• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2011

«Жырым мені ешқашан өлтірмейді, әнім мені алысқа жетелейді»

984 рет
көрсетілді

Үш күннен бері Қазақ елінің қабырғасы қайысулы. Алтай мен Атырау арасы жалпақ жұртымыздың кәрісі мен жасына, данасы мен ба­ла­сына бірдей айрықша сү­йікті ақжолтай, қайырым мен мейірімнен жаратылған ақын қазасына аза тұтулы. Ұлттық поэзиямызды әлемдік деңгей­ге көтерген, қазақ жырының абыройын асқақтатқан аса көрнекті ақын, Қазақстан­ның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Тұманбай Молдағалиев екінші өмірін бастау үшін мәңгіліктің төріне бет алып бара жатқан ауыр күндер бұл. Алматы кеше Алаштың ақиық ақынын, ардақты азама­тын ақтық сапарға аттандырып салды. Таңертеңмен өзінің мешітті ғалам үйінде мәйіті ару­ланып, жаназасы шығарыл­ды. «Жұмақ төріне бөгелмей өтуге тиісті бір адам болса, ол біздің Тұмағаң ғой», деп мұ­ңайды ақын інілері. М.Әуе­зов атындағы ака­демиялық драма театрына сү­йікті ақын­мен қош­тасу үшін келіп жатқан лек-лек халық. Мұң­ды музыка сазы қай­ғы­ның ауыр­лығын жанға ба­тыра сездіріп, тұма жырдың Тұманбайына деген қимас са­ғыныш толқынын тудырған­дай. Қаралы митингіні тебіреністі толғаумен ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы­ның төрағасы Нұрлан Оразалин елді сүйген, өлеңді сүйген Тұманбай Молдағалиевтің өмірі халыққа, Отанға қызмет етудің, жырды көздің ағы мен қара­сындай аялаудың үлгісі екенін қадап айтты. Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбаса­ры Бағлан Майлыбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы­нау ауыр қазаға байланысты марқұм­ның отбасы мен туған-туысқан­дарына жолдаған же­дел­ха­тын, Мемлекет басшысы­ның сонда айтылған жүрек­жарды сөзін жеткізді. Тұманбай Молдағалиевтің ұлттық поэзия­мыздың өркен­деуіне өлшеусіз үлес қосқан­дығы, оның сезім мен нәзік лириканың теңдессіз шебері екен­дігі, ақынның асыл мұрасы ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына құйылып, халқы­мыз­дың рухани байлығына ай­нал­ғандығы атап айтылды. Тұмағаң туған топырақ – Жетісу жұртының қимастық лебізін Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов жеткізді. Ел тәуел­сіздігін жан-жүрегімен қуана, асқақтата жырлаған, жаны нәзік, пейілі кең Тұмағаң «Құстар қай­тып барады» деп қалықтата әнде­тіп, өзі де қоңыр күзде мәңгілік мекеніне аттанып жүре беруі қандай өкінішті. Бірақ оның жы­лы жүзі, сабырлы қалпы көзден кетсе де, көңілден кетпек емес. Тұмағаңның Алматыға арна­ған өлеңдерінің өзі қалың бір том болар. Ол Алматыны сүйді, Алма­ты оның өзінің де, махаб­батының да, жыр­лары­ның да алтын бесігі болды. Азат­тық бесігінің ұлы қала­сы Алаштың ұлы ақынын ұмыт­пайды. