• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Ғұлама ғалым, парасатты азамат

1952 рет
көрсетілді

Қоғамның алтын діңгегі білім мен ғылым десек, осы екі салаға бүкіл саналы ғұмырын арнаған, төрткүл дүние математиктері ғұлама деп бағалаған, қозғалмалы сәулелену теориясы саласы бойынша Қазақ еліндегі ғылыми мектептің негізін салған, ядролық реакторларды есеп­теу практикасында, атмосфералық оптиканың, қашықтықтан зонд­тау­ды алғаш рет ел көлемінде қолданысқа енгізген, ғарыштық мониторинг, ғарыштық материалтану және ғарыштық-зымыран кешендерін пайдалану саласында жаңа ғылыми бағыттардың жобасын жасаған академик Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазин еді. Атақты ғалымды төрткүл дүние таниды деуіміздің негізі бар. Мәселен, ол осыдан алты жыл бұрын өмірден озғанда ұстазы, академик Гурий Марчук: «Ол қоғам алдындағы парызға деген орасан жауапкершіліктің адамы еді. Оны өз елінде де, шетелдерде де математиктер құрметтеді» десе, Нобель сыйлы­ғының лауреаты Хуберт. Е.Блюм оны ұлылардың қатарына қосып, «Өмірзақ Махмұтұлын алғаш кездестіргенімде, мен оның бойынан аса көрнекті адамға тән ғаламат қасиеттерді таныған едім. Содан бері мен оның жоғары ой-парасатына, мәселелерді талқылаудағы талдампаздық көзқара­сына, жара­тылыстану ғылымы саласындағы оның мол білімі мен тәжі­рибесіне таңданумен келемін. Ол тамаша академик және халықаралық тұрғыда айрықша беделді әрі мойындалған оқымысты болатын» дейді. Осындай айтулы ғалымның атаулы күніне орай, қанаттас жүрген замандасы, көрнекті оқымысты Ұлттық Ғылым академиясының академигі Жабайхан Мүбәракұлы ӘБДІЛДИНДІ әңгімеге тартқан едік. – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан кейінгі Ұлттық академияны басқарған­дар­дың ішіндегі талантымен танылған, ұйым­дастырушылық қабілетімен көрінген мық­ты адам осы – Өмірзақ Махмұтұлы еді. Байсалды, парасатты, айтқан сөзінде тұратын, таза, кескін-келбеті, жүріс-тұры­сы бөлек, жалпақтау мен жалтақтаудан ада азамат еді. Мен онымен көп араластым. Құдай берген дарынды дамытып, ғалым болып қалыптасу уақытқа, өмір дамуына бай­ланысты. Дегенмен, өзің еңбек етпей тағы болмайды. Өткен ғасырдың 50-60-шы, одан кейін 70-ші жылдары қазақтың бір көте­рілген кезі еді. Ғылымға, білімге, мәде­ниетке ұлт ұрпақтары ерекше құлшы­ныспен бет бұрды. Қазақ ғылы­мында Қаныш Сәтбаевтың шоқтығы биіктен көрініп, жұлдызы жарқырап тұрды. Бүкіл Орталық Азияда бірінші болып КСРО Ғылым академиясының академиктігіне сай­ланып, Лениндік сыйлық алды. Оның ал­дында композитор Мұқан Төлебаев Мемлекеттік сыйлыққа ие болған еді. Ал Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы ұлт руханиятының көш басына шықты. Ол да топты жарып, Лениндік сыйлықпен аталып өтілді. Әлем жұртшылығы осы ұлылар арқылы қазақты таныды. Іргелі ұлт, тарихы бар, тағылымы мол жұрт екенін білді. Өз еліміздің жастары, біздер сол кезде Абай данышпан айтпақшы, Қанышқа, Мұхтарға «болмасақ та ұқсап бағуға» тырыстық. – Солардың қатарында Өмірзақ Махмұтұлы да бар емес пе? – Әрине, тума талант қашанда топты жармай тұра алмайды ғой. Қостанай