• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2011

«Ядролық қауіпсіздік саласының лидері»

409 рет
көрсетілді

Мақала тақырыбындағы сөйлем АҚШ Президенті Барак Обаманың «Ядросыз әлем үшін» атты Астана форумына қатысушыларға Жолдауынан алынып отыр. Осы сөз кеше жиынның Семей және Курчатов қалаларында жалғасқан екінші күнгі іс-шараларында оған қатысушылардың пікір-лебізімен қайта жаңғырып, қуатты үнмен естіле бастады. Биылғы жылдың тамыз айының соңында Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабыл­ға­нына 20 жыл толды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы осы бір аса маңызды оқиға кешегі алып им­перия ыдырамай жатып жүзеге асырылғанын ескерсек, оның мән-маңызы өз-өздігінен айқындала түседі ғой деп ойлаймыз. Міне, содан кейінгі жерде әлем картасында пайда болған жаңа тұрпатты мем­лекеттің ізгі бастамасы алпауыт елдердің тарапынан да қолдау тау­ып, жер жаһанда тыныштық орнай бастағаны да шындық. Ал егемен ел атанған сәттен бастап кешегі атом полигонының ас­танасы Курчатов қаласының бол­мысы бүтіндей өзгеріп, бейбіт мақ­сатта жұмыс істей бастағаны тағы рас. Өтпелі кезеңнің осы шақтағы экономикалық қиындықтарына қа­ра­мастан, аяғынан енді ғана тұрып келе жатқан еліміздің ядролық сы­нақтардан зардап шеккен отан­дас­та­рымызға түрлі жеңілдіктер қа­рас­тырып, өтемақы төлеу мәсе­ле­сін өз иығымен көтеріп алғаны да баршамызға аян. Одан бергіде қасиетті Семейде, ерке Ертіс өзені айрығындағы арал­да «Өлімнен де күшті» деген атпен ядролық сынақ құрбан­дары­на зәулім монумент орнатылды. Мұ­ның сыртында заманында Алаш­тың туы көтерілген тарихи қала енді бейбітшілік ордасына айналып келеді. Соның айғағындай, Елба­сы­ның Орталық Азияда ядролық қа­ру­дан азат аймақ құру туралы идеясына орай, Семейде осыдан бес жыл бұрын Орталық Азия өңіріндегі бес республиканың Сырт­қы істер министрлері өзара шартқа қол қойса, ал бұрнағы жылы жо­ғарыда аталған монумент жанында ондаған мың адам қатысқан бейбітшілік митингісі өткізілді. Сол алқалы жиында Елбасы ұсыны­сы­мен Семей ядролық полигоны жа­былған күн – 29 тамызды Жаппай қырып-жою қаруынан бас тарту­дың Бүкілдүниежүзілік күні деп жариялау туралы үндеу қабылдан­ды. Сол ұсыныс іле Біріккен Ұлт­тар Ұйымының тарапынан қолдау тапты. Біріккен Ұлттар Ұйымы демекші, өткен жылдың сәуір ай­ын­да осы мәртебелі ұйымның Бас хат­шысы Пан Ги Мун Семей өңірінде болып қайтты. Көріп, біліп отырғанымыздай, соңғы жылдары әлемде бейбітшілікті орнықтыру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Айта­лық, жуырда ғана бұл өзекті мә­се­ленің Біріккен Ұлттар Ұйымының алқалы жиынында қаралып, онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сын­дарлы сөз қозғағаны белгілі. Ал оның соңы бұрнағы күні Астанада «Ядролық қарусыз әлем үш­ін» форумына келіп ұласты. Осы­лайша қашанғыдай әлемдік әңгіме Қазақ елінде жалғасын тапты. Кеше түске жақын сол сали­қа­лы жиын қонақтары Семейге ат басын тіреді. Қазақстан Республи­ка­сының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастап келген құ­рамында МАГАТЭ-нің Бас ди­рек­торы Юкия Амано, АҚШ-тың Энергетика министрінің бірінші ор­ынбасары Дэниел Понеман, Жа­понияның бұрынғы Сыртқы істер министрі, ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру жөнін­дегі халықаралық комиссияның тең төрағасы Йорико Кавагути, Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэ, АҚШ-тың біздің еліміздегі елшісі Кеннет Фэйрфакс және бас­қа әлемдік деңгейдегі қоғам қай­рат­керлерін, шетелдік және отан­дық белгілі ғалымдарды, бұқара­лық ақпарат өкілдерін әуежайда Шы­ғыс Қазақстан облысының әкі­мі Бер­дібек Сапарбаев пен Семей қа­ласының әкімі