• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Жоңқадан цементті тақта жасайды

373 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Урал-лес» шаруа қожалығы құны 98,9 миллион теңге тұратын цементті-жоңқалы тақта өндірісі жобасын жүзеге асыруға кірісті. Ширек ғасырдан бері облыс рыногында ағаш өңдеумен айналысатын бұл шаруашылық жаңа жобаны іске қосып, қалдықсыз өндіріс үрдісіне қол жеткізбек. Шаруа қожалығы шикізатты Ресейден алып отыр. Оны өң­деп, одан алынған құрылысқа қажетті ағаш өнімдерімен ішкі сұранысқа қоса Атырау облы­сын да қамтуда. Мұнда тұрғын үй құрылысына қажетті еден тақтайынан бастап, төбе шаты­ры ағашына дейінгі барлық түрлерін өндіреді. Енді жаңа жоба бойынша ағаш өңдеуден қалған қалдық жоңқа кәдеге асырылмақ. «Кеңестік заманда цементті-жоңқалы тақта өнді­ріс­тері болғаны есімізде. Бү­гінде соның барлығы ұмытыл­ды, рынокты изовер, минерал­ды мақ­та «жаулады». Бұлардың хи­миялық, жасанды материалдар екенін біреу білсе, екіншісі біле бермейді. Ал ағаштың жөні бөлек, ол – табиғи материал. Цементті жоңқалы тақта (ЦЖТ) өндірісіне негізінен ағаш жоң­қасын, осының бәрін біріктіріп ұстап тұратын аздаған желім, аздаған цемент пайдаланылады. 10 сантиметрлік қалыңдықтағы материал жылуды жібермейтін төбе жабыны, ал 20 сантиметр­лігі құрастырмалы үйлерде жы­лу ұстайтын қаптама материал ретінде құрылысқа пайда­ла­нады», – дейді «Урал-лес» шаруа қожалығының жетекшісі Виктор Мартьянов. Оның ай­туынша, мұндай өнімге ауа райы құбылмалы Орал өңірінде сұраныс зор болмақ. Жоба авторлары келешекте цементті-жоңқалы тақтадан құ­рас­тырмалы тұрғын үй жасауды жос­парлап отыр. Жоңқалы тақ­таны ғимараттарды реставрация­лауға және жаңа құрылыстарды салуға пайдалануға болады. Бұл материалдың басты артықшы­лығы өрт қауіпсіздігінің жоғары деңгейде сақталуында. Өйткені, мұндай материал отқа жанбайды және химикаттарға, табиғаттың тосын жағдайларына шыдайды. Жел, су өткізбей, жылуды сақ­тайды. Жәндіктерге, кеміргіштерге, ылғалға, шіруге бой алдыра қоймайды. ЦЖТ материалы шап­шаң өңделеді, оның құрамында канцерогендік және улы заттар жоқтығы да оның бәсін биіктетеді. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде саз балшықты кірпіштен салынған тұрғын үйлер суға езіліп, бұзылып жатқанда, ағаштан құрастырылған үйлер міз бақпа­ды десе де болады. – Цементті-жоңқалы тақтадан жасалатын құрастырмалы тұрғын үйлеріміздің қаңқасы өзге өндіру­шілердің құрастырмалы үйлеріне қарағанда әлдеқайда арзан бо­лады. Өйткені, біз материалды ағаш қалдығынан аламыз, көп шығын болмайды. Біз негізінен әлеуметтік жағдайлары төмен, әлжуаз топтарға арналған өнім­дер шығарамыз. Сондықтан да біздің жобамызды облыс әкімдігі қол­дап, «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие бол­дық», – деді Виктор Мартьянов. Айтса айтқандай, аталмыш бағ­дар­лама аясында шаруа қожалы­ғының Еуразиялық банктен жо­баны іске асыру мақсатында алынған несие­сінің пайыздық мөлшерлемесінің жартысын мемлекет өтейді. Шаруашылықта 30 адам жұ­мыс­пен қамтылған. 2013 жылы жаңа жоба толық іске қосыл­ғанда, 15 адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Өзін егемен еліміздің отансүйер азаматы са­най­тын кәсіпкер Щапов ауылы маңындағы қараусыз қалған 30 гектарлық алма бағын қарама­ғына алып, оны түлетуді қолға алды. Қазір шаруа қожалығының Деркүл ауылы жағындағы база­сында жаңа цех­тың құрылысы жүргізілуде. Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА. Батыс Қазақстан облысы.