• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Әлем әдебиетінің алтын көпірі

379 рет
көрсетілді

Майндағы Франкфуртта  «Buchmesse –2011» деген атпен өткен 63-ші ха­лықаралық кітап жәр­мең­к­есіне 106 елден 7400 адам қатысып, айтулы шараны 280 мың адам келіп қы­зықтады. Дүние жүзіндегі рухани бай­лыққа деген сүйіспен­шіліктің ең танымал ошағы болып есептелетін Франкфурт кітап жәрмеңке­сінің ашылу салта­на­тында Германия сыртқы істер ми­нистрі Гуидо Вестервелле сөз сөйледі. Ол аса бағалы мә­дени құн­дылық­тарға құр­мет көр­сетіл­ген жәр­мең­кеге Еуропа есігі әман­да ашық. Мәде­ниет­тері сан қырлы болып келетін өңір мұндай рухани байла­ныс­тар арқылы өзін кемелдендіре түсері хақ деп келушілерге неміс оқыр­ман­дары аты­нан ай­рық­ша ықылас білдірді. Көр­ме ашы­лардан аз ғана күн бұ­рын дәстүр бойынша неміс әде­биетінің биыл­­ғы жеңімпазы жария етілген. Осы­нау марапатқа шы­ғыс-герман отба­сы туралы роман жазған, Ресейде туған, бірақ бүгінде Германияда тұратын режиссер әрі аудармашы Руге Ой­ген  ие болды. Кітап жәрмеңкесінің атын әлем­ге әйгілейтін тағы бір ерекше қыры – оған әлем әде­биетінің белгілі өкіл­дері келіп қаты­­суын­да десек, әде­биет бо­йын­ша был­тыр Нобель сый­лы­ғына ие бол­ған перулік Марио Варгас Льоса, амери­калық жа­зу­­шы, та­рихшы-фило­соф Умберто Эко сияқ­ты танымал тұлға­лар биыл­ғы жәр­мең­кенің бояу­ын қа­ны­қтыра түсті. Кітап көр­ме­сінің директоры Юрген Бос­­тың бұл жәрмеңкені басқа жер­дегі үлгі­лермен салыс­тыр­ған­да оқыр­ман­да­ры­ның көп­тігі жа­ғынан мақ­­та­ныш ететіндей жөні бар. Биыл Исландия елі жәр­мең­кенің құр­мет­­ті қонағына ай­нал­ды. Соған бай­ланысты неміс бас­пагерлері 200 исландық ав­тор­дың еңбегін басып шығар­ды. Бір жа­ғын қараңғы­лық­пен, ал екінші бөлігі жарықпен өрнек­тел­ген павильон арқылы бұл елдің география­лық ерекшелігі әсерлі көрініс тапқан.   Франкфурт кітап жәрмеңке­сін­де қазақстандық баспагерлер де өз өнімдерін жұртшылыққа кеңі­нен паш етіп, Абай, Мұхтар Әуезов, Тахауи Ахтанов, Әбді­жәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Герольд Бельгер, Олжас Сү­лей­менов сияқты қазақ әде­бие­тінің кешегі алыптары мен бүгін­гі өкіл­дерінің шығарма­ларын таратуда да айтарлықтай үлес қо­сып келеді. Мұның ая­сын­да жаңа кітаптардың тұсау­кесерін өткізу дәстүрге айнала бастаған. Әлемді жақындас­тыр­ған әде­биет көші өзінің осын­дай сан түрлі нақы­шымен жан баурады.           Александр ТОМАС. Суреттерде: Франкфурт кітап жәрмеңкесінен. Суреттерді түсірген автор.