Айбек Кәрімов қар­сы алды. Халқымыздың қонақ­жай­лық дәстүрімен меймандарға гүл шоқтары, ұлттық дәм ұсынылды. Семейліктердің бұл салтанатқа қызу әзірлікпен келгені әуежайдан бастап көрініп тұрды. Иә, бұл фо­рум­ның маңыздылығы сондай, Мемлекет басшысының тапсы­руымен Семейді көріктендіру жұмыстары­на Үкімет тарапынан қомақты қар­жы бөлінген болатын. Соған орай әуежайға да жаңартылу жұмыс­та­ры жүргізілді. Негізгі жұмыстар бас­ты үш нысан бойынша атқа­рыл­ды. Соның жақсы бір көрінісі – Семейден ұлылар еліне қарай бастап баратын күре тамырдай қасқа жол­дың бойында «Абай жолы» стел­ласы бой көтерді. Ал қаладағы ор­та­лық алаң тұтасымен өзгертілді десе де болады. Сөйтіп, соңғы от­ыз-қы­рық жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген бұл жер жайнап, жаңғырып шыға келді. Алаң төсеніштері ауыстыры­лып, жаңадан субұрқақ орнаты­луы, со­нымен бірге алаңның түр­ліше безендірілуі де оңды шаруа болды. Үшінші басты нысан – арал­да­ғы «Өлімнен де күшті» монумен­тінің маңайы да өзгеріп, құлпырып шыға келді. Мұнда жаңадан «Мутант» және «Қасиетті ағаш» алаң­дары, «Бейбітшілік стелласы» ар­хи­тектуралық кешені бой көтерді. Биіктігі 28 метр осы стелланың басында күн шапағымен көмке­ріл­ген шаңырақты айнала ұшып, көк аспанға талпынған жеті қарлығаш бейнеленген. Сондағы алтын түс­тес ұя бейбітшілік белгісін білдіреді. Қарлығаш демекші, ядролық сы­нақ аймағында ұзақ жылдан бері көрінбей кеткен бұл қасиетті құс­тың биылғы жылдан бастап бұ­рын­ғы құт мекеніне орала баста­ғанын қайтерсіз! Мұқағали сынды алып ақынның бір жыр жинағы сол қасиетті құсқа арналған өлеңі­мен «Қарлығашым, келдің бе?» деп аталатындығын баршамыз жақ­сы білеміз. Сондықтан полигон­ның жабылуының 20 жылдығы мен ақынның биылғы мерейто­йы­на сәйкес келіп жатқан бұл құбы­лысты жақсылыққа балайық. Осы орайда сондай кешенді жұмыс­тар­мен бірге, қала ішін абаттан­ды­рып, көгалдандыру, жолдарды жөн­деу, жарықтандыру жұмыстары қоса жүргізілгенін айта кеткен жөн болар. Мұның бәрі және қысқа мерзімде ұйымшылдықпен атқарыл­ды. Яғни, бұл мәселеде облыс, қала басшылығы іскерлік таныта білді. Астанада өткен форум бағда­­р­ламасына сәйкес қонақтар мінген тікұшақтар алдымен Курчатов қа­ла­сына бет алса, олардың екінші бір тобы Семейдің денсаулық сақ­тау, білім және мәдениет орын­да­рында болып, қала тіршілігімен же­те танысты. Ал соңғы 20 жылда кешегі полигон астанасы болған Кур­чатов қаласы да өзгеріс, жаңа­лықтардан кенде емес еді. Мұнда Елбасы Жарлығымен құрылған Ұлт­т­ық ядролық орталығы қазірде толық күшінде жұмыс істеп тұр. Кейінгі жылдары өмірге келген Ядролық технологиялар паркі болса ғылым жаңалықтарын іс жүзіне асыруда. Бір сөзбен айтқанда кешегі полигон астанасы бүгінде бей­біт мақсатта жұмыс істеуде. Оның үстіне ел тәуелсіздігіне қол жеткеннен бергі жерде қала бол­мы­сы бүтіндей өзгерген. Мәселен, Курчатовта бұрын болмаған жаңа­лық – қазақ мектебі, мешіт жұмыс істеп тұр. Оның сыртында осы қа­лаға шеттен келген қандастарымыз біртіндеп орныға бастады. Оларға арнап бұрын қаңырап бос қалған екі көп қабатты үй күрделі жөн­деуден өткізіліп берілді. Форум қонақтары ең алдымен жоғарыда аталған Ұлттық ядролық орталығында болды. Тікұшақ­тар­дың қонуына арналған алаңда олар­ды облыс әкімінің орынбасары Е.Көшербаев, Курчатов қаласының әкімі А.Генрих және Ұлттық ядро­лық орталықтың бас директоры Қ.