп жазбай-ақ қойыңдаршы...» деген қасиетсіз қолқасы да болыпты бұрын. Осындай ұлт мәдениетіне деген көзқарас оңалып кете қоймаған кезде Өзекең министрдің орынбасары болып келді. Қарамағында қызмет атқарып, ащы-тұщы сөздерін еститін, Өзекеңдей тұлғаға қарап бой түзейтін, бой ғана емес, ой түзейтін сәтіміз, міне, осы кезең. Ол қазақ жастарына көбірек қарайлады. Жастар бойынан жылт еткен жақсылық көрсе, көзі күлімдеп қуанып қалушы еді, қазақ жастары діттеген жерден табылмаса қаны тартылып, қуарып қалушы еді, жарықтық. «Ой, осы сендер қашан өсер екенсіңдер?» дейтін ондайда біртүрлі мұңайып. Сонда рухани өсуімізді көксейтіні аңғарылатын. «Одақтан бастап барлық республика жетістіктерін көріп, біліп, үйреніп, өз мәдениетімізді көтеруге жұмсайық» дейтін жасырмай. «Бізде музей белгілі бір тарихи тұлғаға арналады. Бірақ, концепциясы ашылмай жатады. Не көп, жергілікті революционерлерге арналған музей көп. Оның бәрі жиылып бір ғана идеяны айтады. Соның ең болмаса бірен-сараны қазаққа арналмаған. Не сонда, қазақта революционер болмаған ба?» деп сөйлегені есте үлкен бір жиында. Бірде Түркістанға ерте кетті. Қолорамалын төрт бұрышынан түйіп толқындаған бұйра шашын бастыра киіп жүккөтергіштің бір шетін көтеріп, күні бойы топырақ тасығанын көзімізбен көрдік. «Ата кесенесін музейге айналдырмақ дұрыс, бірақ мүрде басына орнатылған құлпытастарды шатастырып алсақ, аруақ кешпейді бізді. Мынау Абылай хан құлпытасы. Анау бәленшенің құлпытасы...» деп хатқа түсіртетін. «Ағай, бастықтар Абылайханның құлпытасын дабырайтып айтпа, саяси қате болады» деп жатыр». Сұраулы кейіппен қараған экскурсоводқа: «Қарағым, ханның құлпытасын қаранікі деп айтып, тарих алдында қарабет болар жайымыз жоқ. Атымен атай бер!» дегені есте. Тарихты тануда, тарихтың ұлттық сипатын ашып танытуда қоғам бетіне қарамай ұлы аруақтарды демеген, ал аруақтар болса Өзекеңді жебеген... Тұрғылықты қазағы 5 пайыздан асар-аспас Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейін ұлттық сипатпен экспозициялатқаны есте. Абай атындағы опера және балет театры, М.Әуезов атындағы қазақ драма театры жанынан музей ашылды. Республикалық ұлт саз аспаптары музейі, Музыка мәдениеті (Л.Хамиди үйінен) музейі, «Қызыл таң» дүкені, С.Мұқанов музейі... дегендей көп-көп музей ашылды. Көп музейді айтамыз, бір музей ашу, тіпті уақытша экспозиция жасақтаудың өзі қиямет қайым шаруа. Өйткені музей – сан өнер мен әлденеше ғылым қоспасынан тұрады. Сондай ағартушы сала біздің мәдениетімізге кешеуілдеп жетті. Әлі күнге есесі түгенделмей, еленбей келеді. Байырғы музей қызметкері ретінде сол жылдар күнделігіне үңілемін. «9-10-11 тамыз күндері Алматыда музей қызметкерлерінің Бүкілодақтық кеңесі болып өтті. Бұл кеңестің басқа жерде емес, Алматыда өтуі – Өзбекәлі Жәнібектің арқасы, сол кісінің басшылықты сендіріп те, көндіріп те ризашылығын алуының арқасы. Әйтпесе музей қазаққа керек болмай тұр. Музей ісі ескі-құсқыны жинайтын орталық, кемпір-шалдың уақыт өткізетін жері деп қарайды бізде. Ал Өзбекәлі Жәнібек жанын салып музейді ұлт мәдениетінің бір ошағына айналдырып келеді. Островский айтқандай, музейлер – біздің ұлттық мақтанышымызға айналған күні ұлттық мәдениет теңдікке жетеді», деп жазыппын. Ұлт мәдениетінің ғасырлап кеткен есесін түгендеуде, жаңа уақытқа сай көсегесін көгертуде беті-жүзге қарамайтын Өзекең министрлік ішінен «Музей бөлімін» тұңғыш рет құрып, бүкілодақ деңгейінде музейге арнап ғылыми конференция ұйымдастырып түгендескен, ескісін жаңартқан, жоғын сабылып іздеп тапқан (қасаба сынды бұйымдар), сөйткен де самаладай музейлер