• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Миллионер кооператив

255 рет
көрсетілді

Тарыдай шашылмай, тату болсаң ісің ілгері басып, шаруаң шалқитынын, тіршілігің оңа­латынын Алматы облысы, Талғар ауда­нын­дағы «Алматы» асыл тұқым зауыты ауыл­ша­руашылық өндірістік кооперативінің бүгін­гі тыныс-тіршілігімен жақын танысқан­да көз жеткіздік. Бұл шаруашылық кеңес дәуірінде аты дүркіреп шыққанынан хабардар едік. Бесжылдықтардың биік белесінен көрініп, 70-ші жылдардың басында Ленин орденімен марапатталған болатын. Кеңес өкіметі келмеске кетіп, тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын ке­зеңдерде мұндай іргелі кеңшарлардың шаруа­сы теңселіп, жекешелендіру тұсында мүлде құлдырап кеткен еді. Әйтсе де бұл шаруашы­лықтың ұжым мүшелері береке-бірлікке ұйып, өздеріне тиесілі мал-мүлкін, жер-суын бұрынғы күйінде сақтап қалуға бекем бел байлапты. Әрине, жекешелендіру кезінде өздерінің пайларын алып кеткендер де болған. Дегенмен, олардың көбі кейін қайта оралыпты. Біз осы кооператив туралы нақты мә­лі­меттерді білу үшін Талғар қаласының оңтүстік аймағына орналасқан ұжымда болған едік. Кооператив төрағасы Иван Тихонович Карамшукті кеңсесінен жо­лық­тырдық. Еңселі азамат жылы қабылдап, арғы-бергі кезеңдер туралы шешіле әңгіме са­бақтады. Бөлмесі жұпыны болғанмен, еңбек­тегі жетістіктері мен шыққан биігі кімді де болса риза еткендей. – Туған жерім Көкшетау өңірі еді. Тың игеруге қатыстым. Кейін осы Ленин орденді «Алматы» колхозына келіп, содан бері әр түрлі қызметтер атқардым. 2002 жылдан бері кооперативке жетекшілік етіп жүрмін, – деген ол ұжымдағы жалпы жер көлемі 42 197 гектар болса, оның 2184 гектары егістік, 70 гектары шабындық, 39522 гектары жайылымдық жер екенін айтты. Кооперативте 4 бөлімше, 4 сүт кешені, 5 егін егумен айналысатын тракторы бригада­сы, қой фермасы, асыл тұқымды жылқы зауы­ты, өзге де шаруалары бар екен. Барлық жұ­мысшылардың саны 870-тен асса, зейнеткерлер 320-ға таяу көрінді. Мал санына келетін болсақ, қой 15470 болса, оның 9 мыңы сау­лық, 2617 бас сиырдың 1120 сауын сиырлар, ал 354 бас жылқының 90-ға жуығы асыл тұқымды. – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы аласапыранда, нақтылай түссем, 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің кеңшарға келді. Жағдайымызды сұрады. Мен ол кезде №1 бөлімшенің меңгерушісі едім. Президент ауылдың жағдайы қиын, аш отбасылар бар деп естимін, сендерде қалай, деді. Мен адам жұмыс істесе, аш болмайды, қазақта «Жат­қан­ға жан жуымас, жүргенге жөргем ілінеді» деген сөз бар ғой, дедім. Президент жылы жымиып келіп, қолымды алды. Шыны керек, ауылда еңбек етсең аш та, жалаңаш та бол­майсың. Қолың қимылдаса, аузың қимылдай­ды. Мен мұны өз тәжірибемнен көріп, біліп отырмын. Біз КСРО заманында бір сиырдан 3900, кейде 4 000 литр сүт саусақ, соны мақтан санайтынбыз. Қазір біздің ұжым бұл көрсеткішті 5 мыңнан асырып, 7 мың литрге жеткізіп отыр. Ет өндіруден де көрсеткішіміз жақсы. 2002 жылы Германиядан Дойтче-Меринофляйшшаф тұқымын шығаратын шаруа­шы­лықтан үш бас асыл тұқымды қошқар әкелген едік. Олардың әрқайсысын елімізге жет­кізу шығыны 2,5 мың долларды құраса, одан өскен тұқым қазір мыңдап саналып отыр. Жақында асыл тұқымды малға арналған үлкен семинар өткіздік. Сонда әлгі асыл тұқымды қойлардың кейбірі 141-142 кило тартты, дейді төраға. Германиядан әкелген асыл тұқымды қош­қар мен өз еліміздегі саулық қойларды ша­ғылыстыру арқылы алған асыл тұқым үшін арнайы патент алыпты. Сол секілді 2003 жыл­дан бері АҚШ-тың Пенсильвани универси­тетінің мамандарымен бірлесіп, сиыр ұрығын алмасу нәтижесінде асыл тұқымды бұзаулар өсіріп жатқанын да айта кетсек дейміз. Бұл туралы сиыр фермасының меңгерушісі Санат Ниязов былайша әңгімелейді. Мен 17 жылдан бері осында табан аудармай еңбек етіп келе жатырмын. Сауын сиырдан жыл сайын ет пен сүтті мол алу жолындағы ізденістеріміз өз нәтижесін беріп келеді. Айталық, асыл тұқымды бұзаулар 4-5 айда 160 килоға дейін салмақ тартса, асыл тұқымды сиырлар 7 мың литрге дейін сүт беруде. Биыл 1400 тонна шөп дайындадық. 