облы­сының Қараоба кентінде 1936 жылы өмірге келген Өмірзақ мектепті өте жақсы бітіріп, 1958 жылы Ұлттық университетке түседі. Оны жақсы бітірген азамат ассистенттен есептеу математикасы кафедра­сының меңгеру­шісіне дейінгі жолдан өтеді. Осы арада мен мына бір нәрсені айта кетсем деймін, ол кезде жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылар талантты жастарға ерекше мән беретін. Сен қазақсың ба, басқа ұлттың өкілісің бе, қарамайтын. Оның үстіне біздер жоғары оқу орнына келгенде ойымызда оқуға түсеміз деген нық сенім болды. Сенім бар жерде бәрі жақсы болатыны белгілі. Талантымен көзге түскен Өмірзақ сол кездегі ғылымның алтын арқауындай саналатын КСРО Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің математика институтында кандидаттық, докторлық диссертацияла­рын қорғады, профессор атағы берілді. Акаде­мияның Сібір бөлімшесіне нағыз мық­тылар ғана баратын. Онда ғылымның атақты өкілдері қызмет ететін. Өмекеңнің ұстазы Гурий Марчук болды. Бұл азамат кейін КСРО Ғылым академиясының президенттігіне сайланды. Ғұлама ғалымның бар ойы, білім білігі тек қана жастарды оқыту мен ғылымға арналды. ҚазМУ-де шәкірттерге дәріс оқыса, Ұлттық Ғылым академиясының Математика және механика институтының директоры болып жұмыс істеді. Осы тұста теориялық және қолданбалы математи­каның дамуына үлкен үлес қосты. Жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Абыройы өсіп, академик атағын алды. Ол сөздің емес, істің адамы еді. – Сол іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті Ұлттық Ғылым академиясын басқарған кезде ерекше танылды емес пе? Сіз бұл туралы не айта аласыз? – Иә, Қаныш Сәтбаевтан кейін Ұлттық ғылым академиясының бет беделінің ар­туына, абыройының асуына Өмірзақ Мах­мұтұлы ерекше үлес қосты. Сәт­баев үрдісін жалғастырды. Сол жылдары академия ерекше беделге ие болды. Қана­тын кеңге жайып, қордаланған ғылымдағы проблемаларды шешу жолдары алға шық­ты. Небір мақсат, міндеттерді күн тәртібіне қойып, оқымыстыларды жұмыл­дыра білді. Бір замандары, атап айтқанда, Қаныш Имантайұлы Ұлттық Ғылым академиясы құрыла салғаннан кейін оның көшпелі сессиясын батыс өңірінде өткізіп, «қара алтынның» жай жапсарын талқыға салған еді. Осыны Сұлтанғазин 80-жылдардың аяғында қайтадан жалғастырды. Өндірісті өңір саналатын Орталық Қазақстан мен Шығыс Қазақстанда академияның бөлім­ше­лерін ашып, көшпелі сессияларын өткізді. Кейін ол батыс өңірінде жалғасын тапты. Атырауда өткен көшпелі сессияға КСРО Ғылым академиясның академигі  Г.Марчук бастаған оқымыстылар, министрлер келіп, баяндама жасап, жер асты байлықтарын ғылыми тұрғыдан талдады. Ғылым мен өндірісті қатар дамыту мәсе­лесін қозғады. Іргелі ғылымда жасалған теориялық еңбектерді шикізат өндіруге пайдалану жайы сөз болды. Ол кездегі академияның беделі де, ел дамуына қосқан үлесі де айтулы еді, абыройлы еді. Ғылым ордасының жылдық сессиясына сол кездегі ел басшылары Д.Қонаев, Б.