Биыл Солтүстік Қазақстан облысы диқандары бұрын-соңды болмаған бітік егін өсірді. Облыс бойынша егістіктің әр гектарынан 20 центнерден өнім алынып, мемлекеттің құт қамбасына 8,5 миллион тонна қызылжарлық алтын астық түсті. Бұл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына Солтүстік Қазақстан облысы диқандарының тартқан шын мәніндегі толағай тартуы еді.
Облыстың аграрлық саласы өңір экономикасында елеулі орын алады. Үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында ауылшаруашылық құрылымдарына жалпы құны 3 миллиард теңгеден астам 367 ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету аясында биылғы жылы республикалық бюджеттен 6,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биылғы жылы облыста етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында түбегейлі бетбұрыс жасалды. Осы мақсатпен шаруа қожалықтарына 710 бас етті көп беретін немістің симментал атты сиыр тұқымы сатып алынды. Жыл аяғына дейін «Солтүстік» ӘКК Германиядан және Канададан 1 100 бас етті ірі қара мал тұқымын сатып алмақ.
Жыл басынан бері облыстың ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім өндіру көлемі 58,4 миллиард теңгені құрады. Өткен 8 айдың ішінде облыстағы өнеркәсіп өндірісі 66,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Қайта өңдеу өнеркәсібі 49,5 миллиард теңгенің тауарларын шығарды. Соңғы жылдары қарқын ала бастаған облыстың мәшине жасау саласы 8 айдың ішінде 17,5 миллиард теңгенің өнімдерін шығарған.
Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде биылғы жылы облыста 11 ірі өндіріс орны іске қосылып, 615 жаңа жұмыс орны ашылды. 8 айдың ішінде облыста 31,5 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 125,3 пайызға тең. Үстіміздегі жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен Петропавл қаласында 320 орындық және Бескөл ауылында, Тайынша кентінде әрқайсысы 280 орындық балабақшалары пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша, облыс орталығында 1 ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишимский селосында 90 адам қабылдайтын емханасы бар 100 орындық туберкулезге қарсы ем жасайтын аурухана пайдалануға берілді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бері жалпы құны 13,6 миллиард теңге болатын 4 инвестициялық ірі жоба іске қосылды. Осы өндіріс орындарында 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы шеңберінде елордада өткізіліп жатқан облыс күндеріне қызылжарлықтар мол тарту таралығымен келді. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бөлім бастығы Алтынбек Абдуллаевтың айтуынша, қызылжарлықтар бүгінгі жәрмеңкеге жалпы құны 302 миллион теңгеден асатын 811 тонна әртүрлі азық-түлік тауарларын жеткізіпті. Астана қаласының «Думан» ойын-сауық орталығы маңындағы алаңда қоныс тепкен Солтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері 60-тан астам сауда шатырларында өздерінің тауарларын саудалауда. Соңғы 2 жыл көлемінде облыс бал шарушылығын дамытуды қолға алған. Соның айқын дәлелі ретінде жәрмеңкеге қызылжарлықтар 1,5 тонна бал әкеліп сатуда. Атап айтсақ, облыс тауар өндірушілері елорда тұрғындары мен қонақтарына 526 тонна картоп, 150 тонна көкөніс, 56 тонна ет және басқа 100-ге тарта азық-түлік өнімдерін тарту етпек.
* * *
ТҰҒЫРЖАПТАҒЫ ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ
Еліміз егемендігін енді ғана алған сонау бір 90-шы жылдардың күрделі кезеңі естен кетпейді. Сол жылдары, яғни 1996 жылы мен алғаш рет шаруа қожалығын құрып, өзімнің жеке кәсібімді бастадым. Әрине, қиындық аз болған жоқ. Бірақ Тұңғыш Президентіміздің ауылшаруашылық саласына деген шынайы қамқорлығының арқасында бұл қиындықтарды жеңе білдік.
Мен отбасыммен бірге шаруа қожалығының жұмысын дөңгелетіп, біршама жетістіктерге қол жеткіздім. Қазір қожалығымда 70 ірі қара, 200-ден астам қой өсіріледі. 600 гектардан астам жерге егін сеуіп, дән өсіреміз. Зайыбым Ботагөз екеуміз 5 бала тәрбиелеп, өсірдік. Сол балалардың үлкені Ғибрат пен Мирас бүгінде менің қолқанатым. Мал өсірудің қыр-сырына қаныққан олар жұмысты үйіріп әкетеді. Шаруа қожалығының жетістіктері бойыма сенім беріп, биылғы жылы мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7,5 миллион теңге несие алдым. Оған асыл тұқымды етті мал сатып алып, бордақылауға кірістім.
Астана қаласындағы облыс күндері шеңберіндегі бұл жәрмеңкеге 10 бас ірі қара мал етін, 20 бас қой етін әкелдім. Ақжар ауданына қарасты Тұғыржап ауылында қоныс тепкен шаруа қожалығымның бұл өнімдері ел мерекесіне қосқан аз да болса тартуым болмақ. Құйқалы да құнарлы Қызылжар өңірінде өскен бұл мал етіне астаналықтардың сұранысы үлкен.
Жұмахан ӘЛЖАНОВ, Ақжар ауданындағы «Әлжанов» ШҚ басшысы.