• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2011

Үшжылдық бюджет қолдау тапты

297 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет мәселесі қаралды. Үшжылдық бюджет жобасын талқылауға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты. Үшжылдық бюджет жобасын қарауға кіріспес бұрын депутаттар «Қазақстан Республикасы­ның Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын қарап, оны бірауыздан мақұлдады. Жалпы, трансферт мә­селесінде Елбасының Жар­лы­ғына сәйкес ол жыл сайын абсолютті мәнде 8 миллиард АҚШ доллары көлемінде белгіленген. Яғни, кепілдендірілген транс­ферт­тің жыл сайынғы мөлшері 1 200 миллиард теңге деңгейінде қарастырылған. «2012-2014 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет ту­ра­лы» заң жобасы бойынша Эконо­ми­калық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Қаржы ми­нистрі Болат Жәмішев және Ұлт­тық Банк төрағасының орын­ба­сары Бисенғали Тәжіяқов баяндама жасады. Артынан пала­та­ның Қаржы және бюджет ко­ми­те­тінің хатшысы Сансызбай Есілов қосымша түсінік берді. Жалпы, үшжылдық бюджет параметрлері орта мерзімді кезеңге арналған негізгі макроэкономикалық көр­сет­кіштердің болжамына негізделіп әзірленген. Сондай-ақ ма­кро­экономикалық көрсеткіштерде әлемдік экономиканың үрдістері жан-жақты екшелген. Ықтимал баға ауытқулары ескеріле оты­рып, мұнайдың әлемдік бағасы 2012 жылы барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде, 2013-2014 жылдары 70 АҚШ доллары дең­гейінде деген болжам жасалған. Осыған сәйкес ІЖӨ-нің өсімі 2012 жылы 6,9 пайызды, 2013 жылы – 6,5 және 2014 жылы 7,1 пайызды құрайды деп күтілуде. 2012 – 2014 жылдары инфляция 6 – 8 пайыз дәлізінде сақталады деп болжанып отыр. Сонымен, 2012 жылғы рес­пуб­ликалық бюджеттің болжал­ды түсімі 4 триллион 751 миллиард теңге. 2013 жылғы бұл көр­сеткіш 5 триллион 31 миллиард теңге болса, ал 2014 жылы 5 триллион 424 миллиард теңге дең­гейінде болжанған. 2012 жылы республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 5 триллион 510 миллиард теңгені құрайды. 2013 жылғы шығыс 5 триллион 505 мил­лиард теңге болса, 2014 жылы ол 5 триллион 884 миллиард теңге деңгейінде көрсетілген. Осы орайда бюджет тапшылығы 2012 жылы 759 миллиард теңгені, 2013 жылы – 474, ал 2014 жылы 460 миллиард теңгені құрағандығын айта кету керек. Депутаттардан бюджеттің шығыс бөлігін жалпы сомасы 311 млрд.-тан астам теңгеге ұлғайту туралы 136 ұсыныс түсті. Нәтижесінде жұмыс тобында бюджеттің шы­ғыс жағын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыз­дан­ды­ру және ауыл шаруашылығы са­ла­ларына 2012 жылы 25,4 миллиард теңгеге, 2013 жылы – 9,3, сон­дай-ақ 2014 жылы 3,4 миллиард теңгеге ұлғайтуға уағда­ласыл­ды. Белгілі болғандай, үшжылдық мерзімге әлеуметтік қамсыздан­дыру мен әлеуметтік көмекке 4 триллион 38 миллиард теңге көзделсе, осы мерзім ішінде білім беру саласына 1 триллион 147 миллиард теңге қарасты­ры­лып­ты. Ал денсаулық сақтау са­ласына үш жыл ішінде 1 триллион 310 миллиард теңге салынған. Тағы бір айта кетерлігі, мәдениет саласына үш жылда 61 миллиард теңге жоспарланса, мемлекеттік және өзге де тілдерді дамытуға 13 миллиард теңге бөлінбекші. Ұлт­тық Банк төрағасының орын­ба­сары Бисенғали Тәжіяқовтың мәліметтерінен белгілі болған­дай, ұлттық валюта бағамы дол­ларға шаққанда тұрақты. Соңғы 9 айдың ішінде долларға шақ­қан­дағы ауытқу 0,3 пайызға ғана бол­ған. Ал Ресейде 8 айда ұлт­тық валюта 7,2 пайызға әлсіресе, қыркүйек айында ғана рубль 6,3 пайызға төмен сырғыған. Тұрақ­ты­лықтың нәтижесінде еліміздің алтын-валюта қорын толық­ты­ру­ға мүмкіндік бар, деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары. Үс­тіміздегі жылдың қыркүйек айының соңына таман еліміздің халықаралық резерві 72,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, жыл басынан бері 22,4 пайызға өсіпті. Соның ішінде Ұлттық Банктің алтын-валюта резерві 32,5 миллиард АҚШ доллары болса, Ұлттық қорда 40 миллиард доллардан астам қаржы жинақталған. Үшжылдық бюджет жобасын мақұлдағаннан кейін Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов қысқаша сөз сөйлеп, депутаттарға мемлекеттік бюджет жоспарын қалып­тас­тыруда бірлесе атқарған жұ­мыс­тары үшін ризашылығын білдірді. Осы ретте Премьер 2008 жылы бір ғана америкалық банк­тің банкротқа ұшырауынан әлем дүрліккенін, 2011 жылдың күзін­де де әлемдік экономикада тұрақ­ты­лық орнады деп айтуға келмейтіндігін көлденең тартты. Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­сына орай әлемдік экономика нашарлаған жағдайда Үкімет баламалы сценарий ойластырып қойды, деді Кәрім Қажымқанұлы. Үкімет басшысы сондай-ақ келесі аптада ТМД-ға мүше елдер үкіметтері, ЕурАзЭҚ және Кеден одағы елдері басшыларының кеңесі өтетінін, өзі сол кезде әріп­тестеріне қауіп-қатерлерге қар­сы ұжымдаса әрекет етуді ұсына­тын­д­ығын атап көрсетті. К.Мәсімов макроэкономикалық тұрақтылық пен жұмыс орындарын құру бас­ты мәселе болса, үстіміздегі жыл­дың 9 айында еліміз экономикасы 7 пайыздық өсімді көрсеткенін де қаперге салды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюд­жет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жө­нін­дегі уәкілетті органдар кұзы­ре­тінің аражігін ажырату мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұл­дан­ды. Сонымен қатар, «Қазақ­стан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, пси­хо­троптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айна­лы­мына қарсы күрес жөніндегі Ор­талық Азия өңірлік ақпарат­тық үйлестіру орталығы ара­сын­дағы Алматы қаласында оның болу шарттары туралы келісімді ра­тификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қа­рыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы жол учаскесі] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарла­ма – 4-жоба) ратификациялау туралы» заң жобалары да мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.