Әшімов бастаған басқа да лауазым иелері түгелге жуық қатысатын. Академия басшыларының мәртебесі қандай болғанын мына мысалдан көруге болады десем, ғылым, білімге қатысы бар министрлерді академия президенті өзіне шақырып, кеңес құратын. Сол тұста Ғылым академиясына қарасты бірнеше институттар ашылды. Олар: Механика және мәшине тану, Информатика және басқару проблемалары, Физика-техни­калық, Ғарыштық зерттеулер, тағы басқа. Өмірзақ Махмұтұлының тағы бір көңіл бөлгені бұрын алдыңғы шепте жаратылыстану ғылымдары тұрса, ол енді қоғамтану ғылымдарын алға оз­дырып, алғашқы сөзді, баяндама жасауды сол саланың оқымыстыларына жүктеді. Ойлап отырсақ, мұның да үлкен мәні бар екен. Себебі, идеология алға шығып кеткен екен. Академия қызметкерлерінің алдына ол мынандай мәселе қойғаны бар. Ғылыммен жоғары оқу орындарының оқытушылары да айналысады, академия ғалымдары да шұғылданады. Ендеше, біз іргелі мәселе­лерді көтерейік дейтін. Соның нәти­жесінде академия ғалымдары көптомдық іргелі еңбектерді жазуға кірісті. Мысалы, тарих­шылар Қазақ халқының этникалық дамуына бет бұрса, философтар филосо­фиялық ойдың тереңіне бойлады. Әдебиет­шілер 10 томдық еңбек жазуға отырса, тілде іргелі грамматиканы зерделеу қажет делінді. Бұл оның ғылымға деген ерекше ілтипатын көрсететін еді. Теориялық мәсе­лені көтер­генде, нәтижесі қандай болады дегенді қатты талап ететін. Сөйтіп, Ғылым акаде­миясының атқаратын жұмысы ұшан-теңіз екенін оқымыстыларға да, тиісті лауа­зым иелеріне де дәлелдеді. Бір сөзбен айтқанда, Өмірзақ Махмұт­ұлының тұсында қазақ ғылымы биік белеске көтерілді. Ал қайта құру басталғанда ақтаңдақ­тарды ашуға жете мән берді. Алаш арыстарының аттарын жаңғыртып, еңбек­терін қайта бастыруға ерекше үлес қосты. Халқымыздың арғы-бергі тарихындағы алыптардың мерей­тойларын атап өту кезінде оның ыждағат­тығы бәрімізді қайран қалдыратын. Ұлт ұлылары қашанда назарда жүру керек, олар атаусыз қалмау керек, ұрпақ солар­ға қарап өседі, соны естен шығармауымыз тиіс дейтін. Айтулы тойларды өткізгенде айқайдан аулақ болайық. Ол тойлар мақтау, марапат сөз айту үшін емес, ең алдымен ұлт өкілдері, ұрпақ алдындағыны тану үшін жасала­тынын естен шығармайық. Бір халық бір халықты халқының атымен ғана емес, сол халықтың айтулы ұл-қыздарымен таниды. Мақтанып айтатын адамдар бізде аз ба? Ұлыны таныған, қадірлеген халық ешкімнен кеммін демейді дейтін. – Жабайхан Мүбәрәкұлы, сіз әңгімеге арқау етіп отырған оқымыстының бойынан тектіліктің үлгісі көрініп тұра­тын. Қазақ халқының патриоты екенін талай көрсеткенде еді. Мәдениеттілігі де, үлкенге ізеті, кішіге ілтипаты да бөлекше болатын. Кейде Өмірзақ Махмұтұлымен әңгімелесіп отырғанда, ол кісінің ой-санасының биіктігіне, түсініскен адамы­мен шешіле сөйлесіп, жан сырын бүкпесіз айтатынына талай куә болып едік... – Асыл қасиеттерін тап басып айтып отырсың. Оның бойындағы тектілік кімге де болса үлгі ғой. Текті адамның бойынан, сөйлеген сөзінен жақсы қасиет айдай анық көрініп тұрады. Шынында, ол ғұлама ғалым, талантты ұйымдастырушы ғана емес, адам­дығы, азаматтығы бөлек жан болатын. Өзің айтқандай, ұлтының басынан шаң ұшыр­майтын. Анасы туралы әңгімелегенде ерекше сезімге бөленіп отырушы еді. Сөйтсем, оның анасы өте ақылды, текті