Бүгінде ел газеті «Егеменнің» тұрақты акциясына айналған «Ұлылыққа тағзым» атты жаяу жорық экспедициясы сапарға алғаш рет хакім Абайдың 150 жылдығына орай шыққан еді. Соның соңғы тоғызыншы сапары Елбасымыздың алғашқы Жарлықтарының бірімен Семей атом полигонын жабуының 20 жылдығына орай биылғы жылдың мамыр айында ядролық сынақ аймағының нақ эпицентріндегі Саржал – Қайнар – Курчатов бағыты бойынша ұйымдастырылған болатын.
Ал Норвегияның «Бейбітшілік үшін саяхат» қоғамдық ұйымы 1978 жылы велосипедпен алғашқы сапарын Солтүстік Ирландияға жасаған екен. Содан беріде аталған ұйым әлемнің жүзден астам еліне бейбітшілік пен достық саяхаттарын ұйымдастырыпты. Олардың да Семей атом полигонының жабылуының 20 жылдығына арналған сапары 29 тамызда өз мәресіне жеткен болатын. Ал мұны кездейсоқтық деп емес, өзара үндестік деп ұғынған ләзім. Төменде екі сапар жетекшілеріне сөз беріліп отыр.
Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері, «Ұлылыққа тағзым» жаяу жорық экспедициясының жетекшісі:
– Иә, біздің алғашқы сапарымыз 1995 жылы хакім ақынның 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған болатын. Сонда біз Семейден Жидебайға дейін 160 шақырым жерді бес күн ішінде жүріп өткен едік. Кейінде бас басылымның тұрақты акциясына айналған мұндай жаяу жорықтар ұлы Жамбылдың – 150, ғұлама жазушы, ғалымдар Әуезовтің, Сәтбаевтың, Мүсіреповтің 100 жылдықтары мен өршіл ақын Махамбеттің 200 жылдығы, сондай-ақ әулиелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы тұсында өз жалғасын тапты.
Сол тұста алдымыздың жасы жетпіске тақап қалғандықтан, осы жеті сапармен шектелгенді жөн көргенбіз. Соған орай «Жеті сапар» деп аталатын кітабымыз да жарық көрген еді. Алайда, ойлана келгенде тірісінде жазықсыз оққа байланып, ал өлісінде бай мұрасына пәлен жыл тыйым салынған Шәкәрім қажының 150 жылдығында үнсіз қалғанды жөн көрмегенбіз. Сөйтіп, 2008 жылдың жазында Жидебай – Бақанас бағытымен жолға шыққан болатынбыз.
Ал биылғы жылдың мамыр айында ядролық сынақ аймағының нақ эпицентріндегі Саржал – Қайнар – Курчатов бағытымен жолға шықтық. Әдеттегідей, бұл жолғы сапарда да ел бізді жылы жүзбен, зор құрметпен қарсы алды. Оны біз кешегі сынақ аймағындағы халықтың тұңғыш Президентімізге, оның ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал қызметіне құрмет ретінде қабылдадық. Осы өткен жиырма жылда ел іші өзгеріс, жаңалықтардан кенде емес екен. Әсіресе, кешегі атом полигонының астанасы – Курчатов қаласының болмысы бүтіндей өзгеріп кетіпті. Оның болашағы тіптен де кісі қызығарлықтай. Біз соған қуандық. Ал жекелеген кемшіліктерді барды ұқсата алмай отырған кейбір басшылардың кінәсі ме дедік.
Енді, міне, норвегиялық әріптестер тарапынан қолға алынған бір игілікті шаруа өз мәресіне жеткенін естіп, біліп отырмыз. Біздің кешегі игі талпынысымыз құрылғанына отыз жылдан асқан Еуропа төріндегі бір қоғамдық ұйымның тарапынан басқаша мазмұнда өз жалғасын тауып отырғанына, әрине, біз өте қуаныштымыз. Бұл өзі өзара келіскендей-ақ бір оңды шаруа болды деп білемін.
Торе НАЕРЛАНД, Норвегиядағы «Бейбітшілік үшін саяхат» қоғамдық қорының жетекшісі:
– Біздің қоғамдық қорымыздың құрылғанына биыл – 33 жыл. Мақтанды демеңіздер, біреуміздің көру, екіншіміздің есту қабілетіміз төмен болғанымен, веложорықта тәжірибеден кенде емеспіз. Осы веложорықтар арқылы әлемде бейбітшілік ісін насихаттау басты парызымыз болғандықтан, Қазақстанның ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен бірге кеңінен аталып өтіліп жатқан Семей атом полигонының жабылғанына да 20 жыл толуына арналған бір игілікті шараны өткізуді өзіміздің басты борышымыз деп есептедік.
Сонша уақыттан бері бейбітшілік насихатшысы болып келе жатқандықтан, сіздердің басшыларыңыздың – Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде бейбітшілікті орнықтыру жөніндегі әркездегі тың бастамаларынан толықтай хабардармыз. Солардың бірі 12-13 қазан күндері өтетін «Ядросыз әлем» форумы болмақ. Енді, міне, «Семей – Алматы – Астана» бағытымен екі мыңнан астам шақырым жол жүріп өткенде оның қазіргі заманның қайраткер басшысы екендігіне көзіміз әбден жетті. Яғни, есту бір басқа да, көру тіптен де басқаша екен. Мұндағы халықтар достығы мен ынтымақтастығы, экономикалық өрлеу, бейбітшілік ісіндегі тың бастамалар қолдауға, басқаға үлгі етуге әбден лайық деп білеміз. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Нобель сыйлығына ұсынып, соның бірден-бір насихатшысы болсақ деген ойдамыз.
1945 жылдың 6 тамызында АҚШ тарапынан Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына алғашқы атом бомбалары тасталған болатын. Енді 29 тамызға келетін болсақ, 1949 жылдың дәл осы күні Семей өңірінде алғашқы сынақ жасалса, ал 1991 жылдың дәл осы күні ол сіздердің басшыларыңыздың батыл қадамымен мәңгілікке жабылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен БҰҰ-ның 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялағанына да биыл, міне, екі жыл болды.
Ядролық сынақ аймағына жаяу жорық ұйымдастырылғанын бізге Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов айтқан еді. Иә, бәріміздің мақсатымыз бір. Кешегі атом полигоны енді достық полигонына айналсын деп тілейік!