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов осы­лайша қаза қайғысы­ның салма­ғын бөлісіп жатқандарын паш етті. Қайғыны жеңілдетіп, көңілге жұбаныш болар жеделхаттарды жолдаушылар – Премьер-министр Кәрім Мәсімов, БҰҰ Бас хатшы­сының орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы Орал Мұхамед­жанов, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Мә­де­ниет министрі Мұхтар Құл-Мұхам­мед, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар, Аты­рау облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаев, Бақыт­жан Сағын­таев және Бергей Рысқа­лиев, Қы­тай елінің бір топ қалам­герлері... Осылай жалғасып кете береді. Ақынын ардақтаған осын­дай елдік қасиет мынадай қайғы үстінде қазақ халқының ұлылы­ғын тағы бір анық дәлел­дегендей. Тұмағаң соңғы айларда бой жасағандай айрықша белсенділік танытты. Мұқағали мен Қасым­ның мерейтойларына қатысты. Өске­мен­де «Шығыс шынары» мүшәй­расының құрметті қонағы болып, Абай атындағы арнаулы сыйлықты еншіледі. Емен-жар­қын кездесулерде жыр оқып көңілін өрлетті. Өскемен қаласы­ның әкімі Ислам Әбішев қазақ поэзиясының классигін Алтай елі де ұмытпайды, ұмыта алмайды десе, ол да ақиқат. Ал, Жайықтың ақын қызы Ақұштап Бақтыге­реева Батыс Қазақстан об­лысы­ның әкімі Бақтығожа Ізмұхам­бетовтің үшбу сәлемін жеткізе тұрып, өлең деп аталатын киелі өнерге жарты ғасыр бойы адал­дығынан жазбай, қазақтың таңға­жайып лирика мек­тебін қалып­таған Тұманбай ақыннан айры­луымыз туған әке­ден айрылған­нан да ауыр соғаты­нын айтса, біз осы сөзге де құдай­дай сендік. Академик Серік Қирабаев режімге бағынбаған жаңа поэзия жасаған Тұмашының қазақ өле­ңіндегі орны тіпті ерекше екендігін айтып, оның Мағжанды қайта тірілткен ақындық құдіретіне тоқ­талды. «Кешегі Әзербайжан Мәм­бетов, Ақселеу, Қадыр сияқ­ты, Тұманбай да алыптардың ізін басқан алыбымыз еді, жетімсіреп қалдық», деген Асанәлі Әшімов күйзелісіне де қосылмаған жан жоқ. Тұмағаңның студенттік күн­нен бергі досы, Астанадан жеткен үлкен ақын Нұрғожа Оразов­тың: «Поэзия дейтін кереметтің лирика деген періштесі бар. Со­ның иесі – Тұманбай», дей келе, оқыған арнау өлеңі жиылған жұрт­тың сай-сүйегін сырқырат­ты. Қазақ әдебиетінде Қадыр мен Тұманбай баяғы Ғабит пен Ғаби­ден абыздардай егіз жаратыл­ған жандар еді. Екеуі құрдас, мұң­дас, сырлас болатын. Қалжың­дары сондай жараса­тын. Екеуі де қазақтың ұлы ақындары. Тұмағаң: «Қадыр не істесе, мен соны істеймін. Сыйлық алса, сыйлық аламын, кездесу жа­саса, мен де елмен жүзде­семін», дейтін. Енді, міне, Қа­дыр құрдасы дүниеден өтіп еді, Тұмағаң қимас достың соңы­нан өзі де асығыс аттанып кете барды. Шамасы, сағынған болар. Бұл да құдайдың бір құді­реті ме екен? Бұл әфсананы жазушы Бексұл­тан Нұр­жек­еұлы елжірей езілген күйініш­пен айтты. Тұмағаңның бала күннен бергі досы Қалдан Бастаубаев ақын атының Алаш тарихына алтын әріптермен жа­зы­латынын жария етті. «Жырым мені ешқашан өл­тірмейді, Әнім мені ертеңге жетелейді», – деп жырлаған қа­зақ­тың алып ақыны Тұман­бай Молдағалиев «Кеңсай» зиратын­да мәңгілік мекеніне табыстал­ды. Одан соң асы беріліп, аруақ­қа құран бағыштал­ды. Жыры