болған екен. Тектіліктің тамыры жер бетіне жақын жатса, одан қайыр жоқ. Ал тереңде болса, пайдасы зор. Өмекеңнің анасы бүкіл қазақ халқына белгілі Барақ батырдың тұқымы екен. Әжесі сол батыр сауытының шығыршықтарынан алып немерелерінің бас киіміне ырымдап тігіп қоятын болған. Онысы көз тимесін, бәле-жаладан аулақ болсын дегені ғой. Нағашы рухы, ананың асыл қасиеті, оның бойына молынан дарыған. Жалпы, жақсы адам болу үшін анасы текті болу керек. Тектіден туған азамат ға­лым да болады, ұлтының патриоты да болады. Осы арада ойыма Бұқар жыраудың мына бір өлең жолдары түсіп отыр. «Жал құйрығы қаба деп, Жабыдан айғыр сал­маңыз. Қалыңмалы арзан деп, Жаманнан әйел алмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, Жауға мінер ат тумас. Жаман әйел алсаңыз, Топқа кірер ұл тумас» дейді ұлы жырау. Өмірзақтың анасының ақылдылығын қараңызшы, баласын қарғадайынан білімге баулыпты. Онысы ұлының талабы мен талантын ерте аңғарғандықтан болуы керек. Бойындағы кісілігі ата-бабаларына барып жалға­сатын еді. Парасаттылығы өз алдына, адамдық қасиеттерінің өзі бір әлем. Етек-жеңі кең, асықпайтын, аптықпайтын, сұңғақ бойына қарай, ойы да биік еді. Бір нәрсе үшін көріне қояйын демейтін. Ардан аттамайтын. Арсыздықтан аулақ жүретін. Бай­лыққа, мансапқа қызықпайтын, бар мақсаты қазақ ғылымына, біліміне, мәде­ниетіне үлес қоссам деген ниет еді. Ол екі тілге бірдей еді. Ұлттық дәстүрге, әдет-ғұрыпқа жетік болатын. Расында, біздің замандастарымыз ауылдан қалаға келгенде екі ауыз орысша білмейтін, бірақ тез арада қатарға қосылып, тіпті қала балаларынан озып кетіп жататын. Бұл сол кездегі тазалықтан болу керек. Мен қазір жоғары оқу орнының студенттеріне дәріс оқимын. Осы күнгі жастар не орыс тілін, не қазақ тілін жарытып білмейді. Бір дүбәра ұрпақ өсіп келе жатқандай көрінеді маған. Осыны жұрт болып жұмылып, ойлас­тырғанымыз жөн секілді. – Алдыңғы толқын ағаларына деген Өмеағаңның құрметі бөлек еді деп едіңіз бір әңгімеңізде. Сол туралы да айта кетсеңіз. – Абыройы асып, атағы дүрілдеп, қызметі өсіп тұрса да академик кісілігі мен кішілігін бір мысқал да төмендеткен емес. Қара­пайымдылығымен кімді де болса баурап алатын. Әсіресе, ұлт зиялылары Ғ.Мү­сірепов, А.Нүсіпбеков, Ә.Марғұлан, Ш.Шокин, І.Кеңесбаев және өзге де ағаларымызға әр кез ілтипат танытып, ізетін көрсететін. Атаулы күндерін елден бұрын ойластырып қоятын. Ол достыққа да адал еді. Сеніміңді ақтайтын, өзі де сенген адамдарына ағынан жарылатын. Құбылма мінез, жағымсыз қылықтарымен «Бір ұрты май, бір ұрты қан» (Абай) болып жүретін жылмақайларды маңайына жуытпайтын. Бір сөзбен айт­қан­да, Өмірзақ Махмұтұлы бүтін адам болатын. – Академик ғарыш саласындағы айтулы маман еді. Ол кісінің өзіміздің жер серігімізді ғарышқа ұшыру жөнінде алғаш мәселе көтергені де есте. Байқо­ңыр атом полигоны емес, көп елдің қолы жетпей отырған үлкен кешен деуші еді. Сіз бұл туралы да жақсы білетін болуы­ңыз керек. – Жоғарыда айттым, ол академияны бас­қарып жүргенде бірнеше институттар ашты деп. Соның қатарында Ғарыштық зерттеулер институты да бар еді. Кейін осы институтты