1949 жылдың 29 тамызында Семей өңірінде, Дегелеңде алғашқы атом бомбасы сынақтан өткізілді.
* * *
1953 жылдың 12 тамызында осы өңір, осы жерде тұңғыш сутегі бомбасы сыналды.
* * *
1949 жылдан 1963 жылға дейін ядролық бомбалар ашық ауада, жер бетінде жарылып жатты. Осы мерзім ішінде барлық жиыны 30 мегатонна болатын ядролық қару сынақтан өткізілді. Чернобыльдегі апат кезінде сыртқа шашылған, тараған зарядтың қуаты 100 хиросималық бомбаға тең болса, ал 15 жыл бойы Дегелеңде ашық аспанда жарылған бомба Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан екі жарым мың есеге артық.
* * *
Семей полигонының төңірегіндегі экологиялық апатқа ұшыраған аймақ қана 300 мыңнан астам шаршы шақырымды алып жатыр. Қазақстан аумағының Германия аумағына тең оннан бір бөлігі уланған құла дүзге айналып, жүздеген ядролық жарылыс оған жазылмастай жара салды. Радиациялық сәуле зардабына түскен қазақстандықтардың жалпы саны миллион адамнан асып түседі.
* * *
Жер бетінде өркениетті, тіршілікті құртып жіберу үшін 100 мегатонна термоядролық бомбалар жарылса жеткілікті.
* * *
Тоқсаныншы жылдары айналдырған оншақты жылда полигонның нақ эпицентріндегі бір ғана Саржал ауылынан сынақ салдарынан жиырмадан астам азамат өзіне өзі қол жұмсаған. Соңғы отыз жылдан бері аталған ауылда бір мыңға жуық адам сынақ салдарынан көз жұмған. Кезінде осы ауылдан Семейдегі радиациялық диспансер арқылы бақылауға алынған 300 адамнан қазірде тек екі-үш-ақ адам тірі жүр.
1931 жылғы қолдан жасалған нәубетке дейін Абай ауданындағы халық саны – 31, ал Абыралы ауданындағы халық саны 30 мың болса, қазірде осы өңірлерде тиісінше алғашқысында – 16 мың, ал екіншісінде небәрі 6-7 мың ғана адам тұрады.
* * *
1991 жылдың 29 тамызында егемен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Жарлықтарының бірімен ажал аждаһасы атанған Семей атом полигоны ауыздықталды.
* * *
2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы біздің еліміздің ұсынысымен Семей атом полигонының жабылған күні – 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады.
* * *
Тәуелсіз мемлекетіміз сынақтардың салдарына ұрынған халқымыз бен аумағымызды әлеуметтік нәрлендіру жөнінде тұрақты жұмыс жүргізуде. Жалпы жиынтығында осы мақсаттарға 34 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Елбасы тапсырмасымен Үкімет Семей қаласын дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Осы мақсатқа бүгінгі күнге дейін 20 миллиардтан астам теңге игерілді.