Кәдіржанов қарсы алды. Ұлттық киімдегі қыздар қонақтарға ұлттық дәм ұсынды. Орталықтың жаңа ғи­маратында оның басшысы мейман­дарды қысқаша өз жұмыстарымен таныстырып өтті. Бұдан кейін қо­нақтарға Семей ядролық сынақ по­лигоны туралы деректі фильм көр­сетілді. Фильмнен соң олар осын­дағы полигон мұражайында бо­лып, Семей өңірінің өткендегі қа­сіре­тімен және орталықтың бол­а­шақ­тағы жоспарларымен жете та­ныс­ты. Экскурсиядан кейін МАГАТЭ-нің Бас директоры құрметті қонақ­тарға арналған кітапқа өз қолтаң­басын қалдырды. Осы жерде Нагасаки қаласының мэрі біздің әріп­тес­терімізге сұхбат берді. Қонақтар келесі кезекте «Яд­ро­лық технологиялар паркінде» бол­ды. Оларға осындағы түрлі жобалар менеджері Ж. Жұмаділова ра­диа­ция­лық технологиялар кешені жо­басы туралы түсініктеме берді. Форумға қатысушылар, сондай ақ Курча­тов­тағы «Токамак» мате­ри­ал­дары жү­йе­сіндегі термоядролық реак­торы­ның жұмысымен таныс­ты. Бұдан кейін форум қонақ­та­ры­ның бір то­бы Семей ядролық по­ли­гоны ала­ңын­да болды. Сол жерде МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Амано, ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қа­зыханов, ОДВЯИ дайындық комис­сиясының атқару­шы хатшысы Тибор Тот баспасөз өкілдеріне мә­лім­деме жасады. Ең соңында «Байкал-1» кешенінде бо­л­ған олар м­ұ­нан кейін Семейге қайтып оралды. «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы осындағы «Өлімнен де күшті» монументінің басындағы 20 мың адам қатысқан Семей атом полигоны жабылуы­ның 20 жылдығына арналған бү­кіл­халықтық митингімен қорытын­ды­ланды. Оны қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл аса маңызды шараға 26 елдің, 20-дан астам халықаралық қоғамдастықтардың өкілдері қаты­сып отырғандығын айта келіп, Ел­басының бейбіт мақсаттағы баста­малары ең алдымен кешегі кеңес заманында қырық жыл қырғынды басынан кешкен, одан зардап шеккен шығысқазақстандықтар тара­пы­нан зор қолдау тауып келе жат­қандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ Президентімізге АҚШ мемле­ке­тінің басшысы тарапынан берілген «ядролық қауіпсіздік саласы лидері» ұғымының өте терең мәнге ие екеніне ерекше тоқталып өтті. Келесі кезекте сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қа­зы­ханов Елбасы Жарлығымен жа­был­ғаннан бергі жерде атом поли­гонының әлеуеті тек бейбіт мақ­сатта пайдаланып келе жатқан­ды­ғына тоқталды. Өткен жылы Семей өңірінде болып, көп нәрсені өз көзімен көріп қайтқан БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун басқа елдің басшыларын Қазақстан жо­лы­мен жүруге шақырды, деді ол. МАГАТЭ-нің директоры Юкия Амано да осы сөзді бекіте түсті. Қа­зақстан КСРО-дан қалған қатер­лі мұрадан өз еркімен бас тартты деді ол. Таяуда Венада біз де ос­ындай алқалы жиын өткізетін бо­ламыз. Сонда бейбітшілік жолын­да­ғы Қа­зақстан тәжірибесін наси­хат­­тауды өз борышымыз деп білеміз. Митингіде, сондай-ақ АҚШ-тың Энергетика министрінің бірінші орынбасары Дэниел Понеман, Нагасаки қаласының мэрі Томихиса Тауэ, жоғарыда есімі аталған Тибер Тот және Абыралы елінің тумасы Дүйсембай Қошқарбеков жү­рекжарды сөздерін ортаға сал­ды. Ал Семей ядролық сынақ по­ли­гоны жабылуының 20 жылды­ғы­на арналған митингке қатысушы­лардың Үндеуін Семей қаласының құрметті азаматы, ғылым докторы, профессор Михаил Панин оқып берді. Онда Нұрсұлтан Назарбаев­тың осыдан 20 жыл бұрын Семей атом полигонын жауып, қолдағы ядролық әлеуеттен бас тартқаны теңдесі жоқ даналық қадам болға­ны, сөйтіп ядролық қарусыз әлем үшін әлемдік қозғалысты бастағ­а­ны атап көрсетілді. «Біз қолында ядролық қаруы бар және оны сынауды жалғастырып отырған мем­лекеттер халқын ядролық полигондар үнін мәңгі өшіру шара­ларын қолдануға шақырамыз», деп аяқталды Үндеу. Осы орайда сөз соңын сол күні Семей өңірінде май тоңғысыз жай­машуақ шақ орнағанын айта кетсек дейміз. Мұның өзі алдағы уа­қыт­та кешегі ядролық сынақ айма­ғы­на қар­лығаштардың топ-топ болып ора­латындығына сеніміңді бекіте түсе­­­ді. Солай болғай! Міне, тәуел­сіз Қа­зақстанның 20 жыл ішіндегі та­ғы­лы­мы мол тарих сабақтары осындай! