• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Жаңа оқулықтар жарық көреді

340 рет
көрсетілді

Бұдан былайғы жерде еліміздегі жоғары оқу орындары оқулық тапшылығын сезінбеуі тиіс. Кеше осы мәселеге орай Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Қазақстан жоғары оқу орындарын кітаптармен қамтамасыз ету ісіне байланысты VI республикалық конференция өтіп, мемлекеттік тілде шыққан 72 оқулықтың тұсауы кесілді. Бұл кітаптардың барлығы рес­публикалық бюджеттің қара­жа­ты­на басылған. Осы мәжіліске қа­тысқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов рес­публикалық бюджеттен алғаш рет жоо-ларға арналған 130 оқу­лық­ты басып шығару үшін 137,7 миллион теңге көлемінде қара­жат бөлінгенін айта келіп, біз ал­дағы 3 жыл бойы бұл жұмыстар­ды жалғастыра беретін боламыз. Республикалық бюджеттік комиссия қазірдің өзінде 200,0 миллион теңге болатын жылдық бюджеттік өтінімдерді бекітті.  Осы қаражат есебінен жаңа оқулықтар шығарыла береді, – деді. Мәжілісте атап айтылғандай, студенттерді мемлекеттік тілдегі оқулықтармен қамтамасыз ету күткен дәрежеде емес. Осыған қарамастан, Қазақ­стан­дағы жоо-лар қомақты кітап қорына ие. Бүгінде мемлекеттік тілде 320 мың студент білім алуда. Бұл барша студенттердің – 52 пайызы. Иә, бүгінгі таңда  Қазақ­стан­да­ғы жоо кітапханаларындағы кітап қоры 50 миллионды құрай­тын болса, оның тек 8 миллионы  ғана қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілдегі оқулықтар 16 пай­ыз ғана. Ал мамандықтар бой­ын­ша базалық оқулықтармен қамта­ма­сыз ету 70 пайызды құраса, оның ішінде мемлекеттік тілдегі кітаптар 30 пайыз ғана екенін айта кеткен жөн. Ал республикалық конференция аясында тұсауы кесілген мем­лекеттік тілдегі 72 кітапқа келсек, оларды техникалық, жа­ра­тылыстану ғылымдары және эко­номикалық мамандықтар бой­ынша ҚР жоғары оқу орындары ассоциациясы мен жоғары оқу орындарының өздері шығарған.  Оқулықтардың жалпы тиражы 96 мың дананы құрайды. ҚР жоғары оқу орындары ас­социациясының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, бұл оқулықтарды шығаруға 23 жо­ға­ры оқу орнының ұжымы қаты­сып, олардың арасында ұлттық университеттер барынша белсенділік танытқан.   Оқулықтарды жа­зуға 157 ғалым мен қазақ­стан­дық жоо-лардың ең үздік оқы­тушылары тартылған. Конференция көтерген маңыз­ды мәселелер қатарында отандық авторлық мектептерді жасақтау, шет тіліндегі мықты оқулықтар­ды қазақ тіліне аудару, «Оқулық» орталығында оқулықтарды сараптамадан өткізу арқылы олар­дың сапасын көтеру және жоо-ларды электрондық оқулық­тар­мен қамтамасыз ету талқыланды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.