жасақтаған, маң-маң далада шашылып жатқан тарихи ескерткіштерді көзінен тізіп кітапқа (свод) түзген, мырыштан құйып тақта орнатып, мемлекет қарауына алдырған, ғылыми негіздеп жазған, бүкілодақ деңгейінде насихаттаған қайран да қайран мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібек! Өзбекәлі Жәнібектің келуімен Алматы облысының тарихи ескерткіштері де қайта түлеп, қазақы үйлер музей ретінде бас көтерді, рух оянды... Жамбылдың ұстазы Сүйінбайға, шәкірті Үмбетәліге музей ашылып, мәдени кешенге айналды. Кейін ол Кенен музейіне ұласты. Бірақ кермелер тағы керілді, кедергілер қолдан жасалды. Адым сайын аяқтан шалу. Ол жазықсыздан-жазықсыз Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының пәрменімен «партиялық сөгіс» алды. Буырқанып Желтоқсан оқиғасы жетті. Құлдыраған қайраткер Өзбекәлі Жәнібек қажеттілігі туды. Сол кездегі Министрлер Советінің төрағасы Н.Ә.Назарбаев оны қатарына шақырып, қанаттасына айналдырды. Өзбекәлі Жәнібек – Қазақ ССР Мәдениет министрі. Әділеттілік осылай қайта қалпына келіп еді. Ө.Жәнібек Мәдениет министрі қызметінде жылға толмас уақыт қызмет істеді. Алайда, кезінде ойластырып орайын келтіре алмаған ұлт мәдениеті мүддесіне қызметін бірден бастап кетті. «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі райында сұхбаттасуға барғанда: «Қазақ мәдениеті жолайырықта тұр: не ұлттық сипат алып өріс ашу, не ұлттық сипатынан жұрдай болып советтік мәдениетке жұтылып кету қаупі төнді. Мына жаңа уақытқа орай қазақ мәдениетін дамытудың жаңа концепциясын жасау керек болып тұр» дегені бар еді жарықтықтың. Ұзамай ол Қазақ ССР Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып жоғарылатылды.Ояну дәуірінің ұлықпаны
Андрей Вознесенский өтпелі кезеңде жарық көрген публицистикалық кітабын «Рух прорабтары» деп атағаны мәлім. Ояну дәуірі деп біз отырмыз. Оның себебі бар. Қазақ ұлты халық ретінде ХХ ғасыр басында бір оянды. Дүр сілкінді. Ол сырт күштің жауыздығымен басып жаншылды. Содан кейінгі қазақтың тұтас ұлт ретінде оянған сәті – ХХ ғасыр аяғы. Нақтылай түссек, 80-90- жылдар. Ұлттың рухани оянуы, биліктен ақырып теңдік сұрауы – идеологиялық ұстанымға байланысты емес. Міне, осындай кезеңде Өзбекәлі Жәнібек идеологиялық жетелі жетекшінің тарихи міндетін атқара білді. Ақтаңдақтарды ақтаудан бастап, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді асқан білімділікпен ұлтты ояту құралына айналдыра тарихи әділеттілікті қалпына келтіру сипатында кешенді жүргізді. Айналасына рухтас азаматтарды тартып, оларды ұлттық рухты оятуға жұмылдыра білді. Олар Өзекеңмен бірге қайраткерлік санатқа көтерілді. Бұл жерде біз Өзекең атқарған барша тірлікті санамалап жатпадық, алайда 80-90-жылдардағы – тәуелсіздік алдындағы бүкіл рухани жаңарудың алғышарттарын жасауда ұлттық болмысты бас идеолог райында Өзбекәлі Жәнібек тарихи міндет атқарды. Бәлкім, ол ұлттың ояну дәуіріндегі ұлықпаны. Ойпаз оқырман! Қаптаған анықтауыш, самсаған синоним сөздерді қоспай, толғанысты жәй қарапайым ғана «Өзбекәлі Жәнібек» деп атауда осындай сыр бар. Өзіңіз де байқап отырсыз, Өзбекәлі Жәнібекке анықтауыштың керегі жоқ. Өзбекәлі Жәнібектің өзі анықтауыш. Онымен үзеңгілес қызмет етіп едік деп замандастары мақтанады, тәрбиесін көріп едік деп шәкірттері – біз марқаямыз. Өзбекәлі Жәнібектің өзі өлшем. Бойын таза ұстар кісілік, халқына қалтқысыз қызмет етер жанпида қайраткерлік, тың танымнан туар жаңалыққа толы ғұламалықтың өлшемі. Ендеше, «Өзбекәлі Жәнібек» деген ұғым кез келген анықтауыш пен айқындауыш орнына жұмсалар әсіре бояулардан жоғары тұрады.Құлбек ЕРГӨБЕК.
Түркістан.