мен әні ақын рухын өлтірмей­тініне, періште Тұмағаң­­ның нұ­ры пейіште шалқитынына кеудеміздегі иманымызбен біз де кәміл сендік. Қорғанбек АМАНЖОЛ. _____________________   ҚОҢЫР КҮЗДЕ ҚҰСТАРМЕН ҚАЙТҚАН АҚЫН Әбілмәжін Жұмабаев – жазушы: – Мынау пендешілік өмірде талай адамдармен кездесіп, қызметтес боласың. Біреулерімен дауласуыңа тура келеді. Ал біреулер өзінің адамгершілік қарым-қатынасымен мәңгі-бақи жадыңда қалады. Сондай адамның бірі Тұманбай болды. Ол – ақын, кітаптарын шығарды. Мен біраз жыл «Жазушы» баспасында директор болдым. Кітап шығаруға байланысты Тұман­баймен әркез араласта болдық. Біраз қаламгерлер кітаптарының көлемі, таралымы жөнінде дауласып жатар болса, Тұманбай бауырымыз жымиып қана күліп, өзіңе салмақ салар еді. Қолдан келгенше осынау ақиық ақынның керемет жырлары халыққа жетсе екен дедік. Кім біледі, кейде біздің жасағанымыз оның көңілінен шықпаған да шығар. Сонда да ол ренішке бармайтын. Нағыз азаматтың мінезін көрсететін. Оның есесіне жастарға қамқор болып, олардың кітаптарын шығаруға жанын салып жүрер еді. * * * Ислам ӘБІШЕВ, Өскемен қаласының әкімі: – Қадірлі Тұманбай аға дүниеден озды деген хабар жеткенде бүкіл Алтай елі есеңгірегендей күй кешті. Өйткені, Молдағалиевтің мөлдіреген жырларын сүйіп оқымайтын бұл күнде қазақ баласы жоқ. Былтыр ғана Тұманбай аға­мыз өзінің құрдасы, жан жолдасы Қадыр Мырза-Әлімен Алтай өңірінде қонақта болып, сол кезде екі алыптың арасында айтылған әрбір сөздері, әрбір жарасымды қалжыңдары Шығыстағы жырсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Биыл да осыдан бір ай бұрын ардақты жары Күлтай апамызбен бірге, өзінің артынан ерген ақын іні-қарындастарын ертіп келгенде де Өскемен­дегі саябақта, ашық аспан астында серпілтіп жыр оқыды, Өскемен көгін жырға бөледі. Сол жолы қазақтың алып жүректі, аса мәдениетті ұлымен соңғы рет кездескенімізді білмеппіз де. Біз ақын ағамызды, ақын атамызды ұмыт­паймыз! Ұмыта да алмаймыз! Өзі жақсы көріп өткен хал­қы­ның жүрегінде Тұманбай ақын мәңгі бақи жасай береді! * * * Аққұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын: – Қазақ халқының әдебиетіне жарты ғасырдан аса адал, қалтқысыз, ең нәзік сезімімен қызмет еткен, қазақ поэзиясының лирика мектебін қалыптас­тырып, кіршіксіз еңбек сіңірген алып ақынымыздан айырылу біз үшін өте ауыр оқиға. Қазақтың әр баласы оның жырын оқып өсті, өзін көріп есейді. Қазақ халқы Қадыр мен Тұманбай деп екі есімді ардақтады, екеуін екі алақанына салып құрмет тұтты. Екеуінің туған жылы да, әдебиетке келген жылы да, кітаптарының шыққан жылы да бір еді. Енді міне, досын, құрдасын аңсап кетті ме, өмірден өткен жылдары да бір болып отыр. Тұманбай өмірден өтсе де, санадан өшкен жоқ! Егеменді елдің өнерін, әдебиетін, тілін құрметтей­тін ұрпақ барда, Тұманбай жазып кеткен жастық­тың әні шырқалып тұрғанда ақынның есімі де, артында қалған сөзі де қазақ халқының жадында жүре береді.