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Курчатов – Семей. –––––––––––––– Суреттерде: форум қонақ­та­ры Курчатов қаласы мен Семейдегі ескерткіш белгі орнатылған аралда. * * *   БҰЛ – СІЗДІҢ ҒАЖАЙЫП ЕРЛІГІҢІЗ! Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! 40 жыл бойы байтақ даламызда ажал уын шашқан Семей ядро­лық сынақ полигонын өз Жарлығыңызбен жауып, сынақтарды тоқтатқаныңызға да міне 20 жыл толыпты. Бұл, әсіресе, біздер үшін ерекше маңыз­ды оқиға. Біз, Семей халқы, осы ерлігіңіз үшін Сізге қарыздармыз. Өйткені бұдан 20 жыл бұрын кеңес­тік империяның ядролық залалды күші мығым, әс­кери жүйесі қуатты еді. Сіз бүкіл жүйенің қар­сы­лы­ғына тойтарыс беріп, ғажайып ерлік жа­са­дыңыз. Одан кейін де Семей өңіріне ерекше ықы­ласпен қарап, жарылыстардан запы болған халық­тың жағдайын жақсарту, азып кеткен жерді нәрлендіру, зардап шеккен адамдарды сауықтыру, жалпы Шығыс өңірін көркейту жолында қажырлы еңбек етіп келесіз. Семей өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін бірнеше үлкен мемлекеттік бағдарламаларды қабылдап, олардың табысты іске асуын өзіңіз қадағалап отырсыз. Осының өзі біздің жүрегімізге ертеңге деген сенім мен қуаныш нұрын ұялатады. Біз осы бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып отыр­ғандығын өз көзімізбен көріп, куә болып келеміз. Қамқорлығыңызға риза болып, батамызды беріп отырамыз. Полигон жабылуының 20 жылдығына орай «Ядролық қарусыз әлем үшін» атты халық­аралық форумды шақырып, бар әлемнің назарын біздің қасиетті өлкемізге аударып, дүние жүзінде ядролық қару атаулыны құрту жолында тынбай еңбек етіп келесіз. Бейбітшілік, ядролық қауіпсіздік жолында қаншама тың бастамалар көтеріп, ұсыныстар жасап жүрсіз . Біз жасымыз келіп, зейнет демалысында жүр­сек те осы жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Тарих үшін қас-қағым сәт болып көрінетін 20 жыл ішінде бүкіл әлемдік қоғамдастық бейбітшілікті ту етіп көтерген жас мемлекетіміздің игілікті істеріне назар аудара бастады . Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның Сізге қаратып «әлемдік ядролық сынақтарға қарсы қозғалысқа сіз жетекшілік етуге тиіссіз» деген сөзіне біз қатты сүйсіндік, көңіліміз марқайды. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол», деп ұлы Абай айтқандай, біздерді сүйсіндіріп, мәртебеңіз өсіп, жарқырап жүріңіз. Астана төрінде өткен форумның біздің Семейімізде жалғасын табуын Сіздің Семейге деген ықыласыңыздың тағы бір көрінісі деп түсінеміз. Біз сізбен әрқашан біргеміз!

Анатолий ЕРЕМЕНКО, қаланың құрметті азаматы, қаладағы Қазақстан халықтары кіші Ассамблеясының төрағасы, республикалық ардагерлер ұйымы облыстық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары; Хафиз МАТАЕВ, қаланың құрметті азаматы, еңбек ардагері; Түйтебек БАЙЫСҚАҚОВ, Социалистік Еңбек Ері; Бекен ИМАХАНОВ, Қазақстан Республикасының халық әртісі; Рафик ХАСЕНОВ, соғыс және еңбек ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы, үш еңбек орденінің иегері; Петр КОЛОМИН, соғыс және еңбек ардагері; Ғазиз АХМЕРОВ, қаланың құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері, татар ұлттық-мәдени орталығы басшысының орынбасары; Михаил ПАНИН, қаланың құрметті азаматы, Семей педагогикалық институтының проректоры, орыс әлеуметтік-мәдени орталығының басшысы; Дүйсембай ҚОШҚАРБЕКОВ, еңбек ардагері, Абыралы ауданының құрметті азаматы; Насен СЕМБАЕВ, Семей қаласының құрметті азаматы, еңбек ардагері; Сейітмұхамет ТӘБӘРІКОВ, еңбек ардагері, қоғам қайраткері.

Семей.