өзі басқарды. Сол институтта жерді қашық­тықтан зондтау деректерін қабылдайтын халықаралық желілер орталы­ғын құрды. Ғарышқа ұшқан қос қыранымыз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың орбита­лық кешен бортындағы ғылыми-зерттеулер мен эксперименттердің төрт қазақ­стандық ғылыми бағдарламасына жетекшілік етті. Оның нәтижелерін институтта зерттеп, зерделеді. Өзің айтқандай, Байқо­ңыр қазақ үшін болашақта үлкен табыс көзі екенін жиі айта­тын. Әсіресе, ғарышқа қажет мамандар да­йындауды қолға алып, көкке самғайтын кемелерді жасау ісіне қатысу мәселесін де әр кез ойластырып жүретін. Кезінде одақтық ға­рыштық зерттеулер институтының директо­ры болған Р.З.Сагдеевпен бірігіп, бірнеше бағалы бағдарламалар, ұсыныстар жасаған еді. Соны қайтсек жүзеге асырамыз деп, ойы онға, санасы санға бөлініп жүретін. Тәубе дейік, қазір ғарышқа өз жер серігімізді ұшырдық. Енді Қазақ елінің азамат­тарынан кадр дайындау ісін түбегейлі шешсек, Байқоңыр ол айтқандай, бағымыз болары сөзсіз. Кейінгі жастарға үлгі болсын деп мына бір өнегесін де алға тартсам артықтық етпес. Анасын алақанда ұстаған Өмекең жарын да қадірлеп өтті. Райхан Ғаниқызы екеуі бір ауылда өсіп, бір мектепте оқып, жоғары оқу орнында бір факультетте білім алған адамдар. Өмірзақ ҚазМУ-де қызмет етсе, Райхан бұрынғы Халық шаруашы­лығы институтында, қазіргі Экономика университетінде жұмыс жасады. Өмірзақ жылқышының ұлы еді. Ал Райхан колхоз бастығының қызы болатын. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі сыйлайтын, құрметтейтін, тең дәрежеде жүретін. Сен жылқышының ұлысың, мен бастықтың қызымын дегенін өмір бойы естіген емеспіз. Осы күні кейбір отбасы ұл-қыздарының арасындағы жа­лын­даған махаббат теңсіздіктен туындаған кикілжіңге ұласатынын көргенде, бұл кісіліктің, кішіліктің, адамгершіліктің кемдігінен, дүниенің құлына айналып, биліктің бишігін малданған тірліктен-ау деп ойлаймын. Иә, Өмірзақ келісті жігіт еді. Ойы мен бойы тең түсетін. Райхан да көрікті болатын. Қолаң шашы тірсегіне түсіп, аққұба жүзіне бота көзі жарасып тұратын. Мен екеуі қатар келе жатқанда іштей сүйсініп, екі жақсы қосылмайды деген өтірік деуші едім. Бәріміз де пендеміз ғой, кейде келісті әйел көрсек, әңгімені гулетіп жіберіп, Өмекеңе қарайтынбыз. Ол кісі ондай кезде түк естімей, өзімен өзі отыратын, мән де бермейтін. Сол кезде барып, оның жарға деген адалдығын, сыртынан бір ауыз сөз айтпауға, өзгеге көз салмауға серт бергенін аңғаратынбыз. Осындай асыл қасиеттерін айта берсем, жетіп-артылады. Бұл оның жетелілігінен, тектілігінен болу керек. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көрегендікпен ұйытқы болған «Бола­шақ» бағдарламасына деген сүйсінісін талай естіп едік. Бұл еліміздің білімі мен ғылы­мына кең жол ашады деп отыратын... – Бұл рас, жақсы байқаған екенсің. Шынында, Президенттің «Болашақ» бағ­дарламасы үлкен идеядан туған ғой. Жаңадан егеменді ел болып жатқанда мықты кадрдың қажет екені белгілі болды. Қазір соның жемісін көріп жатырмыз. Өмір­зақ Махмұтұлы осы «Болашақ» бағ­дарламасының бағыт-бағдарын қолдай