• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
13 Қазан, 2011

Апта айшықтары

322 рет
көрсетілді

ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНА ЖАҢА ӘКІМ КЕЛДІ Өткен аптада облыс орталығына жаңа әкім тағайындалды. Ол –Қайыргелді Оразгелдинов. Негізінен, бұл қызметте жаңа әкімнің тәжірибесі мол, жергілікті жер жағдайын жақсы біледі деуге болады. Бұған дейін Қайыргелді Әлиғазыұлы облыстағы Қашыр ауданын, өндірісті Ақсу қаласын басқарды. Елге жайлы, соңына бей-берекет сөз қалдырмаған, шаруа­шылық жайына мықты. Қашыр ауданы орталығының Тереңкөл деп ата­луына, тұңғыш рет қазақ мектебінің салынуына үлес қосты. Енді Кереку өңірі орталығын басқарады. Ал бұған дейін қала әкімі болған Бақытжан Жоламановтың, неге екені белгісіз, келгенінен кеткені жылдам болды. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар. * * * ЖЫЛЖЫМАЛЫ КЕШЕН ТАБЫС ЕТІЛДІ Облыстық балалар ауруханасына  жылжымалы медициналық кешен табыс етілді.  Бұл заманауи  медициналық көліктің  құны 85 миллион теңге тұрады. Енді  балалар дәрігерлері  облыстың қандай шалғай ауданына да  тез жетіп, ауруларға  көмек көрсете алады. Бұл облыстық балалар ауруханасының көптен бергі  қолы жетпей жүрген жабдығы болатын. Оның ішінде  ауырған баланың  диаг­нозын анықтайтын барлық  жабдық та, жағдай да бар. Дәрігер осы  көліктің арқасында  науқасқа жедел көмек те көрсете алады. Енді  шалғай ауылдардағы  ата-аналар бала ауырғанда  алыстағы аудан орталығына немесе  облыстық ауруханаға  қалай жетеміз деп  бас қатырмайды. Балалар дәрігері жетіспей отырған  жерлерде  жедел медициналық көліктің  тиімділігі өте жоғары боларын  облыстық аурухана басшылары  қазірден айтып отыр. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай. * * * ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ Кенді Алтайдың аудандары мен қалалары Өскемен мен Семейде «Туған жерге – тағзым» акциясын бастады. Бұрынғы Семейге қарас­ты аудан өкілдері Өскеменге, ал Өскеменге қарастылары Семейге барып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп, ет, көкөніс, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қала дүкендеріне қарағанда 30-40 пайыз төмен бағамен сата бастады. Екі апта қатарынан Бесқарағай мен Жарма аудандары жүз тоннадан астам көкөніс, ет пен сүтті арзанға сатты. Аудан әкімдері Қали­хан Байғонысов пен Темірбек Қасымжановтың айтуынша, жәрмеңке өткізумен бірге,  жетімдерге азық-түлік тегін апарып берілген. Металлургтердің Мәдениет сарайында екі аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Өскемен. * * * ТЫҢДАУШЫЛАРҒА  АРНАЙЫ СЕРТИФИКАТ Петропавл қаласында бельгиялық  «EuroConsultants» ком­пания­сының қолдауымен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған аймақтық семинар өтті. Оған  санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарымен қатар, АҚШ, Италия, Латвия, Нидерланды, Украина мемлекеттерінен сарапшылар қатысты. Басқосуда Бүкіләлемдік сауда ұйымы  талаптарына сай өнім сапасын әлемдік талаптарға жеткізудің жолдары қарастырылып, дәрістер оқылды. Республика бойынша іс-тәжірибелер ортаға салынып,  пайдалы ұсыныстар айтылды. Аталмыш шара  аясында бір мыңнан астам маманның кәсіби біліктілігін арттыру көзделген.  Екі күнге созылған семинарда  жүзден аса тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * КІТАПТЫ КӨП ОҚИТЫН ӘУЛЕТТЕР Ақпараттық технологиялар қанша жетілгенімен көркем әдебиет­тің ұрпақ тәрбиесіндегі орны бөлек. Жақында Кентау қалалық кітапханасы ұжымының ұйымдастыруымен “Үздік оқитындар әулеті” байқауы болып өтті. Мәдени шараға жеті отбасы қатысып, қазақтың тұрмыстық салт-дәстүрлеріне байланысты бес кезең бойынша сынға түсті. Осы бай­қауда Берікқара әулеті бас жүлдені жеңіп алды. Жүлделі үш орынға Әлиевтер, Қойшыбаевтар және Оралбаевтар отбасылары ие болды. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы. * * * БЕЙНЕКОНФЕРЕНЦИЯ АРҚЫЛЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстық Жайық Бектұров  пен Хамза Есенжанов атындағы   жасөспірімдер мен  балалар кітап­хана­сы  арасында «Бір ел – бір кітап» республикалық  акциясы аясында тікелей байланыста  бейнеконференция өтті. Оған қатысқан Қараған­дыдағы, Оралдағы жоғары оқу орындарының шәкірттері Ж.Айма­уытов­тың  «Ақбілек» романын талқылап, оны оқудан түйген ой-әсерлерін ортаға салды. Қарағандыдағы аталған кітапхана мұндай шараны басқа да қалалардағы  рухани байлық ошақтарымен жалғастырмақ. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ МӘРЕГЕ ЖЕТТІ Батыс Қазақстан облыстық экологиялық қоғамдық ұйымдар қауымдастығы жас буынның экологиялық танымын көтеру үшін арнайы акция жариялады. Бірнеше кезеңнен тұратын акция аясында тал отырғызу, аумақтарды тазарту жұмыстары атқарылды. Тәрбие сағаттары мен конкурстар өткізілді. Өткен аптада жас жеткіншектер арасында өткізілген шараның нәтижелері шығарылып, Орал қаласындағы №19, №20 және №41 мектеп оқушылары жеңімпаз деп танылды. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.