• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2011

Масылдық

1104 рет
көрсетілді

Шіркін, ауыл қарттарының әр сөзі санаға мықшегедей қағы­ла­ды емес пе? Әрқалай алыс сапарға немесе әлдебір оқуға аттанар алдындағы баласына деген қимастық сезімін темірдей қатты талабымен қиып жіберуден тайынбайтын ардақтыларды көрдік. Сөздерін құлағымыз ша­лып қалатын: «Жақсы білім ал, масыл болма, балам!» Кейбірі осындай салмақты сөзінен соң баласын бетінен сүюден де іркіліп, салған салмағын босаң­сы­тып, селкеулеп алам ба дегендей, тартынып та қалатын. Қай­ран, алдымен арды, абыройды ойлаған абзалдарым-ай! Перзентіне деген сүйіспеншілігін, ің­кәрлігін, қоштасар сәттегі тәт­ті мұңын тежеуден асқан қия­мет-қайым бола қояр ма екен?! Бірақ біздің шалдардың қолынан келеді екен! Масыл болмасаң ғана кейін маңдайыңнан сипай­мын дегендей ишаратпен көзінің жасын сездірмей сылып, теріс айналып кетеді... Ұлының ал­дын­да ұлан­ғайыр ұзақ жол, ұм­ты­лысты да, ұтылысты да өмір сынағы жатыр еді...Алмағайып кезең ғой. Қауқарсыздық апшыны қуы­рып ала жөнелгенде, кең дү­ние­нің тарылып кетуі аяқ астынан екен. Тағдырдың салғаны деп, сәл қиындыққа мойып, мойнын төмен салып, сағы сынып сал­бы­рап, дәрменсіз күй кешуге көндігіп алғандары қанша ма? Керісінше, не бір тосын кедергілерді кердеңдей аттап, есесін жібермейтін, еңсесін әманда биік ұстайтын, «еңбек – бәрін де жең­бек» деп, өзінің талпы­ны­сына тағаттана бойұсына білетін талғампаз, тегеурінді жандар­дың алдынан ақ жол жатады екен тарамданып. Мұндай жан­дар­дың абыройы асқақ, беделі зор, көңілі көтеріңкі. Кеудемсоқ емес, кішіпейіл. Ой-қадамын тек еңбекпен бағалайды. Түсінде де еңбекпен бой түзейді. Ізгі жү­рек­пен пешенесіне бұйырған жұмысын дөңгеленткен жанның басқадан жоғары тұратынына имандай сенген. Бақытқа жеткізетін еркін әрекет – тамаша әре­кет екендігін іс жүзінде сезінген. Тіршіліктің ішкі-сыртқы жағ­дай­ларын жақсартуға талпыну адам баласына тән нәрсе десек, соның байыбына салмақпен бара алғанда ғана өмір үдесінен шығатынын терең пайымдауы да – оны табыс баспалдақтарымен нық адымдатады екен. Оны ай­та­сыз, еңбекпен табылған бір түйір тамақтың тәтті әрі сіңімді болатыны тағы бар ғой. Жұмыс­ты опырып істеп келіп, тәбеті ашылған шалы қазаннан сорпа құйғыштап отырған кемпіріне: «Тамақты Жүніс ішпейді, жұ­мыс ішеді», деп ақталған екен отағасы. Еңбек бұйыртқан дәм! Жә, әңгіме басы жақсы бас­талғанымен, алған тақы­ры­бы­мыз­ды тұздықтауға амалсыз бейілдіміз. Абай атамыз біліп, жеріне жеткізіп айтқан ғой: «Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айы­рыл­мас азап». Немесе: «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық»,– деген. Қандай ауыр мазмұн! Айы­рылмас азап және қайыр­шылық! Осылардың жиіркенішті иірімінде масылдық деген масқара сөз басын қылтитады. Масылдық! Те­реңінен түңілсек – жатып ішер, арам тамақ! Індете түссек – еркетотай, шолжың, дәнеңеге икемі жоқ, тіршілікке бейімсіз, ақсау­сақ! Масылдық – қоғамға зиян! Масылдықтың масқара ны­шан­дары біздің қоғамда да кездесіп қалады. Әсіресе Тәуел­сіз­діктің алғашқы жылдары тамыр­ла­нып, «өркен» жайып, бертінге ілесіп жетіпті. Жекеше­лен­діру­дің апақ-сапағында ауыл мен қаланы қосарлай қамтыған жаппай жұмыссыздық белең алған тұста тепсе темір үзетін жастар қол қусырып отырып қалды. Әке-шешесінің мардымсыз зей­нет­ақы­сын таласып-тырмысып талғажу еткендердің қатары бі­раз­ға дейін сейілмей қойды. Өкініштісі, сол үлкен «армия» бүгінге шекті бірде жұмысқа жегіліп, бірде еңбек қарекетінсіз қа­лып, жасыратыны жоқ, масыл­дықтың бұлтын қоюлатып жүр­ге­ні қатты алаңдатады. Ауылда тұ­рып, өз ауылын түнде торауы­л­­дайтын басбұзарлар бар. Еңбе­к­сіз қарын тойғызғысы келеді. Әр нәрсенің сұрауы барын ескерсек, кешегі ұрлық-қарлықпен