отырып, мынандай ойын ортаға салушы еді. Бағдарлама аясында шенеунік дайын­даумен қатар, ғылымға қажет таланттарды да оқытсақ дейтін. Ең дарындыларды іріктеп алып, өркениетті елдердің мықты жарақталған лабораторияларында білімін толықтырып, тәжірибеден өткізіп, одан кейін елімізге келгеннен соң соны жалғас­тырып, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға пайдалансақ, техника мен техно­логияны жетілдіруге үлесін қостырсақ дейтін. Ол кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында П.Капица, К.Ландау, В.Фок, Н.Семенов, тағы басқа жастарды шетелге оқуға жібергенін, олардың Нильс Бордан, өзге де оқымыстылардан білім алып келіп, кеңес ғылымына өлшеусіз үлес қосқанын тілге тиек ететін. Болашақта сол секілді біз де нағыз таланттарды ғылым саласы бойынша жіберсек дейтін. Ал бітіріп келіп жатқандардың ғылымға бет бұрмайты­нына, тек шенеуніктік қызметке талпына­тынына қынжылып, олардың бәріне жылы орын қайдан табылар екен деген күдігін де жасырмаушы еді. Бұл оның талапшыл­дығынан туған ойлар деп білемін. Талап­шылдығына тағы бір дәйек келтірсем, академияны басқарып жүргенде ғылыми-зерттеу институттарына басшы, мықты лабораторияларға меңгеруші тағайында­ғанда оған ұсынылған азаматтардың білім білігіне ерекше назар аударатын. Кез келген адамды бос орынға қонжита салып, ғылым мен білімге зиян жасамайық дейтін. Таныстықпен қызметке талант­сыз­дарды алған адамдар туралы естісе, обалдан қорқыңдар деп отыратын. Өмірінің соңғы жылдарында ер еңбек­сіз өспейді дегенді жиі айтып, өзінің бүгін­гі дәрежеге еңбекпен жеткенін аңғартатын. Ал қазіргі жастардың жетекке үйреніп алғанына қатты кейитін. Бұған кейбір ата-аналар да бой алдырып барады, олардың балалары таныстықпен оқып, таныстық­пен қызметке тұруға ұмтылады. Әкесі мықтылардың, ақшасы барлардың ұл-қызы тіпті танауларын көтеретінді шығарды, бұл жақсылықтың нышаны емес. Мұндайдан ұлт бұзылады, ұрпақ әлсірейді, деп ой бөлісетін. Біз жастардың санасына алтын пышақтың қап түбінде жатпайтынын, жетектеген тазының бәрі аң алмайтынын құюымыз керек. Жемқорлық деген жегі құрт үлкенді қойып, мектеп пен жоғары оқу орындарын жағалай бастады. Мұндай жағдайда білім толық берілмейді. Білімді былай қойып, ұрпағымыз таныстықпен қызмет істеймін, ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп байлық жинаймын дегенге құмартатын болады. Мұны болдырмау бізге парыз болып тұр. Әрқайсымыз Мұхтар Әуезовтің «Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген жұрт бұл күн­де өмірдің төрінде. Әуелі ғылымсыз адам мен бұл күнге ғылымды адамды алсақ, екеуінің арасы айласыз хайуан мен ақыл­ды, айлалы адамның арасындай» деген ұлы өсиетін орындауымыз керек дейтін. Қорыта айтқанда, білім мен білігі кімге де болса үлгі болатын, тек өзімізде ғана емес, әлемге аты танылған асыл азамат Өмірзақ Махмұтұлы Сұлтанғазиннің өмір­ден озғанша өнегелі өмірі осылай жал­ғасып еді. Енді оның өзі жоқ болғанмен, ғылымдағы жаңалығы әр қырынан салтанат құрып, ел дамуына өзіндік үлесін қосып жатыр. Тәубе дерлігі осы. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.