1500 тонна сүрлем салып, 10 мың тонна өзге де мал азықтарын әзірледік. Біздің сауын сиырлар бір жылдың 365 күнінде 3 рет сауылады. Кооперативімізде негізінен «Алатау» сиыры өсіріледі. Ана бір жылдары сол тұқымның сапасы төмендеп кеткен еді. Америкалық­тармен жұмыс істеу нәтижесінде қазір ет пен сүтті мол беретін, бұрынғы сұр түсіне бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 80-дей асыл тұқымды құнажын сатуға қол жеткіздік. Осы арада мен мына бір нәрсені де айта кетсем деймін. Бізге сүт өндіргеніміз үшін дотация береді. Ол 1 литр үшін 25 теңгені құрайды. Осының өзінен-ақ біраз пайда көріп отырмыз. Ал біз сүтті 16 жылдан бері «Фуд Мастерге» 105-107 теңгеден өткізіп келеміз. Сүттің сапасы мен тазалығына қызығушылар соңғы кездері көбейіп келеді. Ал бізде еңбек ететін азаматтар күніне 2 рет тегін тамақ ішеді. Сонымен қатар, арзан бағамен картоп, пияз, малдарына жем-шөп алуына жағдай жасалған, деген ол бөлімшеге қарапайым жұмысшылар мен сауыншылардың келетінін, ал жас мамандардың мұндай іске ат ізін салуға бейім емесін алға тартты. Ал 90 асыл тұқымды жылқыны 17 адам күтіп-баптайды екен. Оның 20-сын түрлі спорт ойындарына бейімдеу жұмысы қолға алынған. Жақында үлкен ат бәйгесі болып, сонда «Айғасқа» атты тұлпар топты жарып, жүлде алыпты. Кооператив төрағасы жылқы шаруасына келгенде марқая сөйлеп, таза тұқымды ағылшын жылқыларын сатудан да мол пайда түсіп жатқанын жеткізді. Биылдың өзінде 18 асыл тұқымды жылқыны 7 мың дол­лардан өткізіпті. Кооператив тек қана мал шаруашылығы­мен айналысып қоймай, жеміс-жидек, жүгері, қызылша, картоп, пияз – халыққа не керектің бәрімен шұғылданып жатқанына куә болдық. Шаруашылық мүшелері өздерін толғандырып жүрген мәселелерін де тілге тиек етті. Мысалы, биыл 40 гектар жерге қант қызыл­шасын еккен екен. Оның әр гектарынан 600 центнерден өнім жиналыпты. Бұрын Алма­тының іргесіндегі Бұрындай елді мекеніндегі қант зауытына өткізетін болса, енді оның жұмысы тоқтап қалғалы олар Тараз қаласына жіберетін болыпты. Бұрын әр тоннасын 11 500 теңгеден өткізсе, ендігі жерде 8 мың теңгеден аспайтынын естіген еңбеккерлер болашақта қант қызылшасын егуден бас тартатындықтарын алға тартады. Кооператив еңбекшілерін тек айлықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың әр жылғы демалысына 13 жарым миллион теңге қарастырылып, тегін жолдамалар беріп, ши­па­­жайларға жіберіп отыратынына да куә болдық. Ұжымның мәдениет сарайында бол­ға­нымызда оның күрделі жөндеуден өткенін, өнерпаздардың әзірленуіне барлық жағдай жасалғанын, әсіресе, оқушылардың сабақтан тыс уақытта би өнерімен айналысатынын көрдік. Сол өнерлі жастар биылдың өзінде Еуропаның 3 мемлекетінде, атап айтқанда, Испания, Франция, Италияда болып, жүл­дегер атанғанын естіп, білдік. Оқушылармен қатар, мұғалімдерге жасалып жатқан жағдай­лар да молынан екен. Егістік алқабында болғанымызда келесі жылдың мол өніміне негіз болатын зябь көтеру қызу қолға алыныпты. Қазірде 1 000 гектар жер аударылғанын көрдік. – Әрбір қауырт науқан аяқталғаннан кейін еңбеккерлерді екі апталық демалысқа жіберіп отырамыз. Ол кезде олардың айлығы жүріп жатады, – дейді кооператив төрағасы Иван Тихонович. Кейбір жерлер ақысыз демалысқа жіберіп жатқанда мынандай игілікті іс кімнің де болса мерейін өсіреді екен. Ол сонымен бірге, кадр дайындау мәселесін тілге тиек етіп, келген жас мамандардың алдымен жұмыстың жайы емес, еңбекақыны сөз ететінін айтып, соңғы жылдары өздерінің қаржысымен қажет мамандарды жоғары оқу орындарымен келісім-шартқа отыру арқылы әзірлеп жатқанын назарға салды. Жұмған жұдырықтай болып, еңбектің небір әдемі үлгісін көрсетіп келе жатқан кооператив әр жылдың соңын 30-50 миллион теңге пайдамен аяқтап отыратынына нақты дәлел­дер арқылы көз жеткіздік. Ұжымның малшы­сымен де, егіншісімен де сөйлессең, қай-қай­сысы да шып-шырғасын шығармай, сақтап қалған мәшине-трактор стансасын, май құю бекеттерін, құрылыс учаскесін, мал ферма­ла­рын, егін алқаптарын, ең аяғы, өндірген өнім­дерін өлшейтін орнын, жеміс-жидек сақтай­тын жертөлелерін мақтанышпен айтады. Біз осының бәрін еңбегімізбен, береке-бірлігімізбен сақтап, барлыққа келтіріп отырмыз. Енді мұны кейінгі ұрпаққа қалыбын бұзбай тапсыруды мақсат етіп отырмыз, дейді. Сүлеймен МӘМЕТ.