то­йы­нып тайраңдаған масылдар бүгіндері темір тордың арғы жа­ғына тоғытылыпты... «Сазайын тартпайтын масыл жоқ»,– деуші еді ел қадірмендісі. Соның кебі келіп жүр. Қолмен істегенді мойынмен көтерудің мысалы да. Түпкі ауылдағы бір келеңс­із­дікті айтайық. Әңгімені бастамай жатып-ақ төбе шаш тік тұ­ра­ды. Құйқа шымырлайды. Асы­рау­шы әке-шеше бақилық болы­сымен жұмыссыз, тікесін айтсақ нақ масылдың өзі Д. отбасымен күнкөріссіз қалып, азын-аулақ мал­ды сатып, одан қалды мұ­раға тиген үйді қора-қопсы­сы­мен ар­зан­ға бұлдап жіберіп, түс­кен қар­жыны бірер айда үптеп қо­йып, ақ тақырға оты­рып қал­д­ы. Қолға күрек ұстап, күн­дел­ік­ті нәпақасын таппаға­сын іс оңа ма? Тіршілік көзі түгесіліп біткесін, масылдардан қылмыс туын­дап, бірін-бірі пышақтап, төрт жа­сар сәби жетім қалды. Масыл­дар осылайша масқара боп ой­рандалды. Ауылдан қалаға келіп, мал табуға бейімделгендердің кей­бі­рінің де жолы бола қойған жоқ. Құрылысқа кіреді. Уақытша ға­на. Алыста отбасы аузын ашып отыр. Тапқанын қолына уақы­ты­лы бермей, зарықтырады. Тіпті соттасса да жалақысы уысына түспейді. Жігіт жеміріледі. Жігері құм болады. Әділдікке жетем деп, жұмысынан ажырап қал­ғаны тағы бар. Барлық зауал осы­лайша титықтатады. Арақ­пен ауыз­­данады... Масылдық маң­да­йы­­­нан әлі тоқпақтап жатыр екен... ... Тек қана күні-түні кітап оқып, көз майын тауысып, ақы­рын­да «ақылгөйге» айналып, бір тал шөптің басын сындырмай, масылдыққа қалай бой ұмсынып кеткенін аңдамай қалған адамды да көргенбіз. ... Техникалық газет-жорнал­дар­ды басына жастап оқып, «жа­ңа­лық ашқыш» атанып, «осы ауы­лымыздың астында атамзаманнан жарылмай жатқан бомба бар» деп, республикалық газет­тің меншікті тілшісін шақырып алып, әлгі «зерттеуінің» маңы­зы­на илан­дырмақ болған жігітіміз де нақ масылдың өзі болып шыққан. ... Арқыраған азамат әйел ал­ғыш боп қалыптасыпты. Анда бар­са бір әйелі, мында барса екін­­шісі, үшіншісі, төртіншісі... боп боталап кете береді. Бәй­бі­шесінің лауазымы жоғары болса керек, соны оңды-солды шашып жүріп, әлалауды салған ғой ар­ман­сыз. Масылдық емей немене? Әрине, мемлекетімізде жұ­мыс­сыздыққа қарсы күрес біршама екпінмен жүргізіліп те жатыр. Нәти­жесі де байқалады. Қаншама өн­ді­ріс орындары ашылып, адам­дарды бақуатты тұрмысқа бейімдеуде. Ба­қытын еңбектен тапқан­дар­дың ертеңі нұрлы ғой. Халқы­мыз­дың дені осылайша еңбек ләз­затына бөленіп жатқаны, әрине, марқайта түседі. Бірақ... неге осы ма­сылдық көріністері жүрек ауыр­­та береді?! Қытай ойшылы Кұң­фудзының: «Елің асып-тасып отыр­ғанда, кедей әрі кемшін бол­ғаның ұят. Елің арып-аршып отыр­ғанда, бай әрі бағлан болға­ның ұят»,– деген сөзі бар. Осы екі ұғым да жадта жү­ре­тін жағдаят­тар болса екен деп, тілейсің. Бірақ бәрін пендешілікке салып жіберетініміз, жаман-ақ! Кім масыл болғысы келеді дейсіз? Оған нендей себеп итермелейді? Осы жағын зерттеу, зер­делеу жағын бір ізге салған абзал сияқты. Себепсіз салдар болмай­ды ғой. Бәрін даму, өркениеттену, өрге басу, зайырлану қоғамының тәй-тәй қадамынан майдан жіп суырғандай іздеп, табуға ықы­лас­тану қажет шығар. «Әгәрки, қоғамның әрбір мүшесінің ең­бек­ке деген жүрек лүпілін дөп басып айқындайтын бір аппарат болса, шіркін, төніп келе жатқан масыл­дық бұлтын әп-сәтте ыдыра­тып жіберерлік амал-айла ойлап табу­ға болар еді-ау», деп армандған екен, ауыл қариясы. Армандадың екен деп, ғайбаттау ретсіз болар. Бәрі армандаудан шоқтана түседі емес пе? ... Масылдықпен бітіспес май­дан ашқан абзал болар! Бая­ғы ауыл қариясының: «Жақсы білім ал, масыл болма, балам!» деген аталық сөзін бүгінде кім өмір мәніне жаратып жүр екен? Соған үңілейікші, бір сәт... Асылы, білімді, зейінді, еңбекке үйір адамнан жат әрекет үркіп тұратын шығар-ау! Бұл да біржақты ба­ғалау ма? Ойланайықшы! Қайсар ӘЛІМ.